Ғасырлар тоғысындағы қазақ көші
17.09.2024
321
1

Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиет­ті парызымыз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
2019 жыл, 12 сәуір, Маңғыстау

Көш қалай басталды?

1953 жылы Сталин қайтыс болды. 1956 жылы ақпанда КОКП-ның жиырмасыншы съезінде Н.Хурущев «жеке- басқа табыну және оның зардаптары» ат­ты әйгілі баяндамасын жасады. Сонымен, Кеңес Одағының ішкі-сыртқы саясатында үлкен бұрылыстар болып, бұл дәуірді халық «Хурущевтің жылымығы» деп атады. Артынан азамат­тық соғыс және 1937 жылғы репрессия кезіндегі нақақ кеткен құрбандар ақтала бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдегі екі алып державаның біріне айналған Кеңес Одағы өз ықпалына кіргізген үшінші дүние елдеріндегі арзан шикізат көзіне сүйене отырып ғылым, экономика және мәдениет, білім, денсаулық жағынан зор жетістіктерге қол жеткізді.
Кеңес Одағының астық қамбасы және өнеркәсіп базасының біріне айналған Қазақ­стан да сан қилы сынақты бастан өткерсе де, өркениет­тің көшінен қағыс қалған жоқ. Әсіресе тарих қойнауында «мың өліп, мың тіріліп», қатаң идеологиялық сүзгіден өте отырып өз тарихын іздеп, ұлт­тық кодын жоғалтпауға талпынды. Оның басты көрінісі Мұхтар Әуезов бастап берген тарихи романдар легінің алпысыншы жылдардың соңы мен жетпіс, сексенінші жылдардың аралығында үлкен керуенге айналуы еді. «Ақжайық», «Қан мен тер», «Алтын орда», «Көшпенділер», «Соңғы көш», «Аласапыран», «Үркер», «Елең-алаң» тағы басқа классикалық шығармалар дүниеге келіп, қазақ оқырмандарының тамырына қан құйып, жадын жаңғырт­ты. Соғыстан кейін орнаған тыныштық пен тоғысқан өркениет қазақи сананың құрып кетпей сапалық өзгеріске ұшырауына, дамуына өз әсерін тигізді. Жоғарыдағы тарихи романдардың жаппай жарық көруі тілі қақпай көріп, діні шектеуге ұшыраған, дәстүрі мансұқталып, ділі дүбәраланған, революция, репрессия, аштық, қуғын-сүргіннен жаны, тәні жараланып, жан саны кеміген отар ұлт­тың үмітін оятып, жүрегіне сәуле түсірді. Сонымен бірге 1957 жылы, 1962 жылы Бақты, Қорғас шекаралары арқылы Қытайдан екі дүркін көш келді. Бұл көштің жаңғырығы басқа да одақтас республикаларды шарпып, қасақана қолдан жасалған саяси науқандар мен оқиғалардың кесірінен өз елінде отырып азшылыққа айналған жергілікті халық пен отарлаушылар арасындағы алшақтап бара жатқан ара салмақты аз да болса теңестіре білді.
Әлемге қожа болуға ұмтылған екі алып империяның бақталастығы саясат пен экономикада, әскери жақтағы жаппай қарулануда көрініс тауып қана қоймай, әсіресе айналасына «жұмсақ күш» арқылы ықпал ету сынды «мылтықсыз майданда» да жалғасты. Сонымен, Қазақ­стан да бұл майдан шебінің бір жағына шығысып берді. 1976 жылы қыркүйек айында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов «Отан» қоғамының (кейін бұл қоғам «Қазақ­стан» қоғамы деп аталды) штаты мен қаржыландыру көзін бекіту туралы үкімге қол қойды. Қоғамның төрағасы болып Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты тіл институтының директоры, академик Ісмет Кеңесбаев тағайындалса, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің әлеумет­тік және мәдени проблемаларға, шығармашылық және қоғамдық ұйымдарға басшылық ететін Шәңгерей Жәнібеков жаңа қоғамның ұйымдық және қаржылық мәселелерін шешуге толықтай жауапты болды. Ол кісі зейнетке шыққан соң да қоғамның жұмысына біраз жыл жетекшілік ет­ті.
