АТЫРАУ – БІРЛІКТІҢ БЕРЕКЕЛІ МЕКЕНІ
Тағдырдың сан тарау жолында шекара асып, қазақ жерінің босағасынан аттаған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басып, төріне шығарған халқымыз үшін береке мен бірліктің мәні айрықша. Бір шаңырақ астында ырыс-ынтымағы жарасқан тірлігінің ең басты құндылығы да – татулық пен тұрақтылық.
Атырау облысы – сексеннен астам этнос өкілдерінің қастерлі қара шаңырағы. Мұнайлы өлкеде орыс, кәріс, татар, украин, неміс, болгар, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды», – деп атап өткен болатын. Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекетіміздің қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтуға тиіспіз.
Президенттің төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын іргелі бастамалар жайы баяндалып, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы айтқандай: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір».
Этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ де жүйелі түрде қызмет атқарып келеді. Мекеме Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, Ассамблеяның жұмыстарына қолдау көрсетеді. Мекеме құрылған күннен бастап көптеген халықаралық, республикалық, облыстық іс-шараны ұйымдастырды. Атырау облысы ҚХА этномәдени бірлестіктермен, ғылыми-сараптамалық тобы, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі және Ассамблея жастарымен бірлескен жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде өңірде 18 этномәдени бірлестік бар. Облыс орталығындағы Достық үйі – осы этнос өкілдерінің ортақ үйі, мәдени ошағы. Мұнда этномәдени бірлестіктердің түрлі ұлттық мерекелері және қайырымдылық іс-шаралары өткізіледі. Қызметтің басым бағыты этносаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизмді насихаттау идеясын тарату, этносаралық дау –жанжалдың алдын алу.
Жыл басынан бері Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында 3000 адамды қамтыған 25-тен аса іс-шара ұйымдастырды. Облыстың барлық ауданында ақсақалдар кеңесі құрылды. Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаевтың басшылығымен бірқатар тағылымды іс-шаралар жұртшылықтың көңілінен шығып жүр.
Қиын кезеңде қазақ еліне жер аударылып, бүгінде осы елде тамыр жайған өзге ұлт өкілдерінің жергілікті жұртқа деген алғысы зор. Өткен ғасырдың басында Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп депортацияланған корейлердің бір тобы Атырау облысына қоныстанған еді. Олардың алғаш табан тіреген орны – Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында осыдан бірнеше жыл бұрын «Тхониль» корей этно-мәдени бірлестігі «Қазақ халқына мың алғыс!» сөзі жазылған ескерткіш орнатты.
Осы ретте аймақтағы этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысына да назар аударғым келеді. «Туған жер» жобасы аясында «Былина» орыс бірлестігі өлке тарихының материалдарын жинау бойынша жұмыстар жүргізіп, халық кітапханасын, халық театрын ашса, «Светоч-Атырау» славьян бірлестігі «Зеркало» минатюрлік-музыкалық театрын ашты. Татарлардың «Татулық», грузиндердің «Иверия», армяндардың «Таврос», украиндардың «Довира» этномәдени бірлестіктері республикалық, халықаралық сахнада Атырау облысының атынан өнер көрсететін шығармашылық ұжымдарымен танымал. Бизнес саласында өлкенің дамуына «Видергебурт» неміс бірлестігі мен әзербайжандық «Новруз» өз үлесін қосып жүр. Шешендер мен ингуштардың «Вайнах», өзбектердің «Ынтымақ» бірлестіктері секілді басқа да ұйымдар қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады.
Биылғы көктемдегі су тасқыны кім-кімді болса да бей-жай қалдырмады. Біз бар күшімізді, жігер-қайратымызды салып, жұдырықтай жұмылып, облыс орталығын аман алып қалу мақсатында бөгет қою жұмыстарына белсене араластық. Осы сын сағатта Қазақстан халқы Ассамблеясы да сырт қалмай, табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық жобасын қолға ала отырып, өңірімізде «Күшіміз – Бірлікте!» республикалық акциясы аясында Атырау облысы ҚХА 4,0 млн теңге сомасында өндірілген қаражатқа алғашқы су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына, Атырау облысының Қызылқоға, Жылыой аудандарына қажетті гигиеналық заттар, сөмкелер және т.б., ауыз су, азық-түлік өнімдері, 1000-ға жуық нан өнімдері де жеткізілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында «Жомарт Жан» орталығы құрылды. Орталықтың жетекшісі болып Андрей Александрович Короблев тағайындалды. Осы орталықтың аясында «Су тасқыны салдарынан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық көмек беру жөніндегі Республикалық штабтың» Атырауда штабы құрылып, жетекшісі болып Нурид Нурдиевич Тикаев тағайындалды. Орталықтың құрамына Атырау облысы ҚХА этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар кеңесінің, аналар кеңесінің, Кәсіпкерлер ассоциациясының, «Ассамблея жастары» мүшелері, төрағалары кірді.
Ассамблея халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, құқық белгілейтін құжаттарында мәселелер туындаған немесе жеке тұрғын үйі жоқ көпбалалы отбасыларға тұрғын үй алып беріп, қуаныш сыйлады. Соның бірі, ҚХА мүшелері мен меценаттарының қаражатына Атырау облысындағы баспанасынан айырылған отбасыларға үй сатып алынды. Атап айтсақ, Атырау облысы Құлсары қаласындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көктемгі су тасқынында баспанасынан айырылған Дауылбаевтар отбасы жаңа баспанаға ие болды. Осылайша, Ассамблея қайырымдылық құндылығын ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келеді. Халқымызды біріктіретін, бір мүддеге жұмылдыратын үрдістер болашағымызға сенім беретіні анық, өйткені күшіміз – бірлікте.
Ләззат ДЖЫЛҚЫШИЕВА,
Атырау облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы