АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН…
Небір көнекөздердің куәгері Кәрі құрлықтың өкпе тұсында орналасып, бір жағында Ресей, екінші жағында Германия секілді алпауыттар болса да жалтақтамай күн кешіп жатқан Польша тәкаппар басын имеген күйі талай тауқыметті басынан кешіріп, ХХІ ғасырға жетті. Адамзатқа Адам Мицкевич пен Фредерик Шопен сықылды ұлы тұлғаларды сыйлаған ел азаттық аясында өмір сүріп жатыр. Қаншама тағдыр теперішін көріп, тығырыққа тірелсе де, жан қаһармандығы мен сұлулығынан айырылмай, асқақ рухын биік ұстап келеді.
Польша азаматтары қиырдағы қазақ даласында да өшпес із қалдырды. Бостандық пен азаттық сүйгіштігі үшін қудаланып, тұтқындалып жүрсе де, айдалып келген еліне бауыр басты. Суретші Бронислав Залесский (1820–1860 ж.ж.) саяси тұтқын болса да, Аралдағы Т.Г.Шевченкоға көмекшілікке жіберіліп, 1865 жылы Парижде 22 суреті мен альбом-естелігін шығарды. Еңбегі кейін баға жетпес құндылыққа айналды. Тағы бір «қылмыскер» ақын Густав Зеленский (1809–1881 ж.ж.) «Дала» мен «Қазақ» поэмаларын жазып, көшпелілер өмірін құлшына жырлады.
1848 жылғы 15 маусымда тұтқындалып, Тобылда айдауда жүрген досы Г.Зеленскийге Аягөзден жолдаған хатында нақақтан-нақақ сотталып, жазасын өтеп жүрген төңкерісші Адольф Янушкевич (1809–1857 ж.ж.):
– Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі топтың қақтығысына куә болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген ділмарларға таңғалып, қол соққанмын. Ал бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнер көрсетті. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, тәнті етті. Сонда бұларды қалайша жабайы жұрт дейді? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған, маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым, Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халықтың өркениетке жат болуы мүмкін емес! Сормаңдай құл-құтандарды менсінбейтін Үндістанның жоғары касталары сықылды өзіне зәу биіктен қарайтын халықтар арасынан бұл көшпелілердің де құрметті орын алатын кезі келеді, – деп қатты тебіреніп, бұлтақсыз жүрек сөзін айтады.
Және бір поляк ханы ағылшынның көрнекті жазушысы болып қалыптасты. Судай сіңіп, тастай батқан Конрад Джозеф (Юзер Теодор Конрад) Коженевский (1856–1924 ж.ж.) социалистік реализм бағытында жазып, Батыс пен Шығыс арасындағы тәжікені тәлкек етті. Мұның бәрін қайта-қайта қаузап алға тартып отырғанымыздың мәнісі поляк оғландарының қандай жағдай болса да, қай елде жүрсе де тез бейімделуді шебер меңгергенін көрсету еді.
Иә, «біз, қазақтар, мұндайда қайтер едік?» деген сауал жауапсыз кеңірдекте көлденең тұратыны анық.
Тіпті 1920 жылы Варшавадан Қазақ Республикасының алғашқы астанасы Орынборға келіп, ортақол сазгер А.В.Затаевич аш-жалаңаш жүріп, асыл қазына ән-күйлерді жинаған алтын көмбенің үстінен түскенін кейіннен аңғарды. Халықтың бай мұрасын жарыққа шығаруға тайлы-таяғы қалмай, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгірұлы және басқалар белсене араласты.
Адамның күні адаммен деген осы.
Ал Гийом Аполлинер туралы ақиқат басқаша өрбіді. Бір ұлт әдебиетінің ірі өкілі болған соң оны жұртшылық, оның ішінде мен де солай француз деп ойлап жүрдім бертінге дейін.
Жоқ, олай емес екен. Оның нағашы атасы – Михаил Аполлинарий Костровицкий поляк ақсүйегі, орыс әскерінің демалыстағы штаб-капитаны. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін бас сауғалап 1863 жылы Варшавадан Римге қашып келеді. Ол осында туып, Вильгельм Владимир Аполлинарий Костровцкий (1880–1918 ж.ж.) есімімен Отанынан алыста ержетеді.
Жаңа ғасыр басында Гийом Аполлинер лақап атымен әдебиет әулиеханасының есігінен еркін енеді. Асау ақын сыршыл лирикасымен бірге шікәмшіл қара сөзге де қалам тартып, аз уақытта оқырманның терең сүйсіпеншілігіне бөленеді. Оның поэзиядағы мөлдір таза бастауы, ерлік пен өрлікке толы өршіл үні, қатыгез өмірді қасіретпен астарлап бейнелеуі еріксіз баурайды. Ол талмай көп ізденді. Маңдайын тауға да, тасқа да соқты. Жан-жақты шалқар шабытты шығармашылығына сюрреализм, футуризм, акмеизм, кубизм, басқа да «измдердің» шалығы тиді. Солардың арасында адаспай, өз қолтаңбасын сақтап қалды. Қатал өнер мектебінен өтті. Г.Аполлинер бірінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты. Басынан жараланды. Отаны – Польшаны азат көргісі келді. Бұл тәлімнен үйренеріміз көп. Ол өмірін үш мүшелмен аяқтағанда артына қыруар туынды қалдырды. Мәңгілік. Бәрі уақыт таразысында…
Мұндай байланыстар, әрине, кездейсоқ емес. Үміт ешқашан үзілмейді.
…1968 жылдың тамызы.
– Ал-ло…
– Иә, өзіңіз…
– Шетелге шығуға құлық бар ма? Батысқа?
– Ретіне қарай көрерміз.
– Онда дайындала беріңіз. Осы бір екі күнде сапарға шығасыздар.
Сөйтіп, табан астында турист болып шыға келгенім бар. Құйысқан көтерілді. Сыртынан сүйсінетін Польша елін көргім келіп жүретін, Нартәуекел! Жолдар шақырады…
Оңтүстік еңбек озаттарының құрамында Польшада болғаным жадымда. Висладағы перизаттардың мүсін ескерткіштері мен орталық костелдің қабырғасында жерленген Ф.Шопеннің жүрегін сыртынан сипап, бір апта Варшаваны аралап рақаттанып серуендегеніміз есте қалыпты. Балтық теңізіне алаңсыз шомылып, Доңызсаға (Свиноустье) қаласында жүргенде кеңес танктері «бүлікшіл» Прагаға басып кіріп, халықаралық жағдай ушыға бастағанда Германияға жетпей, тез қайтқанымыз өкініш ұялатқан. Жеңіске аз күн қалғанда Гданьскіні неміс басқыншыларынан азат етуде жазатайым мина жарықшағынан қаза тапқан қазақ генералы Сабыр Рақымовтың көз жұмған жерін көру де бұйырмады сол жолы. Арман-ай!.. Күндер керуені енді қай көкжиекке қарай бет алды.
Көлеңке
Бұл ұлы сәскеден біршама бұрын болған еді. Тура алдымнан көлеңке көрдім. Бірақ қайран қалғаныма қарамай, ол ешкімнің сұлбасынан бөлінбей, өз бетімен жападан жалғыз кетіп бара жатты.
Ол жерге көлбей жайылып, алға сырғи берді. Табанжолға жетіп, лезде екіге жарылып, қабырғаны жанай өтіп, бірден өн бойын тіктеп алды, бейнебір әлдекіммен ерегіскендей болды, бәлкім, күнге шығар – өйткені ол ештеңеден қағажу көрген жоқ. Мен көлеңке соңынан ілестім, ол табан астында мүлде қаңырап қалған көшеге бұрылды, маған ол ешқандай ойсыз қыңырайып бет түзей салғандай болып көрінді.
Алайда осы көлеңкені, нақтырағы – оның сұлбасын майын тамызып жазатын кез жеткен жоқ па?
Қандай болғанда да, кез келген көлеңке өз нобайын ұдайы өзгертіп отыратыны мәлім, кейде тіпті қылдырықтай болып арықтап, тым сөлекет сорайып, енді бірде, керісінше, домалақтанып кеспелтекке ұқсап қалады. Мен айтып отырған жалғыз көлеңке де бір ығыты келген кескінін көз алдыңа әкеледі: баз бірде сұлу мұртының ұшы көрініп, не сүйкімді ұсқыны жылы ұшырайды.
Біз бұрылған көше аяғында қыз көрінді – ол бізге қарсы келе жатты, қатарласа бергенде көлеңке сүйіп алғысы келгендей оның қойнына сүңгіп кетті. Бойжеткен дір ете қалып, шұғыл жалт бұрылды, алайда көлеңке одан ұзамай кедір-бұдыр өткелектен зымырап өте шықты. Соғыста ет-бауыры құрбан болған жандай қыз да әрең шыңғырып жібере жаздап, мұңлы момақан пішінмен жүзінде күйініш пен сүйініш нұры алма-кезек ойнағандай болып көрінді маған… Одан соң оның дидарын мұң басып, жанары баяу қозғалған көгілдір көлеңкені міз бақпай бақылады.
– Сонымен, оны білесіз ғой? – деп сұрадым қыздан. – Сіз де анау көгілдір жалғыз көлеңкені білетін болдыңыз ғой.
– Сіз де оны көрдіңіз бе? – деп қыз шоршып түсті. – Мен тәрізді сіз де оны көрдіңіз, ә? Иә, иә, біз екеуміз де анау әлдебір адам кейпіндегі қыбырлаған бейнені көріп тұрмыз. Мен оны білетін сияқтымын. Жоқ, ә, солай сияқты емес, шынтуайтында, мен оны жазбай таныдым! Мен оны қырынан байқап, мұртын көрдім, тек көзқарасын аңғара алмадым… Мен оны шырамыттым. Соңғы рет мұнда қоналқыға келгелі бері түк өзгермепті. Біз келісіп, үйіне тағы бір келгенде үйленбекші болғанбыз. Бірақ снаряд жарықшағы оның жүрегін жаралады. Олар оны өлтірді, бәрібір сіз оны көріп тұрсыз ғой. Көлеңкесінің де жаны бар. Ол туралы нақты, сонымен бірге ол кәдімгідей қастерлі тұлға…
Қыз кетіп қалды, оның көзінде уыздай, ыстық махаббаттың ұшқыны бар еді. Онымен қоштасып көлеңке соңынан ұмтылдым. Өткелек үстінде сұлба сырғып, кедір-бұдырда сорайып алыстай бастады. Қайтадан шіркеу қасынан көрдім. Онан соң бас даңғылда көрінді. Өткен-кеткендер жанынан өтіп бара жатып өзгере беретін көгілдір нобайға назар салатын емес.
Көлеңке көшелерді кезіп жүр. Ол дүкендер жарнамасының алдында тоқтайды; шын мәнінде, бұл таныс орындарды аралап серуендеу оған орасан әсер ететіні көрініп тұр. Баз бірде басқа өткен-кеткен адамдардың көлеңкесімен араласып жоқ болады, құдды бір оларды өзімсінгендей иінтіресіп кетеді.
Соңынан ілесіп барған қала саябағында ол сол кезде гүлдеп тұрған раушан шоғырына жақын жүруге тырысады. Хош иісті құмартып иіскейтіндей және бәрі солығын баса алмай үлбіреп тұрғандай.
Мен бейбақ көлеңкенің қалай күй кешкенін тебіреніп, бақылап тұрдым. Қалайда оны жұбатып, алғашқы христиандардай құшақтасып, бауырыма тартып сүйгім келді. Оның сыры мен үшін жұмбақ болып қалған жоқ, тек қана оның құр сүлдерін өз көлеңкеммен біріктіріп қосу еді.
Мен оған ебедейсіз еңкейіп, сол сәтте бойымды жиып алдым – абайсызда басып кетіп, бір жерін ауыртып алам ба деп қорықтым, оның жалғыздығы менің бойымда аяныш туғызды. Әйтсе де оқыстан әлдебір түсініксіз түйсік туды, көлеңке өзінің онсыз да бақытты екенін сездіргендей, оның көз жасы – қуаныштың көз жасы, өйткені оған мәңгілік дарығандай еді: ғайып болған дүниені өткеріп, оның марқұмға қымбат һәм жақынының бәріне қатысы барлығын аңғартқандай. Бақыты да сонау сан мәрте сайрандаған жерлерді аралап көруге сайғандай.
Иә, ол солай болып еді, кеудемді бұйығы қуаныш кернеді. Енді күлімсіреп, көлеңке гүлдер мен жайқалған жапырақтар арасында қалай сайран салып жүргенін бақыладым.
Онан соң оның қала саябағынан кетіп бара жатқанын көріп, соңынан ілестім, ол мені зираттағы бұрын біреу жерленуге тиісті, алайда оның денесі мұнда жер қойнына қойылмаған орынға әкелді.
Одан соң ол қызыл іңір түсіп келе жатқан қалаға оралып, бізді түн қараңғылығының құшағына алды,
Көлеңке бара-бара көрінбейтін бола бастады, ақырында қоюлана бастаған қараңғылықта одан көз жазып қалдым. Дегенмен мұндайда ажалдың әлсіз екенін, оның бақи болғандардың арамызда болуына, сірә, бөгет бола алмайтынын түсіндім. Өлгендер ұшты-күйлі, із-түзсіз кетпейді. Анау қалашықтың көшелерін кезіп жүрген жалғыз өлмейтін көлеңке зердемізде сақталып, о дүниеге кеткендердің де бейнесі шынайы – бізді тастамайтын көкшіл елес ешқашан өшпейді.
Аударған Аян НЫСАНАЛИН