СПОРТ МЕРЕКЕСІ
Халқының 40 пайызға жуығы тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысатын Қызылжар өңірінде спорт күні де салтанатты түрде аталып өтті. Оған спортшылар, бапкерлер, ардагерлер мен сала мамандары жиылды. Шарада облыстағы аталған саланың дамуы, жетістіктері туралы айтылып, үздіктер марапатталды.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы мен аудандарында спорттық нысандардың құрылысы қызған. Алдағы уақытта Мамлют елді мекенінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру орталығы ашылып, аудан орталығындағы ең негізгі спорттық нысандардың қолжетімділігі 100 пайыз көрсеткішке жеткен. Одан бөлек, облыс орталығында «Қарасай» стадионы жөнделіп, теннис орталығы салынып жатыр.
Спорт күніне орай Ақан сері атындағы облыстық филармония залына жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.
– Біз өз спортшыларымыздың жетістіктерімен мақтанамыз. Солтүстік Қазақстан – Александар Винокуров, Жанат Жақиянов, Ризабек Айтмұқан сынды мықтылардың өлкесі. Өңірімізден шыққан пара биотланшы Ербол Хамитовты әлем мойындады, өткен қыста Кристина, Алина Шумековалар Жапонияда өткен коньки жарысында жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Биылғы Париж Олимпиадасында ел намысын Алексей Луценко мен Амир Закиров қорғады. Жергілікті «Қуаныш», «Есіл», «Қызылжар арландары» клубтары ел бойынша үздіктер қатарында. Жыл сайын спорттық инфраструктура салуға көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта өңір тұрғындары заманауи стадион, хоккей корты, денешынықтыру-сауықтыру орталықтары мен жабық бассейнде спортпен айналысу үшін жұмыстар істелуде. Мерекеде баршаңызды құттықтай отыра, шаңырақтарыңызға бақыт, өздеріңізге биік белестерді бағындыруды тілеймін, – деді Қанат Дүзелбаев.
Бұл күні 50-ге жуық адамға Алғыс хат, Құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Еңбегі еленгендердің қатарында акробатикадан балалар спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Андрей Ямпольский, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Бондаренко, «Қызылжар арландары» клубының палуыны Еркебұлан Қалымбеков, облыстық дене шынықтыру орталығының басшысы Олжас Ахметжанов, допты хоккейден аға жаттықтырушы Анвар Джемалединов т.б. бар. Жаттығу залдары мен байрақты бәсекелерде ғана көріп үйренген көп сөйлей бермейтін жандарды мұндай салтанатты шараларда жиі көре бермейміз. Алайда бүгін олар тер сіңген спорттық формасын сәнді киімге ауыстырып, жылына бір келетін меншікті мерекелеріне қатысып отыр.
– Өзім – Семей өңірінің тумасымын. Біраз жыл бұрын осында қоныс аудардым. 15 жылдан бері күреспен айналысып келемін. «Қызылжар арландары» клубының сапында сайысқа қатысып келе жатқанына 8 жыл болды. Азия клубында қола жүлдеге ие болдым. Қазір Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Спорт саласына қатысты барша жандарды мерекемен құттықтаймын, – дейді Еркебұлан Қалымбеков.
Спорт күніне орай қаланың орталық алаңында «Fitness Family Fest» фестивалі өтті. Шараны облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен кәсіпкерлер бірлесіп ұйымдастырды. Алаңға жиналған қала тұрғындары фитнес, спорт, дұрыс тамақтану туралы білікті мамандардың кеңесін тыңдап, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақтан сынға түсті. Ал фитнес жаттықтырушылары мен спортшылар жаттығу түрлерін көрсетті. Жиналғандар йога, зумба, пилатестен шеберлік сабақтарына қатысты, спортшыларға арналған пайдалы азық-түлік өнімдерінен дәм татты. Тұрғындар өзін түрлі спорт түрінде сынап көріп, балалар арасында сайыстар өтті. Фестиваль соңында белсенді қатысқан жандарға ақшалай сертификаттар табысталды.