АДАЛ ЕҢБЕК – АРЛЫ АДАМНЫҢ ІСІ
17.09.2024
347
0

Ата заңымызда жария етілгендей, өзін әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастыруды көздеген Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ халықтың әл-ауқатының артуы, әлеуметтік даму мәселелерін басты назарға алды.

Жалпы, елдің әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің жақсаруының түпкі негізі – жоғары өнімді еңбекте. Жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірінен саналатын бүгінгі әлемдегі тұтыну идеологиясының ықпалына қалқан ретінде елімізде жалпыға ортақ еңбек қоғамы үлгісі ұсынылды. Осы тұрғыда жасалған еліміздің жаңа даму тұжырымдамасында әлеуметтік жаңғырту мен әлемдік бәсекеге қабілет­тіліктің нақты сипаты болып еңбек және басты тұлға – еңбек адамы бірінші орында тұр. Әлеуметтік жаңғырудың мәні қарқынды экономикалық дамудың негізінде жасалған игіліктердің қоғамның ілгері басуына қызмет етуі мен әділеттілік қағидаттарына сүйенген әлеуметтік қатынастарды қалыптастыра білуде. Өйткені әділеттілік пен адалдық, заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғам қай кезде де табысты болмақ. Ал осынау қоғам игілігіне айналар құндылықтар мен материалдық, мәдени-рухани байлықты жасайтын еңбек адамы. Барлық жетістіктердің бастауы, бар тұрғыда табысты болудың жалғыз жолы – адал еңбек, ерінбей, жалықпай, қай салада болса да шеберлігін шыңдап, өз кәсібінің ұстасы болу. Сондықтан алдыңғы қатарлы қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болмақ.
Әдетте, еңбек адамы дегенде ойы­мызға бірден малшы, диқан оралары рас. Дегенмен еңбек адамының санатына кез келген салада жұмыс істейтін мамандық иелері жататыны белгілі. Ол – дәрігер, мұғалім, инженер, етікші, құрылысшы, фермер, өнер адамы бола ма, бәрібір, ең бастысы өз мамандығын жақсы меңгерген, жұмысын бар ынта-ықыласымен атқаратын, маңдай тері арқылы табыс тауып, өзіне және қоғамға пайда әкелетін адал азамат болуға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп атап өтті.
Айта кетейік, мұндай жағдай қалыптасқан қоғам әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске көшуге үлкен мүмкіндік алады. Өмірдің жаңа сапасына қол жеткізу, әрине, әрбір еңбек адамының, кәсібін жетік меңгерген мамандардың жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы, маңдай терімен келер адал табысы арқылы мүмкін болмақ. Осы орайда Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында білімді ұрпақ тәрбиелеу, білікті маман даярлау ісінде білім беру саласына жүктелер міндеттерге баса назар аударды. Алға озған зымыран уақыт талабына сай еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарын іске асыру, ғылымды дамыту, экономиканы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету – бүгінгі таңда алдымызда тұрған өзекті міндет. Осыған орай мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбайды сөзге тартқан едік.
«Мемлекет басшысының күні кеше халыққа арнаған Жолдауында осы мәселені шешудің жолы көрсетілді. Алдыңғы бір Жолдауда жоғары оқу орындарына байланысты әңгіме көтерілген болатын, – деп сабақтады ол әңгімесін. – Осы ретте үкіметтің оларды халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастыруды қолға алғаны, қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастағаны айтылды. Мұндағы мақсат кадрдың сапасын, біліктілігін арттыру болса керек. Әйтпесе елдегі жоғары оқу орындары жартысының ғана түлектерінің тек 60 пайызы жұмысқа ілігетіні, дип­ломның құнсызданып бара жатқаны жасырын емес.
Бұл проблеманы Мемлекет басшысының бөле-жара қозғауы – жастарды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудегі, кәсіби мамандар даярлау ісіндегі сабақтастыққа аса мән бергенін көрсетеді. Білім сапасын көтеру мақсатында көптеген жоғары оқу орындарын қысқартудың орнына оларды кәсіптік білім ордаларына айналдыру тетігін ойластырса құба-құп болар еді. Әрине, келте шешім болмас үшін ата-аналардың, азаматтардың, жалпы қоғамның да жауапкершілігін арттыру маңызды. Өзін бір алдаған адам, елін «мамандық алдым» деп екі алдайды. Оның үстіне, оқу орындарының рейтингін министрліктер емес, жұмыс беруші тарап айқындаса, бірқатары өзінен-өзі жабылады, яғни олардың санын сапа реттейді. Сұранысқа ие маман даярлайтын оқу орындары қазірдің өзінде ел аузында жүр. Мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарына талап әркелкі емес, бірдей болуға тиіс. Сапалы білім беріп жатқаны ғана мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізсе, нәтиже бүгінгіден де жақсы деңгейге көтерілмек».
Дархан Қамзабекұлы диплом ғана емес, кәсіби білікті маман қажет екенін айта келіп, бұл сол мамандарды даярлайтын білім ордаларындағы оқытушылар сапасына да байланысты боларына тоқталды. «Біз оларды қайдан аламыз? «Шеттен» деген ойдың негізсіздігін уақыт дәлелдеді. Расында, кім жақсысын жіберсін. Біраз жыл «шеттен шақыру» саясатымен мемлекеттің қыруар қаржысы шығындалғанын жұрт жақсы біледі. Тексере келгенде, дәріс оқуға профессор қат болып, қатардағы магистрлер ағылған. Жоғары оқу орындары мұны «қаржыны игерумен» түсіндірген…
Біздіңше, қай заманда да отандық маманның бәсі жоғары. Олардың озығын дәл табу, ақылмен ынталандыру, парасатпен білігін көтеру – өскен елдің парызы. Әйтпесе бар жұмыс «мұғалімдерді бірер айлық курспен ағылшындандырудың» кері болмақ. Мұны да «қаржыны игерумен» ақтаған кез болған. Жалпы, педагогтің мәртебесі, айлығы дегенде, жоғары мектепті де, кәсіптік-техникалық оқу орындарын да ұмыт қалдыруға болмайды. Көз майын тауысып, білім-ғылымға өмірін арнаған профессордың 150-160 мың теңге айлығы көп пе, аз ба?..
Ғылымды дамытуға жалпы ішкі өнімнің кемі 1 пайызын бөлу – бүгінде көкейтесті мәселе. Жаңылыспасақ, Ресейде солай. Бізде 0,16 пайыз десетін. Мұны неге айтып отырмыз? Жоғары оқу орындары ғалымдарының 25-30 пайызының ғана ғылыммен айналысуға мүмкіндігі бар. Бұл – осынша ғалым қосымша қаржы табады деген сөз. Интеллектуалдық-ғылыми еңбек – ғалымның ғана емес, еліміздің қазіргі және болашақтағы нәпақасы, түгесілмес дәулеті (капиталы) екенін түсінетін уақыт жетті. Жалпы, өткеннен сабақ алу да өнеге болмақ. Президент биылғы Жолдауында «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын», – деді.
Расында, бұл – қазіргі және болашақ жұмысшы мамандығы иелерінің мәртебесін көтеруге бағытталған жоспар. Бүкіл әлемде орташа тапты қалыптастыру ісін қоғамдағы тұрақты дамудың кепілі ретінде қарастырады және оның өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Жұмыс орнын ұсынатын ұлттық компаниялар, өндіріс орындары мен өнеркәсіп мекемелері осынау мемлекеттік маңызы бар іске өз үлестерін қосады деп сенеміз», – деп түйіндеді өз ойын Дархан Мыңбай.
Иә, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, қай салада болсын адал еңбек қашан да лайықты бағаланып, табыс пен құрметке жеткізетін қоғам қалыптастыра білсек, ұлт сапасы артып, ел дамуы алға озары хақ.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір