Сен де, мен де жүрген кезде армандап, Сезім үркіп кетіпті…
19.09.2024
382
0

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілі.
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Арман аялдамасы

Автобуспен келе жатып ой толғап,
Терең шомып кеткен екем ішінде.
«Арман бар ма?» – деді шопыр айқайлап,
«Бар!» – дедім де жалғыз тұрдым түсуге.

Қиял құсы күніге мың самғар көк,
Арманы жоқ адам бар ма, расында.
Аялдама жай аталар «Арман» деп,
Мен тұратын қабат үйдің қасында.

Бір арманның құшағында сол бір кез,
Автобуста сезім отын маздат­тым.
Еске оралып жол-жөнекей мөлдір көз,
Үй жағымнан өтіп кете жаздаппын.

Тәт­ті қиял тербегенде көңілді,
Аңсар толы дерт­ті жаның емделер.
Кетіп бара жатқандай боп көрінді,
Автобуста еш армансыз пенделер…

* * *
Шыңымен ешкім таласа алмайтын,
Арман бар екен аласармайтын.

Жылу бар екен гүлді аша алмайтын,
Сұлу бар екен сырласа алмайтын.

Бұлақ бар екен мөлдіремейтін,
Жүрек бар екен елжіремейтін.

Ақын бар екен өлең жазбайтын,
Ақым бар екен терең қазбайтын.

Көңіл бар екен жетім өлетін,
Өмір бар екен екі келетін…

* * *
Шашылып жатса-дағы жан шапағы,
Жүрегім әлденені аңсатады…
Ешқашан айтылмайтын жаңалық бар,
Жүйкеңді сол «жаңалық» шаршатады.

Болғанда сенім – селкеу,
ойың – жалған,
Арман да сұйылады қоюланған.
Адамның жауыздығы еске түссе,
Күлкің де қашады екен уайымдаудан.

Кей кезде түлкіге де сене кеткен,
Кей кезде қауіптенген көбелектен.
Бұл шақта «сері» болған күні құрсын,
Қиял мен аңғалдығын өлең еткен…

* * *
Келер жерге еркін келіп бір демде,
Шөл көркіңнен толқын көріп күлгенде,
Сеніміме серпін беріп жүргенде,
Мезгіл ауып кетіпті.

Боз шабыт та келген шақта кемелге,
Құстар әнін үйлестіріп өлеңге,
Сол әуенге атыңды енді берерде,
Бұлбұл ұшып кетіпті.

Бал рақат­ты кешейін деп жалғанда,
Бар жұмбақты шешейін деп қалғанда,
Сен де, мен де жүрген кезде армандап,
Сезім үркіп кетіпті…

* * *
Қуаныштың ішінен қайғы көрдім,
Кедейден де ең кедей байды көрдім.
Мән бермеуші ем табиғи тылсымдарға,
Бұлтсыз түнде жоғалған айды көрдім.

Елге зиян көп көрдім тентекті де,
Тентек айтқан тыңдадым ертекті де.
Қызбенен қыз үйленген бұл заманда,
Көріп жүрміз үйленген еркекті де.

Ақын көрдім артында сөз қалмаған,
Әкім көрдім қол үшін созған маған.
Батыр көрдім орденге толған төсі,
Ұлтқа қауіп төнгенде қозғалмаған.

Аға көрдім санасы балаға тең,
Қазы көрдім шешімі шала, бөтен.
Көшіп жүрген қазақты күнде көрем,
Ал көшпейтін сыған да болады екен.

Бір дос көрдім өкпешіл болмашыға,
Бір дос көрдім мәңгі адал жолдасына.
Дұшпан көрдім сын сәт­те қарайласқан,
Досы болар біреудің ол да, сірә.
Жамандықтан жүрегім жериді шын,
Жақсылыққа елжіреп ериді ішім.
Өмір болса көрерміз, көрмегенді,
Келер ұрпақ көрсе екен тек игісін!

* * *
Мен кеше жарқ-жұрқ ет­тім, болып ұшқын,
Мен кеше рухын сездім долы күштің.
Әкемнің көзін көрген қарт­тарменен,
Ерекше сезімдермен жолығыстым.
Мені олар кенжесіндей еркелет­ті,
Жанымды жадау жүрген көркем ет­ті.
Әкемнің жақсылығын жарыса айта,
Дейді олар: «жүре тұрмай, ерте кет­ті».
Біреуі әзіл айтып тамсандырды,
(Біреуі басқарып тұр «ансамбльді»).
Біреуі домбырасын маған сыйлап,
Біреуі жыр оқытып, ән салдырды.
Ақ жаулық апалар да сұңғылалы,
Ерекше гүл көңілмен жүрді бәрі.
Әуенін тойбастардың тамылжыт­ты,
Анамның сырлас болған құрбылары.
Сол кеште көңілімді көрікті ет­тім,
Сол кеште мәрт бабама еліктеппін.
Әкемнің досы берген қошақанды,
Досымның баласына беріп кет­тім …

Бір пенде

Бір пенде таңнан жоспар құрған болар,
Ат басын мешіт жаққа бұрған болар.
Жұмыссыз, қызметсіз сол бір пенде,
Садақа да бере алмай тұрған болар.
Сағыныштың құстары шермен қонар,
Ұшар қайта жан гүлі семгенде олар…
Бір жас жігіт аулада шалқып отыр,
Кеткен жары төркіннен
келген болар.
Ал сезімнің құстары наздан қонар,
Жанды баурар, сиқырлы саздан да олар.
Бір сұлу қыз көшеде жымияды,
Бір жылы сөз сүйгені жазған болар.

Жаңа ғана жарымен танысқандай,
Қол жетпес ғашығымен табысқандай.
Бір қария мәз боп жүр күзгі бақта,
Ең соңғы бір арманмен қауышқандай.

Бар қасиет адамға Нұрдан қонар,
Нұр дегенің әлемге шыңнан қарар.
Беретін де Құдірет, алатын да,
Істі көріп, сөзді естіп,
сырды аңғарар…

Сарт пен мәрт

Ешқашан тақтырмайтын атына мін,
Болмысы – бақай есеп, беті қалың.
Ішінен пенделердің сарт­ты көрдім,
Бұлдай-тұғын бір уыс топырағын.
Болғанмен ғұмырында нағыз ғаріп,
Жандар бар, көрмеген еш арызданып.
Соларға көмек берген мәрт­ті көрдім,
Өзі мұқтаж болса да, қарызданып…

Үнсіздік

Мен үн-түнсіз кеткелі,
Сен үн-түнсіз кеткелі.
Қысқа айналып барады,
Жан дүниемнің жасыл желек көктемі.
Құсқа айналып барады,
Жүрегімнің жыр жазылған дәптері.
Мен қазір қанат­тыларға барамын
жақын болып,
Айналама ақ кептерлер де жатыр
қонып.
Ал сен бояусыз қара шашыңды,
Билетіп, толқындатып.
Ең алғаш құшып тұрғандай жарқын
бақыт.
Қуаныш от­тарын жанарыңнан
жарқылдатып,
Сезімнен ескен самал мұңға,
Ақ дидар жүзіңді тосқан бейнеңді,
Жырларымнан таба алдың ба?
Жоқ әлде өлеңдерімнен өзіңді тани
алмай,
Күмән ойларға қамалдың ба?
Кейінгі кезде сен менен гөрі
Үнсіздік өнерді меңгеріп
алғандайсың.
Хәлімді сұраушы едің ғой,
Қуантып таң алдында.
Менімен тілдескен сол ғаламат шақта
күліп,
Үлбіреп бал жүзіңнен мақпал үміт.
Сырыңды айтушы едің ғой,
Кейде бір ақтарылып.
Сол кезде шіркін, кететін еді,
Жаяу көңілім арғымақ атқа мініп.
Үн-түнсіз кеткенменен,
көз салмадым тысқа бөтен,
Ешқашан айтпаған ем:
«Бәз біреуді өзіме құштар етем»
Хабарсыздыққа налығаным
бекер болыпты-ау,
Үнсіздікте де үлкен бір күш бар екен…

Қызыл қайың

Қайыңның біздің жақта қызылы бар,
Даланың дауылына жүз ұрынар…
Ол да бір қыз сияқты, біз сияқты,
Маңдайда тағдырының сызығы бар.

Түр-түсі тамырынан, тектен болар,
Бәлкім, ол – күрең бояу,
көктен қонар.
Бәлкім, ол ақындар көп жырлаған соң,
Өрт­тей боп қуаныштан
кеткен болар.
Ал мүмкін, сол ақ қайың – құба таңдай,
(Тұрған бір ғашық жандай сыр аша алмай.)
Қызарып кет­ті ме екен ұялғаннан,
Жылаған бір аруды жұбата аламай.

Вокзалда

Уақыт­тың құнын білуші едік қой,
Бақыт­тың гүлін сүюші едік қой.
Автобекет­те асығып ылғи,
Жолығып қалып жүруші едік қой.

Сезімді сол бір жалғау үшін бе,
Өзімді-өзім алдау үшін бе?
Вокзалға жиі барып тұрамын,
Ұмытып сені қалмау үшін де.

Көлікте бір кез көңілің – шат­ты,
Радио сазы тербепті тәт­ті.
Саған арналған басталғанда әнім,
Байланыс құрғыр үзіліп қапты.

Теледидардан жыр оқып тұрған,
Көргенде мені толқыпты тұлғаң.
Ауысып арна кетіпті сол сәт,
Тыңдауға мұрша бермепті бір жан.

Тоқтатпай жүрек кернейін бір күн,
Тербет­ті жанын сендей үлбірдің.
Мен түсіп қалған сол автобусқа,
Кетіпсің мініп, мен кейін білдім.

* * *
Сағынып, сағынып сағынышты тауыстым.
Аңсап, аңсап ақыл-есімнен ауыстым.
Ғұмыр бойы қол созып,
Көз жетпейтін қиянға,
Сөз жетпейтін қиялға,
Бір арманнан адасып,
Бір арманмен қауыштым.

Жабығып, жабығып жабырқаулы
күй кештім,
Зарығып, зарығып қайғы-мұңмен
үйлестім.
Тұла бойым толған бір,
Сезім дейтін бал-тұғын,
Нәрін, бәрін сарқыдым.
Бұл арманды жалт еткен,
Ол армандай сүймеспін.

Жылатып, жұбатып шыңдады
өмір көп мені,
Гүл атып, қуантып сарғайды
көңіл көктемі.
Бәлкім, дұрыс та шығар,
Түнемей де, түстенбей,
Құдіреті күш бермей,
Арман болған ақ арман,
Бағындырмай кеткені …

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір