ПАРИЖДЕ – «Каспийдің ақбас толқындары»
28.05.2024
369
0

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, республикалық Ардагерлер ұйы­мы орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов ақын ретінде де көпке белгілі.
Алғашқы өлеңдерін Уфа мұнай институтында оқып жүрген студент кезінен жаза бастаған Бақтықожа Башқұрт елінің астанасына Төлеген Айбергенов бастаған қазақ ақындарының бір тобы келгенін естіп, кез­десуге барып, жыр кешін жүргізіп отырған башқұрт поэзиясының классигі Мұстай Кәрімнен сөз беруін өтінеді. Сөз тигенде мінбеден жастық жалынмен жауқазын жырларын оқиды. Осылайша, өткен ғасырдың сонау бір алыс жылдарында, жас студент Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өлеңдері алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылған. Оның өлеңдерін ризашылықпен тыңдаған Төлеген Айбергенов осы кеште болашақ мемлекет қайраткеріне ақын ретінде батасын беріп, ақ жол тілеген-ді.
Бақтықожа Салахатдинұлының өмірбаяны бұрғылау шебері кәсібінен министр және бірқатар облыстардың әкіміне дейін өскен жоғары лауазымды қызмет­термен бедерленген жолды қамтиды. Осы жылдар ішінде ол үнемі поэзияны жанына серік ет­ті және уақытының тапшылығына қарамастан, одан бір сәт те қол үзген емес. Ол мемлекет­тік қызметімен қатар, қоғамдық мәселелерге ақын, қаламгер ретінде дер кезінде үн қосып отырды. Еліне сіңірген елеулі еңбегі үшін «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапат­талған.
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Б.Ізмұхамбетов – бүгінде қазақ және орыс тілдеріндегі бірқатар поэзиялық жинақтардың авторы. Жақында Франция астанасы – Парижде «S.L.Publications» баспасынан оның француз тіліне аударылған өлеңдер жинағы жарық көрді. Мемлекет қайраткерінің өлеңдерін француз ақыны, аудармашы Тьерри Мариньяк тәржімалаған. Ол сондай-ақ белгілі қазақ ақындары Бақытжан Қанапиянов пен Ұлықбек Есдәулет өлеңдерінің аудармашысы ретінде де танымал.
Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Мәңгілік рефрендері» ат­ты жинағы Парижде «Les vagues grisonnantes de la mer Caspienne» деген атпен жарық көрді. Бұл француз тілінен аударғанда «Каспийдің ақбас толқындары» деген мағынаны білдіреді. Аталған кітап – қазіргі қиын да күрделі тарихи кезеңдегі қос елдің әдебиетін бір-біріне жақындастырып, бауырластыра түсудегі тағы бір маңызды қадам екені даусыз. Жинақтың француз басылымына алғысөзді белгілі ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Бақытжан Қанапиянов жазған.

Балжан ХАБДИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір