АДАМНЫҢ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУЫ
23.08.2024
44
0

Сауал мен жауап

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында отыздың белесінен енді асқан жас жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы жазылды және жарық көрді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бет қаратпай, өршіп тұрған идеологиялық үстем режимге еріксіз бейімделген, әйгілеу-айқындауынан алдарқатуы басым көп туындыдан көркемдік тұрпаты бөлек бұл шығарма зерделі оқырманның назарынан тыс қалған емес.
Шығарманы оқи бастағанда-ақ, бірден аңғарылатыны – жастығына қарамастан сөз саптау мәнері ерте қалыптасқан, жазушының сенімді, нық аяқ алысы. Сөз-сәуленің кібіртіксіз еркін құйылуы шаршатпайтын, керісінше, қызықтырып шақырудан бір танбайтын бипаздап баяндау тартымдылығы – телегей дарияның үдере алға тартқан алаңсыз, ыдырамайтын біркелкі ағысы, күшеніп ыңырсымайтын ырғағы, қалай шүйіліп оқысаң да, ықыласыңды баурай беретін пластикасы, қоры мол, құнарлы сөзбен құбылып жеткен түйсіктің тереңдігі, алуан ойлар мен шыңырау­дан шымырлап шығатын жұмбағы қабат­тасқан құпия сезімдер сапырылысының дүбірі мен дүрбелеңдері автор қаламының жүр-жүрлеген жетегінен емес, мазмұн-әлемнің қажет­тілігінен туындап жатуы болмысты өзінше сезініп, өзінше өрнектейтін аса дарынды жас жазушының жасқанбай, жарқырап келгенін айқын көрсет­ті.
Романды оқып шыққан соң, негізгі үш сұрақ туындайды:
1. Не айтпақшы?
2. Мазмұн арқылы ұсы­нылған көркемдік шын­дықтың кімге, қаншалықты
қажеті бар?
3. Қалай айтылды?
Осы үш сұрақ романның концептуалдық әлемі мен поэтикасын байыптауға бастайды. Үшінші сұрақ төңірегінде, Әбекеңнің жазушылық шеберлігі туралы аз жазылған жоқ. Бізде ғана емес, шетелдерде де, әсіресе Германияда. Сексенінші жылдары жазушының екі томдығы, ең алдымен, Германияда шыққанын, оған неміс тілінде бірталай пікірдің жарияланғанын ғылыми-ақпарат­тық басылымдардың бірінен ұшырасқанда, таңданғаным бар еді. Олай дейтінім, ол кезде бізде жаңа шығарма туралы пайым жекелеген бірен-саран рецензиялармен шектелетін.
Әлі күнге тиісті дәрежеде сөз қозғалмай келе жатқан алдыңғы екі сұраққа байланысты пайымдаулардың жариялануы кешегі кезеңде мүмкін емес еді. Алда не күтіп тұр, белгісіз. Ендеше, кедергіден құтылып, тәуелсіздік берген еркіндік жағдайында кезінде біртүрлі қызық әрі тосын көрінген туынды туралы айтар кез келді.

* * *

Мұндай көп қатпарлы, зер салған са­йын мән-мағынасы тереңге тарта түсетін роман жазу үшін мол өмірлік-интеллектуалдық тәжірибенің қажет­і сөзсіз. Жастықтың асау ағысымен албырт­танып-құйындатып келе жатқан немесе серіліктің серуенімен шайқап жүрген екпіннің өзекті өртейтін өткен мен құбылмалы, қитұрқылы бүгінді байыптауға шегінбейтін ынта мен суымайтын ықылас танытуы қиын. Ендеше екінің бірі бара бермейтін, бара қалған күнде де, бажайлауы мен бейнелеуі көңілдегідей жарасым таба алмай жататын «қиынға» жап-жас Әбіш Кекілбай қалай келді, не айтпақшы деген алғашқы сұрақ еріксіз алға шығады.
Оның бұған де­йінгі жазған әңгімелері мен тарихи кезеңдердің шырғалаңдарын шарлаған повестеріне ортақ айырықшалық – адам табиғаты мен заман, қоғам сабақтастығы мен сол сабақтастықтағы өзара тәуелділік құпиялары зардабының жеке адамға, әлеумет-топқа, әлеумет-қоғамға, одан ары ұзап, тұтас дәуірге әсерін, сол әсердің өмір-болмыстағы құбылыстарға түрткі, қозғаушы факторларға жасаған ықпалын байыптауға ден қойғаны. Болашақ кемеңгер қаламгердің қалыптасуына үлес қосқан субъективті, объективті жағдай мен түрлі себеп-салдарды сараптау, салмақтау – бөлек әңгіменің жүгі.
Тіпті жас кезінде жариялаған «Ең бақыт­ты күн» (1963) ат­ты әңгімесіндегі әскерден келген күйеуін сағынған келіншектің жан дүниесі мен нақты өмір ағысының байланысына меңзеген нәзік емеуріндер мен «Аңыздың ақырындағы» ханшаның көңіл күйі мен күйті, қарасақал мен бейтаныс әйелдің ұшырасуындағы сәт­тен көңілмен ғана жобалайтын «құпияларды» ішіңіз сезіп отырады. Сонау жылдардағы алғыр түйсік тәжірибесінің уақыт өте келе, көркемдік тәжірибеге қызмет етуге жарағаны, өмірдегі сезімталдық пен сергектіктің шығармашылық тұлғаның толайым шығармашылығына қосқан ересен үлесін «көріп» отырасыз.
«Аңыздың ақыры» тарихтағы түрлі өркениет­те, алуан өмір-қоғамда өшпей келе жатқан тарихи-рухани құбылыстар табиғатының индивидуалистік, максималистік сырларына зер салған концептуалдық мазмұнымен әдеби қауымның назарын аударды. Бұған және бір себеп – романның жазылу сипаты. Бұрын-соңды ешкім дәл осы ракурстан арнайы ден қоймаған, алайда қай заманда да қарсы алдынан шығуы әбден мүмкін тарихи-философиялық оқиға-жұмбаққа, әрекет-шешім-жұмбаққа, ежелден емі табылмай келе жатқан рухани-әлеумет­тік дертке қоғамдық-тарихи құбылыстар контексінде қоғам мен тұлға талабын, табиғаты мен тағдырын салыстыра-сабақтастыра зер салды. Қай дәуірде де қалтарыста қалмай, қандай қағаберістен де қағынып шыға беретін шырғалаңдардың тамырлары мен байланыстарынан көз жазбай, үнемі бақылау барысында қоғам мен адам сырының сұмдығын, сымбатының сиқын, айбынының айбарағын айқындаудың, замандық сипат­тың философиялық, қоғамдық-әлеумет­тік салмағы мен зардабын зерт­теудің әлем әдебиетінде бұған де­йін кездеспеген, мүлдем тың талабы, жинақтап айтқанда, болмысты байыптау мен бейнелеудің жаңа үлгісі ұсынылды.
Бұған де­йінгі қазақ және әлем романдарынан басқаша, мәселен, романға арқау болған өмірлік коллизиялардың тосындығынан (мұнараның салынуы мен қиратылуы) гөрі, психологиялық талдау барысында әлем әдебиетінде бұрын кездеспеген тәсіл-мысалдың қолданылуы: Әміршінің ұйықтап жатқан ханшаның үстінен шықққанда, еске түскен сәт­тер – умаждалған көрпе арқылы баяғы бала кезде көрген қарасақалдың су алуға келген әйелмен кездейсоқ ұшырасуы, шыңғырған дауыс пен қойдың мекіренгені сияқты «тосынның» психологиялық-логикалық астары, кейіпкерлердің ке­йініне шешуші ықпалы, жас шебер Жағыпардың күлің-күлің еткен көгілдір мұнара арқылы ишаралаған құпиясы, соны көрген көшелінің іші сезбеуі мүмкін емес сұлулықтың – мұнараның ханша мен ғажап ғимарат­ты өрген өнерліге эмоциялық әсері, эстетикалық мазмұны, соның бәріне қозғаушы, түрткі болған қызыл алманың көңілді ұйқы-тұйқы еткен астыртын пәрмен серпініне айналуы, ханның өмірдегі әрекет түгіл адамның (ханша мен шебердің) жарық дүниеден жасырған ойларына жасаған қысымы-қиянаты, алдымен ойын, сосын, адамның өзін табанға таптаған жойқын озбырлығы, талай адам-пенденің пікірін қазып алып, солардың көзқарасын және талғамын таразыға тарта келе, талдай келе, жасырын шындықты, адамды танудың өзіндік, жаңа тәсілін табуға деген қайтпас құштарлығы мен белсенділігі, әмірші өзімшілдігінің өрт­тен бетер өршіп, оқырманның көз алдында «өту шежіресі», басқаша айтқанда, бір адам туралы мәліметі мен «білімін» бірнеше адамның (бәйбішенің, шебер Жапардың, күтуші кемпірдің, азбан құлдардың, қарт уәзірдің сөз ләмі мен қарым-қатынас елестерінен байқайтын сұңғылалығы) «еңбегі» мен «тәжірибесі арқылы молайтуы» және осы «білімін» үзік-үзік объективті жағдайлар-оқиғаларға байлап сәйкестендірмей, үнемі әміршінің бұйрығын бұлжытпайтын өзімшілдіктің өңмеңдеуі, тайынбай, табан аудармай үсті-үстіне жасаған «шабуыл» – әрекетінің арнасымен жүйелі, үздіксіз толықтыруы, болмыстанудың теңдессіз, тиімді тетігінің бірі – «адамтанудың» адымы астамшылық жолында аршындауы, бүкіл романның осы процесті айқындауға қалтқысыз қызмет етуі, Әбіш Кекілбаев шығармасының әлем әдебиеті контексіндегі орны мен көркемдік бітімін бірден айрықшалайды.
Тап осындай тосын сипат, тың дәстүрге – жаңа өріске ден қойған, өзіндік Әбіш Кекілбай үлгісімен жазылған роман қазақ әдебиетінде бұған де­йін болған емес, әзірге ондай теңдесі де, жалғасы да жоқ дегенде, әсіре мақтан үшін емес, әдебиет­тің шексіз көркемдік әлемінде айтулы ізденіске қашан да мүмкіндік барын әрі осындай жанкешті пайымдауды рухани қажет­тілік деңге­йіне көтеретін парасат­ты ізденіс қоғам мен адам үшін ең басты зәрулікке, әсіресе қазіргі ақпарат тасқынында аласұрған заманда рухани кемелденуге әсері зор қоғамдық-мемлекет­тік, рухани-мәдени құндылыққа айналғанына назар аудару үшін ескерсек керек.
Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған заманның көзілдірігімен бір шолғанда, қараға аунап кетуге немесе нұсқап жіберуге бейім сол кездің идеологиясына, төбелдірігіне идея деген үкі тағылған талаптарға, бықынажай пікірлерге құлтасыз қызмет ететін секілді. Айталық, «қылмысы» көрінбейтін, айыптауға нақты, айқын дәлел жоқ жас ғашық, ханшаға сырт­тай іңкәр жазықсыз шебердің көзін ойып жазалауы ханның жауыздығын, дәуірдің сұмдығын көрсетуі сықылды көрінгенімен, түптеп келгенде, романның көркемдік мазмұнының әлемі қоғамдық-мемлекет­тік болмыс пен сол болмыстың қамалы ішінде үстемдік орнатқан жағдайдың құлақкесті құлына айналған адамның табиғаты мен танымындағы замандар бойы қайталана беретін, қайғыға қамайтын қайшылықтар мен сабақтастықты сан ситуация, сын-сәт­терде, қарапайым, күнделікті тұрмыста ұшыраса беретін қылық-қимыл, әрекет, кейіпкер психологиясы арқылы тайқы маңдай адам затының қайталана беретін трагедиясын алдымызға көлденең тартады. Соның барлығын ұршықтай үйіріп, диірменнің тасындай айналдырған, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болып тұрған, қор етем десе де, зор етем десе де, қалауы білетін, өз елінің, өз мемлекетінің құдіретіне айналған билік иесі – Алмас хан.
Осы орайда айта кетпеске болмайды, Алмас хан – Ақсақ Темірдің бейнесі, прототипі деген пікірлер ақпарат құралдарында айтылып, баспасөз бет­терінде жарияланып, ғылыми баяндамалар мен сұхбат-диалогтерде әлсін-әлсін қайталанып келеді. Бұған келісе алмаймыз. Біріншіден, Ақсақ Темір емес (біздің баспасөзде жазылып жүргендей), Әмір Темір деп атау – адамзат тарихындағы әйгілі тұлға ретінде шындықты мойын­дау. Тарихи тұлға ретінде әркімнің өз танымы, білім-білігі, пейіл-пиғылы тұрғысынан пайымдауы – бөлек мәселе. Өзгенің тарихын менсінбей немесе жазғыра сөйлейтін басқалардың емес, өз көзімізбен де бейтарап қарамайынша, қай басқыншы да кезінде өз мемлекетінің тұлғасы ретінде зәру санайтын мүдделерге қарай әрекет жасайтынын ескерме­йінше, тарихтағы дерек-оқиғаларды, тұлғаларды әркімнің өз білімі мен білігіне сәйкес пікір айтуы салдарынан бұрмалау көбейетініне мысал мың-сан…
Қай кезеңде де заман талабына қарай әр хан, әр билеуші өз жұртының бәсекелес басқа елдерден басым түсуіне мүдделі екені тарихтан мәлім. Кез келген сәт­те шабуылдауы мүмкін өзгелердің табанында қапелімде тапталмас үшін әскери басымдықпен өмір сүру қажет­тілігі, бертінге де­йін бетке ұстап келе жатқан тіршілік шарты. Сол замандағы әр елдің билеушілерінің арасындағы объек­тивті, субъективті қарым-қатынастар мен соған әсер етуі мүмкін ықпалдардың үйлесу айрықшалықтары мен қайшыласу зардаптарын толық білме­йінше, бұрынғы тарихи оқиғалар мен жағдайларға үкім айту, ақтау немесе жақтаудың қай-қайсысы да әсіресіз әділет­ті болуы неғайбыл. Ендеше, оқиғалар, тұлғаларды дерек, дәйеккөздері ретінде ескеру немесе пікір білдірушінің субъективті сөзі ретінде ғана пайымдау әділетке тым құрыса бір табан жақындау талабына айналса керек…

Биліктің құдіреті мен қулығы

Сонымен бір қарағанда, заман идео­логиясына бейімдеп, бейнелегендей көрінетін Алмас ханның прототипін іздеу жөнсіз және оның прототипі – талассыз, айқын. Ол – қандай шексіз биліктің де белгілі бір кезең-жылдармен тұйықталатын шектеулігі мен зұлымдығы. Бұған тарихта мысалдар қисапсыз, тап қазір тізіп, уақыт кетірудің қажеті шамалы. Бұрынғы тарихтың алмаға­йып кезеңдерін, алапат аласапыранын білетін, жеке басқа табынушылықтың қорғансыз, қарапайым қалың бұқараны қандай қасіретке қамағанын өз көзімен көрген қаламгердің бұлайша толғануына себепкер – шексіз биліктің ашық және астыртын озбырлығының жеке адам түгіл тұтас қоғамға, мемлекетке, заманға жасаған және жасай беретін, алдағы уақыт­та да сан рет сансыратуы мүмкін қиянат­тарына деген қайсар қарсылығы, қоғамның жеке адамға көрсеткен немесе көрсете беретін қиянатын, қысастығын әшкерелеу.
Роман мазмұнына қарасаңыз, бүкіл хан сарайындағыларды шырқ үйіруге түрткі – бәрінен бұрын ханның күдігі. Ханның ойында ойран тудырған күлбілте күдік дем беретін дәлелдің жоқтығынан күмілжіп көміліп қалмай, тұншығып өліп қалмай, қызғаныштың қызыл шоғынан тұтана келе, күдірейген күмәнға ұласты. Нақ осы күмәннің шынтуайтқа шыққанда, мызғымайтын мықты дәлел емес, желк-желк еткен желбуаз желеу ғана екенін сұңғыла, әм сарапшыл хан білмейді емес. Білгенде қандай! Сол себепті асығыс, шұғыл шешім жасаудан аулақ. Шешімді көшедегі «куәгер» көптің көзі жетіп, көңілі ұйыйтындай етіп, үкімді сол көптің өзіне «шығартады». Мұнараға қастандық жасап, қиратпақшы болды деген дәлелсіз желеуді өсекке ұластырып, оған «бәледен» бейхабар қарашы – көптің «рас па, апырмайын» «бәсе, сұмдық-айға» жеткізгенде, әлгі өсекке өң кіргізіп, шырайлы тон киген шындыққа айналдыру технологиясы – үстемдіктің қашанғы сары тәсілі, ары-беріден ке­йін принципі екеніне барлық замандағы барлық мемлекет, барша қоғам өмірі куә.
Сонымен, сауаты кем немесе мүлде жоқ, байыпсыздығы салдарынан кертартпа немесе көрбала көптің көбік сөзін «өзіне сол керек» деген өкімге, сол өкімін үкімге айналдырған қаперсіз жұрт­тың надандыққа бергісіз білместігін пайдаланғанда, қоғамдағы, тарихтағы, жеке адамның тұтас өмірі мен күнделікті тіршілігіндегі сырт көз байқай бермейтін, байқауы мүмкін де емес небір ию-қию кілтипан-лептерге де­йін сол жылдардағы жас жазушы қапысыз сезіп, сұңғыла сараптай білген, сол білгенін психологиялық талдау арқылы таратып, кейіпкерлердің табиғи ой-толғанысы арқылы шебер бейнелеген. Алпысыншы жылдардың соңында, жетпісінші жылдардың басында прозаға бел шеше, белсене араласқан жас Әбіш Кекілбаевтың заман-қоғам-адам сабақтастығының шарасыздығын, сорын идеологияның қалт жібермейтін қырағы көзі қадағалап отырғанына қарамастан, содырлы байланысты сынау жолын тапқан алғырлығы, зеректігі, зерделігі тәнті етеді.
Тарихи дерек, өмірлік материал мен көркемдік мазмұн логикасы авторды қаншама қанат­тандырып, шыңға шығандатып алып кет­ті деген күннің өзінде бұған де­йінгі әдебиетіміздегі тап осындай жүйелі де терең мазмұн-болмысқа зер салып, бұған де­йін дәл осындай философиялық концепциямен ұсынылмағанын, билік-қоғам мен адам қарым-қатынастарының қалтарыстарын ақтарғанын, шығармашылық парасат әлеуетінің бұдан ке­йінгі қазақ әдебиетіне зор әсер еткенін көрмеу, мойындамау мүмкін емес. Қазақ әдебие­тінде «Абай жолынан» ке­йін бірде-бір шығарма әдеби процесіміздегі ізденістерге көркемдік мазмұн кеңістігімен, көркемдік шеберлігімен мұндай әсер ете алған жоқ. Болмысты адам мен қоғам, индивидуалистік психология мен тарихи-әлеумет­тік жағдай, жеке адам табиғаты мен танымындағы құбылыстар контексі, сол контексте қамтылған шындық арқылы пайымдауды өзіндік таңдап алған ракурста байыптау – шын ойшылдың, нағыз суреткердің қолынан келетін әрі сәтімен ілуде бір жаратылатын құбылыс.
Әлденеше ғасыр бұрынғы тарихи жағдайдың шындығын алға тартып, «Бес жүз кісі тауда тас шығарып жат­ты. Екі жүз кісі оны сол арадан жылтыратып өңдеді. Арба жеккен тоқсан бес піл тасып тұрды…
…Мешіт­тің біткеніне үш күн болды. Ішінде әрқайсысының биіктігі жеті құлаштан асатын, тастан қашалған төрт жүз сексен баған бар…
Мешіт­тің көк күмбезі сонау зеңгір аспанның өзіне көгілдір сәуле шашқандай, әнше­йінде шыжыған шілдедегі аптап ыстықтан отқа ұсталғандай, өңі тайып, ақ айранданып тұратын ол бүгін қайтадан ніл жүгіріп, мөлдірей қалыпты» /52-бет/ сияқты мысал, сурет­тер арқылы кезең көрінісін көз алдымызға әкелгенімен, автордың алаңы арыда – сол заманнан бертінге де­йінгі десек те, көне дәуір мен келешектегі кезеңдер аралығы десек те, қайталанып келген, әлі де жалғасуы әбден мүмкін субъективті өзімшілдіктің тарихи-қоғамдық, әлеумет­тік-экономикалық озбырлыққа ұласуы, шексіз биліктің жазықсыз қалың ел үшін, тиран немесе жәдігөй билеушінің өз кезіндегі «беделі» мен көкжиектегі келешек атағына да көлеңке түсіретін жойдасыз, жойқын жуандықтың қасіретке душар ететін, ылаңды, қанды шежіресін айқындау, соған деген ымырасыз қарсылықты ояту. Адамзат­тың бүкіл тарихы – озбырлықпен күресуі, тыныш өмір сүруге мүмкіндік беретін заманға ұмтылуы. Жет­тік-жетілдік деген ХХІ ғасырда да озбырлықтың өлмей-өшпей, сонымен уланған дүниежүзілік саясат­тың мың құбылып, сан түрлі қитұрқы сипат­та құтырынып тұрғанына тарихи-саяси, т.б. оқиғалар мен идеологиялық концепциялар бұлтартпас айғақ.
Концептуалды мазмұны қоғам құрсауындағы адам табиғатын, оның болмыс батпанымен байланысын байып­таған «Аңыздың ақыры» – психологиялық-философиялық роман деп кезінде орынды айтылды. «Қызыл алма» ат­ты алғашқы бөлімінде, әмірші Алмас ханның бәйбішесі жіберген қызыл алмадан күдік алуы, одан ке­йінгі «Мұнара», «Махаббат», «Аңыздың ақыры» бөлімдерінде кезегімен ортөбелік жас шебер Жаппардың, ханшаның ахуалы, ең ақырында мұнараны қиратуға шешім қабылдау «хикаясы» себептері айқындалады. Оқиға желісі күрделі емес, сюжеті ықшам. Алайда әр кейіпкердің үнемі дызығып, ұстараның жүзінде тұрғандай өн бойын қорқынышты діріл мен емексіген үміт кезек билеп, алма-кезек басым түсіп жатқанда, көлкештеген, адымы қысқа қайырымдар емес, көл-көсір баяндаудың ағыл-тегіл сурет­теуге ұласып, одан керісінше, тәсіл алмасуы немесе екі тәсілдің де жарыса, жараса қолданылуы жас ойшыл, жас суреткердің орасан зор шығармашылық әлеуеті мен үзілмей, үздіксіз үдере алға тартып отыратын, алған бетінен қайтпайтын, өзіне де­йінгі болмаған тың тәуекелден тайқымайтын сұрапыл шабытының, сол қуат­тарды негізгі мақсат – нысанаға үнемі бағындыра, бағыт­тай білген ұлы парасатының, нәзік сезімталдығының дәлелі.
Мәселен, құрт түскен алманың ханға жетуі – әл-әзір тиянағы жоқ, дәлелі жеткіліксіз, бұлыңғыр желеу-емеурін, ишараның ійіне түсіп қалған күдік қана. Ұйқыдағы жас ханшаның ырықсыз, ессіз тән құмарлығының құшағында көрпені кеудесіне басып жұмарлауы, әлден уақыт­та саябырлап, байыз табуы ойға қалдырған әміршінің ілік іздеуіне себепкер – алманың бүлінгені мен көрпенің умаждалуы ғана емес, бұған де­йін жинақталған өмірлік тәжірибесі. Түсінде мауқы басылғандай ханшаның тыншуы, мекіренген қойды еске салуына түрткі – ожар қарасақалдың қолына түскен бейтаныс әйелдің алғаш айқайлап жанұшырғанымен, көп ұзамай лажсыз ләззат құшағында масаюы, суын алып, түк болмағандай, бұраңдап кете баруы. Алма – ханша – қарасақал – суға келген белгісіз әйел – мекіренген қой… – бұлардың барлығы қырағы ханның жадынан шықпаған, өз көзімен көрген мысал-ассоциациялар. Соларды бір-бірімен сабақтастыра салыстыру барысында, ұлғая түскен күдігі – ханның енді мұнараға да, жас шеберге де жіті назар аударып, мұқият бақылауына себеп. Әсіресе балғын шағында ну жыныста қарасақал мен беймәлім әйелдің кездейсоқ ұшырасқанын өз көзімен көруі – тәжірибесіз жасты тіксіндіргенімен, таңсық сезімін қытықтап оятуы, өмірі ұмытылмастай әсер алған сәті, естуі, түйсінуі – таңдана қабылдауы. Қабылдау арқылы әсері психологиялық-эмотивтік тәжірибеге айналып, жалпы өмірлік тәжірибесін толықтырды. Осылайша, «әккіленуі», есеюі – алдағы күнге жарақсыз бармай, алданып қалмай, қамданып баруына сеп.
«Осындай» тәжірибесі табан тірейтін тиянаққа айналып, шексіз билік иесіне ойға алғанын өзі ғана біле алатын зымиян­дықпен жүзеге асыруына қолайлы мүмкіндік береді. Қиялы тәуелсіз, ойы азат адамды бүкіл тіршілігін басынған бұйрықтың бағытына бейімдеген, ойы – тұл, қиялы – құл адам-пендеге, адам – малға, құрал – адамға айналдыруына мүмкіндігі ұшан-теңіз. Пендеге немесе тұлғаға айналдыру тетіктерін табу, пайдалану құпиялары мен кілтипандарын әбден біліп қана қоймай, одан әрі дамытатын, үсті-үстіне «жаңасын» ойлап таба беретін, үстемдіктің тұлға-«таланты» – Әмірші.
Оның өз қолындағы биліктің әзәзілдігі мен әзірейілдігін бес саусақтай біле тұра мойындауға, ерте ме, кеш пе, күндердің күнінде жұтып алатын құрдымға құлау қаупін ойлауға құлықсыздығына дәлел – астамшылдығы. Солай бола тұра әмірші – белгілі бір дәрежеде психолог. Аталған ассоциациялар ханшаның жан дүниесін, ханшаның талабы мен қарекетін білуге, сонымен бірге Жаппардың да «аяқ алысын» аңғаруға мегзейді. Сол сияқты шебердің ерекше жан салып, көз жауын алған мұнара өрген өнері, еңбегі – оның өзін де, ханшаны да байқап-барлауға қажет, мызғымас тия­нақ. Бір кейіпкер арқылы екіншісін, немесе керісінше, бұл аз болса, басқа характер-образдардың, ситуация, деталь­дардың барлығының да жиыла, тұтаса келе, ханша мен Жаппарды танытатын, «әшкерелейтін» тұтас жүйеге, дәлелдер тізбегіне ұласуы – қиыннан қиыстыру шеберлігі мен жазушының күрделі ойлау мен сезіну ерекшелігінің мысалдары.
Хан – ханша – шебер – үшеуіне қатысты психологиялық шиеленіс шытырмандары үнемі мұнараға келіп тіреледі. Ол – көптің көзін қытықтап, көңілін арбаған көрнекті, сұлу ғимарат қана емес, шебердің қол жетпес арман – ғашығы – ханшаға деген ықыласын айнақатесіз айшықтап, аспанға, айдай әлемге аян еткен махаббат ескерткіші, қайран қалып, қарамасқа қоймайтын сұлулық бейнесі, қайталанбас ынтызарлық жыры. Күлің-күлің етіп, көз арбаған мұнара, жазықсыз мерт болуға шақ қалған ханша, алып-ұшқан жас жүрегінің толқуын жасыра алмай, таспен сырласуға мәжбүр болған, өзі айта алмай, мұнараны «сөйлеткен», арманды, ынтық сырын соған ғана сеніп тапсырған жас шебердің тасқа тіл бітірген ғажап өнері түрлі кейіпкерлердің қабылдауы арқылы әлсін-әлсін бейнеленгенде, бояулар қайталанбайды, қайта бірін екіншісі толықтыра үстемелеп, мұнараның көркін әр қырынан әрлеп аша түседі. Кідіртетін кісен, тежейтін тұсауды елемей, шарықтаған қиял, төгіліп тұрған жазушы тілі, ана тілінің құнарын еркін, табиғи пайдалануы, қай кілтипан мен қай құпияны да тамылжытатын, жарасымы жанға жайлы табиғи пластикасы, психологиялық иірімдер шырғалаңы мен тұңғиығы арқылы әлем әдебиетінде ұқсасы жоқ өзіндік көркемдік әлем түзілген.
Сол әлем ұстындарының бірі – Жап­пар шебер, түптеп келгенде, жазықсыз, сұлу өнердің өкілі. Әміршінің алдындағы бар айыбы – жасырын сезімінің мұнара арқылы бейнеленіп «әшкереленуі». Шығарманың басынан аяғына де­йін көктеп өтетін осы ғимарат сұлулығы – әр кейіпкер үшін әркелкі, әрқилы серпін. Бірақ бұл – әлі әмірші ойлағандай қылмыс емес, кесек дәмеден ауылы алыс есекдәме ғана. Әмірші соған да іштей шамданады. Өзімшілдіктің астамшылдық ат­ты уының тамшылай беруі салдарынан әуелгі елеусіз күдік ұлғая беріп, ақыры қыжылға ұласты. Қыжылдың қынабынан кескілеспей келіспейтін кек шықты. Ішіне қатқан кек – зіл оның еркін, алаңсыз тыныстауына мүмкіндік бермей, ойын қақпалап, озбырлығын түрткілеп оята береді. Ақыры шебердің қиялын жазалаудың амалын тауып, жаны жай табады, «есесін» қайтарады.

(Жалғасы бар)
Бекен Ыбырайым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір