АНАЛАР РУХЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ
22.08.2023
323
0

 Өткен күндерге қайрылып бір қарасақ, көзге ыстық, көңілге жақын қымбат бейнелер ойға оралар еді. Үстіміздегі жылы туғанына сексен жыл толып отырған Оралхан аға – біздер үшін сондай асыл да ардақты жанның бірі. Оның сол кез­дегі келбеті күні бүгінгідей көз алдымызда. Желкесін жапқан толқынды қара шашын артқа қарай серпіп тастап, кеудесін тіп-тік ұстаған қалпы нық қадаммен кетіп бара жатқан қаламгерді сыртынан көрген пенде оны кербез де тәкаппар деп қалғандай еді. Біз оның, әсіресе басын шалқақ тастап, аяғын серпе адымдаған жүрісіне қарап, өзі зор ынта-ықыласпен жазатын, он сегіз тармақты шаңырақ мүйізін кекжиете, сидаң аяғын әр жерден бір басып, орағытып, ойқастап бара жатқан Кербұғыға ұқсататынбыз. Он сегіз сала тармақты мүйіз Кербұғыда ғана бар екен. Бәлкім, мүйізі он сегіз тармақты табиғат­тың ерекше жаратар бекзат хайуанының ең ақыры да Кербұғы шығар. Иә, он сегіз салалы мүйіз – тек Кербұғының ғана маңдайына дарыған бағы да, соры да болды. Қаншама жыл ол алып таудың қасат қарын болат тұяғымен бұзып, үйіріне жол ашып, шөптің сонысына, судың ең таза мөлдіріне бастап апармаушы ма еді?..
Орекең де әдебиет­тегі өзінен кейінгі толқынға шынында да ізашар болғаны анық. Оралхан ағаны көргенде біздің көз алдымызға Кербұғының елестейтіні, бәлкім, содан шығар. Замандастары оны – әзіл-шыны аралас, әдебиет­тің Кербұғысы деп те атайтын…
Біздің бұл айтып отырғанымыз Орекеңнің сыртқы түр-сипаты ғана. Тұрмыста біз осылай таныған Оралхан мен кемеңгер қалам қайраткері, Бөкеевтің табиғаты мүлде екі басқа секілденеді. Таланты тылсым сырға толы жазушының жұмбақтау болмысына көз жеткізу үшін оның артында қалған мол мұрасын мұқият оқысақ жеткілікті. Сонда біз Орекеңнің жанының соншалық нәзіктігін, шүпілдеген мейі­рім-шуаққа толы екенін аңғарар едік.
Қаламгердің жетпіс жылдығы қарсаңында жарық көрген жеті томдығына роман, повестері, әңгімелері мен сыршыл новеллалары және пьесалары толық қамтылған екен.
Бұрын оқыған дүниелерімізді ойы­мызда тағы бір жаңғырту үшін томдарын қайта қолға алған едік. Бұл арада біз Орекеңнің тұтас шығармашылығына тоқталайық деп отырғанымыз жоқ. Оның талант қуатының өзекті бір саласы, өзіміздің болмысымызға жақын – Ана тақырыбындағы туындыларын сөз етпекпіз. Қаламгердің ішкі жан-дүниесіндегі ой ағысын түсінгіміз келген. Бір ғана «Апамның астауы» әңгімесі неге тұрады?! Автор осы шығармасында ағыл-тегіл ақтарылып, қазақ әйелінің барша бейнетін қаз-қалпында сурет­тейді. Бұндағы Апа келбеті – бүкіл қазақ апаларының жиынтық бейнесіндей. Апасы қайтпас сапарға ат­танған соң ғана оның бейнетқор қастерлі болмысын танып, жоқтаған реквием сынды қымбат туынды.
Орекең жазып отырғандай қазақ әйелінің міндеті ол кез­де аз ба еді? Қазіргідей аяқ ат­таған сайын ұшырасатын жайма базары, заты аузы-мұрынынан шыққан дүкендері жоқ көшпелі елдің күнделікті қолданар нәрселерінің бәрі әйелдің қолымен дайындалатын. Ешкім ешқашан ешқайдан ешнәрсе әкеліп бермейтін. Содан да апалардың қолдарынан ұршық түспейтін. Жүннен жіп иіріп, шұлық, байпақ тоқуы өз алдына, қыстай жіп иіріп, оны ширатып, бояп, жаздай алаша тоқитындары бар. Отбасында қанша баласы болса, солардың әрқайсысына арнап бір-бір алаша тоқып қоятын қайран аналар десеңізші!
Қазақ әйелі киіз басып, үй тіккен. Оның ішкі-сыртқы керек-жарағын өздері қолдан тоқып, жасап алатын. Тері илеп, одан киім-кешек тігетін және саба, торсық сияқты зат­тарды да теріден жасайтын. Киіз басып, текемет істейтін. Ақ, қара киізді бөлек-бөлек әзірлеп, оюлап ою оятын. Ақ киіздің оюын қара киізге, қара киіздің оюын ақ киізге жапсырып, жиектеп тігіп, қара ала сырмақ сыратын. Алаша тоқитынын жоғарыда айт­тық. Қыз жасауына деген алашаға кілемнің түріндей түр салып, термелеп тоқитын небір шеберлер болған ғой. Кергішке керіп алып, көрпе қабитын. Ши өріп, өре, шыпта жасайтын. Арқан, сиырға бас жіп, бұзауға ноқта, атқа шылбыр, тұсамыс есетін.
Қолдары тыным таппайтын бейнетқор жандар келіге арпа, бидай, тары түйіп, желпіп қауызынан арылтып отырушы еді. Орекеңнің Апасы да осындай істің бәрін-бәрін қапысыз меңгерген алтын қолды құдірет­ті әйел болатын.
…«Бала кезімізде байыбына барып бағамдадық па, бізді қойып бүкіл ауыл-аймақ, тіпті қазақ елі менің Апам сияқты көнекөз шебер әйел дүниеден өткенде онымен бірге тұрмыс-салт­тық өнердің этникалық, этнографиялық байлығы бірге кететінін білді ме екен десеңізші?..
…Құдай-ау, мәңгілік тіршіліктің жоғын сезе тұрып, Апам сынды адамдарды жер басып жүрген кезінде неге ардақтамадық, неге бағамдамадық, өзгені қойып, мықтымсынып жүрген мына менің өзім сол Апамнан тірі кезінде бәрі-бәрін: киіз басып үй тігуді, арқан есуді, тері илеп одан киім тігуді, алаша тоқып, сырмақ сыруды тәптіштеп неге ғана жазып алмадым екен? Енді міне, тұлыпқа мөңіреген бұзауы өлген сиырдай, жарық астаудан Апамның алақанының жылуын, Апам қауыздаған талқан-тарысын іздеп тамсанып отырғаным» – деп, бәрімізге ой тастайды. Бұндай өкініш көбіміздің басымызда бары рас қой. Жастықта адам ненің қадірін білгендей?.. Орекең дұрыс айтады… көненің көзіндей қарт­тарды тірі кезінде бағалауымыз керек-ақ екен!
Оралхан Бөкейұлы шығармашылығының алтын жылғадай тағы бір арнасы – күндей күркіреп өткен кешегі соғыстың және соғыстан кейін­гі жылдардың әйелдің басына әкелген зобалаңы мен мехнатын, шектірген азабын сурет­теуге арналған. Бұл ойымызды «Бәрі де майдан» повесіндегі оқиғаларды тарқатып айту арқылы жеткізгіміз келеді. Повестің негізгі кейіпкерлері Алма мен Ақан екені оқырман қауымның есінде болар.
Ақан майданға шақы­рылған соң еңбек армиясына жіберіледі. Ол әскери міндетін Орал тауының бір түкпіріндегі шахтада кен қазу жұмысында жүріп атқарып, бүкіл жастық қуатын беріп, барша денсаулығын жойып, елге жеңістен соң көп кейін қу жанын сүйретіп, әрең оралады.
Повесть жеңістің отыз жылдығына орай ауылда өтетін салтанат­ты жиынға ардагерлерді шақырудан басталады. Хабаршы бала қолындағы тізім бойынша майдангер Құмырайды шақырып, ал Ақанды ескерусіз қалдырады. Қашанда Ақаңды іліп-шалып қалуға құмар Құмырай:
«– Сені шақырмағаны, бұл – трудармиясының тойы емес, соғыс армиясының тойы», – деп, жабырқаған жанын одан сайын қабартады.
Осылай ардагерлерді алалаумен, әділетсіздікті сурет­теумен басталған шығарма оқушысын шым-шымдап өз иіріміне тарта береді. Шығармада, жоғарыда атағанымыздай, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі елдің тұралаған шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі ауыл әйелдерінің көрген күллі бейнет­тері Алма мен оның замандас-тағдырластарының бастарына түскен тауқымет­тері арқылы өріліп беріліп жатады. Қайран қазақ әйелінің басы не көрмеген?! Сонда да тағдырына налуды білмеген: «Көппен көрген – ұлы той!» – деп тәубелерінен жаңылмай, қолдарындағы бірді-екілі қарғаларының тілеуін тілеп, күндіз күліп, түнде жылап жүріп, өмірлерін өткізген жандарды О.Бөкеев шығармаларынан жаңа қырынан танығандай боламыз. Бұлар – бізге де етене жақын бейнелер.
Жоғарыда келтіргеніміздей, ауыл клубындағы салтанат­ты жиынға шақырылмаған Ақан атына мініп, ауылдан ат­танып кете барады. Бет алысы Көбен тауы. Түйетас етегіндегі Көбен көліне тақау қоныстанған қыстауда отырған Орынбай шопанның қасына барып, жеңіс тойының даңғаза у-дуынан гөрі бұл күнді қарапайым шаруа үйінде тыныш, оңашалықта өткізуді көңілі қалаған.
Жыл он екі ай жалғыз үй отыратын шопан шаңырағы қонаққа қашанда қуа­нышты. Оның үстіне, қонағы ауылдан хат-хабар әкелетін почташы болса ше?
« – Аға, бүгін қоржынсыз шығыпсыз ғой, – деп, Орынбай қалбалақтай қарсы алды.
– Почтасыз бір аралайын дегенім де…
– Олай болса, тіпті жақсы. Бүгін менің қонағым боласыз. Бір малдың басын мүжіп, қымыз ішіп, алаңсыз дем алыңыз осы үйде. Жеңіс күнін біз өзімізше атап өтелік… – деді, Ақанды ешқайда жібергісі келмеген шопан жігіт.
Ақ көңіл жігіт­тің ақтарыла айт­қан ақ пейілі Ақанды толқытпай қойған жоқ.
– Алма шешең менің қайда кеткенімді білмейді де. Үйде жалғыз қалған еді, елегізетін болды ғой. Енді қайтсем екен?
– Ой, аға! Оның жарасы жеңіл. Күміс келініңізді жібереміз. Ол тәтемнің қасында, ал мен сіздің жаныңызда болайын. Бала жастан сөзге әуес, құлағым түрік екенін өзіңіз де білесіз. Мен бүгін сіздің әңгімеңізді тыңдағым келеді. Әңгіме айтып, шеріңізді бір тарқатыңыз. Менің қой-ешкінің маңырағанынан, қозының жамырағанынан өзге дыбыс естімейтін құлағымның құрышы бір қансын. Аулақта сөйлесетін тірі пенде жоқтығынан келініңіздің шайға шақырған даусынан басқа сөз естімейтін маған, аға, бір күніңізді қиыңызшы, – деп, ақжарқын жігіт­тің шын қиылғаны өзінің де алаң көңіліне дөп тигендей жібіп сала берді.
– Тек келінді ауылға жіберуді ұмытпа, – деді келіскен рай танытып.
– Оған қам жемеңіз, қазір біздің ас-суымызды әзірлеп болған соң-ақ ат ерт­теп беремін».
Бұл повестегі автордың қолданған көркемдік тәсілі де ерекше. Кейіпкерлерінің бастарынан кешкен түрлі ауыртпалықтарын өз ауыздарынан айтқызуы шынайы да нанымды еді. Оқушысын еліктіріп, оқуға тартып отырады.
Алма сол уақыт­тағы басқарма Нартайдан көрген қорлығы мен шеккен азабын есіне түсіріп, Күміске жыр етіп баяндап берсе, Ақан еңбек армиясында көрген бейнетін Орынбайға түнімен ақтарылып айт­қан болатын. Ешнәрсе де, ешкім де ұмытылмайды екен! Оралхан ағаның осы шығармасы арқылы талай жайға қаныққандаймыз.
Небір солақай саясат­тың болғанын білеміз. Сол уақыт­тарда майданға отбасынан баратын адамы шықпаған шаңыраққа әскер салығы салынған екен. Онсыз да бар тапқанын бала-шағасының аузынан жырып, майданға жіберіп, титықтап отырған шаңыраққа бұл да ауыр салмақ еді. Ең сорақысы – Ақанның еңбекармиясында болғаны есеп емес көрінеді. Алманың шаңырағы әскер салығынан босатылмайды. Төленбеген екі жылдың салығы үшін бір үйлі жанның шайлық сүтін айырып, таңдайларын жібітіп отырған сауын сиырын ортаға тартып алады. Қарсыласуға дәрмен жоқ. Қарсы дау айтсаң, жау пиғылындағы жан болып саналасың. Алма да, атасы да іштен тынады. Тағы бір жылдың салығы үшін лағынан ажыратып жаңа туған ешкіні алады…
Басқарма Нартайдың бұл шаңырақты қырына алуының себебі бар. Ақанның күмістеген еріне көңілі кеткен Нартай Алмаға «Ерді маған әкеліп бересің» – деп әлденеше рет айт­қан. Атасы: «Баламның көзін Нартайдың сасық бұтына салатындай маған не көрініпті?» – деп кесіп айт­қан. Содан кейін-ақ Алманың қыр соңына түскен. Ақан майданға ат­танғанда ішінде үш айлық баласы бар жүкті Алманы жұмыстың ең ауырына жұмсайтын. Алма қандай жұмыс істемеді десеңізші? Қайда жұмсаса да ләм деместен жүре беретін. Жұмыстан бас тартпайтын. «Бәрі де майдан үшін, қан кешіп жүргендерден жанымыз артық па?» деп ойлайтын. Қайта құрбылары ара түсетін еді. Нартайға мұның бәрі аздай, бұлар отырған үйге ауыз салады.
«– Колхоздастыру кезінде байдан конфескеге түскен үйді су тегін басып қалғансыңдар, ешбір қағаздарың жоқ, ендеше бұл үй қазынаға тиесілі. Босатыңдар тез арада! Бұзып апарып, қойма саламыз» – деп, қолдарында балта, сүймен темірлері бар адамдарды ертіп келіп, үйді қопартпақшы болады. Алманың атасы:
«– Қарағым Нартай, үйдің ақшасы төленген. Бес жүз сом ақша және бір қара бас қой бергенмін, – десе де, келгендердің қолдарына жармасып жік-жапар жалынса да қарияны ешкім тыңдар емес.
– Құдайға қарасаңдаршы, қарақтарым. Бір үйлі жан біз қайда бармақшымыз», – деген атасының жалынған, қорланған сөзі жанына батқан Алма әділдік іздеп ауданға ат­танады. Отыз шақырым аудан орталығы Катонға жаяу тартады. Ой жобасы бойын­ша түске дейін-ақ жетуге тиіс. Құдай оңдағанда, іздеп бара жатқан ұлықтары алдынан кез­деседі. Өздері де Нартайдың үстінен түскен шағымдарға орай, бұлардың колхозын тексеруге келе жатқан бет­тері екен.
Тергеушілер ауылдық кеңестің барлық құжат­тарын сұратып алдырып, ақтарып, танысып, Ақандардың үйді сатып алғаны туралы қағаздың түбіртегін және содан бері жылма-жыл салығын төлегендері жөніндегі айғақ қағаздары да табылып, үйдің заңды иелері Алмалар екенін бәріне түсіндіріп берді. Келесі жылдан бастап әскер салығынан да босат­тырады.
– Азамат Ақан ойнап жүрген жоқ. Ол да майданға қызмет жасаушы. Артында қалған отбасы үлкен екен, әскер салығын төлеткендеріңіз заңсыз болған, – деп басқарманың көзін жеткізеді.
Повестің осы тұсын оқығанда Алманың өжет­тігіне, әділдіктің орнағанына бір риза болып, көңіліміз көтеріліп қалғанын жасырғымыз келмейді.
Бірақ Алманың көрген тауқыметі мұнымен таусылмаған еді. Ерегескен Нартай оны жұмыстың бұрынғыдан да ауырына жұмсайтын болды. Егін суғару үшін қиядан арық қаздырып, су шығару жұмысына салды. Қандай істі болса да жан-тәнімен беріле істейтін Алма арығын қазып, өзіне бекітілген жерді баптап, ай жарығымен суарып, арамшөбін отап, жайқалып піскен соң егінін орып, бидайын өкіметке өткізетін. Бір дәнді ысырап етпейтін. Қысқы мал азығы үшін шөп те шапты. Қыста солдат­тарға арнап қолдан пима басу жұмысына да кірісетін. Одан тері илейтін жерге жіберді, оған да шыдап бақты. Жеңісте осындай қарапайым да қажырлы әйелдер еңбегінің де үлесі бары ақиқат болса, біз оны қаламгер О.Бөкейдің «Бәрі де майдан» хикаятынан оқып, қаныға түсеміз.
…«Күн бір жауса, терек екі жауа­ды» – демекші, соғыс уақытындағы ауыртпашылықта солақай саясат­тың да (әскер салығы сияқты) орын алғаны белгілі. Ал оны жүзеге асырушы шала сауат­ты, шолақ белсенділер одан сайын ушықтыра түскенін кітаптардан оқып білдік. Ол әйелдердің басына әңгіртаяқ болып тиетін. Боздақтарынан қара қағаз алып, қабырғасын қайыстырған қайғысын қара жұмысқа жегілген тіршілігімен жеңе білген қамкөңіл келіншектер туралы жазғандарын оқып, сол жылдардың шындығына қанығып, жазылуының шынайылығына, әйел жанын терең толғап жазғанына, әсіресе еңбеккер әйелдер бейнесі арқылы көрсете білгеніне тәнті боласыз.
Оралхан Бөкейдің бұл шығармаларын – біз Аналар рухына сөзбен қойылған ескерткіш дер едік. Ғазиз жандардың сол кез­дегі тылдағы еңбектері жеңіс күнін жақындатуға қосқан өлшеусіз үлестерін көрсеткендей. Оларды сол уақыт­тың солақай саясаты мен шолақ белсенділері табанға салып, таптағылары келсе де рухын жасыта алмаған. Бұл туынды бізге Алмадай қайсар қазақ әйелінің өлмес бейнесін жасағанымен қымбат. Қаламгер әйел жанының жасампаз қуатын шебер сурет­теген. Оралхан Бөкей шығармашылығында оған мысал болатын тағы бір өзекті тақырып бар. Ол –соғыс жесірлерінің тағдыры, автор өзі «Жесірлер» деп атаған соғыс дауылы ғұмырларын ойран еткен жас келіншектер жайлы жүрек тебірентерлік, бірінен-бірі өткен көркем новеллалардан түзілген топтамасы. Соның бірі – «Арысын тосып әлі отыр» деп аталады. Әңгіме «Ақ шашты әйелді көргенің бар ма, қайғы жұтып қартайған» – деп басталады.
…Мағрипа күйеуін майданға ат­тандырған жылы жиырмада еді. Қазір қырық сегізге толып отыр. Қаламгер Мағрипаның осы жасына дейінгі бар көрген тағдыр тауқыметін емес, қазіргі жай-күйінен ғана оқушысын хабардар етеді.
Мағрипа ауыл сыртындағы Қоңыртөбеден өлердей қорқады. Жаңа үлгі ауылының бес жастағы баласына дейін күнде жасырынбақ ойнап, кішкентай қыздары жидек теріп кететін Қоңыртөбеден бұл әйелдің қорқатыны несі екен?! Көрер көзге, естір құлаққа ұят. Қайраты тас қайнататын әйел мынау жалғанда тек осы Қоңыртөбенің арғы бетінен ғана қорқады. Оның сырын Мағрипадан емес, соғыстан іздеу керек секілді. Ері Бозтайлақтың әскерге алынғанда осы Қоңыртөбеден асып кетіп, оралмағаны оның есінен бір кетпейді. Бәріне кінәлі осы төбе сықылданады. Оның арғы бетінде асып кеткен жанды жұтып қоятын айдаһар жатқандай елестейді. Ол Байжұма молданың: «Осы шаңыраққа келетін зауал – Қоңыртөбенің ар жағында» – деген көріпкелдік сөзіне имандай сенетін. Бозтайлақ осы төбеден асып қайтып келер ме екен деп ұзақ жылдар бойы телміріп көз алмай қарағаны болмаса, ат­тап басқан емес.
Таңертең табынға қосқан қара сиыр өрістен қайтпай қалды. Бір үйдің қорек айырып отырған жалғыз талшығы жоғалса, қара суға қарап қалғандары ғой. Бар пәле осы төбенің арғы бетінде жатса да «Бозтайлақтан жаным әулие ме, не көрмеген қу бас, көріп алдым әуселесін», – деп белін бекем буып, сиырын іздеуге шыққан. Мағрипа сол түні қара сиырды таба алмады. Ертеңінде бақташы шал Қоңыртөбенің қойнауында улы жапырақ жеп, іші кеуіп, өліп жатқанын хабарлады. Осы хабарды естігенде Мағрипа сазарып, міз бақпады. Көзіне жас та алған жоқ. Бар айт­қаны: «Қайтейін, Қоңыртөбе, Бозтайлағымды да алып қалғансың. Оның жанында мал не тәйірі! Бәрінен тоқсанға келген кәрі шешеме қиын болды-ау. Ақ баласынан басқа аузына нәр салмаушы еді…» – деді де тынды.
Мағрипа шешесінің қазасына жұмсаймын деп тірнектеп жиған ақшасына торпақ сатып алды. Науқас кемпір:
– Торпағың өсіп, аузың аққа тигенше, – деп бастап, сөзінің арғы жағын айта алмай, көкірегі сырылдап, ұзақ жөтеліп демігіп қалды. Кейуананың айта алмағанын ауыл үйдің ұрысы ұқтырды. Қорада тұрған торпағы бір түнде жоқ болып шықты. Мағрипа Қоңыртөбеге тағы жоқ іздеп шықты. Торпағы табылмады. Ол өзінің соңғы үмітінен, соңғы ермегінен айрылғандай еді…
Бұрын өлердей қорқатын Қоңыртөбе қазір Мағрипаға үйреншікті мекеніне айналғандай. Қоңыртөбе бұрынғыдан әлдеқайда аласарып, шөгіп кеткен секілді. Бүгін осынау күрең тарта бастаған төбе Мағрипаның ең бір ата қоныс ыстық жеріндей, Бозтайлақпен бірге түтін түтеткен ошақ отындай қымбат секілді сезіледі. Ол төбе басына етпет­тей құлады да, тас аралас қара топырағын қарш-қарш шайнап, ері соғысқа ат­танған күннен бері мұз боп қатқан көңілі тұңғыш рет жібіп, тұңғыш рет еркін, әрі рахат­тана күлді. Бозтайлағымен ғана қауышқан адал да киелі құшағымен енді Қоңыртөбені құшты. Аузы-басы топырақ-топырақ, ақ шашы қара жерге дудырай жайылып жатқан әйелдің ес-түссіз есеңгіреген күлкісі үлкен бір күрсініспен бітіп, аса қат­ты өксікке, еңірей езілген жылауға ұласты…
«…Ол мынау алып төбені Бозтайлақтың қабірі деп бір ойласа, іші кеуіп теңкиіп жатқан қара сиыр деп және сезінген. Бірақ бұл Бозтайлақтың қабірі де, қара сиыр да емес, өзі үшін қайғы төбесі – Қоңыртөбе екенін білген жоқ. Білетін енді онда ақыл-ес те жоқ еді…
…Мағрипаның көз жасына топырақ жабысып, ақ жүзін қара ала, торала ет­ті…
…Түстіктен самал есіп еді, Мағрипаның аппақ қудай шашын желпіп ойнай бастады…
…Мағрипа көйлегінің етегін дар еткізіп айырып, бір жағын жыртып алды да, сопақтау келген жалпақ тасты жас балаша орап, алдына өңгеріп уата бастады. Мағрипа бұл жолы Бозтайлақты да, қара сиыр, қоңыр бұзауды да жоқтаған жоқ. Сұп-суық қара тасты жалаңаш омырауына үйкеп отыр. Өз басында бұрын-соңды болмаған аналық сезіммен бесік жырын айтып, мұңлық зар күйін кешіп, күйзелуде.
…Науқас шешесі кеудесі сырылдап: «Әй, Мағрипа-ай, Қайсаға ти дедім, тілімді алмадың, тимедің. Тым құрығанда жолдан бір бала тапсаң да мұндай күйге душар болмас едің ғой… Менен бұрын сен алжасып кетермісің, – деп үйреншікті сөзін қайталаумен жатыр. Ал, Мағрипаның ақыл-есі оны тастап кеткелі қашан… Бәріне де сен кінәлісің – сор соғыс!», – деп аяқтайды қаламгер бұл әңгімесін. Қара тасты бала қылып, кеудесіне басып, зар илеген Мағрипа – оқыған жанның төбе құйқасын шымырлатып, есінде ұмтылмастай қалып қоярлық бейне!
Сондай-ақ осы топтамадағы «Алтыбақан» әңгімесіндегі Бәтима мен бүкір кемпір Қырмызы да – соғыс өртіне шарпылған тағдыр иелері.

Бәтима төсек тартып, әл үстінде жатыр, Қырмызы кемпір аузына су тамызып отыр. Екі дүниенің ортасында жатқан кейуана шалықтап, әр нәрсені бір айтады. Отырғандар оны сандырақтай бастады деп ойлады. Бірақ Бәтиманың ойы анық еді. Оның көз алдынан жастық кешуі өтіп жатқандай. Бұлың-бұлың буалдыр ой мұны иектеп алды. Ойламайын деп еді – болмады:
«…Бәтима да қыз болып көрген. Қыз болғанда қандай десеңізші?! Сорпа бетіне шығары. Осы бүкір кемпір екеуі жұбы жазылмайтын құрбылар еді. Ол күйеуге бір жарым жыл бұрын шыққан. Кімге? Кімге дері бар ма? Дәу қара, Жақыпқа ғой. Жігіт­тің серкесі едің-ау… Маңдайымызға сыймадың ғой, қайран Жақып.
Бір жолы Қырмызы екеуміз алтыбақанға қарама-қарсы міндік. Бізді Жақып тербелтіп тұрған. Ойпырмай қандай қарулы еді. Қос қолдап аспанға асықтай лақтырғанда, төбеміз көкті тесіп кете жаздайтын. Жақып бізді тербей беретін. Біз тербеле беретінбіз. Қоңсылас ауылдың жігіт­тері кезек бер дейтін. Жақып әлімжет­тікке басып, алтыбақанды босатпайтын. Құдай-ау сұмдық болып еді-ау, бәрі де сол түннен басталған. Қырмызы, күнім есіңде ме, ат тұяғының дүбірі… Әлдекім ағызып келіп, ат үстінде алтыбақанның арқанын қиып кетіп еді ғой. Екеуміз екі жаққа ұштық. Сонда… Сонда бізді тербетіп тұрған Жақып жары сені ұстамай, қыз деп аяды ма екен мені қағып алып еді, сонда сенің белің шығып кетіп, кемтар болып қалдың… Сол түннен бастап сенің қосағыңа – Жақыпқа деген менің көзқарасым мүлде өзгерген. Ол менің жүрегіме жарылқаушы сәуле болып кіріп, махаббат отын тұтат­ты. Менің ең ауыр күнәм – Жақыппен екі-үш рет оңаша қосылуым болған шығар. Осы Алтыбақанның суішерлігі шығар, жүкті болып қалдым. Сенде бала жоқ еді ғой… Жақып осы нәрестенің дүниеге келуін құдайдан да, менен де жалбарынып тіледі. Ғұмырының қысқалығын сезді ғой деймін. Артымда ұрпақ қалсын деді ме екен? Майданнан қайтпай қалды ғой…
Сен асыл жансың, Қырмызы. Суықсайдағы алтыбақан құрған қарағайдың түбінде босана алмай жатқан жерімде сен іздеп келіп, қол ұшын бергенсің. Екі дүниенің ортасында жатырмын ғой, құдайшылығымды айтайын, әгәрәкім сен келмегенде, мен де, Алтыбақан да бұл дүниелік емес едік. Көйлегіңнің етегінен жыртып алып, күнәсіз жас нәрестені орадың, жаулығыңды шешіп, белімді байладың. Дәтің не деген берік еді, Қырмызы?! Шырқыраған сәбиді бауырыңа басып, қара түнде ұят­тан қара жерге кірердей болып, қалт-құлт етіп әрең тұрған мені қолтықтап ауылға алып келгенсің. Сонда қара басып, қарабет атанған қатынға қайыр жасаған ағайын-тума емес, өсекшілерше айтсам, сен – күндесім едің. Сенің кешірімділігіңде шек жоқ еді, Қырмызы!
Ел мені «қатын-қыз» деді. Жақып қызғалдағым деді. Ел мені бақытсыз жаралған бір бейбақ деді. Сен – мұңдасым дедің.
Ауыл шетіндегі қараша үйге сенен өзге жан баласы кірмейтін. Сен келетінсің үш уақ. Сормаңдай болғанда Жақып соғысқа ат­танып, даңғарадай үйде жалғыз қалдың. Екі жарты бір бүтін боп, алысқа ат­танған азамат­тың түтінін түтетейік деп бірге тұрдық. Алтыбақанға менен гөрі сенің алақаныңның шапағаты көп тиді. Иә, ол – Жақыптан қалған жалғыз тұяқ еді ғой.
Біз өлгеміз жоқ. Байға да тимедік. Тағдыр тауқыметін қылша мойнымыз талша болып тарт­тық. Менің бар бұлдайтыным – ер-азамат­тың жұмысын еңсеріп, еңбеккүн тауып, Алтыбақан екеуіңді асырағаным шығар…
Бәтима кемпір осыларды ой сорабынан өткізіп жатып, Қырмызыға ағыл-тегіл айтқысы-ақ келген. Бірақ жеріне жеткізіп айта алмады, айтып керегі не, бәрін Қырмызы өзі де біледі ғой… Алтыбақан – менің ғана емес, Жақып пен сенің де балаң ғой. Осыны айтып, баласын табыстағаны ғой.
– Бәтимаш-ай, бірге жасасқан, ыстық-суықты бірге тартқан бастасым-ай! Оң иығым едің деймін. Бар қуатым, сүрінгенде сүйеген сүйсінерім, керім едің деймін. Шошыт­тың ғой, жаным. Есіңді жишы сөйтіп. Арыздасу­ға асықпа, – деп бүкір кемпір шындап босап, көзіне жас алды…»
… «Әне өледі, міне өледімен» күзетіп отырғандарды таңғалдырып Бәтима дертінен оңалып, далаға шығуға жарады. Көктем күні елжірей шуағын аямай-ақ төгіп тұр. Ол немерелеріне сүйеніп, сыртқа шығып көктем нұрына жүзін тосады.
Өлмей қалғаны, өз алдына, Бәтима кемпір ауыл-аймақты таңғалдырып, оқыс қылық жасады. Баласы Алтыбақанға айтып жүріп, есік алдына алты діңгек орнатқызды. Үш арқанды айқыш-ұйқыш мықтап кергізді. Сосын екі немересін екі жағына отырғызып қойып, әлдилеп тербететінді шығарды. Сөйтіп, Бәтима есігінің алдына алтыбақан құрды.
Оның ауыр науқастан айыққанының өзі бір жұмбақтай көрінген еді елге, мына оқыс қылығы да қат­ты таңғалдырды. Оның ауруынан айығу сырын Бәтима мен Қырмызы өздері ғана білер еді. Бәтима ғұмыр бойы арқалап келген күнәсін құрбысы Қырмызыға айтып, бар кінәратынан арылғаны себеп болған шығар. Ал, алтыбақан құрса, алаңсыз бойжеткен шағын аңсағаны шығар. Бәлкім, жарық дүниені құлай сүйген көңілі көктем туа қуанғаннан түлеп, бой жазғаны ма екен, кім білген? Бәлкім, немерелерін бұдан былай бесікке бөлеп, әлдилей алмайтынын білген соң, тағы да әлдилеп, тербету үшін ойлап тапқан амалы – алтын бесігі ме… Ол тербеп отыр. Ойы өзі алтыбақанда тербелген жастық шағында, тым-тым алыста…
Ел айт­ты: «Бәтима алжыды», – деп.
Бәтима айт­ты: «Ел алжыды», – деп. Ал, Бәтимаға бәрі де жарасымды. Ол жастықта қол жетпеген аңсарлы арманын сағынған еді…»
Осы әңгімеде оқушы көңіліне ауыр мұң ұялататын бір деталь бар. Ол баласы Алтыбақанға байланысты еді. …Иә, бірде ұмытпаса, күз болар. Ауылдың тамам баласы Алтыбақанды қоршап алып: «Шата, шата» – деп мазақтағандары есінде қалыпты. Екі құлағын тас қылып басып алып, сиыр сауып жүрген шешесіне тіке тартып еді. Бәтиманың «шата» деген сөзді естігенде өңі бір қуарды, бір сазарды. Сосын: «Тыңдама, от­тай берсін. Кері кеткен ауылдың жалмауыз ұлдарының сөзі құрысын!» – деген. Көбісінің әкелері соғыстан қайтпай қалды ғой. Мүмкін, шешесі «жалмауыз» деп сондықтан айт­қан шығар, ашынғанда не демеуші еді әйел заты. Бұл да – соғыс салған жараның бірі еді…
Біз жазбамыздың басында Орекеңнің сыртқы түр-сипатын Кербұғыға ұқсататынымызды айтып өткен едік. Соңын да Кербұғымен аяқтағымыз келеді.
…Кербұғы өзінің ата-жұртының о бастағы мекені Ақшоқының етегінде екенін білуші еді. Иә, ата-баба бұғылар бұдан пәленбай жыл бұрын сол таудың етегін жайлап, емін-еркін ғұмыр кешсе керек. Кербұғыға сол аппақ шоқы ақ шаңқан арманы сияқтанатын: сағынатын, көксейтін, үміт­тенетін, әйтеуір түбінде бір тұяғы ілінетініне сенетін…
…Кербұғы көзінен от шашып, шегіншектеп барып бар қуатымен алға атылды… биік қорғаннан асып-ақ түсті. Ақ шағыл армандай Ақшоқыға тұяқ іліктіріп, аман-сау жетіп еді. Еркіндікті аңсаған табиғат­тың төл жануары қорғаннан асқан сәтінде-ақ өзін азат сезінген. Алайда, олай емес екен, қос оқ мүйізінің түбінен дәлдікпен тиген Кербұғы тұяқ серпе алмай, ала баған түбінде опат болды.
Адам жасампаздығының тамаша жыршысы – қазақтың хас шебер қаламгері Оралхан Бөкей тағдырының соңғы сағаты да шет жерде соқты. Соңында тоқсан үшінші жылдың он алтыншы мамыры күні түскен соңғы суреті қалды. Ертесіне елге қаралы хабар жеткен еді…
Енді жазушының сол соңғы суреті жайлы аз сөз: сурет әлемнің жеті кереметінің бірі, Агра қаласындағы Бабырдың ұрпағы Жаһан шахтың аяулы жары – он үш перзентінің анасы, он төртінші балаға босанарда туыт­тан қайтыс болған заманындағы аса сұлу, бекзат болмысты ханым Мумтаз Махал бегімнің қабірі басына арнап соқтырған кесенесі – Тәжі-Махалдың алдында түсірілген екен. Орекең сурет­те өте жайбарақат кейіпте. Көңілінің барша қалауы орындалған жандай келбетінде айрықша бір нұр ойнайтындай. Ол қандай қуаныштың сәулесі екен дегізгендей. Біз енді ол сырды біле алмаймыз. Оны ғазиз жан өзімен бірге мәңгілікке алып кет­ті.
Сіздің шығармашылығыздың өзімізді толғантқан ерекше тұстарына арналған бұл баянымызды Өзіңізге бағыштаған дұғамыз ретінде ұлы Тәңіріміз қабыл алғай деп тілеймін. Рухыңыз шат болғай! Нұрыңыз пейіште шалқысын, қайран Аға!

P.S. Қадірлі оқырман қауым, алда-жалда біздің осы жазбамыз қолыңызға түсіп, оқи қалсаңыз, «авторлық мәтінге неге соншалықты көп орын берілген?» деп сөге жамандамаңыз. Оралхан өмірден қайт­қан тоқсан үшінші жылдан бері отыз жыл уақыт сырғып өтіпті. Сол кез­де туған баланың өзі қазір отыздан асып барады. Содан бері қаншама буын ұрпақ дүниеге келіп, оқырманның жаңа легі қалыптасты. Ал сол жастар кімді оқиды екен? Біз баянымызда қаламгерді қанша мақтағанымызбен оның шығармашылығын білмейтін жас қабылдамасы белгілі. Сол үшін де автордың асқан суреткерлік шеберлікпен жазған тұстарын үзіндімен келтіре отырып, жас оқырманның көзін жеткізгіміз келгеннен қолданған тәсіліміз болатын. Айыпқа бұйыра көрмессіздер…

Шәрбану БЕЙСЕНОВА,
жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір