ӨР АЛТАЙДЫҢ АСҚАҚ ЖЫРШЫСЫ
29.09.2023
271
0

Мынау әппақ дүниеден елуге жетпей аттанса да, әдебиетімізді бояуы қанық, көкжиегі кең көркем дүниелерімен толтырған Оралхан Бөкейдің 80 жас мерейтойы жыл басталғалы аталып келеді. 

Жазушының ағажай Алтайы жаз бойы аяулы перзентінің мерейтойын өткізіп, мұқым қазаққа сауын айтқанын алқалы жұрт біледі. Ол туралы газетіміз дер уағында ақпарат беріп, қаламгер жайында жазылған мақалаларды жариялап отырды. Осы игі шара жазушының туған күні қарсаңында (28 қыркүйек) Алматыда жалғасын тапты. Енді жазушының өзі қызмет қылған, топырағы бұйырып, жамбасы жерге тиген сүйікті Алматысында өткен, өтетін шаралар туралы айта кетелік.
28 қыркүйек ҚР Ұлттық кітапханасындағы дүбірлі жиын басталмас бұрын қаламгерін қадірлеген қауым «Кеңсай» зиратына барып, марқұмға Құран бағыштап қайтты. Кітапханаға келген жұрт жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін және суретшілердің туындыларын тамашалады. Шара ары қарай «Өр Алтайдың асқақ жыр­шысы» атты конференцияға ұлас­ты. Жиынды ақын, филология ғылым­ының докторы Бауы­ржан Жақып жүргізді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қы­рық­баев құттықтау сөзін сөй­леп, мерейтойға орай ҚР Мемлекеттік кеңес­шісі Ерлан Қариннің арнайы жолдаған хатын оқып берді. Жазушының шығармашылығы қа­қында ғалым Нұрдәулет Ақыш, Гауһар Балтабаева баяндама жасады. Жазу­шы Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Қуандық Түменбай, Асқар Алтай, ақын Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, сыншы Әмірхан Меңдеке, Қазақ Пен-клубының төрағасы Бигелді Ғабдуллин сөз сөйлеп, аға қаламгерлер естеліктерімен бөлісті. Өтіп жатқан игі шараларды ұйымдастырушылардың бірі, басы-қасында жүрген, Оралхан Бөкейдің жиені Тоқтарбек Мағзұмов мерейтой барысында атқарылған іс-шаралар жайында айтты.
29 қыркүйек күні жазушының рухына Құран оқылып, ас беріледі, 30 қыркүйек күні (сағат 11:00-19:00 аралығы) «Алатау» театрында аламан айтыс өтеді. Жазушы шығармашылығы жайындағы мақалалар топтамасы да осы нөмірімізде
(10-11-беттер) оқырманға жол тартты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір