Ақиқат сөздің адал сардары
07.10.2022
3302
0

Нағыз өнер туындысы, шынайы әдеби шығарма қалайда оқырман-тыңдарман-көрерменге әсер етіп, санасында сілкініс туғызып, жүрегін тербеп, жан дүниесіне әйтеуір бір өзгеріс әкеледі. Онсыз қай көркем дүниенің де бір қайнауы кем. Қазақ әдебиетіне сыршыл лиризмге толы әңгімелерімен келген, кейін шығармашылығын адам жанының мың-сан қатпарына үңілер психологиялық, өмір, қоғам, адам қатынасындағы мән-мәністерге тереңдейтін философиялық ойлы шығармалармен байытқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – әр туындысы сезімді селт еткізбей қоймайтын сирек суреткердің бірі. Ол әдейі «оқырман талабының үдесіне шығайын, көпшіліктің көңіл кілтін табайын» деп қадамын есеппен басып, қаламын қарабайыр­ландыра түсетін жазушылардың қатарынан емес. Ол – керісінше, қаламының ұшын ұдайы шынайылық пен өткірліктің, туралық пен еркіндіктің сиясына ғана малып отырып жазатын Ақиқат сөздің нағыз адал сардары.
Оқырман жүрегіне жол тауып, оны біресе күлдіріп, біресе жылатқан, біресе ойлантып, біресе мұңайтқан, адам жанында бар барша сезім атаулыны оята білген қаламгер жарты ғасырдан астам уақыттан бері сол оқырман назарында, оқырман жүрегінде келе жатыр. Прозасы да, драматургиясы да қазақ әдебие­тінің даңқын асырған бұл тұлға – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған Дулат Исабеков. Осы мерейтойа орай Алматыда 13-17 қазан аралығында «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты ІІ Халықаралық театр фестивалі өтпек. Оған Қазақстанның үш театры, сондай-ақ Мельбурн (Австралия), Эрзурум (Түркия) және Цхинвали (Грузия) театрлары келіп, драматургтің пьесаларын сахналайды.

АҚИҚАТ СӨЗДІҢ АДАЛ САРДАРЫ

Әдебиеттің басты мұраты – адам жанын ізгілендіру, адамның жүрегін тазарту, оны рухани кемелдікке жетелеу дейміз. Бірақ оқырманның қандай да бір сезім нүктесін дәл баспай, көкейіндегі бұйығып жатқан қиялына қозғау салмай, ішкі жан дүниесіне әсер етпей, ол мұратқа жету мүмкін емес. Осы ұлы мақсат жолында қазірге дейін қаншама қаламгер тер төкті, бүгін де талайы талмай еңбек етіп келеді. Солардың ішінде – оқыған жанның ойына ой қоса алған, санасын сілкіп, көңіл пернесін нәзік шерте білген бірегей шеберлер ғана бүкілхалықтық ықыласқа бөленеді.

Әр ойы – асыл тастай қадірлі

Қазақ оқырманының бірнеше буыны жазушы-драматург Дулат Исабековтің кітаптары арқылы тәрбиеленді. Оның шығармалары өмірдің өзінен сол күйі алына салғандай шынайылығымен, кейіпкерлерінің қарапайымдылығымен, тазалығымен, оқырманды селт еткізбей қоймайтын әсерлілігімен ерекшеленеді. Мәселен, «Қарғын» романы жарық көргелі қырық жылдан асып кетті, одан бері бірнеше ұрпақ ауысты, сонда да қолдан-қолға өтіп, үзбей оқылып келеді. Кейіпкерлердің қарым-қатынастары да, іс-әрекет, болмыс-бітімі де психологиялық жағынан мінсіз мінезделген. Көлем көбейтіп, бекерге ілесіп жүрген керексіз сөз де жоқ, деталь да жоқ, орынсыз суреттеулер де, өз тілін өзі қызықтаған артық ділмарсу, ақылдымсу да жоқ, жақсы шығарма үшін қажетті компоненттің бәрі орын-орнында, мөлшермен ғана пайдаланылған. 1980 жылдан бері заманның талай астаң-кестеңі шықты, адам да өзгерді, қоғам да құбылды, құндылықтар ауысып, тіпті ол кезде жақсы деген дүниеміздің кейбірін «жаман» деп сипаттайтын, бұрын жаман саналатын нәрсенің біразын «жақсыға» айналдырған уақыт келді. Бірақ оқырманның «Қарғынға» деген көзқарасы өзгерген жоқ. Бұл аз десеңіз, ол кезде дүниеге де келмеген жас буынның қызығушылығын оятып, бірнеше рет қайта басылып жатты. Көркемдік шеберліктің құдіреті деп осыны айтатын шығар.
Жалпы, Дулат ағамыздың шығармашылығына тән ортақ қасиет – осы шынайылық пен нақтылық. Әр туындысы – бәйгеге түсер жарау жүйріктей ширақ, әр ойы – ысқылаған сайын жарқырай түсер асыл тастай қадірлі, әр сөйлемі – кәнігі сәулетші қалаған кірпіштей жинақы да түзу. Сол себепті де, бұл кісінің кез келген кітабын оқуға кібіртіктемей кірісіп кете аласыз: кей қаламгерлердің ұзақ-сонар монологтармен, сала құлаш толғаныстармен беретін тұстарын Дүкең кейіпкердің бір ғана әрекетімен, жай ишарасымен немесе қысқаша диалогпен-ақ дәл жеткізе біледі. Сыншы Әмірхан Меңдекенің «Дулат Исабеков қазақ әдебиетіне қабақ арқылы-ақ тани қоятын сергектік пен көп қатпарлылық сипат алып келді» деуінің сыры осында ғой деп білеміз.
Кейінгі уақытта кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне күдікпен қарайтын, сол заманда жазылған дүниенің бәрін «солақай саясаттың қолшоқпары» санап, күресінге лақтырғысы келіп тұратындар көбейді. Бірақ сол уақытта өмір сүріп, сол уақытта жазғанымен, туындыларынан ешқандай «кеңестік леп» сезілмейтін, шығармашылығына адал ақын-жазушылар да аз болмағанын солар ұғар ма екен? Сондай қаламгердің бірі – Дулат Исабеков. Ол кісінің «Социализм зәулімі» атты әңгімесі тіпті кеңес өкіметі құламай жатып, оның «жаназасын шығарып» тастағандай еді. Бұл туралы кезінде жаңа ғана өзіміз аты-жөнін атаған белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке таратып-ақ жазды, талдап-таразылады. «Ертегі елінде» хикаятында да «қиялға берілген» боп отырып кеңес қоғамын «сабап» алатын тұстар аз емес.
Сондықтан да оқырман қауым «жебесі улы» Д.Исабековтің уытты да өткір сарказмымен қалың күлкіге қарық қылған «Талахан-186», «Ескі үйдегі жаңа қоныс», «Бонапарттың үйлен­уі», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Конфронтация», «Жүзжылдық арман» сияқты усойқы әңгімелерін айрықша жақсы көреді. Әсіресе «Ескерткіштегі»: «Біздің жақ та қарап қалмай, обком хатшысы жауап сөз сөйлеп, белгісіз жұмысшыға қойылып отырған ескерткіш дүниежүзінде бірінші екенін, бұлай ету тек социалистік қоғамда ғана мүмкін бола алатынын, капиталистік мемлекетте олай болмайтынын, бұл секілді ескерткіштің басқа еш жерде емес, Жер шарының дәл өздері тұрған нүктесінде бой көтергеніне басы өзі боп қуанатынын және қарапайым жұмысшыға ескерткіштер қою мұнымен шектеліп қалғалы отырмағанын, белгісіз сиыршылар мен бұзаушыларға, жылқышылар мен қойшыларға, тауықшылар мен шошқашыларға, т.т. толып жатқан құрметті мамандық иелеріне «кеудеден жоғары бюсттер мен кеудеден төменгі жағы да қамтылған толыққанды бейнелер» жасау­ды жалғастыра беретінін айтқанда, ағылшындар жағы ду қол шапалақтап, аупартком жағы үнсіз қалды», – дейтін сөйлемді классикалық сатира деуге болады. Жоғарыға жалған ақпар беріп (мұндай әдет қазір де бар ғой!), бітпеген ескерткіштің тұғырын тірі Әштенмен қалқалап қана құтылғалы отырғанда облыстан келген өкілдің «ескерткішті» сөзбен болса да көбейтіп бастауы – өтірікшілердің төбесінен мұздай су құйып жібергендей болғаны сөзсіз.

Асау жанрды ауыздықтаған жазушы

Оқырман жүрегіне жол тапқан жазушы оны тек күлдіріп қана қойған жоқ, жылатты да. «Сүйекші», «Тіршілік», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Тыныштық күзетшісі» хикаяттарындағы тағдырлар көзіңе жас алдырмай қоя ма… «Гауһартас» пен «Қара шаңырақ», «Шалдар» мен «Кемпірлер» қандай мөлдір, қандай шынайы! Аталарымыз бен әжелерімізді еске түсіретін, сағындыратын, елжірететін, қазыналы қарияларымыздың мейірімге толы жүздерін, аялы алақандарын аңсататын сезімге толы бұл шығармалардың ескіруі әсте мүмкін емес.
«Дермене» ше? Өмірде де қиянат пен әділетсіздік – Омаш сияқты ожар да әлді, өктем де безбүйрек қой. Ал әділдік пен мейірім – тура Тоқсанбай қарт пен оның немересіндей әлсіз де нәзік. Омаш титтей баланы сабағанда, оған қауқарсыз қаусаған шалдың араша түсе алмай, қалбалақтайтыны қандай аянышты… Кейін ұйықтап жатқан баланың жаман түс көріп, «Көке!» деп дауыстап жіберетіні, сонда немересін титтейінен кемпірі екеуі ғана бағып-қағып келе жатқан қарттың: «Әкеге баланы, балаға әкені ыстық қып қойған құдіретіңе болайын, жаратқан! «Осы бала, осы бала» деп асты-үстіне түсіп, әке-шешесін жоқтатпай-ақ, көңілі пәс болмасын деп отқа күйіп, суға батып біз жүреміз… «Көке!» дейді бұ күшік… «Көке» дейді…» – деп кемсеңдейтіні, «Сонда бәрі… бәрі бекер болғаны ма, бізді пана тұтпағаны ма бұ шіркіннің?» деп күйзелетіні – керемет әсерлі көрініс.
Жазушының драматургиядағы табыстары да жұртшылықтың көз алдында. Драма жанрының өзіне тән ерекшеліктерін сезініп, пьесаның дамуын, құрылымын, шарықтау шегін шеберлікпен түзе алатын, әр образға керекті сөз тауып, қызықты диалог өре білетін қаламгердің туындылары сондықтан да сахнадан түспей келеді. 28 пьеса жазған Д.Исабековтің бірде-бір шығармасы сахналанбай қалған жоқ!
– Мұның сыры – адамзатқа тән уайым­ды түгел қабылдай отырып, өз кейіпкеріңе ұлттық бояу сіңіру, оқиғаның бәрін жинақтай келе ұлттық бейне жасау, ұлттың трагедиясын, мұңын айту, мінезін көрсету дер едім, – деген болатын жазушы бір сұхбатында. – Сонда ғана шығарма жұртқа керек болады. Мысалы, «Өкпек жолаушы» немесе сахналарда қойылып жүрген «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын неге ағылшындар қойды? Себебі ортақ проблема бар. Драматургияға қысқалық, нақтылық қажет. Қазақ драматургиясында жалпылама сөз көп, бір шәй ішудің өзін 10-15 бетке дейін суреттеп отыратындар немесе сахнада тұрып алып ақыл айтатындар жетеді. Оны драматургия көтермейді. Өмірдің шындығын және ең керектісін айта білсең, барлық елге ортақ трагедия­ны, ортақ драманы көрсетсең ғана ол ағылшынға да, французға да, қазаққа да керек болады. Драматургия – асау, тағы жанр. Оны «көндіріп», игеріп, бас білгізу қиын. Оқиғаны құр баяндап беру – драматургия емес. Оқиғаны бірсыдырғы өрбіту көрерменді он минуттан кейін жалықтырып жібереді. Мінездегі ерекшелік, оқиғаның дамуындағы өзгешелік, морт сыну, өткір диалог, күтпеген оқиғалар құру… Қысқасы, көрерменді қызықтырып, жетелеп отыруға тырысқан жөн.

Телегей теңіз шығармашылық
Биылғы көктемде Түркістанға жол түсіп, Д.Исабековтің «Бөрте» спектаклін тамашалаудың сәті түсті. Керемет әсер алдым. Сахнаның әрленуі, режиссердің шеберлігі, актерлардың ойнауы – бәрі тамаша! Бірақ сол ғажап дүниенің өзегінде бәрібір сөз өнері, бәрібір әдебиет жатыр ғой! Көзқарастар қайшылығы, пікірлер таласы, ой таласы жатыр ғой! Автордың тарихтан елдің көпшілігіне белгілі сюжеттер легінен әсерлі драма тудыра алғаны, кейіпкерлерді шебер сомдауы, осыдан пәленбай ғасыр бұрынғы оқиғалар астарынан бүгінгі күнде де өзекті болып тұрған нәр мен мән тауып, билік-қоғам-адам қарым-қатынасындағы шиеленістерді басты назарға алып шығуы – зор олжа екеніне көзіміз жетті.
Дулат Исабековтің пьесалары шет тілдеріне аударылып, бірнеше мемлекетте қойылып келе жатуы да – автордың осы талаптардың үдесінен шыға білуінен болса керек. Бұл жазушы-драматург шығармаларының бізді ғана емес, әлем көрермені мен оқырманын да толғантатынын дәлелдейді. Осыдан бес жыл бұрын Ұлыбритания астанасы Лондонда Дулат Исабеков шығармашылығына арналған театр фестивалінің өтуі – соның жарқын дәлелі. Фестивальге Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Жаужүрек» спектаклімен, Республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия теат­ры «Актриса» спектаклімен қатысса, ағылшындар «Аққу-Жібек» атты жаңа қойылымын ұсынған еді.
«Гауһартас» және «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітаптары ағылшын тілінде басылып, дүние жүзіне мәшһүр болған, Британ ұлттық кітапхана қорына кітабы енген алғашқы қазақ жазушысы атанған Д.Исабеков бұған аса қатты қуана алмағанын жасырмайды. «Неге біз осы уақытқа шейін әрекет жасамағанбыз? Абай қайда? Әуезов қайда? Басқа мықты жазушыларымыз қайда? Біз осыған мән бермеген екенбіз. Бізде жаман бір қағида бар: «жақсы нәрсе болса, өздері кеп тауып алады» деген. Ешкім де кеп тауып алмайды. Ағылшын баспасы кеп «Қазақта кім бар?» деп қазақ жазушысын іздеуші ме еді? Көрсету керек. Мемлекет тарапынан әрекет жасау керек», – деген болатын жазушы.
Сол кезде 75 жылдығын Лондонда арнайы атап өткен, Лордтар палатасында сөз сөйлеген Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памуктан кейінгі түркі дүниесінің үшінші жазушысы болған Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған тұлға. Оның әрдайым өз ойын ашық айтатыны, қандай мәселеге байланысты болсын пікір білдіруден қашпайтыны – ақиқатқа ғана сүйенетін шыншыл болмысынан. Қия­натты, әділетсіздікті біле тұрып, қарап отыра алмайтын азаматтық ұстанымынан. Қарапайым халықты, мемлекетті, ұлтты, тілді, қоғамды кері тартар кедергілерді көре тұрып, үнсіз қала алмайтын әділетсүйгіш қайраткерлік қасиетінен. Әйтпесе, сұхбатқа, сауалнамаға, қоғамда болып жатқан оқиғаларға орай хабарлассаң, телефонын өшіріп, есігін тарс жауып алып, тырс етпей жата беретін ақын-жазушы да аз емес…
Дулат Исабеков – өте оқылымды жазушы. Бірде алыс өңірдегі бір досы­мыздың ауылына барғанымызда, тау бөктерінде қой бағып жүрген шопанның етігінің қонышынан «Тіршілік» шыға келгенде таң қалғанбыз. Меніңше, Дүкең шығармашылығы – телегей теңіз сияқты: суда балықша жүзе алатындар сонау ортасына дейін құлаштай малтып, тереңіне сүңгіп, інжуін іліп шығады, алысқа бара алмайтындар да еншісіз қалмайды, олар сол теңіздің жағалауға жақын жерлерінде шомылып жүріп-ақ оның жақсылығын ұғынып, шарапатын сезіне алады. Ұлы жазушыларды оқырманның әрқилы топтары да бірдей ұғынып, жақсы көруі сондықтан болса керек.

Сәкен СЫБАНБАЙ

«БӨРТЕ» ЕНДІ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ДЕ ҚОЙЫЛАДЫ

13-17 қазан аралында Алматыда жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жас мерейтойына арналған «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі өтеді.
Фестиваль аясында автордың бірнеше пьесасы көрсетіледі:

13 қазан
Сағат 17.00-де – Фестивальдің ашылу салтанаты (Алматы театрының ғимараты, әл-Фараби даңғылы, 30-үй)
18.00 – «БӨРТЕ» (Түркістан музыка-драма театрының қойылымы, Алматы театрының ғимараты)

14 қазан
11.00 – «ЖҮЗЖЫЛДЫҚ МАХАББАТ» (М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының спектаклі, Әуезов театры ғимаратында, Абай даңғылы, 103-үй)
18.00 – «ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ» (Түркияның Эрзурум театрының қойылымы, Әуезов театрында)
15 қазан
18.00 – «АКТРИСА» (Грузияның Цхинвали театры, Әуезов театры ғимаратында)

16 қазан
18.00 – «МҰРАГЕРЛЕР» (Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыка-драма театры, Әуезов театры ғимаратында)

17 қазан
11.00 – «БӨРТЕ» (Австралияның Мельбурн театры, Әуезов театры ғимаратында)
16.00 – «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» театр фестивалінің жабылу салтанаты.

Фестивальдің бірінші күнінен басқасы түгелдей Әуезов театрында өтеді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мерейін өсірер фестивальге куә болуға асығайық, қадірлі оқырман!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір