Мәңгілік өмір жыршысы
08.10.2024
463
0

сомдаған «Менің құрдастарым» романының бүгінімізбен үндесуі

Сат­тар Ерубаев. Өткен ғасырдың 30-жылының соңында қазыналы қазақ әдебие­тінің көгілдір аспанында құйрықты жұлдыздай ағып түскен талант. Оның «Менің құрдастарым» романы ғасырға жуық уақыт бойы бірнеше ұрпақтың жансерігі болып келеді. Уақыт тезінен өтсе де құны түспеген, пәсі төмендемеген тағдырлы шығарма авторының туғанына биыл табаны күректей 110 жыл толып отыр. 
Қамшының сабындай небәрі жиырма үш жыл ғұмыр кешсе де, артына әдебиет­тің әр жанрында (көсемсөз, новелла, баллада, сатира т.б.) өшпес мұра қалдырған, көзі жұмылғанша жасасын өмір деп өткен өр талант­тың шығармашылық мұрасын зерт­теген, лайықты бағасын берген әдебиетші ғалымдар – М.Қаратаев, Т.Кәкішев, С.Байжанов, Б.Қойшыбаев, Б.Майтанов, А.Х.Мархабаев, ақын-жазушылар – Ә.Тәжібаев, З.Шашкин, Ә.Байтанаев, А.Нысаналин т.б. тозаң тұтпас туынды атаулысын жүрегінің қанын сорғалата отырып жазған Сат­тардың сан қырлы талантын сол дәуірдегі қазақ әдебиетіндегі құбылыс деп таныған.

Өзінің білімдарлығы мен сан қырлы талантының, қаламгерлік шеберлігінің арқасында қазақ әдебиеті мен журналистикасының тарихында есімі алтын әріппен жазылған, жалындап өткен жас ғұмырдың өнегелі өмір жолы мен жарқылдаған іс-қызметі, шығармашылығы – жас ұрпақ өкілдеріне бүгінгі күні де үлгі-өнеге, тағылым әрі адастырмас бағдаршам десек, асыра айт­қанымыз емес.
Пікіріміз жалаң, сөзіміз сырғақ болмас үшін нақты деректерге сүйенейікші. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Әділет­ті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» ат­ты Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланатыны айтылған. Егеменді еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің күш-қуаты артып, экономикасының дамуында ауыр өнеркәсіптің өркендеуі, ғылыми-техникалық прогрестің ілгерілеуі басты рөл атқаратыны бесенеден белгілі. Ал осы саланың тұтқасын ұстайтын, берекесін келтіретін жалын жүректі, құрыш білекті жұмысшы қауымы мен озық ойлы инженер-техник қызметкерлер екені дау туғызбайды. Еріксіз таңдандырары һәм сүйсіндірері сол, осы бір келелі тақырыпты, өзекті мәселені өткен ғасырдың отызыншы жылдары Сат­тар ағамыз отыз алты тараудан тұратын «Менің құрдастарым» романы арқылы жарқырата көтеріп еді. Шарқ ұрған ізденістің арқасында (Автор 1934–1935 жылдары «Қарағанды пролетариаты» газетінде басшылық қызмет атқарғанда, шахта өндірісі мен лава қыртысының қыр-сырын жете зерт­тегені аңғарылады) жарық көрген романды жастар жағы кешегі күнге де­йін қолдан-қолға тигізбей, жастана жатып оқығанының куәгеріміз. Себебі әу басында өмірге сүйген жардай ғашық жанның аталған романның басты кейіпкері – Рақмет Дәуірұлы сол тұстағы Ресейдің жүрегі саналған Ленинград тау-кен институтын үздік бітіріп (жастық жалаугері Сат­тар да аталған қаланың тарих-филология-лингвистика институтында (1930–1934), ізінше аспирантурасында (1935–1936) оқиды, орыс және Батыс әдебиеті классиктерінің үздік туындыларынан молынан хабардар болады. Журналистиканы да қатар меңгереді), еңбек жолын Одақтағы екінші (Донбастан соң) көмір алыбы Қарағанды шахтасында инженерліктен бастайды. Институт қабырғасында жүргенде құрдастарына Ромео және Джульет­та атанған, сүйген ғашығы Елизавета (Лиза) болса, болат­тың «Спеллат» ат­ты жаңа құрамын ойлап тапқан атақты академик А.Е.Вознесенскийдің бір тал қызы. Жүрегі пәк, жаны таза, озық ойлы өзге ұлт өкілін ұнатқан, әке рұқсатын алысымен Рақметпен қол ұстасып, сонау қиырдағы Қарағанды шахтасына жас маман, инженер ретінде жол тартады. Рақмет те, ол да бақытын қайнаған өмірдің ортасынан, өлшеусіз тер төгетін, абыройға бөлейтін еңбектен іздейді. «Іздеген жетер – мұратқа» дегендей, арманшыл қос жас басынан қиын-қыстау кезеңді өткізе отырып, мақсат­тарына жетеді. Айтпақшы, жаңа өндіріс алыбында жас мамандардың алдынан аңдыздап шығатын психологиялық және моральдық қиындықтар аз ұшыраспайды. Айталық, шахтадағы беделді деген инженер Кулевакин Қарағанды жағдайында қара алтын – көмір өндірудің Донбастағыдай жаңашыл тәсілдерін ұсынған Рақмет­тің жаңашыл көзқарасына күдікпен әрі сенімсіздікпен қарайды. Қарсылығын іште сақтаса да, қайшылықты сәт­те ара-тұра сездіріп те қалады. Жекебас мәселесіне келгенде, шахта құрылысының бас инженері дәрежесіне көтерілген білікті Рақмет пен жан дүниесі ақықтай таза, адалдықты серік еткен Лизаның арасына қыл жүгіртіп, сына қаққысы келеді. Алайда арам ниеті, пасық әрекеті жүзеге аспайды. Романдағы ендігі бір көрсеқызар инженер Петр Шербак та Лизаның қыр соңынан қалмай, жігіт­тікке салынып, дегенін жасағысы келеді. Оның бұл әрекетін қолына еріксіз көсеу ұстап, қарсылық танытқан Лиза ақыры тоқтатады.
Орайы келгенде оқырманды Рақмет­тің қызмет бабымен Ырғызға барғанда, дидар-ғайыппен жолықтырған ерке сұлу Дәмелімен арасындағы жастыққа тән алып-ұшты махаббат хикаясынан аз-кем хабардар еткен абзал. Адам бойындағы сұлулықты жіті аңғаратын Рақмет­тің көзімен пайымдасақ: «Дәмелі Лиза сияқты мінсіз, аса сұлу емес. Бірақ адам баласында сирек ұшырайтын бір ерекше сүйкімділік Дәмеліде бар», – деп бағалайды. Әр адамның басында болатын жастық албырт­тық деген ит шіркін ақыры дегеніне жеткізбей тынбайды. «Бір күні бақшада жүріп, Рақмет Дәмеліні көрмесе тұра алмайтынын айт­ты.
– Дәмелі, менің жүрегім жанып барады, – деді Рақмет.
– Саған керегі мынау ғой, – деп ернін тосты.
Кешке үйде отырғанда, Дәмелі жылап жіберді.
– Мен Ықыласты шын сүйемін, мен оған өзгере алмаймын.
Осыдан соң Рақмет екі күндей келмей, басқа жолдасының үйінде қонып жүрді. Үшінші күні Рақмет келгенде, Дәмелі шешініп төсегінде жатыр екен. Көрпені сырып, Дәмелі кеудесін жалаңаштады. Іш көйлегінің иығы қолының үстіне түсіп, көйлегі төмен сырғыған. Төңкерілген кеседей екі алманың арасындағы сызықша көрініп тұр.
– Бері келші, – деді Дәмелі Рақметке.
Рақмет келіп төсекке отыра бергенде, Дәмелі құшақтап сүйіп-сүйіп алды.
– Рақмет, есікті іліп келсең қайтеді! – деді Дәмелі…
Қайтесің, асау ат­тай арындаған жастық құрғыр өз дегенін істемей тынбайды. Ең соңында Дәмелінің аяғы ауырлайды. Жан сырын күйеуі доктор Ықылас Құлыбековке: «… Былтыр сен Ырғызға кеткенде, Рақметпен жақын болдым. Несін сұрайсың. Сол уақыт­та оны сүйгенім рас… Ықылас, бала сенікі емес», – деп жеткізеді.
Айтар ауыз айт­ты, есітір құлақ есіт­ті. Ширыққан оқиғаның тігісін ептілікпен жатқызар тұста, Сат­тардай қарымды қаламгердің өте орайлы әдіске барғаны кім-кімді де тәнті етеді. Құшағындағы жары Дәмелінің әлгі айт­қаны Ықыластың жүрегіне инедей қадалары, ақ төсегін тілгілеген Рақметке кектенері өзінен-өзі түсінікті. Әйтсе де Гиппократ антына адалдық танытқан доктор Ықылас қаскөй ұры қолынан пышақ жарақатын алған Рақметке шұғыл операция жасап, оны өлім қолынан (автор стилі) жұлып алып қалады. Көріп отырғандай, қым-қиғаш қиындық атау­лыны ізгілік пен кешірімділік жеңуде.
Қысқа ғұмыры қайтпас қайсарлықтан, шарқ ұрып, білім қуған ізденістен тұрған саңлақ Сат­тар «Мәңгілік өмір туралы жыр» толғауында: «… Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім, өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім», – деп аһ ұра келіп: «Менің қаным миллионның тамырында ағады, бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады», – деп оптимистік рух танытады. Мінеки, әсерлі роман жазылған екі аралықта табаны күректей сексен жеті (1937–2024) жыл өтсе де жүгі жеңілдемеген, мән-мағынасы солғын тартпаған, пәсі төмендемеген. Сол отызыншы жылдары кенже дамыған өнеркәсіп тақырыбына, Мағжан ақын сенім білдірген жастар өміріне арналған «Менің құрдастарым» романы бүгінгі таңда да өзектілігімен ерекшеленуде.
Президентіміздің биылғы Жолдауындағы алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауды ұйғаруы – бүгінгі таңда жетекші сала саналатын: мұнай мен газ, аллюминий, алтын, көмір өндіру, болат пен қорғасын балқыту, теміржол мен автомобиль өндірісі, құрылыс материалдарын шығару т.б. өнеркәсіп орнындағы жұмысшы қауымының қоғамдағы рөлін арт­тыруға саяды. Ал осы салаларды дамыту – ел экономикасын ілгерілетудің, өсімге жетудің басты шартының бірі. Демек, бұл майданда еңбек ететін жұмысшылардың азамат­тық белсенділігін арт­тыру, рухани жан дүниесін байыта түсуде өз заманында дара дарынымен танылған Сат­тар сынды қарымды қаламгердің тозаң тұтпас «Менің құрдастарым» романының берер пайдасы, тигізер ықпалы зор деп білеміз. Нақ осы тұрғанда Қазақ­стан жастар одағы (1966) одақтық Н.Островсикй сыйлығының (1971) лауреаты С.Ерубаевтың аталған романын мемлекет­тік және жекеменшік баспалар әсем безендіріп, жеке кітап етіп шығарса, режиссерлеріміз өзі сұранып тұрған сюжетке сахналық қойылым, құлпыртып көркем фильм түсірсе, ақ түйенің қарны жарылар еді-ау!
Ал біздің қолға қалам алып, мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақ жастарының жан серігі, рухани сырласына, баршамыздың құрдасымызға айналған «Менің құрдастарым» романына азды-көпті талдау жасау арқылы өмір деп өткен өр талантқа, тарихи тұлғаға араға жылдар салып, қайта айналып соғу еді. Сайып келгенде, зиялы қауым өкілдерінің мәңгілік өмір жыршысы авторының таңғажайып творчествосына қайта бір ден қоюы – ұшқыр уақыт талабы саналса керек.

 

 

Қараша ҚАРАМАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір