Ғасырлар тоғысындағы қазақ көші
24.09.2024
138
0

(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)

Ғасыр көшінің маңызы мен келешегі

Қоғам тірі организм болған соң оның ішкі-сыртқы саясаты да халықаралық және ел ішіндегі оқиғалар мен құбылыстарға, себеп-салдарларға орай жаңарып, жаңғырып отырады. Қазақ көші де солай. 2023 жылы халқымыздың жан саны жиырма миллионға жет­ті. Сонымен бірге еліміз тұрғындарының 62,2 пайызы қалаға шоғырланды. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Жамбыл, Жетісу облыстарын қамтыды. Солтүстік, Батыс, Шығыс сияқты шекаралық аймақтардағы адам саны азайып, жұмыс күшінің тап­шылығы айқын сезіле бастады. Ал Алматы және Астана сынды мегаполистердің жоспардан тыс ұлғайып кетуі, сол қалалардың әлеумет­тік, тұрмыстық мәселесін; әсіресе білім алу, денсаулық, зейнетақы, көлік жағдайын ушықтырып жіберді. Барлық дамыған қалалардың ортақ «ауруы» – көлік кептелісі бізді де айналып өткен жоқ. Осы мәселелердің шешімін табудың ыңғайлы жолы – ішкі-сыртқы көші-қонды аталған шекаралық аймақтарға бағыт­тау мәселесі күн тәртібіне қойылды әрі тыңғылықты жоспармен біртіндеп атқарыла бастады. Бағыт­талған өңірге көшіп барушыларлың транспорт­тық шығыны өтелді. Отбасы мүшелеріне бір реткі жәрдемақы – 241 000 теңге төленіп, жалға алған пәтерінің біржылдық ақысы, коммуналдық шығыны өтелетін болды. Сондай-ақ 2023 жылы наурыз айынан бастап, тұрғын үй алу үшін әр отбасыға 4 миллион теңге бюджет­тен бөлінді. Бұл сома сол квота бөлінген облыстардағы қарапайым баспана құнының жартысына тең.
«Отандастар қоры» жұмыс істеген күннен бастап, 1404 байланыс орталығы бүкіл Қазақ­стан бойынша тегін қызмет көрсетеді. Хабарласқан адам өзін мазалаған сұрақтар бойынша тегін кеңес алады. Атажұртқа қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтарға арналған WEB платформа Erulik.kz сайты жұмыс істеп жатыр. Осы платформа арқылы Қазақ­станның әлеумет­тік-экономикалық дамуы туралы жаңа мәлімет­тер, қандастарды қабылдайтын 9 облыс жөнінде ақпарат­тар, қоныс аударушыларға қолайлы елді мекендер, көші-қонға байланысты ережелер, заңнамалар, жеңілдіктер және репатриацияның басқа шарт­тарымен таныса алады. Цифрлық дамудың талабымен дүниеге келген «Құт­ты мекен», «Ата жолы» карталары да қандастарға өз қызметін ұсынуда.
2019 жылы 28 қарашада Астанада «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бірлесіп, «Отандастар: болашаққа бағдар» ат­ты халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Жиынға сол кез­дегі Қазақ­стан Республикасының Мемлекет­тік хатшысы Қ.Е. Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары
Б.М. Сапарбаев және басқа лауазымды тұлғалар мен Парламент, Сенат мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелге этникалық қазақтар тұратын 26 елден 150 делегат арнайы шақырумен келді.
2023 жылғы 11 қазанда «Отандастар қоры» Астанада «Қазақ­стан және Отандастар: Ортақ мұрат жолында» ат­ты форум өткізді. Форумға Мемлекет басшысы құт­тықтау хат жолдады. Жиынға 30-дан астам елден келген 200-ге таяу шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, еліміздегі саясат, ғылым, білім, өнер, мәдениет, бизнес, медиа саласының көрнекті өкілдері қатынасты. «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» және басқа да көкейкесті тақырыптар бойынша төрт сессияда пікір алмасу болды. Қор қаржысымен «Ұлы дала» кітаптар сериясымен шетелде тұратын 8 қандастың туындысының тұсаукесер рәсімі өт­ті. 2019 жылдан бері Бурабайда «Жас Қазақ» жазғы этнолагері ұйымдастырылып келеді. Бұл лагерьде демалатын қандастардың ұрпағы тіл, домбыра, садақ ату, атқа міну сынды танымдық курстардан өтеді. «Қасиет­ті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі қатарынан 4 жыл өтіп, 10 елден келген 3145 өнерпаз қатысып, олардың 100-ден астамы жүлдегер атанды. Шетелдегі қандас жастарға арналған «Киелі Қазақ­стан» экскурсиясы қатарынан 5 жыл өт­ті.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін «Асар» әдісін қолданып, «Тұрғын үй және жұмыс» қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында кот­тедждік қалашықтар салудың екі пилот­тық жобасын ұсынған еді.
Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, сондай-ақ Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) кот­тедж салуға келісілді. Қазір бұл пилот­тық жобаның құрылысы шетелдік инвесторлардың қаржысымен жүзеге аса бастады. Бәрі сәт­ті болса, бұл жобаны қалған 9 облыста біртіндеп қолға алуға болады.
Осы арада еске сала кетейік, Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының Алматыда 2000–2017 жылдар аралығында «Атажұрт» баспа орталығы жұмыс істеп, 570 баспа табақ кітап шығарды. Сырт­та жүрген қандас ақын, жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерінің еңбектері арнаулы серия болып басылып шықты. Мысалы, Қажығұмар Шабданұлының әйгілі 6 томдық «Қылмыс» романын, Таңжарық Жолдыұлының шығармаларын және шетелдегі қазақтар туралы арнаулы монографияларды, көші-қон тарихындағы үкімет­тің арнаулы қабылдаған құжат­тарын, ғылыми-практикалық конференцияда жиналған материалдарды, 5 рет өткен Құрылтайдың қатысты құжат­тарын жинап, сараптап кітап етіп шығарды. Бұдан сырт «Алтын бесік», «Туған тіл», «Қазақ елі», «Шалқар-2», «Алтын тамыр» сияқты мерзімді газет­тер мен журналдар жарық көріп тұрды. Осыдан-ақ еліміздің көші-қон саясатының құқықтық нормаларының, идеологиялық бағытының, базалық құрылымының толыққанды, жан-жақтылы қалыптасқанын көреміз. Мұның нәтижесі елімізді қандастарына қамқорлық жасап, атажұртына шақырып жатқан әлемдегі 3 дамыған елдің – Германия, Израиль, Ресейдің қатарына қосты. Қазақ көші халықаралық құбылысқа айналды. Жоғарыда айтылған екі ұйымның қызметі мен құрылымын білмейтіндер ара-тұра екі ұйымның бізге не керегі бар деп оқыс пікір айтып қалады. Бірақ жері кең, байлығы мол, әлемдік геосаясат­та өз ықпалын көрсетіп, айналасын өзімен санастыра бастаған қазақ елі үшін ұлт­тық бірегейлену үдерісі әлі өз мәресіне жете қойған жоқ. Ұзақ мерзімге бағыт­талған көші-қон саясатының теориялық және практикалық түйіндері әлі толық тарқатылған жоқ.
Цифрлық дамудың жаңа көкжиегінің ашылуы, халықаралық қатынастардың жаңа бағытқа беталуы өміріміз бен қоғамға тың, күрделі, нәзік талаптар қоюда. Сондықтан бір ұйым шетелдегі қандастар ісімен кешенді айналысса, енді бірі елге келген қандастардың ортаға бейімделу, жұмыс табу сынды шаруаларын ретке келтірсе құба-құп болар еді. Терістіктегі және Шығыстағы екі алып көршіміздің тәжірибесіне жүгінсек те соны байқаймыз. Мысалы, Ресейде «Шетелде тұратын отандастардың құқықтарын қолдау және қорғау қоры», «Орыс әлемі қоры», «Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі» коммерциялық емес серіктестігі сынды бюджеті қомақты, құрамы ығай мен сығайға толған үш ұйым жұмыс істейді. Ал халқы миллиардтан асқан, әлем елдерінде 62 миллионнан астам диаспоралары бар Қытайда «Бүкіл Қытайлық халық өкілдері құрылтайына қарасты мұхажырлар комитеті», «Бүкіл Қытайлық саяси кеңестің Гонконг, Макао, Тайван мұхажырлар комитеті», «Мемлекет­тік кеңестің (Үкімет­тің) мұхажырлар кеңсесі», «Әділет партиясының орталық партия комитеті» сынды бес ұйым құрылған. Партия, үкімет, парламент құрылымдарына бағынышты бұл мекемелердің барлық қала, облыс, аудан орталықтарында филиалдары бюджет есебінен ашылған. Осыдан-ақ шығыстағы көршіміз әлемдегі екі алпауыт­тың біріне айналса да мына жаһандану заманында ұлт­тық бірегейлену үдерісін сақтап, ары қарай дамыту үшін қаншалық тер төгіп жатқанын байқаймыз. Өткен ғасырда әлемдегі екі алып империяның бірі болған Кеңес Одағының заңды мұрагеріне айналып, азуын әлі де айға білеп отырған Ресейдің диаспора мәселесімен айналысатын ұйымдарының атының өзі ат үркітеді.
Өзге емес айналамыздағы Орталық Азия елдерімен салыстырып көрейік: Ауғанстанда шамамен 10 миллион тәжік, 3 миллион өзбек, 1 миллионға таяу түркімен бар. Иран елінде 21 миллионға жететін әзербайжан, 1 миллион 300 мың түркімен өмір сүріп жатыр. Қытайда 200 мың қырғыз, 50 мың тәжік, 18 мың өзбек тұрады. Бұдан сырт Қытайда 6 миллион моңғол өмір сүреді. Бірақ осы елдердің бәрі де Кеңес Одағы ыдыраған соң көші-қон жұмысымен кешенді айналыспады. Өткенге үңіліп, айналамызбен салыстыра білсек, қана Қазақ­стан билігінің, қара орман халқымыздың өтпелі, күрделі кезеңді бастан кешіре отырып, қаншалық жанкешті жұмыс істегеніне көз жеткіземіз.
Қазақ көшінің басында көптеген танымал тұлғаларымыз тұрды. Олар өз бастамасымен, қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен елдің шетінде, желдің өтінде тұрып қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Нақтырақ айтсақ, Шыңжаңдағы ұлт-азат­тық көтерілісінде қатардағы партизаннан өсіп полковник болған, ке­йін Іле Қазақ облысының әкіміне де­йін көтерілген саясаткер, қоғам қайраткері, этнограф Жағда Бабалықұлы, Қазақ­станның Халық жазушысы, мемлекет­тік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмәділов өткен ғасырдың алпысыншы жылдардағы Қытайдан ауған қазақ көшінің басы-қасында тұрса, Моңғолиядағы мемлекет және қоғам қайраткері, Үкімет­тің, Парламент­тің орынбасары лауазымдарын атқарған, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы тәуелсіздік қарсаңында Моңғолиядағы қазақ көшінің рухы болды. Қытайда туып, Түркияда өмір сүрген, Құранды ана тілімізде сөйлеткен теолог, жазушы Халифа Алтай, Тарым лагерінде жастық көктемін жоғалтса да сағы сынып, салауаты кемімеген жазушы Жақсылық Сәмитұлы тәуелсіздіктен ке­йінгі өз өңіріндегі қазақ көшінің бастаушысы, ұйымдастырушысы бола білді. Олар шетелдегі биік лауазымын, жайлы тұрмысын тәрік етіп, тәуелсіздіктің бір кірпіші болып қаланды.
Қазақ көшінің бүгінгі алған асуы мен жеткен биігіне елін емірене сүйетін тау тұлғалы марғасқаларымыздың да қосқан ерен еңбегі бар. Олар – мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәңгерей Жәнібеков, жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев, жазушы, аудармашы, журналист Уақап Қыдырханұлы еді. Шәкең болса өзі құрып, жетекшілік еткен «Қазақ­стан» қоғамын өз қолымен жауып, жаңа ұйымының иелегіне өткізді. Қандай дегдарлық, тектілік десеңізші! Ал Қалекең болса Қазақ­стан Жазушылар одағындағы, «Жазушы» баспасындағы екі бірдей лауазымды қызметін тастап, жаңа құрылған ұйымның отымен кіріп, күлімен шықты. Әлемде тарыдай шашырап жүрген исі қазақтың қамын жеді. Тоқырау кезеңінде бүкіл қоғамдық ұйымдар бюджет­тен шығарылғанда өзінің беделі мен абыройын, ел президентімен болған жеке қарым-қатынасына сүйене отырып, Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығын сақтап қалды. Уақап Қыдырханұлы ағамыз болса бүкіл саналы ғұмырын «Шалқар» газеті үшін арнады. Қасиет­ті «Құранның» ғылыми, түсінікті, ұғынықты аудармасын дүниеге әкелді.
Ендігі кезекте, қазақ көшін бастап келген және қазақ көшінің қалыптасып, дамып, әлемдік аренаға шығуына өлшеу­сіз үлес қосқан жоғарыдағы аты аталған, бұл күндері арамызда жоқ тұлғаларды ардақтап, әспет­теп, ел есінде мәңгілік қалдырғанымыз дұрыс. Ол үшін Астана, Алматы қалаларында, қандастарымыз қалың орналасқан облыс орталықтарында, сол тұлғалардың есім-сойымен елді мекендер мен даңғыл-көшелеріміздің аты аталса, бұл да бір ұлт­тық бірегейленудің жарқын көрінісі болар еді. Өйткені өткенсіз бүгін жоқ. Асылдарымызды ардақтап, аруақтарымызды разы қылсақ, көкжиегіміз кеңейіп, болашағымыз нұрлана түсер еді.

P.S. Жошы ұлысының заңды жалғасы Қазақ хандығы ішкі-сыртқы факторлардың әсерінен территориясы бөліске түсіп, халқы шекара ат­таған ұлтқа айналды. Міне, тәуелсіздік таңы атып, мемлекет­ті қайтадан құрылымдап, адамзатқа ортақ өркениет жолына түскенімізге 33 жыл болды. Нарық заңдылығына бейімделдік, айналамызбен шекара айқындалды, жаңа астанамыз бой көтерді. Ұлт­тық бірегейлену үдерісі өз жемісін берді. Ширек ғасырдан астам уақыт­та ғасырға татитын өзгеріс пен құбылыстың куәсі болдық. Әрине, қоғам болған соң кемшілік те жоқ емес. Ол, әрине, ізденіс аясындағы іркілістер.

(Соңы)

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір