ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВТЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Ыстанбұл қаласында Зейтинбурну ауданында Қазақтың тұңғыш бард ақыны, композитор Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Табылды Досымовты еске алу» атты ән кеші өтті.
Аталған шараға Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл, алғашқы Қазақ консулы, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас кеңесшісі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс, «KATEAD» Қазақ қауымдастығының төрағасы Сүлеймен мен төраға уәкілі Эрол Жолшы, Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғалымы Әбдуоқап Қара, Вена қаласындағы қазақ қауымдастығының төрағасы Қадыс Зәлін, Алманияда Мюнхен қаласындағы қазақ қауымдастығының тең төрағасы Сүлеймен Сатқам, мәдениет майталманы Бешір Көсе, Мұстафа Қазантук, Абылай Қылыш, Мұрат Теміз, дәстүрлі әнші Майра Әкімгерейқызы Сахитова, «Томирис Хатун» түркі әлемінің мәдениет, өнер және білім қауымдастығының жетекшісі Анар Байжан және де басқа мәдени қайраткерлер, студент жастар мен жергілікті өнер сүйер қауым қатысты.
Шығармашылық кештің ашылуында Табылды Досымовтың өмірі жайлы баяндалып, бейнебаян ұсынылды. Кеш барысында ақынның «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтіп, Ақтөбе облысы маслихатынын депутаты, «Табылды Досымов» республикалық қорының директоры Бижан Қалмағанбетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер және меценат
Қайырбек Баймұратов Табылды Досымов жайлы естеліктерімен бөлісті.
Аталған кеште Орал-Қосай Байсеңгір, Асхат Әмірғалиев, Тәуірбек Жұмабергенұлы және Табылды ақынның тұяғы, ұлы, әнші Абыл Аяш Т.Досымовтың әндерін шырқап, халықтың көзайымына айналды.