«Қазақ­стан» қоғамы дүниеге келген соң алғашқы жұмысын шетелде өмір сүріп жатқан қазақтар арасындағы жағдайды және олардың тарихи Отанына деген көзқарасын зерт­теуден бастады. Сонымен бірге зиялы қауым өкілдері, діни қайраткерлер, ықпалды ру басылары, жастармен тікелей байланыс орнатып, хат-хабар алысты. Оларды атамекенді аралап қайтуға қонаққа шақырды. Социалистік қоғамның абзалдығын, құндылығын насихат­тады. Олардың тілге, дәстүрге, атамекенде болып жатқан жаңалықтарға деген ынтызарлықтары ескеріліп, А. Байтұрсынұлы төте жазуы негізіндегі «Шалқар» халық­аралық газеті оқырманға жол тарт­ты. Газет­тің бас редакторы бастабында Мұса Дінішов болса, кейін Қытайдан алпысыншы жылдары келген қандасы­мыз Уақап Қыдырханұлы басқарды. 1982 жылы сол кез­дегі Азиядағы ең биік телемұнара болып саналатын Алматы телемұнарасының құрылысы аяқталған соң «Атамекен» теле-радио хабарлары тікелей эфирге шықты. Сонымен алыстағы ағайын атамекеннің жаңалықтары мен өзгерістерінен радио толқындары арқылы күнделікті хабар алып отыратын жағдайға жет­ті. Дәстүрлі ән мен күйдің әуені жандарын тербеп, сарғайған сағыныштарын басты.
Он алты жасында соғыс, төңкеріс, дүрбелеңнен қашып, ауған елмен бірге Гималай асып Үндістан, Пәкістан, Кашмирде дамылдап, ең соңында Түркия үкіметінен пана сұрап, сол кез­дегі Премьер-миинистр Мендерес Аднанның қамқорлығына кенеліп, Анадолыға барып орналасқан жазушы, теолог Халифа Алтай Құдай қосқан қосағымен бірге, 1978 жылы Алматыға алғаш рет қадам басты. Одан кейін Хамза Ұшар, Хамза Илен келді. Германиядан Әбдірахман Шетин, Мұртаза Бұлұтай, Ыдырыс Ербол, Түркиядан Мансұр Тәйжі, Ираннан Ислам Жеменей, Ауғанстаннан Мұхамед Қылыш, Моңғолиядан Ислам Қабікей, Қытайдан Шара Таңжарыққызы қатарлы кісілер «Отан» қоғамының шақыртуымен үздік-создық келе бастады. Сол кез­дегі студент, бұл күнде білдей алаштанушы ғалым
Әбдіуақап Қараның сағынышқа толы жүрек- жарды хат­тары қоғам басшыларының ет жүрегін шымырлат­ты. Уақыт керуені жылжып, өткен ғасырдың соңғы он жылдығының шымылдығы ашылар алдында
(1990) Қазақ­станға 120 отандасымыз келіп қайтыпты.
1990 жылы қазанның 12-сі күні Қазақ КСР-ның 70 жылдық мерейтойы салтанатпен тойланғанда, шетелдегі 8 елден 22 этникалық қазақ ел басшысының арнайы шақыруымен келіп, сол тарихи сәт­тің куәсі болды. Ертесі сыйлы қонақтар Қазақ КСР Минстрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Күмісжан Өмірбаеваның арнайы қабылдауында болды. Сең бұзылды. Жол ашылды. Шетелдегі қазақ диаспорасының перзент­тері Қазақ­стандағы жоғары оқу орындарына келіп білім алу мүмкіндігіне ие болды. 1992 жылы 20 наурызда қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің актив залында наурыз мерекесі байланысымен жиналған шетелдік қандас студент­тердің саны 103-ке жет­ті.
1991 жылы 25 наурызда Семей облысы халық депутат­тары кеңесінің атқарушы комитеті Қазақ КСР-нің Минстрлер кабинетіне Моңғолиядан қазақ ұлтының азамат­тарын тұрақты түрде шақыру туралы ұсыныс жасап, «обылыс аумағында Моңғолиядан 300 отбасыны қабылдай алатынын» жазды. Екі жақты келіссөздің сәт­ті болуы және сол елде тұрып жатқан Сағат Зақанқызы, Зуқа Жаппарұлы, Аятқан Тұрсынбекұлы, Шегебек Тоқтамұратұлы, Ботакөз Уатқанқызы, Қабылбай Қырынбайұлы қатарлы белсенді азамат­тардың ұйытқы болуымен, 70 адам елге көшіп келді.
1991 жылы 11 қарашада Қазақ КСР Министрлер кабинетінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі және шарт­тары туралы» №711 қаулысы шықты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ­стан өз тәуелсіздігін жариялады. Сол жылы 31 желтоқсанда Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаев радиода шетелдегі диаспора өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, жоғарыдағы қаулыны айта келіп:
«…Атамекенге келем деушілерге есік ашық, әруақ қолдасын!» – деп үндеу тастады.
1991 жылы күзде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Егемен елдің президенті ретінде туысқан Түрік еліне тұңғыш мемлекет­тік сапармен барды. Сол сапарда Стамбул әуежайында қарсы алуға шыққан қандастар: «Ақсарбас! Ақсарбас!» – деп қол жайып, бірден үш ақсарбас құрбандық шалады. Артынан «Мәрмәр» қонақүйінде болған диаспора өкілдерімен кез­десу кезінде, Моңғолиядан келген бір қандас: «Қазір өздеріңіз сияқты тәуелсіздік алған бірнеше елде Ұлт­тық құрылтайлар өтіп жатыр. Осындай жиын Қазақ­станда қашан болмақшы?» – деп сұрақ
қояды. Сол кез­де «Қырғызстан әлемдегі қырғыздардың басын қосып Құрылтай өткізеді екен» деген қауесет шыққан. Ел Президенті қасында отырған Қазақ­стан Жазушылар одағының бас хатшысы Қалдарбек Найманбаевпен сәл кеңескеннен кейін: «Келесі жылы өткіземіз», – деп кесіп айтады. Көп ұзамай ел тәуелсіздігі жарияланып, биліктің басқару жүйесіне үлкен өзгеріс кіреді де, нарық басталып, шығармашылық одақтардың берекесі кете бастайды. Уәделі Құрылтай мерзімі таяғанда, салмақ қайтадан Қазақ­стан Республикасы Президенті мен Минист­рлер Кеңесінің аппараты деген атағы алатаудай үлкен мекемеге түседі. ҚР Министрлер кабинетінің 1992 жылы 27 тамыздағы №709 «Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайына әзірлену және оны өткізу туралы» қаулысы шығып, құрылтайға дайындық басталып, ел қазынасынан 28 миллион сом бөлінді. Қазақ­стан Жазушылар одағы, республикалық «Қазақ­стан», «Қазақ тілі» қатарлы қоғамдық ұйымдар аппарат­тың басшылығында селбесіп жұмыс атқаратын болды. Ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағасы болып Премьер-министрдің идеологияға жауапты орынбасары Мырзатай Жолдасбеков тағайындалса, Қ.Найманбаев, Т.Әбдік, А.Сәрсенбаев (ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті ішкі саясат бөлімінің жетекшісі) үшеуі орынбасар ретінде іске кірісті. Алқа мүшелері бүкіл елге танымал ғылым, өнер, мәдениет саласының тұлғалары мен үкімет мүшелерін қамтыған 35 адамнан құралды. Құрылтай қыркүйек айының 28-і күні басталып, қазан айының 3-і күні жабылатын болып белгіленді. Ел президенті өз назарында ұстап, мықты команда құрылған соң жұмыс өздігінен жүріп кет­ті. Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, сол кез­де отызға да келмеген Алтынбек Сәрсенбаевтың сөзімен айт­қанда: «Бұл Құрылтай біздің бөлімінің жауынгерлік сынағы болайын деп тұр» («Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы: 15 жыл». «Алматы». 2007 жыл, 31-б.), – деп еске алады сол кез­дегі ұйымдастыру жұмысының басы-қасында болған жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаров. Құрылтайға ел ішінен және сырт мемлекет­терден бас-аяғы 300-дей адам жиылды. Алыстан атажұртын аңсап келген құрылтай қонақтарын Алматы әуе­жайында арнайы оркестрмен «Елім-ай» әнін шырқап тұрып қарсы алды. Жүректе қалған бодан заманның ащы запыраны ұмытылып, бостандықтың жұпар самалы есті. Республика сарайында және Абай атындағы Опера және балет театрында өткен салтанат­ты жиындарда ел Президенті құт­тықтау, қарсы алу сөзін сөйледі. Сол жиындарға Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков қатарлы ел ағалары қатысты. Атакент­те жағалай киіз үйлер тігілді. Құрылтай қонақтары хандарымыз ту тіккен Ұлытауда, дініміздің діңгегі болған Түркістанға барып зиярат ет­ті. Құрылтай соңында әлемнің әр бұрышында өмір сүріп жатқан қандастарға қаратып үндеу жарияланды. Сонымен бірге бұрынғы «Қазақ­стан» қоғамы жабылып, сол қоғамның қаржылық, кадрлық, мүліктік базасы негізінде, шыт жаңа «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» деген ұйым құрылып, төрағасы болып, бірауыздан президент сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары ретінде жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев тағайындалды. Төралқа мүшелерінің құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Дәлелхан Жаналтай, Алтынбек Сәрсенбаев қатарлы кісілер кірді. Құрылтай қарсаңында, яғни 1992 жылы 23 қыркүйекте ҚР Министрлер кабинетінің №791 «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақ­стан Республикасында болған кезінде әлеумет­тік-этникалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» қаулысы шықты. Осы қаулы ұзақ жылдар бойы қандастарымыз елге келіп қонақүйге орналасу, көлік құралдарын пайдалану, оқуға түсу, жұмысқа орналасу, құжат жұмыстарын рет­теуі үшін өте қолайлы жағдай жаратып берді.
1993 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өт­ті. Жиналысқа Алматыда тұратын қандастардың бәрі толықтай қатынасты. Басқосуда сөз тізгінін алған Президент жаңадан құрылып, қандастардың қамқоршысына айналған ұйымның жұмысына жоғары баға берді. Шетелдегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерге тоқтала келіп, қазіргі жүргізіп отырған көші-қон саясатының еліміздің ішкі-сыртқы саясат­тағы басым бағытының біріне айналатынына айрықша тоқталып, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік қатарлы бірнеше азаматқа Қазақ­стан төлқұжатын өз қолымен тапсырды.
1995 жылы мамырдың 18-і күні ҚР Әділет министрлігінің залында «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының» кеңейтілген мәжілісі болды. Осы мәжіліске 14 елден келген 350 қандастарымыз қатынасты. Жиында сөз алған Халифа Алтай, Мәлік Малабақан, Никита Ысқақов, Қабікеш Әлікей, Керім Елемес қатарлы кісілер жақында Республика көлемінде тұңғыш рет өтетін референдумда президентіміздің өкілет­тілігін 2000 жылға дейін созуға дауыс беретіндерін айтып, халыққа үндеу тастады.
1996 жылы желтоқсанның 31-і күні ҚР Президентінің №3308 «Шетелде тұратын отандастарымызды қолдаудың мемлекет­тік бағдарламасы туралы» Жарлығы шықты. Осы тарихи құжат­та былай деп жазылған «Шетелдегі отандастарымызбен жұмысты жан-жақтылы жетілдіру, оны тек ұдайы және мақсат­ты мемлекет­тік қолдау жағдайында ғана жүзеге асыруға мүмкін болады. Қазақ диаспорасының әлеумет­тік-экономикалық, мәдени, білім алу сұраныстарын барынша қанағат­тандыруды қамтамасыз ететін, тарихи отанына қайта оралғылары келетіндерге мүмкіндік туғызатын ойластырылған шаралар жүйесін жасау қажет…
Бағдарлама кешенді іс-шараларды қамтиды және негізгі алты бөлімнен тұрады: ғылыми қамтамасыз ету; нормативтік-құқықтық құжат негізі; білім беру; мәдениет, туризм және спорт; кітап шығару және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері; ұйымдастыру шаралары» («Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы». ДҚҚ «Атажұрт» баспа орталығы, 2012 жыл, 112 б.). Осы тарихи құжат­тың қабылдануы әрі осыдан кейін 1997 жылы желтоқсанның 3-і күні депутат Әкім Ысқақұлы балама жолмен үкіметке ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның дүниеге келуі, қазақ көшін сапалық деңгейге көтерді. Осы жылдар аралығында Президентке тікелей қарайтын көші-қон агент­тігі құрылып, басшылық қызметке мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды. Іскер басшы өтпелі кезеңде елім деп еміреніп келген қандас зиялыларға Алматы, Астана қалаларынан және басқа да облыс орталықтарынан тегін пәтер бергізді. Бұл істің даңқы мен дақпырты алыстағы ағайындарға ерекше әсер етіп, қазақ көшіне қарқын берді.
Осыдан кейін жыл сайын үкімет­тің көші-қон квотасы белгіленіп тұрды. 2006 жылы ақпанның 6-сы күні Үкімет­тің №24 «Шетелде тұратын Отандастарды қолдаудың 2005–2007 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламасын іске асыру туралы» қаулысы қабылданды. 2007–2015, 2016–2022, 2023–2028 жылдарға арналған ҚР Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің тұжырымдамасы ретіне қарай жарыққа шығып келеді. Аралықта еліміздің шығыс және солтүстік облыстарына бағыт­талған «Нұрлы көш» бағдарламасы іске қосылды.
2002 жылы қасиет­ті Түркістанда II құрылтай өтсе, III құрылтай 2005 жылы, IV құрылтай 2011 жылы, V құрылтай 2017 жылы парасат­ты да еңбекшіл Қазақ­стан халқы мен элитасының символына айналған арқа төсі Астанада табыспен өт­ті. Осы Құрылтайда Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының бас кеңсесі Астанаға көшіп, төрағаның бірінші орынбасары болып, мемлекет және қоғам қайраткері З.Қ.Тұрысбеков сайланды. Көші-қон үдерісін ел іші-сыртында қатар алып жүру үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі құрылтайшысы болатын «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Президенті болып мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев тағайындалды. Құрылтай барысында бірнеше жылдан бері Қытай, Иран елдерінен келген қандастарды мазалап келген «екі құжат мәселесі» биік мінберден айтылып, атқарушы орган қызметкерлеріне қатаң тапсырма берілді. Қандас студент­терге 2 пайыздық грант бұдан кейін 4 пайызға көбейді.
Қандастар елімізге не берді?
Ұлт­тық сана мен сүйіспеншіліктің, кемелденген заңның арқасында қазақ көші немесе ұлт­тың бірегейлену үдерісі басталды әрі нәтижесі де тез көрінді. 1989 жылы бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүргізілген санаққа негізделсек, «Қазақ­станда өмір сүріп жатқан адам саны 16 464 464 болса, этникалық қазақтардың үлесі 39,7 пайызды ғана құраған. Ал, солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш тіпті де төмен. Солтүстік Қазақ­станда – 18,6%, Целиноградта – 22,4%, Қостанайда – 22,9%, Павлодарда – 28,5%, Көкшетауда – 28,9%» («Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу». (1991–2012). Ұжымдық еңбек. – Алматы. «Елтаным» баспасы. 2016 жыл. 252 б.).
Сонымен бірге Кеңес Одағы ыдыраған соң, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақ­станға зорлықпен жер аударылған неміс, грек, кавказ ұлт­тары өз атамекендеріне үдере көшті. Зауыт-фабрикалар жабылғанда, еңбек жасындағы славян ұлт­тары да өз елдеріне қоныс аударды. Сонымен, Қазақ­станның еңбек нарығында кәсіби маман, еңбек күш тапшылығы анық аңғарылды. Жаңа ғасыр есігімізді ашқанда, Қазақ­станның жалпы жан саны 14 милионға дейін кеміді.
АҚШ-тың экс-Президентінің Ұлт­тық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі З.Бжезинский еліміздің шығысы мен батысын болашақ ықтимал «ыстық нүктелер» қатарына қосты. Жері кең, байлығы мол жас мемлекетімізді қандай қиындықтар күтіп тұрғанын осыдан-ақ анық аңғарамыз. Осындай күрделі, өтпелі кезеңде мемлекет басшысы өз назарында ұстаған, халық пен элитаның қолдауына ие болған, ұлт­тық бірегейленудің жарқын сипатын аңғартқан қазақ көшінің басталуы, Батыс саясаткерлері күткен қиындықтарды жеңуімізге белгілі дәрежеде мүмкіндік берді. Сонымен, 2011 жылы қазан айына дейін елімізге 860 мың адам мен 221,3 мың қазақ отбасы оралды. 2012 жылы бес айда елге келушілер саны 13720 адамды құрады. Олардың білім деңгейі бойынша 9,2 пайызы – жоғары білімді, 20,5 пайызы – арнаулы орта білімді, ал 65 пайызы жалпы орта білімді қандастар. Еңбекке қабілет­ті жастағылар – 64,1 пайыз болса, 18 жасқа дейінгі балалар – 41,2 пайызды, зейнеткерлер – 4,7 пайызды құрады («Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу». (1991–2012). Ұжымдық еңбек. Алматы, Елтаным баспасы. 2016 жыл. 248 б.).
2010 жылдың басында Республика халқының саны 16 204 617 адамға жет­ті. Оның ішінде, қазақтардың үлесі 63,6 пайыз­ды құрады. Тәуелсіздіктен бері 2020 жылға дейінгі аралықта тарихи Отанына оралған қандастар арасынан 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты шыққан. Еліміздің білім, ғылым саласында атақ беру қағидаты өзгергеннен кейін жастар арасынан PhD докторлығын қорғаған немесе «Болашақ» бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерде оқып келген қандастардың да қарасы мол.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары және Әділет министрі болған Нағашыбай Шайкенов, академик С.Жошыбаев, Қазақ­стан Елтаңбасы авторларының бірі, Өзбекстаннан келген қандасымыз Жандарбек Мәлібеков, тарих ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері З.Қинаят, діни ғұлама әрі жазушы Х.Алтай, ғылым докторлары Қ.Сартқожа, Н.Мұқаметханұлы, Д.Баймолла, И.Жеменей, Ұ.Шапаққызы, Д.Мәсімхан, З.Қабулдинов, Б.Еженхан, Т.Закен, Т.Тоқай, Н.Нұражы сынды тұлғалар мен ғалымдардың отандық ғылымның дамуына қосып жатқан үлесі – ұшан-теңіз. Жетінші шақырылымдағы Парламентке өз қатарынан озып барған Моңғолиядан келген үш қандасымыздың әзіргі белсенділігі мен білігі жағынан жұрт назарын аударып отыр. Өнерде Қабылаш Әбікейұлы, Майра Мұхаммед, Шұғыла Сапарғалиқызы бүкіл республикаға танымал болса, сазгер Ермұрат Зейіпханұлы мен ақын Алмас Ахметбекұлының шығармашылық достығы мен Отанға деген шексіз сүйіс­пеншілігінен туындаған «Көк Тудың желбірегені» әні бүкіл Қазақ­станның бейресми Әнұранына айналып кет­ті. Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламның гүрзі жұдырықтары әлемдік шаршы алаңдарда қай елде, қай жерде жүрсе де дәстүрі мен тегінен айнымаған жауынгер ұлт­тың ұрпақтары бар екенін әйгіледі. «Республика» партиясының құрылтайшыларының құрамындағы Қытайдан, Моңғолиядан келген қандас кәсіпкерлер бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі деген ұғымды нақты іс-әрекет­терімен дәлелдеді. Қысқасы, еліміздің рухани өміріне, еңбек нарығына, шағын және орта кәсіпті негіз еткен бизнес кеңістігіне жаңа қан, жаңа күш, жаңа леп қосылды.
2024 жылы 14 ақпанда «Егемен Қазақ­стан» газетінде шыққан ақпаратқа сүйенсек, тәуелсіздіктен кейінгі 33 жылда 1 милион 129,6 мың адам Отанға оралып, қандас мәртебесін алыпты. Бұл ел халқының 5,6 пайызын құрайды. Қандастардың 34 пайызы Алматы, 15,3 пайызы Маңғыстау, 9,6 пайызы Түркістан, 5,9 пайызы Жамбыл обылыстарында, сондай-ақ 7 пайызы Астана, 6,2 пайызы Шымкент, 5,2 пайызы Алматы қалаларында қоныстандырылған. Соңғы бес жылда, орта есеппен 200 мың адам елімізге келген. Демек, жиырма милион­дық межені бағындыруымызға табиғи өсіммен бірге, қандастардың елге қоныс аударуы да ықпал еткен.

(Жалғасы бар)

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.09.2024 | 13:18

Үлкен тарихи мақала, еліміздің көші қон бағдарламасы толық, жүйелі түрде, шынайы шындықты жазыпсыз. Еске алып, кешегіміз бен бүгінгі жетістік еңбекпен келгенін айтып отырған дұрыс, жастардың білгені керек. Бұл біздің тарихымыз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір