АДАЛ АЗАМАТ­ТАР АЗ ЕМЕС! Бірақ олар Президент­тің қорғауына мұқтаж
03.07.2023
258
0

Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс!» деген өте киелі сөз бар.
Түркістан төрінде өткен Ұлт­тық құрылтайдың екінші отырысына мен қатысқан емеспін. Бірақ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол Құрылтайда айтқан бір жақсы сөзі менің ойымнан шығар емес. Ол сөзді бүкіл дүниені дүр сілкіндірген «Пригожиннің бүлігін» де санамнан өшіре алмадым.

Міне, Құрылтай өткелі біраз күннің жүзі болды, сенсеңіз, сол сөз құлақ түбімде әлі жаңғырып тұр.
Ол – Қасым-Жомарт Кемелұлының «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділет­ті Қазақ­станды Адал азамат­тар құрады» деген сөзі.
Сөйтіп, Ұлт­тық құрылтайдың екінші отырысы біздің қоғамға «Адал азамат» деген тамаша ұғымды алып келді.
Мен бұл сөзді Ұлт­тық құрылтайдың екінші отырысының тарихи табысы деп бағалаймын.
Әрине, «Адал азамат» ұғымының қазақ жадында бұрыннан бары белгілі ғой, бірақ бүгінгі таңда оның бүкіл Түркінің киелі астанасы Түркістан төрінде өткен Ұлт­тық құрылтайда Мемлекет Басшысының аузынан қайта жаңғыруы, тәптештеп тұрып түсіндірілуі тегін болмаса керек!
Бір ғажабы, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиет­тер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиет­тің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипат­тауға болады» деп, сол «Адал азамат­тың» өлшемін де өзі дөп басып сыйпат­тап беріпті.
Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы сипат­таған қасиет­терді бойына сіңірген қыз-жігіт­тер билік басында аз емес, көп.
Бұл жерде «Елорданың атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту керек!» десе, «Бұл дұрыс әрі сараланған шешім. Астанаға қаншама күш-жігер жұмсалғанын білеміз. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси еркінің арқасында орын алды, сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі – өте дұрыс, заңды, біз оны қолдаймыз…» деп, бірден қол көтеретін; «Жоқ, «Астана» атауын қайтару керек!» десе, «Ең бастысы, халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халықтың, қала тұрғындарының пікірі – негізгі фактор. Бұл тұрғыда халық не айтса, сол болуы керек. Халық қолдаса, осындай шешімдерге баруымыз керек…» деп, оны да қостай жөнелетіндер мен өз жанынан алып-қосары жоқ, тек Президент­тің саясатын тәпсірлеп қана отыратындардан табиғаты бөлек Президент айтқан ізгі қасиет­тің бәрін бойына сіңірген, өзгенің ала-жібін ат­тамайтын, қолы таза, жемқорлықтан ада «Адал азамат­тардың» көп болғаны, әрине, жақсы. Бірақ олардың халыққа тигізер пайдасы шамалы. Ондайлар, керісінше, ілініп-салынып жүріп, жоғары лауазымды қызмет­терді иемденіп алады да, тағдыршешті мәселелерге келгенде, алға бір адым баспай, жұмған аузын ашпай, сорыңды қайнатады.
Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, біздің мемлекет­тік қызметке ондай жалпылдаған «ақ қарғалар» мен «көк қарғалар» емес, құзырына тиген қызмет орнын жайнатып жіберетін; жаңалыққа жаны құштар; өзгеріс десе, өзегін беретін нағыз реформаторлар керек, әрине!
Енді біз – жаңғыру мен өзгеріске шөлдеп алабұртқан сергек көңіл қауым «Жаңа Қазақ­стан» құрудың алғы шебінде, жетекші орында тізгін ұстап жүрген «Президент командасына» Қасым-Жомарт Кемелұлы ортаға қойған осы «Адал азамат» өлшемімен көз сала бастадық.

Құдайға шүкір, ондай Адал азамат­тар жоқ емес, бар.
Соның бірі – Санжар Серікбайұлы Жаркешов (суретте) деп білемін.
Өмірбаянына көз жүгіртсек, Санжар Серікбайұлы 1986 жылдың төлі екен. Қырыққа әлі төлмаған жігіт біраз қамалды бұзып үлгіріпті. Еңбек жолын 2008 жылы Остин қаласындағы (Техас, АҚШ) «Мұнай және геосистемалық инжиниринг орталығында» инженер-зерт­теуші болып бастап, айналасы он бес жылдың ішінде әлемнің 17 мемлекетінде жұмыс істеп, он бір жылдық халықаралық, өндірістік және басқарушылық тәжірибеге қол жеткізіпті. Еңбек жолы АҚШ, Ресей, Шотландия, Ұлыбритания, Ирак компанияларында басталыпты. 2014 жылы мұнай ұңғысын бұрғылаудан әлемдік рекорд жасапты (Z-40 ұңғысы, 13000 метр, Сахалин аралы, Ресей Федерациясы).
Санжар Серікбайұлы 2016 жылы Дүниежүзілік Мұнайшы-инженерлер Қоғамының «Бұрғылау саласындағы көрнекті жетістіктері үшін» ат­ты халықаралық сыйлығын және британдық арнаулы «Кәсіби маман-Инженер» атағын алды (Chartered Engineer»), 2017 жылы Ұлыбританияның мұнай өндірісін дамытуға қосқан үлесі үшін Патшайым Елизавета ІІ атындағы сыйлығын (Merlin ERD компаниясының құрамында) иеленіпті. Сондай-ақ британдық «Инженер-Механиктер Институты Кеңесінің» мүшесі болып сайланыпты.
Сол Санжар Серікбайұлы қазір «QazaqGaz» Ұлт­тық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы болып қызмет атқаруда.
Бұл – Санжар Жаркешов туралы менің ашық ақпарат көздерінен алған мәлімет­терім. Ал оның қазіргі таңда қандай ауқымды шаруалар атқарып жатқанын білгіңіз келсе, интернет­тен «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбатын өз аузынан тыңдап шығыңыз.
Дәл осындай және бір жанып тұрған жас шенеунікті мен тағы да сол «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбаты арқылы танып, қат­ты қуандым.

Ол жігіт­тің аты-жөні – Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабек (суретте).
Әбілхайыр Ғалымұлы 1994 жылы туған.
Өмірбаянында «Халықаралық бизнес университетін, Луис ұлт­тық университетін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекет­тік басқару академиясын бітірген. Президент­тік Жастар кадрлық резервінің мүшесі» деп жазылыпты. Өзі қазір Қазақ­стан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып қызмет атқарады екен. Ол еліміздегі ең жас вице-министр болып саналады.
Қысқасы, мен бұл екі жігіт­ті де «ULYSMEDIA» каналына берген сұхбат­тары арқылы танып білдім.
Біздің қоғамда шенуніктер тәуелсіз медияларға ашылып сұхбат бере бермейді. Тек мемлекет­тік арналардың алдын ала дайындалып, келісілген сұрақтарына ғана өз құзыреті шегінде жауап беріп үйренген. Одан ары көсіліп сөйлеуге тартынып тұрады, рамкадан шықпайды.
Ал Санжар Жаркешов пен Әбілхайыр Тамабек «ULYSMEDIA» каналында көсіле сөйлеп, журналистпен бүкпесіз сұхбат құрды. Ағын да, қарасын да жасырған жоқ. Өздері басшылық етіп отырған саланың бүге-шігесіне дейін ақтарып тұрып айт­ты. Қандай кемшіліктер кеткенін де, енді оны қалай түзету керек екенін де қалдырмай баяндап берді.
Сөйтіп, тәуелсіз БАҚ-қа берген сұхбат­тары арқылы дәл Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан Адал азамат өлшеміне сай екі жігіт­ті таптық.
Екі ініміздің еркін ақпарат құралына қасқайып келіп, ағынан жарылып сұхбат бергенін де сол адалдықтарының белгісі деп бағаладық.
Иә, қарап отырсақ, «QazaqGaz» Ұлт­тық компаниясы» АҚ-ы да, Ауыл шаруашылығы министрлігі де Қазақ­стандағы «жіліктің майлы басы» есебіндегі салалар. Ол салалардан түсетін және оған мемлекет­тен бөлінетін қаражат та қомақты екені белгілі. Мұндай орындарға, әрине, Қайрат Шәріпбаев пен Тимур Құлыбаев секілділер ғана басшылық етіп, сүлікше сорып келгенін бүкіл дүниежүзі біледі. Тек 238 адамның басын жұтқан «Қасірет­ті қаңтар» көтерілісі ғана оларды тақтарынан тайдырғандай болды.
Өкінішке қарай, олардың жемтіктестері түбірімен қопарылып болған жоқ, пышақтарын қайрап әлі отыр. Бірақ олар жай отырмайды ғой, «Соңғы жылдары біз Қазақ­станды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекет­терін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды», – деп, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тақ пен ақша үшін аяқтан шалу мен сындырудың, керек болса басын кесудің бәрін жасайды.
Өткен отыз жылдықтағы ең таңдаулы екі министрдің біреуі Жақсыбек Күлекеев болса, екіншісі Зейнолла Кәкімжанов екенін екінің бірі біледі. Адалдықтары мен іскерліктерінен болса керек, екеуінің де қызмет­тік жолы тым шіркін-ай болған жоқ.
Жақсыбек Әбдірахметұлына тапа-тал түсте қастандық жасалып, еш күнәсіз қамаққа алынғанын біле тұрып, бір пенде ара түсе алған емес. Тек түрмеден шыққанда ғана бірінші болып, Қасым-Жомарт Кемелұлы үйіне шақырып, шай беріпті.
Ал Зейнолла Кәкімжанов ҚР МКМ Кеден комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып 2002 жылы қызмет атқарған кез­де, кедендік төлемдерден мемлекетке өткізген небәрі алты-ақ айдың ішіндегі қаржының көлемі – «Қорғас» кеденінің соңғы он жылда бергенінен асып түскені – Қазақ­станның кеден тарихындағы өшпес оқиға болып, тасқа басылып қалды. Зейнолла Қалидоллаұлын осы іскерлігі мен адалдығы түрмеге отырғызбағанымен, қызмет­тен біржола шет­тетіп, Еңбекшіқазақ ауданының жүзім бағынан бір-ақ шығарды. Ол содан қайтып мемқызметке оралған жоқ.
Ал Алтынбек Сәрсенбайұлын айуандықпен өлтірді…
Осы жерде, айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Ұлытауда өткен Ұлт­тық құрылтайдың бірінші отырысында айтқан тағы бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол жолы Президент «Шенеунік» деген сөздің жағымсыз ұғымға айналып бара жатқандығына тоқталып, «Жалпы, мемлекет­тік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек!» деген болатын.
Бірақ шешеуніктерге қанша шүйліккенімен, біздің қара халықтың оларды төңкеріп тастайтындай құдыреті шамалы. Аса бір ашынып кетпесе, ары кеткенде, қарғап-сілеумен тынады.
Мен Мемлекет Басшысының сөзін терістеуден мүлде аулақпын, көріп отырсыздар. Демек, мемлекет­тік басшылық қызмет­тегі Адал азамат­тардың жолын кесетін, өмірін қор қылатын қарапайым халық емес, Қазақ­станды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға «орташелек» пысықайлар мен ақшаға құныққан тойымсыздар екен.
Оның үстіне, ондаған жылдар бойы заңдар мен нормативтік құжаттардың бәрі ат төбеліндей ықпалды адамдардың мүддесіне бағытталып жасалған, қанша саяси реформа жасалғанымен оның мұрты бұзылмай отырған өте күрделі жүйеде қызмет ету – өзінің қарақан басын күйттеген ынжықтар мен иісалмастар үшін оңай болғанымен, туған халқы мен мемлекеті үшін қызмет етуді мақсат еткен тұлғалар үшін өте қиын және ауыр!
Міне, осы және өткен отыз жылдықтағы Жақсыбек Күлекеев пен Зейнолла Кәкімжанов секілді біраз адал азамат­тардың тағдырын еске алғанда, біз жоғарыда аты-жөнін атап отырған азамат­тардың алдағы басар жолын ойлап, іштей күрсініп те қалған жайымыз бар. Құдай оның бетін ары қылсын. Олардың басына бәлендей бір қауіп пен қатер төніп тұрмаған болар. Дегенмен біздің шайылып қалған құрғыр жүректің атқалақтай жөнелгенін қалай жасырайық…
Қазақ қоғамы бүгінде Санжар Жаркешов пен Әбілхайыр Тамабек секілді алтын азамат­тарға өте зәру. Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы танып-білмесе, мұндай жігіт­терді өте маңызды әрі жауапты қызметке тағайындамайды ғой. Мемлекет ендігі жерде мұндай тұлғаларды Ұлт­тық бренд ретінде бағалап, көсіліп қызмет етуіне кең жол ашып беруі тиіс. Бірақ бұл – аз.
«Бәйгі берем жығылған палуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса!» депті ғой ақпа-төкпе ақын Төлеген Айбергенов. Ақын айтқандай, адалдығы сезіліп тұрған осындай жас шенеуніктер президент­тің қамқорлығымен бірге, қорғауына да мұқтаж. Өте мұқтаж! Әйтпесе, Адал азамат­тарды ақша мен тақ үшін анталаған жалмауыздар сындырып жіберуі мүмкін. Олар үшін, жеме-жемге келгенде «Ұлт», «Мемлекет» деген қасиет­ті ұғымдардың көк тиынға татымайтынын көрдік қой…
Мен екі алтын бауырыма тек қана амандық пен жеңіс тілеймін!

Ауыт МҰҚИБЕК,
«Құрмет» орденінің иегері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір