ӨНЕР мен ҒЫЛЫМ ТОҒЫСЫНДАҒЫ РУХАНИ МҰРА
08.06.2026
77
0

Биыл қазақ музыка өнері мен ұлттық музыкатану ғылымының негізін қалау­шылардың бірі, композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде.

Ахмет Жұбанов – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Алматы музыкалық колледжі, Жамбыл атындағы филармония, Абай атындағы опера және балет театры сынды іргелі мәдениет ошақтарының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның бастамасымен ҚазКСР Ғылым академиясы жанынан «Өнертану» секторы ашылып, ұлттық музыкалық мұраны жинау, жүйелеу, нотаға түсіру және ғылыми айналымға енгізу ісі жаңа деңгейге көтерілді.
Мерейтой аясында Ақтөбе қаласында «Жұбанов көктемі – 2026» халықаралық хор музыка фестивалі, домбырашылар байқауы, концерттер мен ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараларға Қазақстанның жетекші өнер ұжымдары, ғалымдар, музыкатанушылар және Жұбанов әулетінің өкілдері қатысты.
29 сәуірде Алматы қаласында М.О.Әуе­­­­­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында Ахмет Жұбановтың композиторлық, дирижерлік, ұстаздық, ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі жан-жақты талқыланды. Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар ұлттық музыка мұрасын зерттеу, сақтау, цифрландыру және заманауи ғылыми тұрғыда пайымдау мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Конференция аясында «Қазақстан­ның академиялық ғалымдарының музы­калық-сыни мақалаларының таңдамалы үлгілері» және «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты жинақтардың тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өскен өнер» атты мерейтойлық концерт ұсынып, Ахмет Жұбановтың шығармалары орындалды.
Қорытындылай айтқанда, Ақтөбе мен Алматыда өткен мерейтойлық шаралар Ахмет Жұбанов мұрасының қазақ өнері мен ғылымындағы ерекше орнын тағы бір мәрте айқындады. Оның шығармашылық, ғылыми және педагогикалық еңбегі ұлт­тық музыкатану мектебінің берік негізі болып қала береді. Ахмет Жұбанов мұрасы – өткеннің ғана емес, бүгінгі рухани жаңғырудың да маңызды тірегі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір