Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ, Атырау облысының бас имамы: «МЕШІТ – РУХАНИЯТТЫҢ, БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ КИЕЛІ ОРДАСЫ»
– Дін – халықтың рухани негізі. Алтынбек Ұтысханұлы, рухани ағарту саласында Атырауда мешіттер тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Атырау облысында дін саласында маңызды жұмыстар қолға алынуда. Негізгі бағыт – діни экстремизмнің алдын алу, халықты ақпараттандыру және жастарды – тәрбиелеу. Ең алдымен, ақпараттық түсіндіру топтары туралы айтсақ. Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен ақпараттық түсіндіру топтары тұрақты түрде семинарлар мен тренингтер өткізеді. Құрамында имам, теолог, психолог, зиялы қауым өкілдері бар топ, негізінен, аудиторияға діни экстремизмге қарсы тұру және ақпараттық ықпал ету әдістері туралы білім береді. Мұндай іс-шаралардың мақсаты – жергілікті имамдар мен діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру, оларды қазіргі заман талабына сай даярлау.
Рухани ағарту дегеннен шығады, қазіргі уақытта мешіттеріміз ақпараттық құралдардың барлық тетігін пайдалануда. Атап айтсақ, облыстық орталық «Иманғали» мешіті жанынан Атырау облысы дін істері басқармасымен бірлескен жоба – «Azan» интернет-радиосы жұмыс істеп жатыр. Діни, рухани-танымдық бағыттағы радионың мақсаты — діни білім мен рухани құндылықты насихаттау, сонымен қатар қоғамда діни ағартушылықты арттыру. Тәулігіне 24 сағат бойы қазақ, орыс тілдерінде ақпарат тарататын радиода уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер, белгілі тұлғалармен сұхбаттар жүреді. Сонымен бірге онлайн форматтағы Құран сабақтары да өтеді.
Одан бөлек, мүфтият жанындағы «Мұнара» телеарнасының Атырау облысы бойынша тілшілер қосыны, amin.kz сайты жұмыс істейді. Имам-ұстаздарымыздың әлеуметтік желілердегі белсенділігі жоғары. Ондағы мақсатымыз – діни экстремизм идеяларын насихаттаушылармен күресу әрі рухани ағартушылық. Осылайша, жергілікті имамдар мен теологтер өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларын тиімді пайдалануда, халықты дұрыс діни біліммен қамтамасыз етіп, теріс ағымдардың ықпалын азайтуға тырысып жатыр. Сонымен бірге, жергілікті «Каспиан ньюс» арнасында «Имам уақыты» атты бағдарламамыз бар. Аптасына екі рет насихат айтып отырамыз. Мүфтият жұма уағыздарының тақырыбына ерекше мән беріп отыр. Мешіттерімізге жұма намазына 15 мың адам жиналады. Осылайша, апта сайын тікелей офлайн форматта еңбек, білім, отбасы, тарих, алаш қайраткерлері, дәстүр, Абай әлемі тақырыптарында насихаттар айтылады.
– Қоғамның діни сауатының төмен болуы, ақпараттардың сауатты сараланбауы – өзекті мәселе. Діни ахуалдың дұрыс болуы саладағы кадрлардың біліктілігіне де байланысты. Өңірге дін саласының мамандарын тарту жайы қалай шешіліп жатыр? Кадр тапшылығы бар ма?
– Шыны керек, кадр тапшылығы Атырауда әлі де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі уақытта Атыраудағы мешіттер саны 50-ге жетті. Мешіттердің көпшілігі, негізінен, шалғай ауылдардан кәсіпкерлер көмегімен салынып жатыр. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген сөз тегін айтылмаған. Біздің де мақсатымыз – мешіттерді үлкен руханияттың, тәрбиенің ошағына айналдыру. Сондай- ақ, мешіттер жанынан асханалар, имам үйлері салынуда. Осылайша, мешіттеріміздің заман талабына сай өздерін қамтамасыз етуіне мүмкіндік беру көзделіп отыр.
Атырауды сапалы діни кадрлармен толықтыру үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бірінші бағыт – колледж-медресе, университет деңгейінде білім алған кадрларды тарту. Еліміздегі ең ірі діни оқу орны – Алматыдағы Нұр-Мүбәрак Египет-ислам мәдениеті университетінде атыраулық 70-ке жуық студент білім алуда. Олардың кейбіреулеріне сабақ үлгеріміне қарай шәкіртақылар төлеуді демеушілер тарапынан ұйымдастырып отырмыз. Кей студенттер мемлекеттік оқу гранты, облыс әкімдігі гранты негізінде білім алады. Былтыр осы оқу орнынан 3 маман келсе, биыл жоғары білімді имамдар қатары тағы бір білікті маманмен толығады деп күтіп отырмыз. Сонымен бірге мешіттерімізде халықаралық деңгейде білімін жетілдірген мамандар жұмыс істейді. Биыл Түркиядағы әйгілі Хасеки академиясында білімін толықтырған екі маман облысқа келді. Ливаннан білім алған екі маман еңбек етіп жүр. Әрине, кез келген түлектің Алматыдағы жоғары оқу орнына әп дегеннен түсіп кетуге мүмкіндігі бола бермеуі мүмкін. Сол себептен, облыс көлемінде сауат ашу, Құран үйрету орталықтарының жұмыстарын да үйлестіріп жатырмыз. Айталық, Атырау қаласында Береке ықшамауданында Құран жаттау және сауат ашу орталығы бар. Онда 30 шәкірт білім алуда. Осындай орталық Құрманғазы ауданында да жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтардан болашақ кадрлар, қарилар шығады деп үміттенеміз. Ол жерде шәкірттер үш жыл білім алады. Арнайы сертификат беріледі. Кейін имамдар институтында білімін жетілдіріп, шағын мешіттерге имам болып қызметке тұра алады. Биыл осы орталықтарда білім алған алғашқы 10 түлек Имамдар институтына жолдама алғалы отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Атырау қаласында әйел адамдарға арналған Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы жұмыс істейді. Жаз мезгілінде мектеп қабырғасындағы балалар, былайғы күндері ересек әйел адамдар дәріс алады. Ерекше атап өтетін тағы бір жаңалығымыз – рухани ізденушілер саны артып келеді. Сол себепті, Атырау қаласындағы Жұлдыз елді мекенінде заманауи форматта Діни сауат ашу және қайырымдылық орталығы бой көтеруде. Сондай-ақ Атырау селолық округінде Құран оқу және сауат ашу орталығы ашылады. Мұндай орталықтарымызға 11-сыныпты бітірген мектеп түлектерін ғана қабылдаймыз.
– Мешіт – имандылық пен қайырымдылық мекені. Атыраудағы мешіттердің де жақсы істердің жаршысы болып жүргеніне куәміз.
– Қайырымдылық – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңыздылық беріп отырған маңызды бағыттардың бірі. «Зекет» қоры арқылы баспана беру, мұқтаждарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Мәселен, мүфтияттың «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 42 үй берілді. Оның 15-і имам-ұстаздарымызға арналған қызметтік үй. Қалғаны әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж отбасыларға арналды. Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккен отбасыларды да қамтуға тырыстық.
Орталық «Иманғали» мешіті жанынан бірнеше жылдан бері Қайырымдылық орталығы жұмыс істеп келеді. Осы орталықта апта сайын азық-түлік таратылып, киім-кешек үлестіріледі. Жыл басынан бері облыс мешіттері арқылы 2000-нан астам мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Сұхбатымызды қорытындыласақ…
– Атырау облысында мешіттер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар халықтың рухани дамуына, діни білімнің артуына және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Жүрегінде иманы бар, ел үшін қызмет ететін рухани кемел жастар буынын қалыптастыру – біздің жұмысымыздың басты бағдары. Осы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылуына Ақсақалдар алқасы, Әжелер мектебі, ақпараттық насихаттық түсіндіру топтары үлкен үлес қосып отыр.
Сұхбаттасқан
Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы