ҰЛТТЫҚ РУХ ЖЫРШЫСЫ
Біз ақиреттік дос едік. Достық – шарты өмірде де, өнерде де бір-бірімізге адалдық. Осы ұстаным тұрғысынан қарағанда, Дидахмет Әшімханұлы – қазақтың көрнекті жазушысы. Қатар жасаған Дидахметтің өмірден ертерек кетуі жүректі сыздатып-ақ жіберген. Ол тоқтаған, таланты таусылған жазушыдан емес-ті. Қызық та қиын жазушылық тағдыр кеше жүріп, бір жазушыға аздық етпес шығармашылық дүниесін жасап қалдырды артына.
Қатар қанат қағып келе жатқан азаматтардың жетістігіне сүйсіну, кемшілігіне күйіну – «Сын шын болсын, шын сын болсын» (М.Әуезов) мұратындағы шын сыншы мінезі. Осы өлшеммен қарағанда, Дидахмет қаламды ақ қағаз бетіне аз тартса да, оқырманын қуантып, өзіне риза еткізіп өткен саяқтан. Ол жазған көркем шығарманың аздығын мақтап отырған жоқпыз, әрине, аз да болса, оның қаламынан туған дүниелердің дербес бәсіре тақырып, тамылжыған суретшілігіне, ішкі-тысты үйлесімнен тұратын саздылығына, бір сөзбен айтқанда, «аз да болса саздығына» сүйінген көңілден мақтанып отырғанымыз!
Дербес тақырып деп қалдық. Әр жазушының (егер ол шын жазушы болса) әдебиетте өзіндік «осыны мен жазсам» дерлік бәсіре тақырыбы болуы керек. Біз қаламына, қаламгерлік дидарына сүйініп отырған Дидахметтің өзіндік тақырыбы – таулы Алтай (Мұзтау т.б.) алабы, Қазақстанның Шығыс алқабы. Оу, ол тау, ол өңірді бір Әшімханұлы нұсқалап па әдебиетте? Жоқ, әрине! Әр кезеңде тіршілік кешкен П.Бажов, П.Васильев, А.Иванов, А.Ананьев, Н.Горбачев секілді әр буын орыс жазушыларын айтпағанда, шекараға айналып, бір елді екіге бөле-жара айбар шегіп тұрған алабағанның арғы беті, бергі бетіндегі қазақ ағайыннан қолына қалам алып туған азаматтары аз жазбаған Алтай алабын. Өмірлік материал жетектеді ме, әлде сол тамылжыған табиғатқа деген ынтызар махаббатының шапағаты ма, әйтеуір, қазақтың жампоз жазушысы Жүсіпбек Аймауытов атақты «Ақбілек» аталатын тамаша шығармасын Алтай табиғатымен туыстыра жазды. Шымкент қаласында, Пушкин көшесіндегі 10-үйде туған «Ақбілек» – Алтай үшін сөзбен соғылған бір тамаша рухани ескерткіш. Қалса қазақ қара сөзінің хас шебері – қара сақал Қалихан Ысқақ, публицистиканы өрге оздырып, төрге шығарып толғатқан Оралхан Бөкейбаласы, лирикалық, лирико-психологиялық прозаның бағаланбаған бикесі – Шәрбану Бейсенова, арғы таулы Алтайды (Қосағаш) бергі Алтаймен бауырластыра жазатын Әлібек, ұлт тағдырымен сабақтастыра суреттей жазатын Дидахмет… Болсын-ақ. Жазушылық көптік етіп, кекірігіміз азатын жай қазақта болған емес. Бағалай алмай жүрсек, ол басқа мәселе!
Алайда Дидахмет Әшімханұлының өз Алтайы, өз Мұзтауы, өз Ақшоқысы, өз Ертісі, өз Тасқаласы, Қайыңдысы, Бөктерлісі, өз Самырсындысы бар. Әлгі аты аталған тамыры бір, табиғаты жақын қаламгерлердің кейбіріне балаң жаста ұқсағысы келсе, келген де шығар. Кісіні әдебиетке әкелетін әсер емес пе?! Бірақ олардың бірде-біріне ұқсата жазған Дидахметті көрмейсіз. Онда Оралханның образдан шығып кетіп, артық шалқып-тасуы да, Қалиханның сурет ізіне түсіп кетіп, қайта алмай қалушылығы да жоқ. Ол сөз өнерінде әрбір сөйлем, сөздің мысқалдап өлшенерін, сондықтан әрбір сөздің өз міндетін атқарып орын-орнында тұруы керегін, жай тұрмай бір-біріне сәулесін түсіріп, тұтас шығармаға нұрын шашып нұрландырып тұруы жөн екенін саусағын ақжемдендіре жаза жүріп білген, көңілге мықтап түйген кәнігі қаламгер еді. Сөз өнерінде артықтың – артық, кемнің – кемшілік екенін, әр сөз, сөйлем ақ қағазға міндетті мәтінге, характерге ұласар мінезге айналып барып қонуы керегін бүкіл жан-тәнімен жіті сезінген қаламгерден! Айтып отырған Алтай алабы, Шығыс өңірі оның шығармаларында қаншалық тамылжып суреттелгенде шығарма формасы, кейіпкерлер тіршілік ететін ая, туындыгер айтар философияға септесуші ғана. Оның өзін өзінше, тек Дидахметше көреді, көргенін шығарманың ыңғайына қарай кәнігі шеберлерше өреді.
Әдетте, терең талант ішін алдыра қоймайды. Ол суреттеген өмір көрінісі, суреттей отырып айтпақ ойы әңгімелерінде қамшының өріміндей жымдаса өріліп, шығарманың ішкі иірімі оқырманды еріксіз өзіне тарта жөнеледі. Туынды астарында бір ой емес, бірінен-бірі туындап жатқан бірнеше ойдың сабағын ұстатып ойландырып, ойландыра опындырып, өзіңді әлдебір өкінішке душар етіп барып тамамдалады жазушының әр шығармасы. Оның шығармасы қос қатпарлы. Бір қарағанда, ол бейнелеп отырған өмір – күнделікті тіршілік жәрмеңкесінде жиі жолығар қарапайым өмір көрінісі. Ал шындап келгенде, әлеуметтік үлкен жүк көтеретін қабаты шығарманың астарлы ағынына айналып, тереңіне тартып бара жатады. Әрине, қанаттас қаламгер, қадірлеп сыйлайтын суреткердің олай болмағына тек қуану керек. Жанр шартынан табылатын жазушылық мұратына жеткен осындай қаламгердің қазақ болып жаралғанына қуану керек. Өйткені ол шығармалар жанр шартынан табылса – суреткерлік мұраттың да орындалғаны. Әсіресе оның әңгіме жанрындағы бірсыпыра туындылары әлемдік деңгейге көтерілген деп бар жауапкершілікпен айта аламын.
Суреткерлік дегеніміз не өзі? Суреткерлік сөзбен сурет салатын суретшіліктен басталады. Ол – алдымен көз. Көз болғанда өмір құбылыстарын нәзік көретін, көргенін мән бере, маңыз бере суреттеп беретін көңіліне көркемдік ұялаған суреткер көз. Дүние-ғаламды оның көруі өзінше. Көргенін тануы өзінше, танығанын талдап қабылдауы өзінше. Осы арқылы қаламгердің жазушылық дербес әлемі қалыптасады. Демек, оның бізге ұсынар өмір суреттері өзінше деген сөз бұл. Көбіне стилист суреткер қаламгер сөздегі сырт сұлулықты қуалап отырып шығарманың философиялық тегеурінін төмендетіп алады, не шығарманың ұлттық табиғатынан ауытқып кете барады. Ал Дидахмет шығармалары – сырт көрінісі қарапайым, айтар ойы, түйер философиясы мейлінше салмақты, кез келген шығармасы қазақ тағдырына барып сабақтасып жататын ұлттық пішінді туындылар. Оның бір шығармасы былай басталады: «Шілденің қоңыр салқын мақпал түні Мұзбелдің сойдақ-сойдақ ит азу шыңдарына жаңа ғана бауыр басқан шақ. Әлгінде құз-жартастардың арасында сыпсың-сыпсың етіп, бұлғақ қаққан жібек жел де қазір сап тыйылған. Төменде терең шатқалдың ішінде Ақсу күндегідей арқырап-күркірейді. Бұдан өзге аңғарда өктем үн де жоқ, – төңірек түгел тып-тыныш мүлгіп жатыр еді» («Зауал»).
Шілде. Дулат Исабеков болса шілде ыстығын «Қара қарғаның миы қайнайтын ыстық», – деп бір сөйлеммен берген болар еді. Ыстыққа ең төзімді қара қарғаның миы қайнаған соң арғы жағы белгілі. Оңтүстіктің шілдесі. Ал Дидахмет суреттеп отырған Мұзбелдің шілдесі қоңыр салқын. Шыбынсыз жаз. Жанға жайлы. Мүлгіген тыныштық. Мүлгіген тыныштықты «еді» етістігі шығарманың сюжетіне орай өрілер ендігі бір жағдайларға байланысты сілкіді де жіберді. «Кенет… Кенет ортадағы үш айыр шыңның басынан оқыс құлаған тас дүбірі мен ащы айқайдан бүкіл тау дүр сілкінді. Артынша бірін-бірі ілестіріп, етекке екпіндей домалаған тас көшкіні аңғарды уыз ұйқысынан сілкіп ала жөнелді».
Кемел кейіпкер таудан тасты домалатып, таспен бірге домалап құлап келеді. «Есін қайта жиған кезде өзіне түнере төнген үш айыр шыңды көрді. Дара… Мұзбелдің ең биік шыңы осы. Оның ортадағы зеңгір басының бір жақ шекесінен сыңар мүйізденіп ай шығып келеді екен. Кемел төңірегін анық танығанымен, дәл қай жерде жатқанын әлі де білмейді, әйтеуір, бір тар жерге кептеліп қалғанын сезеді».
«Осыны күткендей сай жақтан жылы жел есті де, самырсынның қылқан жапырақтары баяу сыңси бастады. Ақсудың сарыны да құлаққа тым жағымды естіледі. Күркіреп жатыр, жарықтық, күндегідей күркіреп жатыр: жай ғана күркіремей аңғарды күмбір-күмбір күйге бөлеп жатыр».
«Кемел тұншыға күбірлеп, шекпенін басынан сыпырып тастады да, тұңғиық аспанға тұнжырай көз төңкерді. Ай төбеге шығып алыпты. Бозамық сәуле астында төңірек балбырап ұйып тұр. Төменде шатқалды басына көтеріп, Ақсу бәз баяғысынша күмбір-күмбір күркірейді».
Бір шығарманың үш үзігі. Табиғаттың үш суреті. Дұрысы, бір табиғаттың үш сәті. Кемел есімді кейіпкердің көзімен беріліп отыр. Кейіпкер әрекет етер ая (фон). Құбылып суреттеледі, тіл өрнегімен құйылып суреттеледі. Ана-табиғат иіп тұр. Тек оның дегбірін алатын, қу құлқын құлына айналып, тынышын алатын – адам! Табиғат суреті – табиғи сұлулық қана емес. Айсыз Мұзбел. Сыңармүйізденіп шығып келе жатқан Мұзбел. Төбеге шығып алған ай. Үш сипат. Таудан құлап, тар шатқалға кептеліп қалған Кемелдей кейіпкердің табиғатпен қарым-қатынасқа келуі. Мезгілдік кеңістік көрінісі.
Дидахмет Әшімханұлы – осындай сөзбен сурет салатын суреткер жазушы. Табиғат келбетіне шығармаға қажетті көп компонентті сығымдап сыйғыза білетін үнемшіл қалам иесі.
Ол – негізінен әңгіме жанрының шебері. Көлемді бір туындысы – «Он бірінші күз» повесть аталыпты. Жанрына келісе алман. Бұл шығарма – бар болғаны көлемді әңгіме. Неге? «Он бірінші күз» – Бөкен Есілбеков есімді орта мектепті алтын медальмен бітірген жасөспірімнің жоғары оқу орнына түсе алмай, ауылға келіп қойшы болуы, аздаған уақыттың ішінде аласы ішінде адам-пенденің әрқилы іс-қарекетін көруі, ақ дегені – қара, қара дегені – ақ, адал дегені – аяр, қарам тұтып ұстасқалы жүрген адамы басшылық әділетсіздігінен тепкі жеп қажыған жан болып шыққанын әңгімелейтін туынды. Фабула десек те, сюжет десек те, шығарманы ұстап тұрған қаңқаны осылай бес-алты ауыз сөзбен беруге боларлық. Әлі жаны жайланып жетпеген бір Бөкен болмаса, бірыңғай ұнамды кісі көрінбейді, кейіпкерлер бойында жақсы да, жаман да іс-әрекеттер мидай араласып жүр. Кейіпкерін бір бояумен бедерлеу – Дидахметтей суреткерге жат мәнер. Өмір секілді. Бірақ қаламгердің айтқалы отырғаны кейіпкердің іс-әрекеті ғана емес. Сол іс-әрекет астарында көрсетпегі – бұғып жатқан қадір-қасиет. Іс-әрекетті көрсету оңай, ал іс-әрекет аясында бұғыңқы жататын, бүгіліңкі жүретін адам жанын көрсету, әйтпесе санаулы штрихпен сезіндіре ишаралау – суреткерлікке сын, қиын мәселе. Бұл – психологиялық проза еншісі, бұл – психолог жазушы мәнері. Дидахмет аталған повесінде де, әмсе тамаша әңгімелерінде бұл мақсатына еркін жеткен. Хикаятта Жәмеш, Мағира, жорға Жұмабек, Мырзабек, Шәміл (жирен сақал) секілді кейіпкерлеріңді әр жер-әр жерде бір қырынан жалт еткізіп көрсетіп, әрекетімен қоса әр сәт, әр сәтте сырдаң сөйлетіп жан иірімдеріне ену, қатпар-қатпар қалтарыстарына шым бойлау. Әділет жеңіліп, әділетсіздіктің жеңуі Бөкен сынды үлкен өмір табалдырығын жаңа аттаған балаң жасты ойландырады. «Әділет дейді-ау, әділет деген қайда сол? Кімде ол? Алған қойын «алмадым» деп танып кеткен жорға Жұмабекте ме? Әлде оның алғанын көріп тұрып, «көрмедім» деген Мырзабекте ме? Япыр-ау, адамдар жеме-жемге келгенде кешегі дәмдестікті де, көңілдестікті де, бәрін ұмытып, бірін-бірі оп-оңай сатып кетеді екен ғой. Бұдан өткен опасыздық, бұдан өткен озбырлық бар ма?.. Бәрінен бұрын адамға адамның жанашырлығы, аяушылығы неге жоқ? Өткенде Жәмеш он күн бойы төсек тартып сандырақтап жатқанда, кім көңілін сұрап келді?» (65-бет) – деп толғанады.
Бірін-бірі алдау, қорғансызды қорлау, сәл-пәл қызмет мансабы жоғарылығын пайдаланып екінші бір өзіндей адамды езу, илеу, жанына жара салу – ересек адамдар арасында көзүйренді көп көрініс екеніне қарамастан, жаны жазылмаған ақ парақтай Бөкен үшін әрі тосын, әрі жат мінез. Оның жанын жегідей жейтін сұрау, сұрау үстіне сұрау бергізіп, жауап таппай сансыратып келе жатқан да жан дүниесіндегі тазалық! Әйтпесе «ферма меңгерушісі жорға Жұмабекке қолхатсыз он қойын санап беріп Жәмешке не көрінді, көршісін ұры тұтқанша өзіне-өзі мықты болмас па» деп қоя саларлық-ақ әрекет. Ал шығарманы кейіпкердің жан диалектикасына құрып, оның әрбір жүрек бұлқынысы, жүйке діріл-дірдегіне дейін бақылауды мақсат еткен психолог қаламгер үшін өмірде көп кездесуі мүмкін әлгі бір көзүйренді оқиғаның бәрі тосын, бәрі тозақы. Осы құбылыстар арқылы кейіпкер жанындағы бұлқыныс туады. Бұлқынысты ашу үшін құбылыстан психологиялық құйылыс келіп шығады. Күнде көріп, күнде бір үйде түнеп жүрген адамдарын Бөкеннің бұрынғы білгенін білмегенге шығарып, бұрынғы жақсы танығанын жаңсақтыққа балап, білім-білігін, таным-түйсігін қайыра қарап, басқа қырынан түсінік жаңалап тануының мәні осында. Мінез бен әрекет айырмашылығы бас пен жақтай ажырап, жан дүниесі мен әрекет бірлігі гармониялық бірлікте, бірыңғай тұтастықта әдемі ашылады. Бөкен үшін өмір сабағына баланатын Жәмештің бастан кешулері – Жәмеш үшін трагедия. Ол қайдан туған трагедия? Жетімдік, жоқшылық көріп өскен Жәмеш өмірге адамдарға деген адамгершілік сеніммен, адал көзбен қарайды. Кейіпкер көңіліндегі адамдарға деген адамдық сүйіспеншілік деп қарауға болар. Есесіне осы адалдық кейіпкерлік ортада аңғалдыққа айналады. Оның адалдығы аңғалдыққа, әділет іздеуі ұрмалыққа ұласып жатыр. Айнала тор құрып, Жәмешті адалдық ісінен ада-күде айнытпағанымен, ауытқытып үлгерген жеміт жорға Жұмабек сөзіне сеніп, алданып қалған Жәмеш кейіпкер мінез қызбалығына салынып шарапқа қызып алып, қол жұмсап аңғалдық танытып отыр. Аңғалдығы енді мінез кемшілігіне, қателігіне айналады. Дидахметтің аталған шығармасында бәрі де бар, көркем шығармаға керекті компоненттің бәрі орын-орнында. Өз қызметін атқарып тұр. Кеңөріс, Бұлғынсайды тамылжыта суреттеуі-ай, шіркін! «Жарықтық, көсіліп жатқан баяғы Кеңөріс, етек-жеңі далиған баяғы мол аңғар. Қиғаштай шапсаң, сонау қара жалды ұзын жотаға жеткенше атың ақ көбікке малшынар еді. Ылдилай тартсаң, Бұлғынсайдың бойындағы боз талдарға тірелгенше тақымың тозар. Жоғарғы жағы айқай салсаң дауысыңды ала қашар сойдақ-сойдақ мұзарт шың. Төсі түгел сылаңдай аққан сансыз бұлақ. Осындай құтты қонысты қалай қиып кетерсің, қалай сағынбассың» (13-бет). Бөкен көзімен суреттелетін осындай сұлу Шығыс табиғаты, Алтайдың әсем аңғары, көгілжім көк бояу – шығарманың әр жер-әр жерінде-ақ табиғат суреті, мінез төсегі. Әйтпесе Жәмештің түсі. Жоқшылық, жетімдік жылдарында анасындай асыраған тоқал сиырдың Жәмешті еңкілдете қуып жүруі, сүзгілеп мұзарт құздан құлатуы (43–44- беттер) немесе ит-сілікпесі шығып таяқ жеген жорға Жұмабек, Мырзабек, Мәжитті: «Аттарына мініп үлгерген үшеу тымық түнді дүрсілдетіп әлдеқайда шаба жөнелді. Екі ит оларды талай жерге дейін абалап шығарып салды да, қайтып келіп үй іргесінде ұзақ-ұзақ ұлыды… Өз бастарыңа көрінсін», – деді Бөкен күбірлеп» (63-бет) секілді рәсімдік этнодетальдар да психологиялық прозаға құп жарасып, діттеген жерден шығып жатыр.
Бәрі жақсы, дені сәтті. Алайда «Он бірінші күз» – повесть емес, көлемді әңгіме. Көлем ештеңе шешпейді. Жампоз жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа» романын кезінде «көлемді әңгіме» атаған. Көлемге келсек, Дидахметтің «Біздің Бәкең» аталатын әңгімесін де повесть райында қабылдауға болар еді. Мәселе көлемде емес. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Ұлпанда» дүниедегі ең қысқа роман үлгісін жолай жүздестіріп өтпей ме?! Ендеше, жанр шарты басқада. Ең басты кілтипан – «Он бірінші күзде» повестьке тән сюжет өрілмеген, повестьке тән өмірлік материалдың қамтылуы кемшін. Ал әңгіме үшін көркемдік шарттары асып-төгіліп жатыр. Классик Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» туындысының да бірде «повесть», бірде «әңгіме» аталып, әр қилы жанрлық атаумен жарияланып жүргенін білеміз. Осы жайларды Дидахмет досқа айтқанда, «повесть биігіне көтере алмағаным рас…» дегені бар бір сырласуда. Бірақ әңгіменің бәсі хикаяттан артық бұл орайда.
Асылы, Дидахмет Әшімханұлы – көлемге жоқ қаламгер. Көлем тұтып отырғанымыз «повесть», «роман» болса, оны Дидахмет мұрат тұтпайды. Мұрат тұтпаған соң көркем шығармада көлем қумайды. Әрине, мән жанрда емес. Кеңестік кезеңде туған қаншама роман, роман-дилогия, трилогия, хамса өліп тынды. М.Әуезовтің «Өскен өркені», С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт», Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романдары «түсік» туындыға айналғалы қашан?! Мән неде? Қайталап айтамыз, гәп – жанрда емес, жанр шартын игеруде. Қай жанрда жазса да, жанр талабынан табылып, шын өнерге айналдыра жазу, міне, қаламгерлік мұрат! Повесть жанрында әлдеқалай көрінетін Дидахмет Әшімханұлы әңгіме жанрында шашасына шаң жұқтырмас жүйрік.
Оның артына қалдырған қазынасының дені бірыңғай әңгіме. Әңгімеде жұлдызы жоғары ғой Дидахметтің, жұлдызы жоғары. Сыздықтатып отырып мінез мүсіндейді. Санаулы кейіпкерді саралап алып, өмір сырына бойлай жөнеледі. Ұлттық мінездерден ұлттық қасіреттер туындап, қазақ жұртының тағдыр-тауқыметі, ұрпақ тәрбиесіндегі енжарлығы, мансабы өскен жанның кісілік орнына кісімшілік жасайтын пақыр пендешілігі, көненің өзін ғана емес, көзін де қастерлей алмай жүргеніміз, бала екеш бала жанына үңіліп, жақсылық жасай алмай сәби-арманды қалай тұншықтыратынымыз жайында ойлы, тегеурінді, терең-ақ толғайды Дидахмет! Жаным сүйсініп отырып, сүйіп отырып оқимын әрдайым оның әңгімелерін. Алғашқы жүрекжардысы – «Аққабаның толқыны» лирикалық жүйедегі туындылар болса, «Он бірінші күз» (1987) жинағы лирико-философиялық әңгімелер еді. Екінші айналымда алғашқы әңгімелерінен әлдеқайда аршындап өскенін көргенбіз. Әсіресе «Босаға» аталатын үш тағанын, яки «Ақ ниет» «Жылыжайдың қияры», «Сары самауыр» деген үш әңгімесін қазақ әдебиетінің қай буын қаламгері, қандай туындысынан да кем соқпас классикалық дүниелер деп білемін. Одан берідегі «Самырсын сазы» (2000), «Сары самаурын» (2006) аталатын жинақтарында аршындап өсіп еді қаламдас дос. Әдебиетке мол дайындықпен келіп, алғашқы жинақ, тіпті алғашқы әңгімелерімен-ақ шеберлік кілті мен кілтипанын қапысыз игерген еді Дидахмет.
Дидахмет Әшімханұлы – әңгіме жанрының жазушысы. Қаламгерді шағын жанр жазушысы деген кепті қоңылтақсымау керек. Біле білген кісіге, әңгіме – әдемі жанр. Чехов, Стефаник, Сорокин, Майлин, Әлімқұлов, Гаршин, Акутавага, О.Генри… қойшы, әйтеуір, әлем әдебиетінде біраз қаламгердің бағын ашқан жанрыңыз бұл. Әңгіме бекзат жанр.
Талант тақырып таңдаудан басталады деп жатамыз. Дидахметтің тақырыбы не осы? Жазған дүниелеріне қарап отырсаң, «Зауал», «Жетпіс апа», «Жұлдызды белбеу», «Сары самаурын», «Тон», «Шымырбайдың шындығы», «Медаль», «Тасқала» болып келеді. Бұл, әрине, жазушының қаламгерлік концепциясын арқалап жүрген тақырып емес, шығармаларының атауы ғана. Ал тақырыбы не? Әрі ойлап, бері ойлап, Дидахмет шығармаларының тақырыбы – қарапайым адам және оның ұлттық қалыбы деген түйінге келдік. Бұл пікір де дәл болмауы бек мүмкін. Өйткені адам – өнер атаулының пәні, пәні болуы себепті жазушының басты тақырыбы! Туасы Дидахметтей жазушының тақырыбы да айқұлақтанып тұрмайды екен. Оның жазатыны ауыл өмірі, аңғал да адал ауыл адамдары, оларды алдап опындырып кете баратын да ауыл адамдары, тамылжыған табиғат, табиғатпен жанды қарым-қатынастағы адам… Тағы да адам. Қуаныш көрген, қайғы шеккен, өмірден өз орнын таба алмай, өкінішпен өксіп өтіп келе жатқан, біреуді алдап кетіп, арбап түсіріп тіршілік ететін, біреуді құлатып, сорлатып өсіп кетіп жатқан адамдар тағдыры. Тағы да адам.
Туасы жазушы тақырыбын тану үшін оның, алдымен, бір шығармасын, сосын, екінші шығармасын дегендей, оқырманмен қатар отырып оқып көру керек шығар абзалы.
«Әсілі, пәле деген сайтанның жүрмейтін жері, ұрынбайтын адамы жоқ шығар. Біреулерге ол қызыл ала, көк ала ақша болып жолығып, басты айналдырады. Енді біреулерге қылымсыған қыз, қылмыңдаған келіншек боп кезігіп, жолдан тайдырады. Кейін оның қыз да емес, қызыл ала ақша да емес, қып-қызыл пәле екенін білесің. Білесің де аһ ұрасың, сан соғасың». Жазушының «Тон» аталатын әңгімесі осылай экспрессивті, қызықтырып қыздырмалай басталады. Енді шығармадан айырылып көріңіз. Еріксіз оқисыз. «Жоламанды сан соқтырып жүрген қай сайтан, сайтанның қай түрі екен» деп, қалай кіріскеніңізді білмей қаласыз. Шығарма мейлінше қарапайым. Фабуласына қараңыз.
…Жоламан машинада келеді. Күн суық. Жолда қызықшылықтан қызыңқырап қайтып келе жатқан қойшыға кездеседі. Тойдан келеді екен деп түсіністікпен қарап өтіп кеткен олар шамалыдан кейін жол үстінде жатқан тонға кезігеді. Әлгі қызу шопанның тоны. Не істеу керек? Бәлеқор жүргізуші көлікке сала салайық, бұрылмайық дейді. Өзі шопанның баласы, шопан жайын түсінетін Жоламан болмай кері шегіне 25 шақырым жүріп, тонды иесіне табыс етеді.
Бары осы. Күрделі ештеңе де жоқ. Бірақ бар пәле осы тоннан басталады. Тон Жоламанды өсіп келе жатқан мансап баспалдағынан құлатады. Сапар, Сәкеңді иілдіріп кешірім сұратып жылатады. Ақыр аяғында шағын ғана әңгіме қойшыны адам деп емес, қоғам қойын (мүлкін) қарайтын механизм ретінде көретін, аузында Отан, қоғам, мемлекет деген небір асыл сөздер жүріп, ішінде ит өліп жататын, өз мүддесі дегенде ата-анасының өлігін аттап жүре беруден тайынбайтын, кісіні, кісілікті қадірлеуге емес, керісінше, жалған кісілікті, кісімектікті қолдайтын жалған қоғамның тас-талқанын шығарады. Билік атаулыдан қарадан-қарап отырып жерисің.
Әңгіменің атауынан туындата жол-жөнекей айта кетер бір жай – Дидахметтің әңгімелерінде тамаша әңгімеші Бейімбет Майлыұлы мәнері аңғарылады. Көркем шығарманың өзге жанрында басқаша бой тастайтын Дидахмет әңгіме жанрында кейіпкер сөзіне характер ұялата, баяндау мәнеріне мінез дарыта беруде Биағасымен еншілес. Тіпті шығармаларының «Шымырбайдың шындығы» («Құрымбайдың жігітшілігін» еске алыңыз), «Тон» ( «Сары ала тонды» бір байқаңыз) дегендей аталуын еске алғанда да Биағаңнан Дидахметтің тым сырттап кетпегенін байқайсың. Еліктеу бар да, көзсіз еліктеу бар. Еліктеусіз – жазушы жоқ. Көзсіз еліктеу – жазушы ұтылысы екенін ескермеске тағы да шара жоқ. Солықтауға апарып соқтыратын көзсіз еліктеу адыра қалсын. Дидахмет – еліктеуді жастай кешіп өтіп кеткен жазушы. Шығарма жазбақ мақсаттағы жазушы материалына байланысты кейде жан түбінен кейбір ұқсас сарын келіп табиғи сіңісетінін қай жазушы да теріс дей қоймас. Дидахметтің Биағасымен үндесуінде талант туыстығынан туатын ұқсастық қана бар. Ол – Биағасы биігіне көтерілген жазушы. Биағаң биігі – классикалық биіктік!
Қазақ әдебиетінде көркемдік детальға ұста екі жазушы бар. Бірі – Биағаң, Бейімбет Майлин де, екіншісі – Тәкең, Тәкен Әлімқұлов. Биағаңның бір ерекшелігі өмірлік көріністің өзін көркемдік деталь райында сөйлетіп қоя береді. Шеберлік. Ал Тәкең – детальды оңайынан, оңтайынан табатын жазушы. Бір шығармасында өзге кісінің бүкіл шығармашылық тағдырына жетерлік детальды бірінен соң бірін туындатады. Детальдың көптігі сонша, кейде көп қолданылған «бөлшек» сюжет өруге кесірін тигізіп жатады. Детальды оңтайымен қолданатын, әр алуан аспектіде, қапысыз қызмет еткізе білетін жазушы біздің Дидахмет болатын. Оның кез келген әңгімесін алып оқи бастайсыз да, көркемдік сәтті детальды көріп сүйсінесіз. Деталь – бүтін дүниеге меңзеп тұрар түймедей «бөлшек». Есесіне, деталь – көркемдік кілті, шеберлік шарты. Детальды игерген жазушы – шын жазушы, шебер жазушы. Кәнігі баяндаудан бастап, характер жасауға дейін атқармас қызметі жоқ оның. Шығарманың бар болмысы, тұтас табиғатына әсер етіп, шешуші рөл атқаратын кішкене оймақтай ғана деталь – жазушы үшін қолға оңайлықпен түсе бермейтін шеберлік кілті.
Осы пікірімізге дәлел үшін Дидахметтің бірер әңгімесіне аялдай кеткен жөн. Жазушыда «Босаға» аталатын үштаған бар. «Ақниет», «Жылыжайдың қияры», «Сары самаурын» аталатын әңгімелерден бас құраған. Ортақ кейіпкері – Телжан. Алғашқысы – «Ақниет».
Қазақ халқын өсірген өзгенің баласын өз баласындай бауырына басатын бауырмалдық, кеңпейілдік сияқты еді. Бір шаңырақта екі-үш әйелден өрбіген ұрпақ бір кісінің баласына айналып тату-тәтті тіршілік ететін. Тіпті соғыс зардабымен ығысып келген өзге ұлт өкілдеріне кең құшағын ашқан қазақ емес пе едік?! Сөйткен қазақ өзара қайынды-жезделі, жегжат бола тұра, қоғам игілігі деп қой бағып жүрген қойшының Телжан баласын үйінде жатқызып оқытуға қиналады. Бәрінен сезгені – бойын суық ұстау, балаға керекті жан жылуын бөліп бере алмаушылық, сыпайы түрде сырдаңдау, сайып келгенде сыйғызбау… Телжан оқымай қалмасын, бұлар келешегіміз ғой деп жанұшырып жүрген «Ақ ниет» – Қабдөш мұғалім ғана. Әңгіме философиясы өзіміз түгілі, өзге ұлтқа кеңқұшақ ұлтымыздың ұлы мейірімі жұтаған. Мұны ұлттық экология дейсіз бе, ұлттың халықтық мінезден жұтауы дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Орысшасы – әлеуметтік деформация…
Демек, қазақ қоғамы өзгерген. Қоғам бойындағы өзгерісті жазушы Телжан көзімен сыздықтатып әдемі береді: «Қабеке, бәрінен бұрын өзіңнен ұялдым, – дейді көкесі ақталған болып.
– Менен ұялма, Әзеке, ұрпағыңнан ұял. Ұрпағыңның болашағынан ұял. Біз жетпеген биікке осылар жетсе бопты да, – деп ол Телжанның маңдайынан сипаған».
Туындыгердің меңзері де осы маңда! Ұл – ұяға, қыз – қияға. Тұрымтайдай өзді-өздімен болып кеткен. Отағасы өлген. Қараусыз қалған кейуана! Рәш атанған ұлы хабарсыз. Хабарласар ұл, қызы бірі – «дачам жоқ», бірі – «үйім тар» деп хабар айтады. Ташкенттегі ұлы «Жалғызсырап жүрсең, баламды жіберейін, үйіңе прапеска жаса», – деп хат жазады. Емеурін. Қарашаңырақ қасиет тұтудан қалған. Ешқайсысына қарт ана керек емес, оның пәтері, дүние-мүлкі керек. Өзеуреген өзімшілдік. Кейуана үйінің қарсы бетінде «Қарттар үйі». Заманында болып-толған Тілеуберді де сонда жайғасыпты. Емеурінді түсіндіңіз ғой…
Демек, қазақ қоғамы өзгерген. Қоғам бойындағы өзгерісті Дидахмет Телжан суретші көзімен қамқорсыз, қараусыз кейуана тағдыры арқылы әңгімелей отырып әдемі бейнелепті: «Адамбыз!» дейміз айқайлап. «Адамгершілік!» дейміз үздігіп. Адам болсақ, артымызға неге бір қайырылмаймыз аңырап? Адам болсақ жыланның баласындай неге жан-жаққа зыта қашамыз туа сап?!» (289-бет) – дейді Телжан суретші жан дүниесі алай-түлей борасындатып. Авторлық меңзеу де осы қиырда!..
Әжесінің бауырында өскен Айжан өзінің туған әке-шешесіне сыяр емес. Өлген әжесін сағынады. Оны ертегі әлеміне сапарлап кетті деп ойлайды бала қиялы. Ерлі-зайыпты қалалық Гүлсан мен Телжан өз бауырынан өнген Айжан көңілін таба алмай әлек. Айжан әжесінің әңгімесін сағынады. Айжан әжесінің ертегісін сағынады. Айжан әжесінің сары самаурынынан ішер шайды сағынады.
Әжесі о дүниелік. Әжесімен бірге қазақтың ескі салт-дәстүрі бірге көшіп кеткендей. Қайын енесі көз жұмғанда Телжанмен бірге барып суалғанын білмей, шоқ үстіне шоқ салып сары самауырды еріткен Гүлсан. Сары самауыр далада туса да, қалада өскен ұрпақтың ауылды жатсынуын, жаңа ұрпақтың ата салттан қол үзуін көрсететін деталь. Телжан суретшінің бірде бұртиған, бірде әжесін сағына өксіген Айжандай перзентінің жан дүниесіндегі аласапыранды түні бойы көз ілмей талдағанда келген түйін – осы!
Демек, ұрпақ алмасқан, қазақ қоғамы өзгерген. Өзгергенде де ұлттық салт-санадан жұрдай болып, жұтаған ұрпақ өсіп шыққан. Сол өзгерісті Д.Әшімханұлы қалалық Телжан суретші, оның жары Гүлсан мінезі, олардың қызы Айжан арқылы әдемі жеткізеді.
Сары самаурын – ұлттық салт-сана символы, этнодеталь.
Д.Әшімханұлы – әңгіме жанрының айтулы шебері, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері. Оның шығармаларына тән ортақ сарын – адамзат бойынан адамгершіліктің қашып, қоғамның қатігезденіп бара жатқанын мінездер арқылы ашу, тұтас тағдырлар арқылы ашына толғау. Іздері – кісілік ізгілік үндеуі, іші қан жылап отырып жырлары – ұлттық рух!
Ақыреттік дос бізді жылатып ақырет сапарына кете барды. Ұлымыз Дәулетжанның жинауымен күнделіктері жарық көрді бір мұқабаға жиналып. Журналистік өмірден жазған публицистикалық очерк, мақалалары кітап болып басылды. Дәулетжанның өтінішімен екі сала жазбаларына да алғы сөз жаздым. Екеуінен де аңғарғаным, танығаным – очерктері көркем деректі әңгіме секілді. Онда да ұлттық рух есесі түгенделеді. Күнделік жазбаларында да ол ұлт тағдыры, ұлттық рух деп күйзеледі. Очерктерін оқып отырып, көркем әңгіме өресінде туған шығармаларға соншалықты сүйсіндім. Қазақ ұлты қашан ержетеді деп күнделіктеріне қондырған күйзеліс-күңіреністі жазбаларын оқып отырып, «Біздің ұлттан балалық қашан кетер?» деп менің жаным қаламдас доспен бірге күйзелді.
Ол – ұлттық рух жыршысы!
Құлбек ЕРГӨБЕК