АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС
20.03.2024
186
0

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Ұлт­тық құрылтай төрағасының орынбасары,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Кесек-кесек ойлар айтылып, келелі мәселелер қозғалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлт­тық құрылтайдың үшінші отырысы қазақтың киелі мекенінің бірі де бірегейі – Атырау қаласында өт­ті. Естеріңізде болса, алғашқы құрылтай барлық рудың таңбасы тасқа жазылған, ұлт ұясы, ұлы даланың төрі – Ұлытауда, екінші Ұлт­тық құрылтай қазақтың рухани астанасы атанып кеткен киелі Түркістанда өт­ті. Ұлт­тық ұрылтайдың үшінші отырысының тарихи тамыры терең өлке – Атырауда өтуінің маңызы зор. Әлем тарихында ойып орын алған Алтын Орданың астанасы – әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Бұл – дүниенің төрт бұрышына өркениет­тің жібін тартқан киелі мекен. Әрине, Рамазан айы, жыл басы – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген Ұлт­тық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынындағы әңгіме де кесек-кесек, қозғалған мәселелер де келелі болды.
Ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтар тізбесі айқындалды.
Президент, ең алдымен, елдігіміздің діңгегі – халықтың береке-бірлігін сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлт­тың мақтанышы», – дей келе ел дамуына ерен еңбек сіңірген, мемлекетшіл тұлғаларды да жеке-жеке атап өт­ті.
Мемлекет­тік тіл туралы: «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажет­ті арт­тыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекет­тік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деген Президент «Қазақ тілі қоғамына» да айрықша екпін түсіре сөйледі. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қорға өзі қолдау ретінде жеке шотынан ақша аударған болатын. Экономиканы дамытуда креативті индустрияның рөлі маңызды. Қазақ тілін дамыту үшін XXI ғасырдың жаңа тетіктерін оңтайлы қолданған дұрыс.

Сәуле ДОСЖАН,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Ұлт­тық құрылтай мүшесі

Руханиятқа баса назар аударылды

Бабалар дәстүрін жаңғыртып, ежелден елдік мәселелер шешілген Құрылтай жиынын ортамызға қайта әкелдік. Мен құрылтай құрылғалы бергі әр жиынына қатысып келемін. Ұлытаудағы құрылтайда – 42 бастама, Түркістандағысында 100 ұсыныс назарға алынды. Үшінші басқосуда Президентіміз алдыңғы екі құрылтайда тілге тиек етілген мақсат, жоспардың сексен пайыздан астамы жүзеге асқанын мәлім ет­ті. Солардың мен үшін айрықшасы «Ауыл – ел бесігі» мен Балалар кітапханасын құру идеясы және Ясауи мұражайына ұлт­тық мәртебе берілгені, «Халық жазушысы» атағының қайта оралғаны дер едім.
Күні кеше оразамен тұспа-тұс келіп, Алтын Орданың бағзы астанасы – Сарайшықта, бүгінгі Атырауда үшінші құрылтай өт­ті. Президентіміз баяндамасында елді ұйытатын үлкен рухани-мәдени жобалармен қатар халықтың береке-бірлігін нығайту жұмыстарына баса назар аударды. Елге жөн көрсетіп, сөзге тоқтататын зиялы қауым өкілдері мен қалмгерлерді, өнер адамдарын ел ішінде іріткі тудыратын емес, ауызбірлікке үндейтін сөз айтып, оң бағыт­тағы әрекет­тер жасауға шақырып: «Өспейтін елдің баласы болып, өнбейтін дауды қумайық, ел бірлігін нығайтатын әңгіме айт­қан жөн», – деді. Сондай-ақ қазақ тілі бизнес пен техниканың да тіліне айналып келе жатқанын айта келе тіліміздің аясын кеңейту жолын сөзбен емес, іспен атқару керегін ескерт­ті. Былтыр құрылған Qazaq tili Endowment қорына көмек қолын созған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.
Әр Ұлт­тық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы кітап ісі мен кітап оқу жайын, кітапхана төңірегіндегі түйткілдерді назардан тыс қалдырған емес. Түркістанда өткен екінші құрылтайда балалар кітапханасын жасауды тапсырса, бұл жолы Алматы мен Астанада көп ұзамай тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынатынын жеткізді. Түркия еліне барғанымда студент­терге арналған «Президент кітапханасында» болған едім. Ұнағаны, студент­терді оқу орнының жанынан жүретін автобустар сол кітапханаға тегін әкеледі екен. Кітапхана асханасынан тегін түскі, кешкі ас ішіп, сондағы дивандарда мызғып алып, түнге қалып ізденіп оқып жүрген жастарды көрдім. Ал осыдан ке­йін ол бала қалай жағымсыз нәрсеге бой алдырсын?.. Ол, әрине, тек өз білімін жетілдіріп, ізденіп, болашаққа ұмтылады. Қайтарда да кітапхана алдында тұрған тегін автобусқа мініп жатақханасына барады екен. Міне, Құдай бұйырса, біздің балаларға да Президентіміз жалықпай оқитындай жағдай жасамақшы!
«Ұлт­тық кітап күні» ат­ты мереке болатыны да осы үлкен мінберден айтылды. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды тапсырды. Қазір қит етсе, «кітап оқылмайды» деп шығады көбі. Неге оқымайды, оқығанда қандай! Қазіргі жас ата-аналар балаларымен кітап дүкендерінде жүреді көбіне. Үйде ата-ана – бала болып оқып-талдайтын отбасыларды да кез­дестіріп қаламын. Өзімнің «Ауылдан шыққан миллионерім» мен «Біртуарым» сол отбасылық оқудың арқасында бестеллерге айналып, мені танымал жазушы ет­ті. Балаға арнап баладай таза, ақ көңілмен шығарма жазсақ, оқиды екен.
– «Бабалар жолымен жүруіміз керек» деген Президент Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін баса айтып, дінге қатысты да біраз ойын ортаға салды. Халқымыздың танымында қара киім кию жақсылықтың нышаны болмағаны жайлы тоқтамын құрылтай мүшелері ықыластана қолдады. «Ұлт­тық киім күні» белгіленетін болды. Дәп осы құрылтайда жиналған қауымның ұлт­тық сипат­тағы шапан, қамзол киіп, алқалы жиында жайнап отырғаны көз сүйсіндірді.
«Озық ұлт болу үшін жақсыға ұмтылайық» деген Мемлекет басшысы негізгі бес кеселмен күресу қажетін, нашақорлықты, құмарпаздыққа әуестікті жою керегін, тіпті насыбай атудың өзі ұрпақ саулығына қаншалықты зиян екенін ұқтырды. Бүгінге де­йінгі есеп бойынша, төрт жүз мыңнан астам адам, яғни тұтас бір қаланың тұрғыны лудоманияға шалдыққанын атап өт­ті. Шындығында, сұмдық қой. Жиырма миллион халықтың жиырма пайызы қасірет көреді деген сөз – бұл. Осылардың бәрі дерлік – жастар. Ұлт­тың тірегі болар жастардың бұндай дертке шалдығуы өзіне ғана емес, мемлекетке, демографияға теріс ықпал етері сөзсіз. Мемлекет басшысы жанашырлықпен ескеріп отырған бұл түйткілге де бұқара болып қарсы тұрғанымыз жөн. Құрылтайда бүгінге де­йін қарапайым халық армандап келген – заң үстемдігін орнату, заң мен тәртіптің қатал сақталуы сынды жайлар да қозғалды. «Заң қараға да, ханға да бірдей болуға тиіс» деген ұстанымның алдағы уақыт­та қатал сақталатыны да Президент­тің аузынан айтылып, талап етілді.
Елдің ісі – тек Президент­тің не Үкімет мүшесінің ғана емес, әрқайсысмыздың ісіміз. Әркім өзінің отырған, жүрген жерінде мемлекет­тің әр затын көзінің қарашығындай сақтап, өз мүлкіндей қорғап, ата-бабадан қалған дәстүр-салтын жалғастырып, ұрпағына үйретуге міндет­ті. Еліміздің әр тұрғыны Отанға да, отбасына да, өзіне де, өзгеге де адал азамат болып, перзентін адал еңбекке үйретуі керек.
Ең аяғы, Ел басшысы судың да сұрауы барын ескерт­ті. Су мен жарықты үнемдеу арқылы әр отбасы, әр адам өзінің тұрмысын жақсартып, ертеңін ұзартады. Табиғат­ты қорғау – ұрпағымызға қалдыратын байлығымызды қорғап, олардың өмірінің ұзақ та барақат­ты болуына атсалысу.

Рауан КЕНЖЕХАН

Тәуелсіздіктің де, мемлекет­тік тілдің де бірінші қорғаны – Мемлекет­тің басшысы

«Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінен» бастау алған бұл жолғы құрылтай – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайт­қан тиімді дәнекерге, ел ішінен іріктеліп шыққан ілгері топты ортақ іске жұмылдыратын қазіргі заманның нағыз инклюзивті қоғамдық институтына айналды. Ұлт­тық құрылтай – бір мақсат, ортақ мүдде, нақтылап айтсақ, тәуелсіздікті нығайту мүддесі үшін мемлекет пен қоғамның іс жүзіндегі тиімді әрекет­тесу алаңы ретінде орнықты. Оған дәлел болатын саяси реформалар, экономикалық және әлеумет­тік бастамалар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – бәріміз жұмыла кіріскен, мемлекет­тік тілді қолдау мен көркейтуге бағыт­талған жаңаша әрекетіміз.
Ана тіліне жанашыр болу – әр адамның перзент­тік парызы, ал мемлекет­тік тілге қамқор болу – сол елді Отаным деп танитын әр азамат­тың міндет­ті борышы. Себебі тіл – тіл мен тәуелсіздік бірінен-бірі ажырамайтын, қатар, тең тұратын егіз ұғымдар, қастерлі құндылықтар.
Тәуелсіздіктің бірінші қорғаны, бас кепілі – Мемлекет­тің басшысы болса, тура сол сияқты мемлекет­тік тілдің де бірінші жанашыры, бас қолдаушысы – еліміздің Президенті. Қасым-Жомарт Кемелұлының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын кеңінен қолдауы, біз құрған «Қазақ тілі» эндаумент қорына жеке үлес қосып, көпшілікке үлгі көрсетуі – осы қағиданың жарқын мысалы және анық айғағы. Сондықтан да «Қазақ тілі» қоғамы мен барша тіл жанашырлары атынан ана тілімізге деген жеке қамқорлығы үшін Ел Президентіне зор ризашылық білдіремін! Ұлт­тық құрылтайдың үшінші басқосуында қозғалған барлық мәселе мен жоспарланған игі жұмыс ретімен жүзеге асатынына, халық тарапынан үлкен қолдауға ие болатынына сенем.

Светқали НҰРЖАН

ҮШІНШІ ҰЛТ­ТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ЖӨНІНДЕ АЗ СӨЗ

Үшінші рет Ұлт­тық құрылтайдың Рамазан айында, жылдың басы әз-Нау­рыз – Ұлыстың ұлы күнінде Ұлық ұлыс – Алтын Орданың ежелгі астаналарының бірі – Сарайшық-Атырауда өтуінің символдық мәні бар. Мұның бәрі – әрине, өткенге өкше тірей отырып, ертеңге еңсе тіктеудің амалдары. Мамыр өте Мәртөбеде өтетін мәжілістердің, Күлтөбеде күнде өтер жиындардың, Ордабасы, Қарақұм құрылтайларының жалғасы демесек те, сол күндердің «таңбасы» бар бұл құрылтайда…
14 наурыз күні құрылтайдың жұмыс топтары төрт секцияға бөлініп, қызу әрекетке кірісіп кет­ті. Әркім көкірегін тербеген ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып бақты. Солардың ішінде біз де біраз мәселені қозғадық. Ең әуелі, күллі түркі, барша мұсылманға ортақ мерекелермен құт­тықтаған соң, Түркия мемлекетінің ең ірі телеарнасы ТРТ аваз Қазақстаннан «Яссауи» тобын алдырып, арнайы хабарлар түсіріп, 30 күн оразаның әр күніне Әзірет Сұлтан бабамыздың бір хикметін беріп тұруын ұлт­тық рухания­тымыздың зор жеңістерінің бірі ретінде бағалайтынымды айт­тым.
Соңғы кез­дері қазақтың бағзы заманнан келе жатқан киелі мұралары – фоль­клорлық ән-күйлерді, жыр-дастандарды жеке топтық-тектік, рушылдық мүдде тұрғысында өңін айналдырып, мәтіндерін бұзып, тарихын бұрмалап, ойдан жасап шығарған, өмірде мүлде болмаған біреулерге телу етек алып барады. Осыған қатысты заң талаптарын айқындау, қатаңдату қажет­тігі күн тәртібінде тұр. Содан соң, «Мәдениет туралы» заңның олқылықтарына тоқталып, бір топ ғылым-өнер саласындағы азамат­тардың ұсыныстарын ортаға салдым. Сондай-ақ қандастар мәселесін, олардың Отанға оралғаннан ке­йін орналасатын мекендеріне шектеу қоюды алып тастау, Қытайдан келмек қандастарымыздың ресми құжат­тарын рәсімдеудегі қиындықтарын жеңілдету, қандастар үшін виза мерзімін ұзарту сынды күрмеулі істерді тезірек шешуге мән беру керегін алға тарт­тым.
Рәміздерге қатысты («геральдика» ұғымының ұлт­тық танымымызға қайшылығы) түйткілдерді айт­тым. Деструктивті діни ағымдар мен ұлт ағзасына түскен іріңге айналып бара жатқан рушылдық, жүзшілдікке, ақшаға сатылатын жалған марапат­тарға тосқауыл керегін баса айт­тым…
15 наурыздағы Президент жасаған баяндамада келешекте ұлтымыз, мемлекетіміз басшылыққа алу керек мәселелер аз қамтылған жоқ. Соның бірі – Әзірет Сұлтан іліміне қатысты нақты ұсыныстар болды…

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Ұлт­тық құрылтай мүшесі

Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан түскен үлес бар

Ұлт­тық құрылтай – елдің үнін Президентке тікелей жеткізетін жалғыз алаң. Жалпы, «халық сайлаған Парламент те елдің үнін жеткізеді, ұрылтайдың қажеті қанша» деген сауал тууы заңды. Белгілі бір салада сарапшы деңге­йіне көтерілген тұлғалардың барлығы бірдей Парламентке баруды көздемейді. Президент сондай-ақ министрлер мен әкімдерді де үнемі қабылдайды, дегенмен әкімдердің өз шындығы бар.
Содан болар, Президент ел ішіндегі жағдайды Ұлт­тық құрылтай мүшелерінің аузынан естуді құп көреді. Ел ішінде жүрген азамат­тар өңірдегі мәселелерді Мемлекет басшысына өздері баяндайды. Құрылтайда көтерілген мәселелер міндет­ті түрде назарға алынады. Ұлт­тық құрылтайдың ерекшелігі – осында.
Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда «Өнер, мәдениет, руханият» секциясын Аида Балаева, «Азамат­тық қоғам» секциясын президент­тің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізді. «Әлеумет­тік-экономикалық және аймақтық даму» секциясын – Тамара Дүйсенова, «Білім мен ғылым» секциясын Нұрбек Саясат тізгіндеді. Қаңтар айында Астанада Құрылтайдың жұмыс отырысы өткен. Мен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жеті ұсыныс жасадым. Атырауда Тамара Қасымқызы сол ұсыныстарымызға жауап берді.
Бүгінде 17-20 жастағы балалар 1 грамм есірткі таратқаны үшін 10 жылға де­йін бас бостандығынан айрылуда. Оларды аптасына 200 мың (шамамен) теңге қаржы табу қызықтырған. Баланың алданғаны есепке алынбайды. Ұсталса, жаза қатаң. Қазіргі таңда Қазақстанда есірткі тасымалдаған «закладчик» ретінде 14 жастағы жасөспірім жазасын өтеуде. «Закладчик» деп әр жерге есірткі қалташасын жасырып, қойып кететіндерді айтады. Ол үшін олар ақша алады. Бұл іске қылмыскерлер жастарды тартады.
Егер есірткі грамы көп болса, ұйымдасқан топ екені дәлелденсе, «закладчик» 20 жылға де­йін бас бостандығынан айырылады. Сол себепті ата-аналар баласының немен айналысатынын, қаржыны қалай табатынын бақылағаны жөн. Өйткені жасөспірім баланы алдап көндіру, мол қаржымен қызықтыру оңай. «Закладчиктер» ұсталғанымен, шортандар әдет­те құтылып кетіп жатады. Барлық жауапкершілік қылмыс үстінде ұсталған адамға жүктеледі.
Ұлт­тық құрылтайда танымал қорғау­шы Айман Омарова осы мәселе жөнінде Президентке баяндап, тиісті шара қолдануды сұрады. «Көбіне заң тұрғысындағы жауапкершілікке, жазаға есірткі қолданатындардың, оны сатып тасымалдайтындардың негізгі ұйымдастырушылары емес, ортада жеткізіп берушілер тартылып жатады. 17-20 жас аралығындағы азамат­тар бас бостандығынан айрылады, ал негізгі кінәлілер сол күйі табылмайды», – деді ол көптің жанайқайын жеткізе.
Айман Мұратқызы – кезінде тергеуші болған, бүгінде зорлыққа ұшыраған балалар мен әйелдерді қорғайтын адвокат. Ол осы санат­тағы 40-тан аса іске қорғаушы ретінде қатысқан. Адвокат Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлт­тық комиссияның қолдауымен One-Stop-Service ат­ты жобаны жүргізіп отыр. Бұл жоба зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді. Осы бағыт­тағы реформа енгізбесе болмайтын түйткілдерді де жан-жақты саралап айт­қан Айман Мұратқызының ұсыныстарын Президент мұқият түртіп алып отырды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға бірнеше рет тоқталып, Үкіметке тапсырма берді.
Әйгілі тұлғалар сыйлығын алуды армандайтын Альфред Нобельдің бауыры Атырауда кеңсе ашып, мұнай компаниясының негізін қалаған. Әлемге танымал Альфред Нобель көз жұмарда өзі тапқан пайданың бір бөлігін ғылымға жұмсауды өсиет етеді. Оған швед корольдігі қарсы болғанына қарамастан, Альфредтің немере інісі Эммануил өсиет­ті орындап, Нобельдің барлық қаражатын қорға аударады. Осылайша, әйгілі қор қаражаты жасақталған. Ке­йін Эммануил Нобельдер құрған компанияға басшы болады.
Сол Эммануил 1911 жылы Гурьев қаласында «Ағайынды Нобельдер» кеңсесін ашып, «Ембі» акционерлік қоғамын құрған екен. Нобель әулеті Қазақстан мұнайына заңды түрде 1912 жылдың 12 мамырында келген. Ағайынды Нобельдар бұл өңірдегі мұнайдың 37-39% өндіріп тұрған, 42 скважинасы болған, яғни адамзат­тың игілігіне жұмсалып жатқан Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан түскен үлес бар! Ұлт­тық құрылтайда тарихи орындарға барып, ғалымдармен, мұнайшылармен кез­дестік. Атырауда ағайынды үш Нобельдің өмір сүргенін естідік.
Доссор ауылында 1911 жылы Нобель тұрған үй орналасқан, әлі күнге тұруға жарамды, бүгінгі күнде жеке адамның иелігінде көрінеді. Мәдени мұра ретінде қорғауға алынбаған. Бұл елді мекенде өткен ғасырда салынған жүзден аса үй бар. Барлығында адамдар тұрып жатыр. Эммануил Нобельдің Доссорда тұрған үйін туристік нысанға айналдырса, тамаша болар еді. Нобельдің қазіргі ұрпақтары мұнай қазған бабалары тұрған үйдің әлі күнге аман екенін білмейтін де болар. Оларға хабарласа, осы үйді жәдігер ретінде қамқорлыққа алар еді.
Міне, осындай тарихи мазмұны терең нысандар да құрылтайға жиналғандардың назарын аударды. Алдағы уақыт­та ұлт үшін оңтайлы шешім қабылданарына сенеміз. Ұлт­тық құрылтай – дәл қазір халық мүддесі үшін қажет­ті әрі тиімді тетік. Алқалы басқосуда елдің үні болуға лайықты ұсыныстар айтылды. Қоғамның дамуына үлес қосатын болса, Ұлт­тық құрылтай өз функциясын тиімді атқарғаны деп есептеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір