ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ (Эссе)
Ерлан Төлеутай… Өнерді түгендеп, қазақты байытқан тұлға. Қаламы жүйрік, жазары көп, себебі алдында тау арқалаған Толағайлар ғана көтере алатын үлкен мақсат-міндет тұр. Қаламы – қазақтың қаламы, алтын болған соң ғана емес, тоқтамаған соң да, жарқырап тұрады. Тоқыраған автордың қаламы тот басқан жезге айналады, тереңнен елдің інжу-маржанын терген қаламгердің жасар еңбегі телегей теңіз.
Біртуар. Жоспары – жүзеге асырған жобаларынан да әлдеқайда көп. Білетін адам – бейнетқор. Қашан көрсең де, ой үстінде, уайым астында, жұмысқа жегіліп, шаруаға көміліп жүреді. Ол қыр өмірін жетік біледі. Қала өркениетінен, шаһардың жайлы тіршілігінен шалғай жатқан ауыл тұрмысына қанық, «ел іші – өнер кеніші» екеніне бала кезінен куә боп өскен азамат, алаш өнерінің жанашыры.
Өмірі – кітап, ән. Ең бір оқымыстылар, сұңғыла оқырмандар қыстау-жайлауда тұратын таңғажайып кез еді. Сөз жоқ, Ерлан Төлеутай – ондыққа тиген, сәтті айтылған ақын-жазушының әр сөзін бүкіл ел болып талқылайтын, әдебиет, көркем өнердің бағы, бақыты жанып, қуанышы тарқамаған, руханият сән-салтанат құрған, кітап төрге озып, таққа отырған ғажап дәуірдің төл перзенті. Сондықтан өнердің мұңы – ғұмыры. Қазақтың қайғысы – зары. Бірақ Ерланның тамыры тереңде жатыр. Көне сақ-ғұн, түркі-қыпшақ, ноғай-қазақ заманы, кейінгі жүзжылдықтар ел үшін, жер үшін жағаласқан есіл ерлердің, қайран шеріктердің ерлік істері, жорықтары, күрестері – оның да жеке басының тарихы, ұлттық әрі тұлғалық сана-сезімінің жадынан өшпейтін биографиясы, рухани тәжірибесінің шежіресі. Тұмар ханымның да, Еділ батырдың да, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуекел хандардың бар алаш жұртына қатысындай, Ерлан Төлеутайға да қатысы бар. Ерлан Төлеутай – еңіреп өткен сол ерлердің бір-бір бөлшегі. Ол – ел тұтастығының жыршысы. Арқа әндерін түпкілікті зерттеп, толық аяқтаған соң, Жетісу, Сыр, Түбек, Батыс дәстүріне көшпекші. Ахмет Жұбановтардан кейін дәл Ерекеңдей (Ерлан Төлеутай) қазақ музыкасын терең зарттеген ешкім жоқ, Ахаң (Ақселеу Сейдімбек) күй тақырыбын көбірек қаузады, Таласбек Әсемқұлов досымыз да күй табиғатын тануға ұмтылды. Қайран уақыт, алдымызда қарайып жол бастап келе жатқан екі данышпан еді. Екеуі де ерте құлады.
Ол – қаламы төселген кәнігі шебер жазушы. Көркем әңгіме де жазды, деректі романдарға да қалам тартты. Жүсіпбек Елебековтен қалған асыл мұра, алтын қазынаны түбіне шейін қопарды. Үкілі Ыбырайды танытты. Баянауыл өнерпаздары соңынан Кереку, Көкшетау, Қарқаралы, Жаңарқа өңірлерінің алыптары жазылуға тиіс еді. Киноға келіп, ізденістерінен қол үзіп алды, десек те кинематографтан қазақтың иісін бұрқыратты. Кадрдан жусан, изен, тобылғы жұпары аңқыды. Қазақ хандығы туралы Рүстем Әбдірашев фильмдерінің диалогтарын түгел Ерлан Төлеутай жазды. «Қыз-Жібек» кинотуындысына редактор болған Асқар Сүлейменов сияқты. Еңбегін бұлдамайтын тұлға, алайда қоғам, мемлекет қорғауына, қамқорына алынатын ұлтжанды перзент.
Өзі – өнер. Өнердің кейпін, бейнесін, тұлғасын көргіңіз келсе, Ерлан Төлеутайды көріңіз. Бір өзі – алаш энциклопедиясы. Шежіре тарату болсын, қазақтың қордаланған қайғы-шері болсын, Ерланның дайындығы, білімпаздығы, ізденістері шындығын шертуге жетеді: әрбір рудың құрамын, тарихын, жүріп өткен жолын, ауыс-түйіс кезеңін, салтын, жөн-жоралғысын, әдет-ғұрпын, сана-сезімін, ақыл-ойын жақсы біледі, ұлт және ұлттық сана ұғым-түсінігі бойынша қойылатын бар сауалға жауабы даяр. Ерлан бірде бір тамаша әңгіме жазды. Атауы да жақсы: «Иманжүсіптің әні». Классикалық сюжет, бастауы да, күрмеуі де – классикалық. Тілі жатық, сөз қоры мол, тілі – құнарлы, ойы – қуатты. Бұл шығарманы бірнеше жыл ешқандай газет, жорнал баспай қойды. Жарыққа бір шығып қалар деген үмітпен талай басылымның тартпаларында шаң басып жатты. Бір жарияланғанында, «ықшамдалып, жал-құйрығы күзеліп жарық көрді». Әңгіме «отаршылдардан қорлық көрген Иманжүсіптің өзіндей талайсыз, бақсыз шығармаға» айналды. «Тағдыры тура Иманжүсіптің Торыарғымағындай болды, – деп жазды автордың өзі, – баспадан шығарда пышаққа ілікті. Атағы Алатаудай ағаларыма іштей ренжідім де, қойдым. Бірақ ренжігеннен не пайда?» Бастысы, ұлт алдындағы өз парызына адал.
Ол – қазақ ұлты өнер-мәдениетінің қорғаны. Қайда жүрсе де, дәстүрді қорғап шырылдап жүреді. Әдетте, телеарналарда жүріп жатқан бағадрламалардан шоу-бизнесті жақтаған көп дауысқа қарсы бір-ақ дауыс күркіреп естіледі: ол – Ерлан Төлеутайдың қазақ үшін жан алысып, жан берісіп жатқан шақтағы жан дауысы.
Әңгімесі – ұзақ. Ұмытпасам, отыз беттен асады. Бұл әңгіме – қазақтың дәстүрлі әңгімесінің жастар үйренуге тиіс, еліктеуге тиіс, түпнұсқа тұрғысында тануға тиіс үздік үлгісі. Кіші жанрда жазылған үлкен туындыда аса бір сабырлылық, байсалдылық, байыптылық бар. Кең сахара, бетпақ түз, сайын дала көз алдыңа келеді – дүбірі, сарыны, дабысы жаңғырып тұрады. Асығыс, ойланбай-толғанбай келтірілген сөз, сөйлем жоқ. Бәрі өз орнында, дәйекті, деректі. Өзі де, қаламы да – шыншыл. Кейде Ерлан Төлеутай ақиқатты сүйген, арқалап өрге сүйреген ақиық ақын-жыраулар, ақ семсер сал-серілер ғасырынан адасып, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай сөйлейтін жалтақ, жарамсақ дәуірге еніп кеткендей. Бос сөз, бос сөйлем көрмейсіз. Әр жолы – көңіл бөліп қарап, зейін қойып тыңдап, зерде санаға оқып-тоқыған ізденістерінің, зерттеулерінің нәтижесі. Бейнеттің арқасы. Бейнетпен жазылған мәтіннің ғұмыры да ұзақ.
Ерлан ердің құнын, елдің бағасын біледі. Ән салғанда, әңгіме айтқанда бір фальш жібермейді, бүкіл әнді, бар әңгімені, әдетте, бір-ақ фальш құртады. Сондықтан Ерлан сері – әрқашан сергек, сақ, ұқыпты. Шаруасына мығым, жүктеген міндетіне жауапкер. Ерланның шырқап салған алып әнінде ғана емес, толғап жазған әңгімесінде де музыка бар. Ол – әннен, өнерден, дәстүрден жаратылған тұлға. Әр сөзі өз орнын тауып, мәтін ішіндегі күллі сөйлемі бір-бірімен оңай, жеңіл қиысады, қисындасады, қабысады, астасады, жалғасады. Бір-біріне міңгесіп кетпейді, рет-ретімен, кезек-кезегімен тұрады, өйткені тәртіп дегеніміздің өзі – мәдениет. Ол, егер, қазақтың Ерлан Төлеутайы болып тумағанда, алаштың Затаевичі болып туар еді. Бәрібір қазақ өнеріне келер еді. Маңдайына жазғаны, пешенесіне бұйырғаны – киіз туырлықты қазаққа үздіксіз қызмет ету.
Әңгімеге оралайық. Сюжет желісі бойынша Иманжүсіптің сәйгүлігімен бәйге шапқан, асарын асаған, жасарын жасаған әулие көкірек бір қарт аштық, кәмпеске, асыра сілтеушілік, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік қырғын, нәубет, сойқандарға қарамай бір әнін жадында сақтап қалады, қария өлім аузында жатып, бертінде ғана ұмытқан осы әнді ауылға кездейсоқ келе қалған бір елгезек, танымайтын, санасында саңылауы, көкірегінде көзі бар жас жігітке тұтас жеткізуге тырысады, бірақ әл жоқ, есі кіресілі-шығасылы, талпынып, күш-қайратын жұмсап, есіне бір шумағын ғана түсіреді. Бұл Иманжүсіптің елден ауып бара жатқанда шығарған соңғы әні екен. Әңгіме өткен ғасырдың отызыншы жылдары – Иманжүсіптің елде бәйге шапқан думанды күндеріне қарай ойысады.
Құйма құлақ асыл әуенге жете алмаса да, қайран Иманжүсіптің мұң-зарын жадына тоқып, санасына құйып алады. Ел қазынасын жүрегінде сақтап келген қайран баба екі-үш аптадан соң, елең-алаң мезгіл, таң ата, дәм-тұзы таусылып, жұртымен қош айтысып, дүние салған екен. Ол аса мағыналы өмір кешті. Ұлы Иманжүсіптің Абылай ханды жоқтап, Кенекемді іздеген, бодандағы халқының бостандығын аңсаған асыл әндерінің бірін ұрпағына аман-есен тапсыра алмаса да, асылдың соңғы күндері туралы баға жетпес естелік айтып кетті.
Менің ойымша, «Иманжүсіптің әні» – сөз жоқ, қазақ әдебиетінің табысы. Автордың алаш өнеріне қосқан көп үлесінің бірі. Бұл әңгімені қазақтың классикалық әңгімесі тұрғысында бағалаймын. Бірде өнер туралы көп әңгіме айтылатын қонақтың бірінде, дастарқан басында мен Ерлан Төлеутайдан сұрадым:
– Бұл туынды қиялдан туған көркем шығармаға ұқсамайды, детальдары тым анық, атмосферасы тым дәл, сол жас жігіт өзің емес пе?
– Өзім, – деді ол, – Иманжүсіптің рухына тағзым!
– Үстінен бір қарап, повестьке айналдырып көрсек қайтеді, сұранып тұр.
– Алдымда көп жұмыс бар, мойнымда міндет көп, басқа арыстар жайлы да жазуым керек, енді бұл тақырыпқа орала алмайтын сияқтымын, – деді автор.
«Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,
Маған десең, көз жасым,
жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау!
Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам.
Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас,
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған.
Қатар-қатар өрілген тастарың-ай,
Мұнарланып көрінген бастарың-ай.
Сол бір жерлер есіме түскен кезде,
Көзімнен парлап аққан жастарым-ай.
Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан,
Өңшең жүйрік шал құйрық,
қызыл нардан.
Таң мезгілі болғанда тас буынып,
Ауылына болыстардың салғам ойран.
Тумай жатып өш болды маған болыс,
Аударылды сол үшін талай қоныс.
Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен,
Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс.
Несібімді жазыпты менің түзден,
Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.
Қайран ел, оқта-текте еске түссең,
Шымырлап жас шығады екі көзден.
Қош, аман бол, Сарыарқа, өскен жерім,
Кір жуып кіндігімді кескен жерім.
Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен,
Шұбыртып маңдайымнан аққан терім.
Күйгенжарға ауылым қона алмайды,
Кері кеткен тірлігім оңа алмайды.
Қырық мың қатын қыпшақтан
ұл туса да,
Бірі де Иманжүсіп бола алмайды,
ах-ау-ей…»
Қайран Иманжүсіптің толғанысқа толы әні осылайша жан-дүниеңді бөлек бір күйге бөлейді.
Кешегі ескі заман болса, Ерлан Төлеутай алаштың ардақты өнерпаздары – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Естайлармен бірге Арқадағы қазақ ән өнерінің негізін қалаушы тұлғалардың санатында көрінуші еді, тіпті қара домбырасын асынып, ел аралап, жұрт қыдырып, інжу-маржан шашып, алтын-күміс төгіп жүретініне кәміл сенеміз.
Бірақ ол басқа ғасырда туды. Мінсіз өнер технология арқасында бұқаралық сипат алды: көп нәрсеге көпшіліктің қолы жетті, дарын орнына маман жүрді, кәсіби шеберлік тума таланттан биіктеді, асыл өнерден асыл металл озды. Үстіміздегі технологиялық ғасыр өнімдері: фонограммалық ән, компьютерлік өңдеуден өткен жыр, техникалық мүмкіндіктерге сүйеніп жазылған жалғамалы репертуар, жалған шеберлікпен жұртына танылған талапсыз бейталанттар, ерні ғана жыбырлап елді алдаған орындаушылық, оның ішінде – дауысты көтеру, созу, шегіне, межелі жеріне жеткізу, шырқау биігіне шығару, шырқату – шын мәнінде, шынайы дарын, ерекше қабілеттің даралануына, асқақтап көрінуіне кедергі келтірді, жақсы мен жаманды айыра алмай қалдық, тойшыл саздың теріс мәнерінен сырқат тигендей науқастанып жаттық, өнердің бейнетінен қашып, оңай жолын таптық, жеңіл табыс көзіне айналдырдық, індеттей жабысқан дертінен ілкіден айықпадық, компьютер басын қосып, бәрінен біркелкі пішін, бірыңғай пошым жасады, дауысы да бірдей, бейнесі де бірқалыпты нұсқалар қалыптастырды. Әнде мелодия, күйде – сарын, орындаушыда қарым-қабілет жоқ.
Алдын ала жазылып, өңдеуден өткен музыкалық шығарма, әншінің бір кеште бірнеше жиын-тойда ән шырқауына мүмкіндік берді. Сөйтіп, шаршамайтын, бар жерде бірдей ән салатын, дауысы қарлықпайтын «великандар» пайда болды. Түпнұсқа жоқтықтан үлгі жойылды, енді барлық артистер бір-бірінен аумайтын бір үйдің балалары тәрізденді.
Алматыда жыл сайын көбейе түсетін екі нәрсе бар: бірі – дыбыссыз автомобильдер, екіншісі – дауыссыз әншілер. Әншіліктің құны – бір клип (қазақ бұрын бір тиын деуші еді). Бір клип түсіріп алсаңыз, әнші боп кетесіз. Біз табиғи дауысты ұмыттық, қандай екендігінен бейхабармыз. Музыкалық нәштен, нәштің әсемдігінен, әсемдіктің нәзіктігінен, нәзіктіктің қоңыр үнінен айрылдық. Күйдегі қоңыр үнді де естімей қалдық.
Қазір Ерландар әр жерде қадау-қадау қалды. Талай-талай тамаша дәстүрді үзіп алдық. Енді дәстүр үзілген заманда, салт түзілген, мектеп қалыптасқан дәуірді зерттеп жүрміз. Біздің, елдің атынан Ерекең зерттеп жатыр. Халық және халық композиторлары әндерін орындап жүрген, сахнаға шығарып жүрген эстрадалық топтардың орындаушылығы – көп көшірменің бірі, түпнұсқа – Рамазандар, Ерландар, Еркіндер, түпнұсқа үлгі – Қайрат Байбосыновтар. Бір ардақты ағамыз (Мұхтар Құл-Мұхаммед) Ерлан Төлеутайды көргенде: «Біз сені елу жыл күттік, – деген екен. – Дәл қазір сенен басқа қазақ әні туралы жазатын адам жоқ, Ахаңнан бері (Ахмет Жұбанов)». Сөз-ақ.
Қазақта әрбір ән – хикая. Қиссадай ұзақ, дастандай шалқар, термедей тегеурінді. Қазір көп томға айналып жатыр. Сырына үңілсеңіз, қырына көзіңіз түседі. Ән де – сегіз қырлы. Шығарушысы, орындаушысы, жеткізушісі, түрленуі, күрделенуі, бүлінуі, мектеп түзілуі… жетеді. Және де, музыкатанушылардың бәрі өзі байқаған өз сегіз қырын табады. Сегізі де – артық біткен асыл қасиеттер. Әнді зерттеп-зерделеу өз алдына, сонымен қатар оны жазу үшін адамға құнарлы тіл, кеңінен ойлау қасиеті, ұлттық таным керек. Сөзіңіз жайдақ, жазған сөйлеміңіз сойдақ болса, онда ән құдіретін жеткізе алмайсыз. Ой – көрген, естіген ғана емес, оқығаннан да туындайды. Оқымаған ғалымның автор сөзіне тереңдеп кетуі неғайбыл. Ерланның қазақтың жан сыры – әнді зерттеп-зерделеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Оның «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» атты тұңғыш кітабында он бір әнші (Мұстафа Бүркітбайұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Естай Беркімбайұлы, Қали Байжанов, Сапарбек және Балабек Ержановтар, Жабай Тоғандықов, Бисмилла Балабеков, Жүніс Шаймерденов, Қырықбай Жұмабеков) хақында толымды деректер топтасқан.
Жинақ «Арқаның дәстүрлі ән мектептері» деген тараумен басталады. Автор Кеңес өкіметі тұсында орныққан жалған лепес, қалыптасқан ұшқары пікірге қарсы шығады. Қазақтың ән мектебі (көшпелі жұрттың үш жүздік одақ құрылымына сәйкес) үш емес, бес аймақтан тұратынын қадап айтады. Бұл жерде аймақ сөзі – жағрафиялық түсініктен туған көлем не аудан ұғымы емес, аталған өнердің күллі ерекшеліктерін ескерген, қамтыған үш рухани кеңістік. Әрине, әр өлке арасында бір-бірімен өзара тығыз байланысқан туыстық, бірыңғай шарттылық, талаппен қатар, біте қайнасқан ұқсастық бар, үлгісінде ортақ тәртіп, орындаушылығында тең заңдылық бой көрсетеді. Солай бола тұра, бар мектептің бір қасиеті – бәрінің қазақ ән өнері екендігі. Зерттеуші ойын Ақселеу Сейдімбектің сөзімен бекіте түседі: «Бірінші, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектеп, екіншісі, Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарды қамтитын мектеп, үшіншісі, Қазақстанның батыс өңірін қамтитын мектеп, төртіншісі, Сыр бойының әншілік-термешілік өнері, бесінші, Қазақстанның шығыс өңірін, Баян өлкесі мен Шығыс Түркістанды қамтитын мектеп». Жоғарыда келтірілген мектептердің бірі – Арқа дәстүрін (Орталық/Солтүстік Қазақстан) пысықтай отырып, автор бірнеше ән ошақтарын табады. Көкшетау – жетекші мектеп, ту тіккен биігі ретінде қарастырылады, жиі айтыла бермейтін үлкен ән ордасы – Қызылжар, оған жалғас – Баянауыл, сосын Семей өңірі, орталықтан – Қарқаралы-Қу жағы, жапсарлас Ақмола-Қорғалжын, көршілес Атасу-Жаңаарқа. Ерлан Төлеутай бұл топтамасында, негізінен, Баянауыл әншілік мектебіне тоқталады. Аталған он бір өнерпаздың ғұмырбаяны мен шығармашылығын бүге-шігесіне дейін зерттеп, талдайды.
«Жүсіпбек Елебеков» ғұмырнамалық хикаяты 2013 жылы Алматыда, «Өнер» баспасында басылып шыққан. Кітаптың құндылығы – құнарлы, жатық тілімен қатар, қуатты ойында, жаңа деректерді қамтыған ақпар-мәліметінің молдығында жатыр. Білімді, білікті адам қолынан шыққаны көрініп тұр. Автор барын салған. Кемел нәрсе екені анық, әзірше Ерекеңнің ең үздік кітабы. Тіпті, қымбат қапсырма қағазы, қатты мұқабасына дейін жақсы, ұқыпты жасалған. Баппен жазылған. Күтімі жақсы, мініске жайлы, жорға жылқының әсем жүрісіндей, көз сүріндірмей оқисыз, бабында отырған қыран бүркіттің қалт жоғары көтеріліп қияға ұшқанындай, қиял ұшқырлығын, болжам күшін аңғарасыз. Қиыннан қиыстырған жазбалары көркемдігімен, сергектігімен өзіне тартып, оқуға жетелеп, шақырып отырады. Кітап атақты өнерпаздың бүкіл өмірін, қызметін бейнелей отырып, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ рухани ортасын, ұлт өнерінің дамуын, табысын түгел суреттейді, сөйтіп, аталған жүзжылдықтағы алаш мәдениетінің портретін жасап шығады. Рамазан Еелебаевтің «Жас қазақ» әнінің тууын, қалай, қайтіп майдан даласынан елге әкелінгенін, қандай тұлғалар құтқарып, сақтап қалғанын ғажап әңгімелейді. Мұндай шежірелі тараулар көп. Кітап «Әйгілі адамдар» сериясы бойынша жарық көрген.
Ерекеңнің «Үкілі Ыбырай» кітабы да кемел ойға толы. Автордың көп еңбектенгені байқалады. Екі ғасырды қамтыған, тіпті, Елемес (Үкілі Ыбырай немересі) апа бейнесінде, үшінші ғасырдың басын шалған. Бізге жетіп тоқтайды. Бұл жайт кітап әсерін күшейте түседі. Дерек мол. Кейбір уақиғаларды қалың детальдардан құрап, қайта қалпына келтіріп, оқырманға ұсынады. Түсінуін әрі жеңілдетеді, әрі жеделдетеді. Бұл – Ерлан Төлеутайдың ерекше қабілеті. Бұрынғы кітаптарынан да байқағанбыз. Үшінші кітабында Үкілі Ыбырайдың ғұмыры мен шығармашылығы қатар өріледі. Шығарма мамандарға да қажет, оқырманарға да пайдалы үлгіде жазылған. Тағы да, әрі жеңіл, әрі қиын. Келтірілген әндердің барлығы нотасымен қоса берілген, бұл кітап құндылығын, ғылымилығын арттыра түседі. Тегінде, біз талдап, зерттеп отырған бұл үш кітап үшін Ерлан Төлеутайға профессор атағын докторлығымен қоса ойланбастан беруге болар еді, әйтпесе, алғашқы екі кітаптың тағдырындай тағдыр кешу қаупі бар, өйткені бұл еңбек жарияланған соң, көптеген ғылыми-көркем жұмыстар мен көпшілік танымдағы мақалаларға цитата түрінде не ғылыми жаңа деректер ретінде, төл авторын жоғалтып, тағы да кеңінен таралып кетуі әбден мүмкін. Халқымыздың күллі асыл дәстүрін бір бойына жинап қана қоймай, ұлт игілігіне аянбай еңбек етіп жүрген Ерлан Төлеутайдың қазаққа берері әлі де көп екені хақ.
Дидар АМАНТАЙ