Еске алсам, қайран Әбені…
26.10.2024
50
0

Иә, Әбдіжәміл Нұрпейісов – тұтас бір ғасыр өмір сүрген керемет суреткер жазушы. Жиырмасыншы ғасырда ғұмыр кешкен қазақ халқының алуан-алуан тарихын көркем де кестелі тілмен сурет­теп беру үшін тек Әбенің талантындай талант, Әбенікіндей өмірлік тәжірибе және ұлыларға тән даналық қасиет­тер керек. Міне, сондықтан да ол осы ұлы қасиет­терінің арқасында адамзатқа әйгілі тарихи панорама жасауға бел буған болатын. Сіз әуелі «Қан мен тер» трилогиясынан бастап, одан ке­йін оның «Курляндия» ат­ты шағын романын қолыңызға алыңыз да, осы бір қайталанбас қаламгердің шығармашылығымен айналысуды «Соңғы парыз» дилогиясына келіп тоқтата тұрыңыз. Сонда сіздің көз алдыңыздан тағдыры ғасырлар бойы талай мәрте талқыға түскен халқымыздың бүкіл ғұмыр көші өтіп жатқандай болады. Бір сөзбен айт­қанда, Әбенің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін нағыз ұлы ерліктің үлгісі деуге болады. Ол өткен ғасырдың, көзден ғайып болған көне мәдениет­тің кемеңгер куәгері болатын.

Мен Әбемен 30 жылдай таныс-біліс болдым. Оны жазушы ретінде де, қарапайым адам ретінде өте жақсы білемін. Мен жазушылдарды екі категорияға бөлемін: біріншісі – күнкөріс үшін, өмір сүру үшін жазады; ал екіншісі – жазу үшін өмір сүреді. Әбе жазу үшін өмір сүрді.
Ол туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Қиын болатын себебі ол мінезі өте қиын адам еді, жеңіл болатын себебі мен оның мінез-құлқын, кісі күлерлік кейбір қылықтарын, тіпті ешкімге айтпаған құпия махаббатын білетін едім. Жазушымен ең алғаш қашан етене араласа бастағаным есте жоқ. Сірә, өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезі болу керек. Достығымыздың бастамашысы кім болды дейсіз ғой?.. Әрине, Әбенің өзі. Жаратылысында томаға-тұйық жазушы кіммен жақын болуды, кімнен аулақ жүруді өзі шешетін. 1980 жылдардың орта тұсында Қазақ­стан Жазушылар одағында орныққан «антинұрпейісовтік» атмосфера маған да әсерін тигізбей қойған жоқ. Сөйтіп, Республика әдебиетшілерінің Д.Қонаев қатысқан кезекті съезінде оның шығып сөйлеуіне кедергі жасап, шуылдағандардың біреуі мен болатынмын. Ол кез­дегі, менің ойымша, осы жазушы қанша жерден дарынды болғанымен өте өркөкірек және қыршаңқы, оған қоса Қазақстан Жазушылар одағының жұмысына кедергі жасайтын біреу сияқты көрінетін.
Әт­тең, мен сонда қат­ты қателесіппін. Сол кез­дер есіме түссе, өзімнен-өзім ұяламын. Соңғы 30 жыл бойғы ол екеуіміздің тығыз қарым-қатынасымыз менің ол туралы бүкіл ой-санамды да, көзқарасымды да түп тамырымен өзгерт­ті. Сөйтсем, мен осы бір жан дүниесі өте нәзік, жүрегі де тез жараланатын таңғажайып суреткер туралы түк те білмейді екенмін.
Иә, ол біресе адам шыдауға болмайтын қатал, енді бірде жас сәбидей алдауға көне салатын аңқау, сәл нәрсеге ренжи қалатын жаны нәзік болатын. Ол біреуді жақсы көрсе, соған жан-тәнімен беріліп, қолындағы барын ұстата салатын жомарт еді, ал кейбіреулердің оны сараң, сығыр деген сияқты күңкіл-сүңкілдері ешқандай негізсіз, бос сөз екеніне де көзім әбден жет­ті. Мен онымен талай рет өз елімізде де, шетелде де сапарлас болдым. Үйінде де жиі болып тұрдым. Қалай дегенде де, мен осы бір өте сирек кез­десетін өзгеше адамды бір кісідей-ақ білетінмін.
Оның кең маңдайы, ұшқын шашып тұратын от­ты көздері, ақсүйектік түр-тұрпаты ерекше тартып тұратын. Әбе көңілі қош кез­де жүзі жас сәбидей жарқылдап, жан-жағына шуақ шашып тұрғандай көрінетін. Өзінің жанына жақын адамды қолтықтап алып, қашанғы әдетінше ұзақ әңгіме-дүкен құратын. Ал, енді, ондайда тек шыдай біліңіз, әңгіме бірнеше сағатқа созылады. Оның сырт келбетіне қарап жасының қаншада екенін шамалау да оңай емес, әсіресе соңғы екі-үш онжылдықта ешқандай өзгеріссіз, түр-тұлғасы да, бет-әлпеті де бір қалпында тоқтап қалғандай көрінетін. Оның ертеректе түскен фотосурет­теріне қарап отырып, мен Әбе неғұрлым жасы ұлғайған сайын сұлулана, дегдарлана түсетініне көзім жеткендей. Ол кейде қарт­тығына қарамастан үстіне заманауи киім киіп алып та жүре беретін, бірақ ешқашан галстук таққан емес және бір қасиеті дүние-мүлікке де құнықпады.
Әбе, шынында да, өте дегдар да таза жан болатын. Тамақты да шамадан тыс тойып ішпейтін, ал сапарға шыққанда, қымбат апартамент­тер болғанын қалайтын еді. Қымбат шараптан да ешқашан бас тартқан емес.
Оның жұмысқа қабілетілігі, еңбекқорлығы өз алдына үлкен тақырып. Әбе ақсақалдық жасқа келгенде, тәулігіне 16-18 сағат жазу үстелінде тапжылмай отыратын. Өмір бойы шығармашылық еркіндікте болды. Әйтеуір, «Жұлдыз» журналында бірнеше ай ғана редактор болғанын білеміз. Сондықтан да жұмыс уақыты, қызмет этикасы, субардинация дегендерден бейхабар-тұғын. Әбенің өмірі қайғы-қасіретке толы болды, қос ботақаны – қос қызынан айырылды, өмірлік жарын жерледі. Мен елімізде тағдыры ұқсас екі жазушыны білем: Олжас Сүлейменов және ол. Екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасы да қым-қиғаш. Ол үшін екеуі де кінәлі. Бірде Әбе сонау жылдары республика басшысы болған Г.Колбин О.Сүлейменов екеуін қалай татуластырмақшы болғанын бастан-аяқ әңгімелеп бергені бар. Екі ортаға сол кез­дегі ОК мәдениет бөлімі меңгерушісі Камал Смайылов пәтуагер болыпты. Бірақ ол шарадан да ештеңе шыға қоймаған. Ал, енді, бірде менің халықаралық ПЕН-клуб президенті ретінде ол екеуін клубтың жыл сайын өтетін конференциясында қатар отырғызуымның сәті түсті. Екеуінің сонда түскен суреті де бар. Әсіресе оның қазақ ПЕН-клубының президент­тік қызметіне өзінің орнына мені таға­йындағысы келгені де есімде. Әбе сол жолы бұл қызметке сайлау арқылы таға­йындалатынымен де ісі болған жоқ. Осы халықаралық ұйымды Ә.Нұрпейісов 20 жыл басқарды. Оның беделі әлемдік деңгейге көтерілуіне көп үлес қосты. Қаржылық жағдайының жақсаруына көмектесті. АҚШ-тың әдебиет, журналистика, музыка және театр саласы бойынша ең мерейлі марапат­тарының бірі – Пулитцер сыйлығынан да салмақты Қазақ ПЕН-клубының сыйлығын бекіт­ті.
Оның жеке өз шығармашылығына һәм тілге деген кіділігі мен талапкерлігі ешкімде жоқ дерлік еді. Әбе өзінің романдарын қашан көзі жұмылғанша өңдеумен болды. Тіпті кәдімгі хат­тың өзін он қайтара өзгертіп, күні бойы жазған кез­дері бар. Бұл жерде еш нәрсені асырып айтып отырған жоқпын. Ол «Қан мен тер» мен «Соңғы парызды» өңдеуден шаршаған емес. Ол Чеховтың «Жаз да сыз, жаз да сыз, содан қалғаны сенікі!» деген ақылын ұстанған сияқты.
Өзіне дос адамға қиын-қыстау сәт туғанда қолынан келгенше жәрдем беруге келгенде, ол жанын салатын еді. Еш нәрсесін аяған емес. Осындайда мына бір уақиға еске түседі.
Ол бірде Қостанай облысының әкімі Балташ Тұрсынбаевқа телефон соғып: «Тыңда, қымбат­тым! Сен «Новое поколение» газетін оқисың ба?» – деп сұрайды.
«Иә, Әбеке! Әрине, тек қолым қалт еткенде ғана… »
«Сен мені кешір, егер сен ондай болсаң, патриот емес екенсің. Ертең саған осы газет­тің жиырма нөмірін жіберемін. Оқып шық. Сосын, сенің пікірің қандай екенін біле­йін, – дейді ақсақал.
Көп ұзамай Б.Тұрсынбаев мен шығаратын «Новое поколение» газетінің ең ықыласты оқырманы болып шыға келді.
Тағы бір оқиға, 1990 жылдары мен демократиялық радикалды оппозиция қатарында жүрген кезімде, Әбеден «ХХІ век» газетіне қаржылай көмектесуін өтіндім. Ол өзінде ондай қаржы жоқ екенін айт­ты да: «Бүгін мені жерлестерім меймандыққа шақырып еді, солардың ішінде қалтасы қалың кәсіпкерлер де болуы мүмкін. Солармен сөйлесіп көре­йін», – деді.
Сол күні кешқұрым Әбе телефон соғып. «Дереу маған кел», – деді. Бардым. Сол жерде қолыма бір бума ақша ұстатып тұрып: «Бұны саған бизнесмен беріп жіберді. Өзінің атын айтпауды сұрады. Байыған кезіңде қайтарып берерсің деді». «Бұл буманың ішінде қанша ақша бар?» – деп едім Әбе: «Білмеймін оны «саған бер», – деді. Конвертін ашып та көрген жоқпын», – деді.
Әбе көп оқитын еді. Әлем әдебиетінен мол хабардар болды. Соғыста жүргенде, оның сардарлық қол дорбасынан Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» түспейтін еді. «Сол кез­де қайта-қайта сол кітапты оқи бердім, түсіне қойғаным да онша көп емес еді» деп күліп отыратын.
Ол Әуезовке ұқсап әдебиетке қалыптасқан жазушы болып келген жоқ. Алғашқы кітабы «Курляндия» қай жағынан да нашарлау дүние-тұғын. Ке­йіпкерлердің образдары жасалмаған, уақиға аз, серпінділік деген де, нақты сюжет те жоқ. Бұл шығармасын өзі де онша ұната қойған жоқ.
Ол өлімнен қорыққан жоқ, бостекей мағынасыз өмірден қорықты және жыл сайын әр жаңа жылдың алдында Алладан тағы бір жыл ғана өмір сұрап отыратын. Сөйтіп, келесі жылы Алладан тағы бір жыл сұрайды. Ол, осылайша, жүз жасқа келіп қайтыс болды.
Иә, қалай дегенде де, адам таңғаларлық мінезі де айрықша әрі керемет сөз зергері болатын.
Әбенің теледидарға шығып сөйлеу­ден қашып, бас тартқанын талай көргенмін. «Неге екенін білмеймін, – дейтін ол, – осы телекамера дегенді маған қарай бұрғаннан жылан арбаған қояндай зәре-құтым қалмайды. Тіл-құлағымнан айырылып қалғандай боламын».
Бірде жазушы Смағұл Елубайдың үйінде қонақ болып отырдық. Сол жерде дарынды пианиношы Жәния Әубәкір­ова да болды. Әбе кенет Жәнияға қарап музыка туралы өзінің ой-пікірлерін айта бастағанда, оның бұл саладан да мол хабардар екеніне таңғалдым. Тіпті классикалық музыка мен ұлт­тық музыканы синтездеп отыру қажет екенін, ал соның өзі қазақ күйлерін жаңа бір деңгейге көтеріп, шетел тыңдармандарына да танымал қылуға зор септігін тигізетінін де айтып өт­ті.
Ал орыс жазушысы Юрий Казаковқа қазақ тілінің соншалықты бай екенін, Абайдың данагөйлік сөздері мен өлеңдерін айтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа тәбәрік қылып отыру – бәріміздің парызымыз, – деп еді.
Әрине, кез келген адам-пендеде болатын кемшіліктер мен осалдықтардан Әбе де «құралақан» емес-тұғын. Бірақ бұл жерде оны айтып жатудың қажеті не?! Өйткені Әбе бізде біреу-ақ болатын. Ал оның орны әлі қанша жыл үңірейіп тұрарын бір Алла ғана біледі.

 

Бигелді ҒАБДУЛЛИН,
Қазақ ПЕН-клубының президенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір