МЕДИАКЕҢІСТІКТЕ – «АТЫРАУ ТОЛҚЫНДАРЫ»
29.10.2024
305
1

Креативті индустрия – жай ғана сәнді сөз емес. Соңғы жылдары әлем экономикасында бұл сектордың үлес салмағы артып келеді. Мәдени, шығармашылық және өнер салаларын қамтитын ауқымды индустрияның мәні – жаңашылдықта. Жаһандану дәуірінде рухани құндылығымызға жанашырлықпен қарап, барымызды бағалай білсек қана ұлттық келбетімізді сақтап қала аламыз. Ұлттық сананың бастауы әдебиетті жаңа форматта, ерекше идеямен дәріптеу бағытында қолға алынып жатқан жобалардың қатары тағы бір тың дүниемен толықты. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Атырау толқындары» жобасы бастау алды.

Қазақ әдебиетінде айрықша орны бар жыраулар мен ақын-жазушылардың шығармаларын Яндекс порталының «Яндекс-кітаптар» платформасына орналастыруды көздейтін бұл жоба қазақтілді кеңістікте аудиокітаптардың санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Ана тіліміздің коммуникациялық әлеуетін нығайтып, цифрлы кеңістіктегі рөлін арттыру да «Атырау толқындары» назар аударып отырған мәселе. Кітаптарды онлайн оқуға және сақтауға мүмкіндік беретін сервиске жыл соңына дейін Атырау өңірінің 30-ға жуық ақын-жазушысының шығармалары енгізіледі. Қазтуған Сүйінішұлы, Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлымен басталған аудиокітаптар керуені Әбу Сәрсенбаев, Фариза Оңғарсынова, Есенжол Домбаев, Ілия Жақанов, Марат Отаралиев, Мереке Құлкенов, Марат Мәжитов, Өтепберген Әлімгереев, Табылды Досымов, Нұрлан Қами, жас буын өкілдері – Бақытгүл Сәрмекова, Серікбол Хасан, Асыланбек Шығыр т.б. авторлармен лайықты жалғасын тапқан.


– Аудиокітаптар кәсіби студияда жоғары сапада жазылып, тыңдарманға жол тартты, – деп атап өтті жоба таныстырылымында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов. – Ақпараттық технологияның даму дәуірінде тыңдалатын кітаптардың үлкен сұранысқа ие екені баршаға мәлім. Жоба жетекшілері Яндекс порталымен бес жылға келісімшартқа отырды. Алдағы уақытта әдеби туындылардан бөлек публицистикалық, танымдық дүниелерді қалың оқырманға таныстыру жоспарда тұр.


Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады»,– деген еді. «Атырау толқындары» жобасын да ел экономикасындағы креативті индустрияның үлесін арттырудағы маңызды қадамның бірі ретінде атауға болады. Бүгінде әлемде дәстүрлі кітаптарды аудио форматта тыңдау кең үрдіс алды. Бұл білім алумен қатар ақпарат, тәжірибе алмасу, әдебиетпен танысу үшін де ыңғайлы әрі тиімді құрал. Дауыс, әуен, дыбыс элементтері арқылы шығарманың толыққанды атмосферасын сезіне отырып тыңдау, оқырманды жаңа көкжиекке жетелейді. Автор мен тыңдаушы арасындағы байланыстың жаңа деңгейін қамтамасыз ететін аудиокітаптарды шығару6 қазақтілді контентті дамытуға да өз үлесін қосары анық.

Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 01.11.2024 | 05:21

Аудандарда тұратын шығармашылық иелерімен филал басшысының еш байланысы жоқ. Одаққа мүше емес әдебиетшілердің кітаптары жоқ емес, баршылық. Олармен кім айналысады? Сол жағы түсініксіз, әрі белгісіз. болып тұр. Аудандағы сайлаған өкілдері ондаймен жұмыстанбайды. Мүшелікке кім қабылдайды, кітаптарымызды қалай шығарамыз .міне сұрақтар осы.Жазыңыз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір