МЕДЕУ АҒАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА
26.02.2025
122
0

Қазақ елінің бар байлығын кезінде біртуар перзенті Қаныш Сәтбаев тауып, бүгінгі ұрпаққа азық етіп, ғылымның өркен жаюына қосқан орасан зор үлесі арқылы талай ғасырға қазына және рухани байлығын игілік еткен заңғар ғұлама, халқының сүйікті ұлы бола білді. «Қазақтың Қанышы» деп бекер атанбады. Осы ат­тас романды өмірге әкелген әрі ғұлама ғалымның ғибрат­ты ғұмырына өз ғұмырын да арнаған, сәтбаевтанушы-жазушы Медеу Сапаұлы Сәрсеке болып табылады. Өткен жылы Қанекеңнің 125 жылдығына 20 күн қалғанда, Медеу ағамыздың уақыты келіп, бақиға ат­танып кет­ті. 90-ның төріне жақындаған көрнекті қаламгер өмірінің соңғы 50 жылында Қаныш Сәтбаевқа арнаған бірнеше туындының авторы атанды. Медеу ағамыз 1963 жылы алғаш рет ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның ой салуымен академик Қ.И.Сәтбаевтың өмір жолын зерт­теумен шұғылданып, сол үшін Мәскеу, Томск, Санкт-Петербург, Алматы, Ташкент, Жезқазған, Семей, Қарағанды қалаларының мұрағат­тарын ақтарып, алдымен, «Туған жердің асылы», соңынан «Қаныш Сәтбаев» ғұмырнама кітабын жазды. Алайда сол заманның қитұрқы талқысына түскен кітабы, тек 1980 жылы Мәскеудің «Жас гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Тамаша адамдар өмірі» топтамасы бойынша жарқ етіп, жарияланым көрді. Ке­йіннен осы туынды шетелдік кітап көрмелеріне бірнеше рет апарылып, әлемнің 112 еліне тарады.

Медеу аға ізденісін тоқтатпай, алғашқы басылымда қытымыр кеңестік қатаң цензорлар өткізбеген тарауларды қайыра қосып әрі тың деректермен байытып, Сәтбаев ғұмырнамасын 1988–2020 жылдары аралығында қазақ және орыс тілдерінде 19 мәрте қайыра шығарды. Сонымен қатар «Қаныш елі» деген атаумен қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде, оған қоса халқымыздың дара перзентін ұлықтау жолында «Через тернии к Сатпаеву» деп аталған орысша нұсқасын шығарды. Жалпы, елу жылға таяу уақыт­та қайталанбас тұлғаның өмірін әдеби айшықтауға арналған «Қаныш Сатпаев», «Қазақтың Қанышы», «Сәтбев планетасы», «Дара дарын», «Қуғындалған Сәтбаев», «Сәтбаев ұлағаты», «Феномен» деген атаулармен, соңғысы «Сексен бестің төрінен» деген атпен кітаптарын жарыққа шығарды. Мұншама жарияланымды кітаптардың таралымы жарты миллионға жуықтапты. Бұл, расында да, нағыз ерлік іс емес пе!
Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ғұламаға адал қызмет жасаған Медеу ағаның жатқан жері жарық, жаны жәннат­та болсын. Кезінде «Абайды Абай қылған – Мұхтар, Мұхтарды Мұхтар жасаған – Абай» деген қанат­ты сөздер Қаныш Сәтбаевтың аузынан шыққан екен. Сол сияқты «Қанышты Қаныш қылған – Медеу, Медеуді Медеу жасаған – Қаныш» деп те айтуға болады деген сенімдемін. Себебі бар ғұмырын қаныштану саласына арнап, баршамызға Қанышты кеңінен танытқан қарымды қаламгер, атақты жазушы – Медеу Сәрсеке.
Медеу ағамен таныстығым Қаныш атамыздың 90 жылдық мерейтойы туған жеріміз Баянауылда өткенде болды. Ке­йіннен Алматыда Қанекеңнің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткенде жақынырақ араласа бастадық. Ал тығыз араласу ғұламаның 120 жылдық мерейтойын Павлодар қаласында Халықаралық ғылыми конференцияны ректорлар корпусын шақырып өткізген кез болатын. Сол кез­де «Қазақтың Қанышы. Феномен» деген атпен үш тілде 955 бет­тік дәу кітап «Фолиант» баспасынан шығып, оның тұсаукесерін Медеу ағамен келісіп, Павлодарда сәт­ті өткіздік. Сонда ағаның сол кітапқа жазып берген сөздері бүгінгі күні маған бойтұмардай әсер етіп жүргені және оны орындап жүргенім де ешкімге жасырын емес:
«Алтынбек! Қаныш ағаңды ардақ тұтудан жаңылма! Ұлы ағаның аруағы келешек игі істеріңе жебеуші болсын! Риза көңілден… Медеу ағаң. 15.04.
2019. Павлодар».
2021 жылы Қаныш ғұламаның еңселі ескерткішін Елорда төрінде ашқанымызда, Медеу ағаның қуанғаны сол, ескерткішті құшақтап, «өміріме ризамын» дегендей басын иіп, құшағын жазбай көп тұрды.
Медеу аға Астанаға көшіп келген соң, тіпті жиі араласатын болдық. Туған күнін ғана сылтауратып емес, баласы Ерланға телефон шалып, келісімін алған соң, Медеу ағаның үйіне барғыштайтынды шығардым. Ондағы ойым, әрбір кез­десуден жаңа мәлімет­тер алсам, бейнетаспаға түсірсем немесе радиохабарларға жазып алсақ деген ойлар болды және олардың іске асқанына осы күні өзіме ризамын. Радиохабарға жазудың бастамашысы болған Дулат Абибуллаев бауырыма да ризашылығымды білдіремін.
Медеу ағамыз тек қана Қаныш Сәтбаев туралы жазумен шектелген жоқ. Ол қазақтың басқа да көрнекті ғалымдары мен өндіріс саласындағы қайраткерлерінің өмірін зерт­теп, Қаныштың адал шәкірт­тері туралы да қалам тарт­ты. Оның «Ебіней Бөкетов» және «Ермұхан Бекмаханов» сынды туындылары Қазақ­стан ғылымының дамуына өзіндік зор үлесін қосқан тұлғаларды таныстыруда үлкен рөл атқарды. Осы еңбектері арқылы қаламгер қазақ ғылымының қалыптасу тарихын, оның қиындықтары мен жетістіктерін көркем әрі деректі стильде шебер сурет­тей білді.
Жазушының қаламынан туған ғылыми-фантастикалық және тарихи-көркем шығармалар да оқырман сүйіс­пеншілігіне бөленді. Ол техникалық прогресс пен ғылыми жаңалықтарды қарапайым оқырманға түсінікті, қызықты етіп жеткізе білді.
Парасат және Құрмет ордендері мен көптеген медальдардың иегері Медеу ағамыз туған жеріміз Баянауыл ауданының Құрмет­ті азаматы атанды, Павлодар облысының еңбегі сіңген қайраткері және т.б. құрмет­ті атақтармен марапат­талды. Бір өкініштісі, Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылған еңбегі қолдау таппағаны болып табылады. Жалпы, Медеу ағамыз өміріме ризамын әрі бақыт­тымын деп өткен қадірлі ағамыз еді. Ағамыздың еңбектері бүгінгі күні қалың оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп, жаңа ұрпаққа рухани байлық ретінде беріліп келеді. Ол Қаныш және әйгілі шәкірт­тері Евней, Ермұхан арқылы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, білімі мен ғылымын мақтан тұтатын тұлға ретінде есімізде мәңгілікке сақталады.

Алтынбек НУХҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі,
«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар
кеңесінің төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір