«Атырау – ақжарқын ел, жыршы далам»
05.03.2024
87
0

Құрметті оқырман!

Сіз бүгін «Қазақ әдебиеті» газетінің мазмұны Атырау облысының мәдени һәм әдеби тыныс-тіршілігімен толыққан жаңа келбеттегі төрт беттік қосымшасын оқып отырсыз. Бұл – өңірлердің мәдениеті мен әдебиетін бүкіл Қазақстанға таныстырып отыру мақсатында ойластырылған жаңа жоба. Алдағы уақытта бұл жаңалығымыз тұрақты дәстүрге айналып, әр өңірдің өнер, руханият әлеміндегі игілікті істерін әйгілейтін материалдармен жалғасын табатын болады.
«Қазақ әдебиеті» – мәдениет пен әдебиет тақырыбын қалған мәселелердің бәрінен биік қоя­тын дара басылым. Қазақ халқы маңдайына басқан жалғыз мәдени, әдеби өнер апталығы. Газет әр жұма сайын үзіліссіз жарық көріп келеді. Әйтсе де, бір аптаның аумағындағы руханият дүниесін толық қамту бүгінгі қарбаласқа толы заманда мүмкін болмай тұр. Оның үстіне газет әр жұма сайын ақын-жазушыларымыздың тың шығармаларын да оқырман қауымға жеткізіп отыруға тиіс. Осындай ерекшелігімен де «Қазақ әдебиеті» ескірмейтін, көнермейтін, оқырман кез келген уақытта қолына алып оқи беретін үнжария. Ал енді әдеби-мәдени үнжария газет ішіндегі газетпен, яғни Жазушылар одағының өңірлердегі өкілдерінің ұйымдастыруымен шығатын қосымшалармен толыға түспек. Осы қосымшалар арқылы біз өңірлерде, тіпті алыс ауылдарда тұрып, өмір сүріп жатқан ақын-жазушыларымыздың әдеби көркем туындыларын жариялап, әр облыстың мәдени тыныс-тіршілігімен тұтас республика жұртшылығын таныстыруды жөн көрдік. Осы мақсатта оқырман қауым ортасына жол тартқан алғашқы қосымшамыз – «Қазақ әдебиеті» – Атырау» болды. Алдағы апталарда қосымшалардың қатары көбейіп, әдеби апталықтың мазмұны байи түседі деген сенімдеміз. Ол үшін ЖО-ның өңірдегі өкілдерімен бірге облыс басшылары да «Қазақ әдебиетінің» қосымшаларына барынша қолдау білдіреді деп сенеміз.
Біздің ұсынысымызға бірінші болып қолдау көрсеткен Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлына алғысымыз мол.
Әлеуметтік мәселелердің мән-жайын қаузайтын тақырыптар – өтпелі, мәдениет пен әдебиет тақырыбы – мәңгілік. Ендеше, ұлттық рухани мазмұны терең мәселеде бәріміз бірге болайық.

Құрметпен,
Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы
Мереке Құлкенов

 

Атыраудағы әдеби орта туралы аз-кем әңгіме

Табиғаты қаталдау, шексіз жазығы жазира жасыл бояудан гөрі сұрқай қоңыр түсті болып келетін Атырау өлкесі былайғы жұрттың түсінігінде мұнай және бекіре балықпен ассоциация жасайтыны белгілі. Әйгілі Нобельдердің назарын аударып, Қазан төңкерісіне дейін-ақ алыс-жақын шетелдің олжа іздеген өлермен жиһангездері мен өндіріс алпауыттарын өзіне тартқан Атырау, шынында да, ғасырдан астам «қара алтын» қайнарымен аңыз болды.
Азаттық алған жылдарда ел экономикасының күретамырына айналды.

Бұл аймақ ел тарихына әбден қанық көзі қарақты көпшілік үшін жауынгер жыраулардың атакүлдігі, қазақ пен ноғайлының «Елайырылған» зарына куә дауылпаз мекен боп саналады. Дулығалы Доспамбет пен Қазтуғанның, Шалкиіз бен Жиембеттің, ер Махамбеттің жалаулы найза ұстап, жауына қайқы қылыш пен жалынды жырларын қатар сермеген сергелдең күндері, Құрманғазы, Дәулеткерей, Диналардың дауылды күйлері алтын құрсақ құм Нарынның даңқын асырды. ХХ ғасыр қазақ әдебиетіне Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Марат Отаралиев, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев, Есенжол Домбаев, Сатымжан Санбаев, Рахымжан Отарбаев, Табылды Досымов сынды ірі тұлғаларды берді.
Атырау өңірінің өнері мен мәдениеті жыл сайын жаңа белеске көтеріліп, бірегей табыстарға қол жеткізіп келеді. Жергілікті биліктің бұл салаға деген қолдауы да айрықша сезіліп отырады. Облыста бірнеше академиялық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы бар. Өнерлі балаларды дайындайтын Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы да республика бойынша осы бағытта мамандандырылған бірегей оқу орны болып есептеледі. Өңірде Жастар театрының ашылуы мәдениет кеңістігіндегі айрықша оқиға болып танылып отыр. Махамбет атындағы қара шаңырақтан енші алып шыққан Жастар театры келешегінен зор үміт күттіреді. 
Өткен жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған Халықаралық іс-шаралар жоспары жасақталып, даңқты билеушінің туған жері саналатын Атырауда бірқатар ірі мәдени жұмыстар атқарылды. Халықаралық конференция, республикалық ақындар айтысы, Махамбет театрының Мысыр еліне гастрольдік сапары осы мерейтой аясында жүзеге асты.
Алтын Орданың байырғы астанасы – хан ордалы Сарайшықта ашылған визит-орталығы туристер үшін Атырау өңірінің басты нүктелерінің біріне айналып отыр. 2023 жылы ескі Сарайшық қалашығына қазба жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Қазба жұмыстарының жалпы көлемі 3 800 шаршы метрді құрайды. Нәтижесінде, қазба орнынан 10-ға жуық тұрғын үйлер мен көрхана, нумизматикалық ортағасырлық күміс көмбе (100 күміс монетасы), 50-ге жуық мыс монета, қыш ыдыс түрлері табылған. Таяу күндерде
Президентіміздің қатысуымен көне шаһарда өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы атыраулықтар үшін айтулы оқиғалардың бірі болмақ. 

Дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған Республикалық театр фестивалі батыр аттас өнер ордасының 85 жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келді. Атырау облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арналған Астана және Түркістан қалаларына гастролі, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясының Швейцария мемлекетінің Женева қаласына гастролі, «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің РФ Астрахань қаласына гастролі, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры ұжымының Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай Мысыр елінің астанасы Каир қаласына гастролі, Д.Нұрпейсова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің Венгрия мемлекетінің Будапешт қаласына гастролі, Ұланбатыр және Баян-Өлгей аймағында мерейтойлық даталарды атап өту, елімізден тыс жерде ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» қазақ халық аспаптар оркестрінің гастрольдері облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып, атыраулық өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін алыс-жақын шетелдерде әйгіледі. Жалпы, 2023 жылы жергілікті халық үшін облыс аумағында әртүрлі деңгейде 4 700-ден астам мәдени іс-шара өткізілген.
Зар-заман заңғарларының бірі – Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына орай «Мұрат Мөңкеұлы – қазақ тарихының жыршысы» тақырыбында Республикалық ғылыми конференция ақынның зираты жатқан Индер ауданында өткізілді. Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен «Зар-заман заңғары» атты әдеби-театрландырылған кеш, замана жыршысының толғауларына арналған аймақтық жыршылар байқауы ақын рухын есте қалдыруға арналды.
2023 жылы Атыраулық қаламгерлер өздерінің ALDASPAN атты жеке сайтын ашты. Сайтта атыраулық ақын-жазушылар туралы мәліметтер мен олардың шығармаларының электронды нұсқасы тіркелген. Сондай-ақ облыстық телеарнамен бірлескен «Муза» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Белгілі ақын Бақытгүл Бабаш жүргізетін бұл бағдарлама сыршылдығымен көпшілік жүрегін жылдам баурап алды. Қадір Жүсіп, Бекет Қарашин, Сәулеш Шатенова, Болат Дәулетов, Нұрым Ерғалиев, Асланбек Шығыров, Рахымжан Асқарлар кейіп­кер болған поэтикалық жоба алдағы уақытта да жалғасады.
Одақ жергілікті қаламгерлердің кітаптарын сатылымға шығаруды насихаттау және қолдау мақсатында «Кітап – AMANAT» жобасы аясында AMANAT партиясының Атырау облыстық филиалымен және ARIZAR сауда желісіне қарасты ARIZAR кітап дүкенімен меморандумға отырды. Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай «Шандоз» поэтикалық-музыкалық композициясы, көрнекті сыншы З.Серікқалиевтің 85 жылдығына орай «Сөз сардары – Зейнолла» атты еске алу іс-шарасы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қ.Жылқышиевтің 75 жылдығына орай «Туған жердің қызғышы» атты еске алу кеші, ақын, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері Бақытгүл Бабаштың «Айсезім» атты жаңа жинағының, жазушы Н.Қамидың «Қыз Данайдың қырғыны», Жалғасқали Дүтмағамбетовтің «Соғыс және бейбітшілік» кітаптарының таныстырылымы өтті.
Атырауда сөз зергерлерінің ізін басқан жаңа буын, жас толқын өсіп келеді. Олар 2016 жылдан бері «Фариза жұлдыздары» клубының құрамында әдеби орта қалыптастырды. Асланбек Шығыров, Нұржан Өмірбаев, Нұртай Мәжит, Рахымжан Асқар, Нұрай Талап сынды талантты жастар айбынды өлкеде әдебиеттің келешек қуатты легін қалыптастыратынына сенім мол. Танымал жазушы Бақытгүл Сәрмекованың кітабы Лондонда жарық көріп, әлем әдебиетіндегі беделді Букер сыйлығына ұсынылуы көңілге қуаныш ұялатады.
Өлкенің әдеби өмірі жыл сайын өзге салалар секілді жаңарып, жаңғырып жатады. Атырау облысы әкімдігі қаламгер қауымына қолдау көрсетуден жаңылмай келеді. Қаламгерлерге облыс әкімінің стипендиясын тағайындау, арнайы әдеби сыйлықтарға ұсыну, талантты ақын-жазушылардың туындыларын Букмейт технологиялық платформасына орналастыру сынды бірегей жобалар жоспарға сай іске асатын болады. Биылғы жыл поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы, «Нарынның наркескені» атанған Нұрәлі Әжіғалиевтің 85 жылдығы, Берқайыр Аманшиннің 100 жылдығы сынды еске алу іс-шаралары өз деңгейінде өтеді деп жоспарлануда.
Нарынның нар шөккен шағылдары… Салтанатты Сарайшықтың Жайық суы шайған көне жұрты… Мәңгілік аза күйін сарнатқан Қарой жазығы… Жеті жұрт көшіп-қонған Еділ-Жа-йық арасы… Осынау ұлы жәдігерлерге жөргегінен іңкәр боп өскен атыраулық қалам иелерінің бағы да, бейнеті де –шығармашылығы.

Әлия Дәулетбаева

 

Тарихта өмір зырлап, жылдар өтер,
Орнында өзен ағар, жылға кетер…

Атырау – ақжарқын ел, жыршы далам,
Ән мен күй көкірегінде тыншымаған.
Бабамның тері тамған топырағыңнан
Әрқашан жас жаныма сусын алам.

Ұйытқан әуенімен қырдағы аңды+
Күй сазын анам алғаш тыңдаған-ды.
Ардагер Махамбеттей ақын ұлың
Шөлдеген құмдарыңды жырға малды.

Талай жан сенде азаттық аңсап өтті,
Исатай бостандық деп жар сап өтті.
Қолға алып бұлбұл көмей домбырасын,
Дина қыз тамсандырды барша көпті.
Қасиетті тазалық бар құмдарыңда,
Ез болу күнә сенде туған ұлға.
Менің де көкірегіме тыншу бермей,
Жүрегім оранғандай бір жалынға.

Тарихта өмір зырлап, жылдар өтер,
Орнында өзен ағар, жылға кетер…
Киелі топырағыңнан нәр сіңірген
Ұл-қызың сені, Нарын, жырлап өтер!

Фариза
Оңғарсынова

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір