Өмір-ай, өмір! Жұмбақсың неткен ғаламат?!
Қажиахметов Махмет Мүтиұлы 1955 жылы, 23 қазанда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Сарыой ауылында жарық дүниеге көрінген, ақын, суретші, қолөнер шебері. Ақынның «Көгершін көңіл», «Дала демі» атты кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ оның өлеңдері әр жылдары «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» және «Егемен Қазақстан» секілді іргелі газет-журналдарда жарияланып, бірнеше жыр жинақтарына енген.
1976–2018 жылдар аралығында Сырым аудандық «Сырым елі» газетінде қызмет істеген М. Қажиахметов тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жолдан өткен ел ішіндегі абыройлы азамат. Мүтидің Махметінің өлеңдеріне Есенғали Раушанов, Қайрат Жұмағалиев, Жанғали Нәбуллин, Ғайсағали Сейтақ сынды айтулы ақындар жоғары баға берген.
Жетпістің жотасына көтеріліп отырған Махмет шайырға зор денсаулық, шалқар шабыт және әулетіне амандық-саулық пен бақ-береке тілейміз!
Махмет
ҚАЖИАХМЕТОВ
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
АЛДАМШЫ ӨМІР
Тойларына бара алмай туысқанның,
Қайғысына кешігіп қуыстандым.
Қызметтің өгізі болып өттік,
Қамытына несіне жуысқанмын.
Бақыт көріп тірліктің күйбелеңін,
Тынымсыз қажысамда күйремедім.
Жұмысыма жаманат келмесін деп,
Өзеуреуден өзекте күйді өлеңім.
Мақтағанмен біреулер керегінде,
Өмірлік бедел емес өнерің де.
Адалдықпен атқарған еңбегіңнің,
Ештен кеш – деп құқы бар еленуге.
Жылжып өткен жылдар
мен айға ұласып,
Міндет менің мысымды қойды басып,
Жарқырап жалындайтын шақтарымда,
Жан-жағыма қаратпай қойды уақыт.
Енді бүгін бәрінен мойын босап,
Ойларым опынтып жүр уайымға сап,
Айдынын асау жырдың аңсап жүрмін,
Қайраңда қайырлаған жайын құсап.
Үзілгенмен мойынымнан «темір көген»
Кеудемде кісінейді көңіл дөнен,
Кешір мені өнерім, шабытты шақ,
Алдамшы дүние екен өмір деген…
МЕЗГІЛ СУРЕТТЕРІ
Жерге салған мойынын бір алмастан,
Жазым күзге алмасты қырау басқан.
Қайтқан құсты бастап ап тырна кетті,
Туған жерді қия алмай тырауласқан.
Тышқан кіріп ініне, жылан жатқан,
Жайдақ дала жаурайды тұман жапқан,
Сырнай үнін сызылтқан бағандарға,
Түз тағысы үн қосып тұр аулақтан.
Буаз бұлттар үрпінен нәрді бүркіп,
Желіккен жел желінін қалды түртіп.
Ала таң аңғартқанда аяз демін,
Қыс асығып келеді алды күртік.
Алма кезек ауысып маусымдары,
Көктемге еріп оралсын бау сырғалы.
Көңіл гүлдеп, жаңарып өмір бүрлеп,
Керек әлі тағдырдың таусылмауы.
Жанарыңнан жоғалмай бейнелі нұр,
Көше берсін күндерім көйлегі гүл.
Экранын өмірдің босатпастан,
Көз алдымда тұра тұр кино ғұмыр.
АСПАНДАҒЫ ОЙ
Ұшады ұшақ қанатынан төгіп үн,
Күн қасында қалықтайды көңілім.
Жердегіден жеңілдеу бір жай кешті,
Ақ бұлттардың аржағында өмірім.
Айырғандай алты қабат ауаны,
«Айырплан» арындап бір ағады.
Жаным-тәнім періштедей аспанда,
Пенделігім пәс боп төмен қалады.
Жігері жоқ жердегідей желдің де,
Жердегіден жақындаумын мен күнге.
Аспанда, адал ар көзімен қараймын,
Күнә тұнған, тірлік қуған «жөргімге».
Алаңдамай еш нәрсеге назар түк,
Аппақ нұрға мамырлаған наз артық.
Анда-санда аспан жаққа жақындап,
Мұң кірбіңді тұрған жақсы тазартып.
Қиял қалай самғамайды көкті аңсап,
Шабыт шіркін шарқ ұрады аттан сап.
Ақша бұлтқа аялатып арманды,
Жүрегіңнен өлең самғап жатқан сәт.
Қандай бақыт көңіл нұрға тұнған пәк,
Бал арадай құлдилайсың гүлді аңсап.
Тұмар жер де табаныңның астында,
Тамаша ғой көктен шолып тұрған шақ.
Оймен өлшеп көк пен жердің арасын,
Ғұмырыңның бағамдайсың бағасын.
Санаңыздан самал есіп тұрғандай,
Өзгереді өмірге көз қарасың.
Соңғы сәуле…отырамын
соны ойлап,
Тұрмыс атты
түрмемде.
Тыныштықбек Әбдікәкімов
ӨМІР
Өмір-ай, өмір!
Жұмбақсың неткен ғаламат?!
Егде ғұмырда жүрмін ғой
барлап, шамалап,
Өмір сынағын көп көрген ем тірлікте,
Өр үміт бірақ тайдырмай келді тағалап.
Жақсы мен жайсаң жанымда
жүрсе қамалап,
Адамдай болам арқалап жүрген аманат.
Қайғырғанымды жасырып
жүріп жетілдім,
Бұйырғанды іліп,
барыма қылдым қанағат.
Жақсылық тердім,
жаманат ермей ізімнен,
Қабақ түймедім қабару еспей жүзімнен.
Жауым жоқ білем,
жолымды тосқан жоқ ешкім,
Сауап бар шығар амал дәптерге тізілген.
Жеті дерт еніп тоздырды тәнді аралап,
Жаралы құстай талпынам
қанат сабалап.
Жылдарға еріп жабысқан
дерт көп денемде,
Жыл өткен сайын көбейіп
жатқан балалап.
Жамау жапсырған жүрек бар
және қан қысым,
Соны жеңбек боп сарқылды
менің бар күшім,.
Асқазан жара, ішекте індет
қаптап жүр,
Дәрігер тағы ескертті бүйрек талқысын.
Батпақта қалған балықтай
болып малтығып,
Бір жұтым ауа аңсайтын
болдым алқынып.
Керемет қызық
кездесулерге жете алмай,
Шарбақта отырам, қиялым ғана
шарқ ұрып.
Өкпе қысылып, тарылып тағы тынысым,
Өлең келмей жүр ұйқысыз
кезсем түн ішін.
Алдымда парақ, қолымда
қалам жыр қайда?
Адыра көңіл, бүйткен тірлігім құрысын!
Сапар соңындай сыналап кейде секем бой,
Санада уайым, бастай береді бөтенге ой.
Ұлағатыңмен ұласар тұста ұрпаққа,
Бәрінен бұрын денсаулық керек екен ғой.
ЖЕТПІСІНШІ КҮЗ
Мінеки, жетпісінші күзім келді,
Қарттыққа жеткен күз бұл, бізің де енді.
Арудың архивінде отырсақ та,
Тірліктен үмітіміз үзілмеулі.
Жігермен алсақ бұрын бекіністі әр,
Күн сайын кемуде күш екі мысқал.
Қаламыма қарыз боп қалдым ба деп,
Көңілімде аздаған өкініш бар.
Жүргенде үріп ішіп, шайқап төгіп,
Өтерін жас дәуреннің байқап па едік?!
Өткелін өткен күннің кешіп жүріп,
Өнерді кешіктіріп, «әй, қап!» дедік.
Еңбекке ендік, ел сүйдік, өсіп-өндік,
Қиналсақ та келешек көшіне ердік.
Барым саған туған ел ұранымен,
Еленбеген күндер-ай, есіл ерлік.
Қайрат қылған буын ек қары талып,
Шау тартты әне шәулідей кәрі шабыт.
Сонар болған соқпағы соңында қап,
Баба ізіне барамыз бағыт алып.
Тіземізден келместей жарты ғалам,
Арғымақтай өтті өмір арқыраған.
70-күзге аман жеткенменен,
Жапырақтан аумаймыз қалтыраған.