Еске алу кеші өтті
07.10.2025
122
0

ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті қаламгер, қаламы қарымды журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына орай «Ұшқыр ойлы, дара Дидахмет» атты еске алу кеші өтті.

Кеш барысында Д.Әшімханұлының ІІ томдық публицистикалық шығармалар жинағының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді.
Еске алу кешіне жазушының жары Лиза, ұлы Дәулет, қаламгерлер қауымы, оқырмандар қатысты. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып беріп, жүргізіп отырды.
– Қазақ әдебиетін бір кісідей сүйген, бір кісідей білген Дидахмет Әшімханұлы – жазу стилі ешкімге ұқсамайтын қаламгер. Ол әдебиетте ғана емес, қазақ журналистикасында да үлкен із, өзіндік қолтаңба қалдырды. Оқырмандар оның публицистикалық дүниелерінің өзін көркем әдебиет оқығандай тұшынып оқиды, жүрегіне жылы қабылдайды. Қазақ барда, қазақ әдебиеті барда Дидахметтің артында қалған ұлы мұра ұмытылмайды деп есептеймін, – деді М.Құлкенов өз сөзінде.
Кеш барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенова, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалым Кенжехан Матыжанов, суретші Еркін Нұразхан, сыншы Әлия Бөпежанова, Д.Әшімханұлының ІІ томдық публицистикалық шығармалар жинағының редакторы Дина Имамбай қаламгер туралы естеліктерін ортаға салды. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір