Қаламгерді еске алды
28.07.2025
208
0

Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сатирик-жазушы марқұм қалалық ардагерлер ұйымының мұрындық болуымен, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу өкілдігінің ұсынысымен ескерткіш тақта орнатылды.

Сатирик қаламгер тірі болғанда шілде айының 15 жұлдызында 70 жасқа толар еді. Ол «Тілімнің тікені бар», «Күлдіргім келіп тұрады» атты сатиралық жинақтарымен қатар «Махаббат оты сөнбейді», «Қаракөз» сияқты прозалық кітаптары арқылы және «Талдықорған» газетінің алғашқы редакторы ретінде де ел есінде қалды. Сондай-ақ еліміз тәуелсіздік алған жылдары жетісулық қаламдастары Тұрсын Әбдуәли, Әбен Дәуренбек, Қанат Асқаровтармен бірге қаладағы мектептер мен көше атауларын қазақыландыруға бел шеше атсалысқан қайраткер тұлға болғанын да жетісулық ағайын әлі ұмыта қойған жоқ.
2022 жылы ауыруы асқынған ағамыз өмірден өтерінен бір күн бұрын баласы Дәуренмен Кеңсаба әулие жатқан қорымның маңына барып, сол жерден өзі орын таңдап, кездескен қабіршілермен әзілдесіп: «Бірер күнде бұл мекенге өзім де кеп қалармын», – деген екен, жарықтық. Тағдыр мұңын әзілге жеңдірген оптимист жазушының дәл өмірге келген күні ұйымдастырылған осынау рухани шараға қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері және жетісулық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері жиналып, қаламгерді еске алды.
Шара барысында Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков, Қазақстанның Құрметті жазушылары Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым және танымал айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтақын Бұлғақовтар сөз сөйлеп, естеліктер айтып, тақтайшаның ашылу рәсімін атқарды.
Еске алу кешінің соңында Тұрлыхан Биахметұлының жары Гүлнар Ақойқызы мен ұлы Дәурен Тұрлыханұлы әулеттің атынан осынау игілікті іске атсалысқандарға алғыстарын білдіріп, жазушының рухына Құран бағыштатып, ас берді.

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ
Жетісу облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір