Есте жүрген естелік
15.12.2025
36
0

Осыдан 50 жыл бұрын, 1975 жылдың 3-5 желтоқсан күндері Алматы қаласында жас ақын-жазушылардың Республикалық үшінші Кеңесі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен алдын ала іріктелген 150-ге тарта талапты да талантты жастар қатысты. Сол жолы Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімінің басшысы, белгілі жазушы Жайық Бектұров өндірісті өлкеден төрт жас ақынды – Абзал Бөкен, Тілеуғазы Бейсембеков, Тортай Садуақасов және мені осы жиынға делегат етіп жіберген еді. Қазір бұл азаматтардың бәрі (менен басқасы) – республикаға танымал ақын, бірнеше кітаптың авторы, әдеби сыйлықтардың иегері.

Сол күні салтанатты шара сағат 10-да басталды. Құттықтау сөз Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловқа берілді.
– Қымбатты қонақтар, қош келдіңіздер! Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің табалдырығын алғаш аттаған талапкерлердің шығармашылығын шыңдап, олардың жарқын болашағына бағыт-бағдар беру. Қарымды қаламгерлердің өнегелі өмір жолымен таныстырып, өзара тәжірибе алмасу. Бір сөзбен айтқанда, қолына қалам ұстаған жастарға шынайы қамқорлық көрсету. Сол үшін біз сіздермен үш күн бойы осы қасиетті қара шаңырақта дидарласамыз. Ертең секциялық жұмыстар аяқталған соң, атақты ақын-жаушылармен кездесіп, еркін әңгіме-сұхбат жасауға мүмкіндіктеріңіз бар. Сол жерде олармен ескерткіш ретінде суретке түсуді ұйымдастырып отырмыз! – деді жиналған қауымға. Бұдан кейін алдағы атқарылатын іс-шаралардың бағдарламасымен таныстырды. Алқалы жиын аяқталысымен, алыс-жақыннан келген жастар бірнеше секцияға бөлініп, ой-пікірлерін ортаға салу үшін жазған шығармаларын талқылауға кірісті.
Келесі жұмыс күні қызықты сәттен басталды. Таңертең Жазушылар үйінің бірінші қабатында атақты ақын Мұқағали Мақатаевты аяқ астынан кездестірдік. Кіреберіс дәлізде сырт киімін шешіп үлгермеген ұлы ақынды алғаш көргенде, жастар бірден сене қоймады.
– Жігіттер! Мен Мұқағали ағаларың боламын! Жақынырақ келіңдер! Басқосуларың басталғанша сендерге сиясы кеппеген туындыларымды оқып берейін! – дегенде ғана жастар қасына жинала кетті… Мұқаң қолындағы қос елі «қызыл дәптерін» парақтай түсіп, ара-тұра қоңыр шашын салалы саусақтарымен серпіп тастап, шабыттана өлең оқыды!
«Айығып келем,
Айығып келем бәрінен.
Емделіп жүрмін,
Жақсылар берген дәрімен.
Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,
Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен!»
Осылайша жырдан шашу шашқан Мұқағали:
– Мынау менің түнгі сағат 4-те жазған өлеңдерім! – деп тағы да екі-үш шығармасын оқыды. Секциялық жұмыстарға қатысуы тиіс жастар ақын туындыларын тапжылмастан тыңдап, ерекеше рақат сезімге бөленді, тіпті олар «Жігіттер, секция отырысы басталып кетті. Басшылар келсін деп жатыр!» деген шақыртуға да құлақ аспады. Бұл Мұқағали поэзиясының құдіреті еді! Осы кезде Мұқаң:
– «Сергей, Сергей…
Сергелдеңге түстім ғой, мен де сендей!» – деп, бір күрсінді де: –Енді жолдарыңнан қалмаңдар! Рақмет бәріңе! Бара қойыңдар, балапандарым! – деп ризашылығын білдірді. Түстен кейін жастар қазақтың атақты ақын-жазушылары: Бауыржан Момышұлы, Сапарғали Бегалин, Шерхан Мұртаза, Әбу Сәрсенбаев, Әнуар Әлімжанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Олжас Сүлейменовпен бірге суретке түсті. Сол күні Виктор Николаевич деген фотограф шалдың айы оңынан туды. «Бүгін осы суреттің 100 данасын сатып, бір тоқтының «ақшасын» жинап алдым!» – дегені әлі есімде.
5 желтоқсан күні Республикалық Кеңестің қорытынды жиыны болды. Оны әдебиетіміздің көрнекті ақыны Қалижан Бекхожин жүргізді. Жекелеген секция жетекшілері: Тұманбай Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Қадыр Мырзалиев, Сафуан Шаймерденов, Қалтай Мұхаметжанов, Тұрсынбек Кәкішев, Оспанхан Әубәкіров сияқты әдебиет саңлақтары әр алуан жанрда қалам тербеп жүрген жас толқынның жазған шығармаларына тереңірек тоқталды. Олардың қарым-қабілеті жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, ақыл-кеңестерін айтты.
Өз кезегінде қазақ поэзиясының пайғамбары Әбділда Тәжібаев жастарға ақ батасын беріп:
– Мен Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновтің табиғи талантына таңданамын! Сендердей кезінде екеуіне сәт сапар тілеп, газеттерге өлеңдерін жарияладым. Бүгінде сол шәкірттерім – қазақтың атақты ақындары. Мен олармен әрдайым мақтанамын! Керек десең, екеуін де өзіме ұстаз санаймын! – деп ағынан ақтарылды.
Осы кезде тағы бір қызықты жағдайдың куәсі болдық.
– Әне, Мұқағалидың өзі де келе жатыр! – деді Қалижан Бекхожин, көпшіліктің назарын есіктен кіре бастаған Мұқаңа бұрып. Сол сәтте жастар құрметпен қол соқты! Еш нәрседен хабары жоқ ақын ақырын ғана жымиып, алдыңғы қатарға барып жайғасты. Әбділда ағамыз әңгімесін одан әрі жалғастырды:
– Қымбатты достар! Қазіргі кезде қатарымыз жыл өткен сайын талантты жастармен толығып келеді. Әсіресе Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдәулетов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Несіпбек Айтов сияқты ақындардың өлеңдерін газет-журналдардан жиі оқып жүрмін. Мен олардың болашағынан үлкен үміт күтемін. Осы отырған сендердің араларыңнан да сондай мықтылардың шығатынына сенімдімін! – деп сөзін аяқтады.
Иә, абыз ақынның үкілі үміті уақыт өте келе ақталды. Жоғарыда аты аталған ақындар – қазір қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері. Бәрі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Бұдан кейін қарымды қаламгерлердің жетекшілігімен өткен әртүрлі секция жұмысына қатысушы жас ақындар: Ерлан Бағаев, Абзал Бөкен, Тілеуғазы Бейсембеков, Жәркен Бөдеш, Шаһизада Әбдікәрімов, Сәуле Нұрмұханбетова, Мейірхан Ақдәулетовтер өз өлеңдерін оқып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Мырзашөл өңірінің тумасы, алматылық студент ақын Мылтықбай Ерімбетов кешегі Кеңес одағының солқылдақ саясатының салдарынан республикамыздың онтүстік аймағындағы бірнеше ауданның «жері» 1956 – 1961 жылдары Өзбекстанға уақытша берілгенін айтып, мерзімі аяқталған соң, тең жартысы Қазақстанға қайтарылмағанын өлең тілімен өкіне жазды, тіпті «Менің мұңым – Мырзашөл» деп аталатын циклды топтамасынан үзінді оқыды:
«Қыдыр қонған ел едік бағы қалын,
Жерімді тартып алды, неғыламын?!
Мырзашөл, қош бол енді, амалым жоқ,
Құдайдың салғанына бағынамын!» – деп музасына мұңын айтты. Ала тақиялы ағайындардың арасында қалып қойған қандастарымыздың қайғысына ортақтасып, әлі де болса тарихи жерімізді қайтару керегін тілге тиек етті. Оның әрбір өлеңінде туған жерге деген сағыныш, өмірдің терең иірімдері, шынайы адамдық мінез көрініс тапты.
Тағы бір талантты жас ақын Жәркен Бөдеш өмірдің өтпелі тұстарын өлең жолдарымен әдемі өрнектей білді:
«Ауыр-жеңіл көтертпей қоймайды өмір,
Мінезі бар алайда қойдан қоңыр.
Көңіл шіркін ерттеулі арғымақтай,
Өлеңдетпей қойсын ба ондай көңіл!» – деп ой түйгенде, залда отырған көпшіліктің көңілі бір серпіліп қалды.
Сол күні Жазушылар үйіндегі мерекелік шара ақындар өлеңімен жалғасты. Қайсыбірінің оқыған туындылары есімде қалыпты… Табиғаттың тамаша көрінісін адам жанымен әдемі үйлестіре білген қарағандылық лирик ақын Абзал Бөкеннің жыр шумақтары жүрекке жылылық сыйлады:
«Қырларыңнан гүл тергенбіз,
Ол анық.
Табанымыз жасыл шөппен боялып,
Жасыл белді жалаң аяқ кезгенбіз!»
Осылайша, ақындықтың ауылына ат байлаған автор, күні бүгінге дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Бірнеше кітабы жарық көрді. Оқырманның іздеп жүріп оқитын ақынына айналған Абзал ағамыз бертінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Бір кезде залда отырған Мұқағали ақын шыдамады.
– Қалеке, мен де өлең оқиыншы! – деп қолын көтерді.
– Қазір, Мұқа! Мына жігіттен соң…– деп Қалижан аға басын изеді. Көп кешікпей Мақатаев сахнаға шықты.
– Айналайын Мұқағали, ақылың бар азаматсың ғой! Көп емес, бір өлең оқысаң жетеді. Есесіне, сенің жолыңды қуған жастардың туындыларын көбірек тыңдайық. Онсыз да уақыт жетпей жатыр! – деді Қалижан Бекхожин. Мұнысы әдемі ескерту болды. Өйткені шабыттанып кетсе, Мұқаңды тоқтата алмайтынын үлкендер жағы жақсы біледі екен.
– Жарайды, Қалеке! Айтқаныңыз болсын! – деді де, бір өлеңін жатқа оқып, соңын былай түйіндеді:
«О, Муза!
Мәңгі жастық!
Қайран досым!
Қай күні ауар екен сайран қосым.
Поэзия – жастық қой жалын ұшқан,
Жас күнде жазғаныңдай қайдан болсын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?» – деген тұлғалы ақын уәдесінде тұрды. Жырсүйер қауым ұзақ қол шапалақтады. Ол жас талапкерлерге сәттілік тіледі де: «Мен енді басымды жазайын!» – деп сәл жымиды да, сахнадан түсіп есікке қарай беттеді. Ұлы ақын сол кеткеннен мол кетті… Араға үш ай салып, 1976 жылдың көктемінде 45 жасында дүниеден озды.
– Аға буын ақындар әрдайым жастарға қамқорлығын аяған емес! – деді көпшілік алдына шыққан «Жалын» журналының Бас редакторы Тұманбай Молдағалиев. Оған дәлел ретінде жақында ғана Жарасқан Әбдірашевтің құрастыруымен жарық көрген «Көктем тынысы» (1975 ж.) деп аталатын топтама жыр жинағын айтуға болады. Менің алғы сөзіммен жазылған бұл кітапқа 49 жастың өлеңдері енді. Бұлардың көбі – бұған де­йін осындай алқалы жиындарға қатысқан, есімдері жырсүйер қауымға жақсы таныс, келешегінен мол үміт күттіретін жастар.
Атап айтсам, олар Н.Оразалин, И.Сапар­баев, С.Ақсұңқарұлы, Е.Зікібаев, Ж.Жақыпбаев, А.Шаяхметов, З.Елғондинова, Т.Рахимов, Т.Садуақасов, К.Әмірбеков, К.Сауғабаев, Ж.Боранбаев, А.Егеубаев, Қ.Әбілев…
Иә, осыдан 50 жыл бұрын Тұмағаның ақ батасын алған жастар, уақыт өте келе, әдебиет өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгерге айналды.
«Көктемде күркірейтін нар өзенім,
Еске алам сусағанда жан өзегім.
Сартерек – сағынышым солқылдаған,
Бал қызық, бал дәурен, таза кезім…»
Осылай туған жердің тынысын төрт жол өлеңге арқау өткен Асқар Егеубаевтың ақындық иірімдеріне залда отырғандар ризалық танытты. Алғашқы шығармашылығын поэзиядан бастаған ол есейе келе сан қырлы талант иесі болды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін», Махмут Қашқаридың «Түрік сөздігін» үш том етіп қазақ тіліне тәржімалады.
Жыр кешінде Темірхан Әліханов сияқты талантты ақындарға уақыт жетпей қалды… Ол шыдамастан сахнаға атып шығып, өлеңін оқуға оқтала бергенде төрде отырған Шерхан Мұртаза ағамыз:
– Сен кімсің? – деп онша ұната қоймады…
– «Үлгермеген ел-жұрты әлі танып,
Жыр жазатын жүректен қаны тамып.
Танымасаң, танып қой, Шерхан аға,
Мен боламын Темірхан Әліханов!» – деп аяқ астынан жауап берді ақын. Сөйтті де, жақында ғана қазақтың әйгіл әншісі Әміре Қашаубаевтың 50 жылдан кейін Франция елінен тұңғыш рет табылған үн таспадағы әні жайлы әсерін өлеңмен жеткізді.
«Қаншама жылдар аңсаумен сені,
Қамығып келеді қазағым.
Сен жайлы енді селдетіп өлең жазамын.
Алыста қалған алтын ба ең?
Айналдым сенен, аруақты әуен, әз әнім!» –
деп, жыр пернесін ағытқан, түйдек-түйдек ой түйінін тарқата білген Темірхан Әліханов бұл күнде қазақтың маңдайалды ақындарының қатарында. Қазір Түркістан өңірінде тұрады.
Иә, үш күнге созылған Алматыдағы Республикалық алқалы жиынның соңғы күнінде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы (қазіргі тілмен айтқанда Басқарма төрағасы) белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов жастарға шығармашылық табыс тіледі. Ертең-ақ олар әдебиетіміздің берік уығын қадайтынына үлкен сенім артты. Әлімжановтың айтқаны айдай келді. Сол жиынға қатысқан өрімдей жас ақын-жазушылардың алды қазір жетпістен асты. Олардың көбі қазақ әдебиетінен ойып тұрып өз орнын тапты…
Қымбатты оқырман! Міне, содан бері де 50 жыл зымырап өтіпті. Уақыт неткен жүйрік еді! Сол күндерден сыр шерткен, есте қалған естелігімнің бір үзігі осындай…

Әли ТОЙЖІГІТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір