ҰЛЫЛАР ЖҮРГЕН ЖОЛ АДАСТЫРМАЙДЫ
10.01.2026
113
0

Көзі қарақты оқырман қауым жазушы-журналист Мамадияр Жақыпты жақсы біледі. Жарты ғасырдай қызмет атқарған «Егемен Қазақстан» газетінде оның жазғандары жиі жарияланып жататын. Әсіресе «Дүбірге толы дүние» айдарымен шығатын халықаралық жағдайға арналған мақалалары жұрт назарын аударғаны анық. Сонымен бірге осы газетте, басқа да басылымдарда «Мергенбайдың айтқандары» жиі көрінер еді. Журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрген ағамыздың қаламынан оннан астам кітап жарық көрді.

Атап өтер бір жай Мамадияр ағамыз шығармашылық жұмыспен қатар саяси қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бүгін біз соның бірі – алғаш дүниеге келгеніне 30 жыл болған «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарлары жайында, оны ұйымдастырушы Мамадияр Жақып ағамызбен әңгімелесуді жөн көрдік.
– Алдымен, «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарларының қалай дүниеге келгенін айтсаңыз?
– 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығы аталып өтті. Енді соған қандай үлес қоссақ екен деген ой әркімнің көңілінде жүргені анық еді. Біз, бір топ журналист-жазушылар ұлы ақынымыздың басына жаяу баруды ойладық. Мынау техника заманында екі жүз шақырым қашықтыққа көлікпен сапар шегу түк те емес. Ал сол қашықтықты жаяу өту әжептәуір шаруа. Бұған алматылық біраз қаламгердің айтарлықтай біраз дайындығы бар еді. Біз үнемі демалыс күндері тауға шығып, шынығып жүретінбіз. Оған Зейнолла Серікқали екеуміз ұйытқы болушы едік. Ұлы Абайдың басына жаяу барып зиярат етуді естігенде, солардың көпшілігі сапарға қосылғысы келетінін білдірген. Әрине, бәрін ертуге мүмкіндік жоқ, көпшілігі өкініп қала берген. Бір өкініштісі, осынау бастаманы қостаушының бірі Зейнолла да кенеттен бір жағдаймен алғашқы сапарға қатыса алмай қалды.
«Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарлары – «Егемен Қазақстан» газетінің бастамасы деген жөн. Редакция басшылығы біздің ұсыныстарымызды құп алып қана қоймай, оны ұйымдастыруға белсене араласты. Жергілікті билік орындары мұны еліміздің бас газетінің шарасы ретінде қабылдап, сапаршыларға жағдай жасауға тырысты.
Ең бастысы, ұлы Абайға арналған жаяу сапарды қарапайым халық құп алды. Семей қаласынан ұлы ақынымыз жатқан Жидебайға дейінгі жолда сол халықтың ықыласын да, таңданысын да, ризашылығын да көрдік. Біздің сапарларымызды ақпарат құралдарынан бірінен-бірі естіген халық қара жолдың бойында бізді айрықша ықыласпен қарсы алып, шығарып салып отырды.
Осы жолда кімдермен кездеспедік! Бәрін айту – ұзақ әңгіме. Біреуіне тоқталайын. Соңымыздан қуып жеткен «Волга» автокөлігі қатарласа тоқтады. Одан түскен адамдарды жазбай таныдық. Абай мұражайының директоры Тәкен Ибрагимов бастап келе жатқан ғалымдар екен: академик Рахманқұл Бердібаев, ғылым докторлары Шәкір Ыбыраев, Ғарифолла Есімов. Сөзді Рахаң бастады. «Парсыда «пешкадам» деген сөз бар. Ол озық болу, алда жүруді білдіреді. Сендер «пешкадамсыңдар!» Игі істі сендер бастадыңдар. Жапондар Фудзияма тауын кие тұтады. Біздің әулиеміз – Абай, киелі мекеніміз – Жидебай. Қазақ енді сендер сияқты Жидебайға жаяу барып, тағзым етіп жатса, арман қайсы!»
…Сөйтіп, алтыншы күні сәске түсте Жидебайға келіп жеттік. Ауыл қарсы алды, ел қарсы алды. Мұндай құрметті, мұндай ықыласты бұрын көрген емеспіз. Жолда шаршағанымыз, аяқтың қажалғаны ұмытылған.
– Сол алғашқы сапарға кімдер қатысты?
– Иә, бұған тоқтала кеткен жөн. Бұл сапар ұлы Абайдың құрметіне арналғандықтан да, оған Семейдегі «Абай қоры» белсенді араласқан. Сол қордың басшысы, Абай ұрпақтарына жиен болып келетін Балтабек Ерсәлімов тізімге бірінші болып ілінген. Менің сол құрдасым етжеңділеу адам еді, жаяу жүрісте айтарлықтай қиналды, бірақ шыдады. Оған жанымыз ашып, бір сәт мәшинеге міну жөніндегі ұсынысымызды қабылдамай, Қарауылға бізбен бірге жетті. Ал бәрімізден жасы үлкен Алматыдағы Мұхтар Әуезов мұражайының ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Талатбек Әкімов ағамыз әрқашан алдымызда жүрді. Осы жерде айта кететін бір жай: кейінгі сапарлардың барлығына сол Балтабек Ерсәлімов, «Егеменнің» Семей облысындағы тілшісі Дәулет Сейсенов және Зейнолла Серікқалиұлы – бәріміз жұбымыз жазылмай қатысып жүрдік.
– Келесі сапарларыңызды жыр алыбы Жамбылға арнаған екенсіздер. Оның қандай ерекшеліктері болды?
– Жамбыл музей-үйі Алматыдан алыс емес. Оған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты асылдарымыздың барлығы барған ғой. Көзі тірісінде ұлы ақынның өзіне сәлем берсе, кейін жатқан жеріне бастарын иген. Ол жаққа олар көлікпен барған. Біздің жаяулатып жеткенімізге жұрт басқаша қараған. Біздің сол жаяу сапарымызға қатысқан жергілікті журналист-жазушылардың ерекше тебіренгендері бар.
Айрықша есте қалған бір жай: соңғы күні аудан орталығы Ұзынағаштан ұлы жыраудың кесенесіне қарай жолға шыққанда, бізге көп адам қосылған. Бірге жүрді. Бәлкім, бұдан кейін олар осынау қасиетті орынға өздері де жаяу келіп, бас иіп жүрген болар деп ойлағанбыз.
Содан біраз уақыт өткенде, сол сапарға қатысқан Жұмабай Шаштайұлы бауырымыз (онда ол «Заман Қазақстан» газетінің редакторы еді) «Ауылға келгенде, сіздердің сол сапарларыңыздан кейін халықтың ұлы жерлестеріне ықыласы да, мақтанышы да артқандай көрінетін» дегені бар. Соған қуанғанбыз.
Сол алғашқы екі сапар кейінгілеріне арқау болды десек те болады-ау. Өздерінің ұлы жерлестерін қасиеттеп келген бізге жергілікті жұрт айрықша ықыласпен қарады. Біз бұл сапарларды одан әрі жалғастыру қажеттігін сезіндік.
– Бұдан кейін сіздер Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсіреповтердің туғанына 100 жыл толуына, бертінірек Шәкәрімнің 150 жылдығына, Махамбет пен Сүйінбайдың 200 жылдықтарына, Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай сапарға шықтыңыздар. Қарап отырсақ, осы сапарларыңыз арқылы бүкіл қазақ жерін аралағандай екенсіздер…
– Дұрыс аңғарған екенсің, Жүніс. Осы сапарлар кезінде біз елімізді де, жерімізді де таныдық жаяу жүріп. Көлікпен жүру мен жаяу жүрудің арасы жер мен көктей. Кейбір журналистер, соның бірі өзіммін, көлікпен бүкіл Қазақстанды шарлайтын да шығар, бірақ жаяу жүргендей қайдан болсын. Ұлылардың табанының ізі қалған топырақты басып өткенге, олардың жанын баураған табиғат сұлулығын сезінуге не жетсін. Шығыстың ормандары, Баянауылдың таулары, солтүстіктің жасыл желек жамылған жазықтары, Атыраудың ақ шағыл адырлары ұлыларымыздың жүрегін баураса, саған әсер етпей қала ма?
Түркістанға көктемге салым сапар шеккенбіз. Дүние құлпырып тұр. Жол жазыққа ауысқанда екі жағымыз жайқалған қызғалдақтардан қып-қызыл алауға айналды. Арқаның азаматы Абай қорының төрағасы Балтабек құрдас жағасын ұстады: «Құдай-ау, мен оңтүстік өңірді аңызақ адырға балаушы едім, мынау керемет қой! Жеріміз қандай көрікті еді!»
Біз жаяу сапарымыз кезінде көп нәрсені көрдік. Елімізді көрдік, жерімізді көрдік.
– Сол жаяу сапарлар кезінде есте қалатындай тосын жағдайлар болды ма?
– Тосын жағдайлар дегенде, алдымен, көңілге қаяу түсіретіндері ойға оралады ғой. Ондайлар болған жоқ. Біраз қызық жайлардың кездескені бар. Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығында Павлодардан Баянауылға жол тарттық. Жауын-шашын біраздан бері болмапты. Құрғақшылық қысып-ақ тұр екен. Баянтаудағы қарағайлардың жапырақтары сарғая бастапты. Жұрттың көңілі жүдеу. Біз келген күннің ертесіне жауын құйып берсін! Жұрт мұны біз алып келген құттай көрген. Елдің алғысына бөленгенбіз.
Тағы бір оқиға ойға оралады. Махамбеттің 200 жылдығына арналған сапарымызды тамыздың аптабында өткізуге тура келген. Біраз жол Жа­йықты жағалай өтсе, ақырында жазыққа шыққанбыз. Мына аптапқа қалай шыдар екенбіз деп абыржығанымыз да бар. Бірақ сол жазықтағы үш күн бойы шақырайған күннен қорғап, бір бұлт төбемізде үйірілді де жүрді. Біздің жергілікті бастаушыларымыз мұны «ұлы ақынның аруағының қолдауы ғой» деп түсіндірді.
– Шет жағасын айттыңыз ғой. Сөйтсе де, осы сапарларға қатысқан, оны белсене қолдаған азаматтарға тоқтала кетсеңіз?
– Иә, ұйымдастырушы ретінде өзім, сондай-ақ Зейнолла Серікқалиұлы, Абай қорының жетекшісі Балтабек Ерсәлімов және журналист Дәулет Сейсенов барлық сапарларға қатысты десек болады. Ал қатысқысы келгендер көп-ақ еді. Белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар тілек білдіріп жатты. Академиктер Өмірзақ Айтбаев, Бүркітбай Айдарханов, Ерлан Сыдықовтар белсенді мүшелеріміз де, қолдаушыларымыз да болды. Фототілші Нұрғожа Жұбанов ағамыз жетпістен асса да қатарымызда жүрді. Өтініштерін қабылдамаған біраз адамның өкпелерін арқалауға тура келген.
Сонан соң, сол сапарлар өтетін өңірдің адамдарына көбірек көңіл бөлдік. Жалпы, әр сапарда онға тарта адам жүрдік.
Алғашқы жеті сапарға 64 адам қатысқан екен. Бірақ біраз жерге дейін шығарып салғандар, бір күн бірге жүргендер, сондай-ақ алдымыздан шығып қарсы алғандар қаншама!
– Мұндайда жергілікті орындар қалай қарады дейтін сұрақтың көңілге оралатыны бар…
– Біздің бұл шарамызға көп қаржы кетпейді. Тек өтетін өңірге жету үшін пойыз билетіне шамалы ақша керек. Оны көбіне өзіміз-ақ тауып алатынбыз. Павлодарға барарда Сәтбаев қорының төрағасы Кәкімбек Салықов ағамыз және Махамбет сапарына барарда Мереке Құлкенов қалтамызға шамалы жолпұл салғаны бар. Әдетте, мен өзім күні бұрын сол өңірге барып, облыс әкімімен сапарды қалай өткізу жөнінде жан-жақты келісіп қайтатынмын. Барлық әкіммен тілтабыстық. Қолдады. Әсіресе екі сапарды өткізген өңірдің басшысы Бердібек Сапарбаев айрықша қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасады.
Осы жерде бір оқиға көңілге оралады. Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына арналған сапардың алдында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қажымұрат Нағымановпен кездесіп, шараны қалай өткізуді жан-жақты ойластырғанбыз. Сапар алдында әкім ауысты. Қалай болар екен дегенбіз. Жаңа әкім Афанасий Смирнов біз сапарда жүргенде арнайы келіп амандасып, ыстық ықыласын білдіргені бар.
Жалпы барлық жерде де әкімшілік орындары бізді қолдап отырды. Өкпеміз болған жоқ.
– Енді сол жақсы бастаманың жалғасы болмай қалғаны қалай?
– Ұлыларды бағалаудың әртүрлі жолдары бар. Соның бірі – солардың жатқан жеріне барып бас ию, тағзым ету. Бұл – халықтық дәстүр. Әулиелердің, тұлғалардың басына барып, зиярат ету, қасиетті орындарға тағзым ету бәрімізге таныс жай. Біз соны шамалы түрлендіріп пайдаландық. Әдетте, бір нәрсеге оңай жеткеннен гөрі, оған күш жұмсап барып жетсе, оның құны арта түседі. Біздің «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарларымыздың негізінде сол жатыр. Атақтыларымыздың басына ұланғайыр қазақ жерінің әр тарапынан адамдар келіп тағзым етіп жатса, ол бағалаудың да, құрметтің де үлкені ғой.
Жалпы, ұлылар жүрген жол адастырмайды. Біз ұлыларымызды ұлықтай білуіміз керек. Үлкеніміз де, кішіміз де. Ал біздің бастамамыздың жалғасының шектелгені бізге қатысты емес. Біз өз борышымызды өтедік. Сол бастамамыз үшін, мен Мамадияр Жақып, Зейнолла Серікқалиұлы, Балтабек Ерсіләмұлы, Дәулет Сейсенұлы Абай ауданының Құрметті азаматы атандық. Зейнолла мен Балташ жоқ. Менің жасым тоқсанды жағалады.
– Жүрекжарды сұхбатыңызға мың да бір рақмет, Мамадияр аға!

Сұхбаттасқан Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір