Ғасырлар сүзгісінен өткен даналық мектебі
Қазақ – жаратылысынан шешіндік өнерге бейім халық. Халқымыздың шешендік өнері сонау Майқы би, Аяз билерден бастау алған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген сөз тегін айтылмаса керек. Жауласқан екі елдің арасына бітім айтатын даналық сөздің иелері би-шешендер болған.
Бөлтірік шешен, Бұхар жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер – ынтымақ-бірлігіміздің негізін қалаған асылдарымыз. Қасым ханның қасқа жолы, Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» – еліміздің іргесін мықтап, бірігуіне, мемлекет болып қалыптасуына үлесі шексіз рухани қазына-құндылығымыз.
«Жаңбыр жаумаса, жер – жетім, басшы болмаса, ел – жетім, ұқпасқа айтқан сөз – жетім…» дей келе Төле би:
«Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты – ақ деп бағала,
Қараны – қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол», – деп өсиет етсе,
Қазыбек би:
«Дүниеде не жақын?
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын,
Бауырмал болса, інің жақын,
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын қарындасың.
Дүниеде не қымбат?
Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат,
Мейірімді анаң қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат,
Бәрінен де ар мен ұят қымбат.
Дүниеде не қиын?
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың», – дейді.
Әйтеке би:
«Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Құралмайтын құрақ жоқ.
Бәрінен қиын сол екен,
Артында қалған шырақ жоқ!
Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін.
Мен қайғыңды қозғағалы
келгенім жоқ,
Қайратыңды қозғағалы келдім».
Асан қайғы:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер?..»
Мөңке би:
«Бұл заманда кім ғәріп?
Қадірін біліп ұқпаса,
Дүррі гауһар сөз ғәріп,
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғәріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын, шалқар көл ғәріп…» – деп ой толғайды.
Қазақ жұрты – жаратылысынан шешіндік өнерге бейім халық. Халқымыздың қиыннан қиыстырған тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы нақыл сөздері, қанатты ойлары – өзіміз де, өзгелер де таңғаларлықтай даналық өрнектері. Шешендігінің үстіне қазақ халқы – ақын халық. «Түйеге мінгеннің төрт ауыз, атқа мінгеннің алты ауыз өлеңі бар» демекші, кез келген үлкен-кіші ауылдың алты ауызын, жар-жар, беташар, тойбастарды домбыраға қосып термелей жөнеледі. Ал аналар түн ұйқысын төрт бөліп, бесік жырын тербейді. Ақын-жыраулар болса ел-жерімізді жаудан қорғаған батырлар, әділдігімен қара қылды жарған билер, махаббат хикаясы туралы таңды таңға атырып, жыр-дастандарын толғайды. Демек, ақындық пен шешендік өнер – егіз. Оны бір-бірінен ажырата қарау әбестік. Ал би-шешендер ел ішіндегі даулы мәселені төрт-ақ ауыз түйінді сөзбен тындырып, хат-хабарсыз ауызша жүзеге асырып отырған. Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі сот пен прокурор, милицияңыздың, яғни қаншама мекеме басшыларының қызметін атқарып келген. Атқарғанда да, ол билердің кесім, бітімі көпшіліктің көзінше, ашық аспан астында айдан анық жария болып отырған, ешқандай құпия, алдын ала ымыраласу, пәтуаласу деген болмаған.
Билер өзінің сөзін, билік шешімін, «ал халайық, не дейсіздер, ризамысыздар?!» деп, көпшілікке салып, мақұлдасар еді. Бұдан артық қандай жариялылық болмақ. Осы күнгі айтып жүрген жариялық, демократиялық, адамгершілік пен гуманистік ұстанымдар дегеніңіз осы емес пе?! Сондықтан да халық өзінің от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарар әділ билері мен шешендерін ханнан бетер қадірлеп, сыйлаған, олардың айтқан кесім-бітімдерін жадында сақтап келген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», «Төле би былай депті», «Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты», «Әйтеке би айтқан сөз екен» деп, ауыздан ауызға, елден елге таралып, бүгінге жеткен рухани қазынамыздың баға жетпес құндылығы.
Осындайда бүгінгі күні ел басқару ісіне араласып, үлкенді-кішілі билік басында жүргендер арасынан «пәленше министр айтқан шешен сөз, түгенше ғалым айтқан көсем сөз, сот ағасы былай депті, дегендей ел есінде, жұрт аузында қалар жанды сөздер неге естілмейді, неге ел арасына таралмайды» деген заңды сұрақ туады. Ойға салсақ, осының барлығының түп-тамыры тоқырау дәуірі кезінде жалпы халықтық тіл болады-мыс деген сарынға ілесіп, бала-шаға, тайлы-тұяғымызбен орысша сөйлеп, өзіміздің ілкіден келе жатқан ата-баба дәстүрін сақтауға селқос қарауымызда, ана тілімізді ардақтай білмегендікте, оның мүмкіншілігін ілгері дамытып, өрісін кеңейтуге мән-маңыз бере алмауымызда жатқан жоқ па? Оның үстіне, бай-кулактарды конфискелеу, дінге қарсы атеистік насихат жүрген кеңестік идеология елі мен жері үшін еңіреген ерлерді, хандар мен билер, датқа-болыстарды өз халқына жат, жауыз етіп көрсеткен жоқ па?
Міне, енді жариялық, демократиялық, адамгершілік, әділдік заманы қайта туды. Өлгеніміз тірілді, жоғымыз табылды, енді қайтіп адаспайтындай сабақ алдық. Қазақ елі егеменді тәуелсіз мемлекет атанды, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Ауылдар мен қалаларда қазақ тілі қоғамы құрылып, шұғыл іске кірісіп кетті. Қазақ тілінде мектептер, балабақшалар, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқытатын бөлімдер ашылып, жастарымыз ана тілінде оқып, үйрене бастады. Осы орайда ежелден келе жатқан аталы дәстүріміз – шешендік өнерді қайта қалпына келтіріп, жаңа талап, жаңа мақсат-мұратқа сай жетілдіру, ұрпақ тәрбиелеу ісінде игілігімізге айналдырып, болашақ мүддесіне пайдалану ләзім.
Қазақ ел таныған шешен-билерге кенде болмаған. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, оларды халық өздері қалап, би атап отырған. Ал би болып белгіленетін кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін, нағыз шешен әрі ақылгөй халық қамқоры болған. Сондықтан да «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді халық даналығы.
Әсте қазақтың шешендік өнері, билік құру дәстүрі Әз-Жәнібек ханның, Жиренше шешеннің тұсында өркен жайып, Әз-Тәуке ханның кезінде шырқау шыңына көтерілсе керек. Атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің даңқы осы кезде бүкіл қазақ даласына жайылды емес пе? Үш жүздің басын біріктіріп, Түркістан шаһарында хандық, билік ордасын құрған Тәуке ханның кезінде билер кеңесі құрылып, ол жыл сайын Түркістан, Сайрам шаһарлары маңындағы Битөбе, Мәртөбеде өтіп отырған. Билер кеңесінде үш жүздің атақты билері бас қосқан. Осындай кеңестің бірінде, қазіргі Сырдария облысы (Өзбекстан), Ангрен өзенінің жағасындағы Күлтөбе басында «Ханабад» атты Тәуке ханның ордасында қазақтың әдет-ғұрып заңдарының жиынтығы «Жеті жарғы» қабылданған («Қазақ совет энциклопедиясы», 2-т.1973 ж. 328-б.) «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп аталып кеткен сол жиынға Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Едіге би, Тайкелтір би, Байдалы би, Қоқым би, Қара Шырын би, Сасық би сияқты т.б. ірі беделді билер қатысқан. Қазақ билері ішінде батырлары да (Едіге, Бөгенбай, Қабанбай); ақындары да (Бұқар, Қазтуған, Бөлтірік, Жанкісі, Қылышбай т.б.) болған. Ал Төле би, Саққұлақ сияқты кейбірі кезінде ескіше оқыған, Шығыстың классикалық әдебиетін білетін, сауаты мол, білімдар кісілер еді.
Не керек, тарихымыздың хандық дәуірінде ел бірлігіне қызмет еткен аузы дуалы қасиетті бабаларымыздың еңбегі осы кезге дейін елеусіз болып келді, жас ұрпақ олардың шешендік сөзі түгілі, есімін де біле бермейді. Тіптен олар жөнінде тарихта да, энциклопедияда да (Төле би, Қазыбек, Әйтеке, Сырым тәрізді бірлі-жарымы болмаса) жан-жақты ашып жазылмады. Тіптен Әнет баба, Жетес, Сәмеке, Қанай, Досай, Есей би, Бекше, Мөңке, Сапақ, Асаубай, Ақтайлақ, Тайкелтір би, Арғынбай, Құлжабай, Таймас, Мамақ, Қозыбай би, Кенже, Бажақ, Көкшолақ би, Қараменде, Шәңкі, Шеген би, Қоқым, Сасық би, Толыбай, Өмірбай, Ноғайбай, Кебекбай, Киікбай, Алшынбай, Жанқұтты, Бөкеш т.б. осындай жүзден астам би-шешендер атаусыз қалды.
Ұзақ жылдардан бері жиналған қолда бар ауыз әдебиеті материалдарын саралап, реттеп жүзге жуық би-шешендердің ғұмырнамасы мен олардың өлең-жырларын, шешендік толғау, нақыл сөз, аңыз-әңгімелерін бір жүйеге түсірдік. Енді жылдар бойы жинақтаған халқымыздың сарқылмас мол мұрасын өзіне қайтармақпыз. Би, шешен бабаларымыздың аруағы риза болып, даңқы артсын, ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмасын, тарих бетінен өз орнын алсын, болашақ ұрпаққа игі мұра боп қала берсін деген ізгі ниетпен осы еңбекті оқушыға ұсынып отырымыз. Алла ниетті қабыл қылсын деңіз (Қазақтың би-шешендері, Н.Төреқұлов, М.Қазбеков).
Майқы би айтыпты дейтін, ел есінде сақталып мақал-нақылға айналып кеткен аталы сөздерден ел бірлігін сақтау, ар-намыс, адамгершілік туын биік ұстау ұлағаты есіп тұрады. Ондай аталы, сары алтындай салмақты сөздердің көбісі өз тұсындағы хандарға, би, бектерге бағыштай айтылғаны да аңғарылады. Сондай ел аузында жүрген нақылдардың хатқа түскен нұсқалары:
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Бірлік түбі – береке,
Береке түбі – мереке.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Ел болуды ойлаңдар.
Құлаққа жағымсыз
боқты сөз айтқанша,
Жүрекке жылуы бар отты сөз айт.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай, жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең,
Езге айтқан тура сөз,
Құмға төккен сумен тең.
Жаман еркек жер қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.
Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған азаматтарымыз осынау аталы сөздер үндеген мұрат-мақсат – әділдік, адалдық, бірлік туын берік ұстай отырып, мықты мемлекет, берекелі қоғам құру жолында күш-қайрат жұмсап келеді. Қазақ хандығы құрылған қасиетті өлке, ұлы даланың кіндігі Ұлытауда, рухани астанамыз қасиетті Түркістанда, қарт Каспий жағалауы, Жайық өзенінің бойындағы Атырау қаласында өткен құрылтайлар халқымыздың ұмытыла бастаған тарихын жаңғыртып, ұлтымыздың рухын көтерді, елдік арманымызды асқақтатты.
Ғасырлар сүзгісінен өткен Билер мектебінің рухани жалғасы ретінде осы заманымызға сай келетін «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің құрылуы бүгінгі күннің қажеттілігі екенін көрсетіп отыр. «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсат-міндеті – билік пен халық ортасында дәнекер, алтын көпір болу. Осынау ел бірлігін көздеген асыл мақсат жолында осыдан небәрі үш жыл бұрын дүниеге келген «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі бүгінгі таңда бірнеше облыс орталықтарында, қалалар мен аудандарда құрылып, нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ел ішіндегі түрлі даулар, отбасылық кикілжіңдер мен араздықтар, жер дауы және т.б. түсінбеушіліктер жергілікті билік органдарымен бірлесіп, оң шешімін табуда.
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы
және Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы