Аспанкөңіл ақынды еске алу
13.11.2023
359
0

31-3 қараша аралығында «Білім беру саласының үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Жалынның» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған түрлі іс-шаралар өтті.

1 қараша күні ҚР Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын ­Өтеген­ Оралбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Айбергенова, ғалым, публицист Мақсат Тәжімұрат, «Әдебиет» порталының бас редакторы, ақын Ықылас Ожай, «Мәдениет» порталының бас редакторы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, Ақтөбеден Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов пен Демеу жырау, өзге де өңір-өңірден келген зиялы қауым өкілдері ақынның туып-өскен жері – Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылына барып, Аманқос Назарұлы мен жары Алтын апайдың рухына құран бағыштады. Онан кейін Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебінде Аманқос Ершуов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинет-мұражайының ашылуына қатысып, қаламгердің кітабына қаламдастары қолтаңба қалдырды. Мектеп оқушылары Аманқос ақынның өлеңдерін жатқа оқып, тұрғыластары шайыр болмысын ашатын түрлі оқиғаларды әңгімелеп, естеліктерін айтты.
Ақкиізтоғайдағы сапар аудан орталығы Құлсарының Мәдениет үйінде өткен «Азамат сөзі» атты облыстық ақындар мүшәйрасына ұласып, жыр кешінде Аманқос Ершуовтың поэмалары мен эсселері жинақталған «Ақмешіт» кітабының тұсауы кесілді. Ақын ­Бауыржан Жақып шараны қорытындылау кезінде Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан жүлдегер ақындарға Алғыс хат тапсырды. Бас бәйгені Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрым Ерғалиев, бірінші орынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, әдебиет зерттеушісі Гүлзада Ниетқалиева, екі екінші орынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сәулеш Шәтенова мен жас ақын Арман Жайық еншілеген. Ал үшінші орын Айман Кемалиеваға бұйырды. Абай облысының Ақсуат ауданынан Азамат Серікұлы деген ақын жігіттің өлеңін қазылар алқасының мүшесі, Аманқос ақынның ұлы Марат Ершуов оқып беріп, оған өз қалтасынан 100 мың теңге жүлде тағайындаған.
Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығының белсенді қызметкері Назира Әшімге ақын Аманқос Ершуов шығармаларын насихаттауға және іс-шараларды ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы қол қойған Алғыс хат табыс етілді.
Ертесіне сағат 11.00-де Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау Мемлекеттік университетінде Аманқос Ершуовтың «Қасиетті Қазына» атты кітабының таныстырылымы өтіп, қазыналы жинақ көпшілікке жол тартты. Университет ректоры Саламат Нұрмаханұлы қонақтарды өзі күтіп алып, тұсаукесер рәсіміне арналған басқосуды ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы жүргізіп отырды. Ақынның «Қасиетті Қазына» кітабы перзенті Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Бүкіл Түркідүниесі ақындарының «Хазар шейр ақшамдары» фестивалінің екі мәрте дипломанты Маржан Ершудің ұсынуымен Астанадағы «Кәусар» баспасынан шыққан. Балаларға арналған бұл кітап кішкентай оқырмандардың таным көкжиегін кеңейтуге, жан-жақты білімділігін арттыруға таптырмас азық болары сөзсіз. Қаламгердің тағы бір «Бармақбайдың бастан кешкендері» атты қызықты кітабының тұсаукесері Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткізілді.
Кешкі сағат 17.00-де Махамбет атындағы театрда Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты кеш ақынның «Бейбарыс», «Ақмешіт-Бекет Ата», «Топан су», «Кең Жылыой», «Махамбет», «Абай», «Жұбан Молдағалиев» шығармаларын театрландырылған көріністер аясында оқумен басталды. Ақтөбеден келген Демеубай жырау ақынның «Бейбарыс» дастанын толығымен халық мақамына салып, орындап шықты. Кеш барысы ары қарай құттықтауларға жалғасып, қаламгер мерейтойының қарсаңында ұйымдастырылған әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Айтып өткендей, жыр мүшәйрасынан бас жүлде Нұрым Ерғалиевтің қанжығасына байланса, эссе жанры бойынша түскен 35 шығармадан бас бәйге ғалым, зерттеуші, публицист Мақсат Тәжімұратқа бұйырды. Кеш соңынан Аманқос ақынның қызы Маржан Ершу сахна төріне шығып, ұйым­дастырушылар мен қонақтарға, жалпы Атырау жұртшылығына алғыс айтты.
«Бір ғана Ақкиізтоғай ауылынан 35 ақын -жазушы шыққан екен. Ең алдымен қазақ поэзиясының «Қызғыш құсы» атанып кеткен Меңдекеш Сатыбалдиев, танымал әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықов, ақын Аманқос Ершуов есімдері аталады. Ақкиізтоғайға жақын тұстағы Ақмешіт – әулие Пір Бекет Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған жер екен. Осы ауылға жақын жерден ежелгі сармат жауынгері, Алтын Адам табылған. Бұл ауыл – қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтің атамекені. Осындай киелі топырақтың тумасы Аманқос Ершуов те талантымен ерте әйгіленді. Ол небәрі 19 жасында республикалық ақын-жазушылардың семинар кеңесінде танылып, «Жұлдыз» журналында «Бұлттар» және «Қасымның жырлары» өлеңдер топтамасы жарияланған. Оған академик-жазушы Зейнолла Қабдолов жоғары баға берді. Кейіннен Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова сынды айтулы ақындар да Аманқос жырларын жоғары бағалап, ерекше қадірлеген.
Мерейтойлық ауқымды шараның әдемі де әсерлі өткені де ақын жырларының ешкімді бей-жай қалдырмайтындығында болса керек. Осы ретте, әсіресе әке аруа­ғын мың аунатқан Аманқос ағаның перзенттері Маржан мен Маратқа, Атырау облысының, Жылыой ауданының әкімдіктеріне, облыстық мәдениет басқармасының қызметкерлеріне, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлеріне Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы атынан алғыс білдіреміз», – дейді Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып әдеби сапар жайлы әңгімесінде.
«Ақ бұлттар, қара бұлттар,
ала бұлт­тар,
Байқасақ, аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса да даналық бар,
Біреуде қарт та болса шалалық бар», – деп жырлаған ақынның даналық пен тереңдікке, сырлы сезім мен ойлы толғамдарға толы туындылары оқырманымен жасай берері хақ.

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір