Көкейде жүрген көп ойлар
23.08.2024
194
0

Мінуар ӘКІМХАНОВ

Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

Күрес

Қалған жоқ албырт шақтың күні ескіріп,
Наз үні құлағыма тұр естіліп.
Есімде, той үстінде бір баламен,
Сынаған әкем мені күрестіріп.

Тұрған жан мен бе сондай әлі құрып,
(Бермеймін кейбіреуге әлі де ырық).
Әкемнің мере­йін бір биіктет­тім,
Алғашқы қарсыласты алып ұрып.

Мәз болды еңбегімді әркім елеп,
(Мұндайда беделіңнің нарқы бөлек).
Өзімді мықтымын деп ұқтым-дағы,
Мақтандым сол бір күні шалқып ерек.

Өмірдің ашылмаған бет­тері көп,
Биігім сол-ақ екен жеткен үдеп…
Келесі тойда ұтылып жыладым мен,
«Қара жер неге ойылып кетпедің», – деп.

Құрбымның мені жыққан бекемдігін,
Жасырмай достарға паш етем бүгін.
Кеш білдім бірде жығып, бірде ұтылар,
Өмірдің өзі – күрес екендігін.

Айтшы, уақыт

Шолып көрсем жылдар көшін көңілмен,
Күннің босқа өткізіппін көбін мен.
Көкірегіме айқыш-ұйқыш жол салып,
Арман құсы жиі ұшыпты көгімнен.

Кет­ті ұйқымен талай мылқау түн жылап,
Қала алмадым көкірекке жыр құрап.
Бекер өткен күндерімнен ұялып,
Мен отырмын ойға батып, тұнжырап.

Көкірегіме көрікті ойлар топтамай,
Әлі уақыт, өтіп жатыр тоқтамай.
Жарқылдаған жастығымның сәулесін,
Қалай тұрам әр күніңнен жоқтамай.

Мен де – өмірдің алға жүзген кемесі ем,
Айтшы, уақыт, саған қай күн теңесем.
Шауып келем өзіңменен жарысып,
Кетіп қалып жүрмесін деп көп есем.

Алматы туралы жыр

Емессің сұлулықтан бір жаңылған,
Қаласың жазда жасыл гүл жамылған.
Сыйымды азырқанбай қабылдашы,
Тағайын құлағыңа сырға жырдан.

Жазылған тәуелсіздік маңдайыңа,
Тарихың мықтап орнап қалды ойымда.
Көргенде көз тұнатын көркемдігің,
Жарқырап, жарасып тұр тал бойыңа.

Тұрады салқын самал көгіңде есіп,
Емес бұл айта салған сөзім бөсіп.
Қуат­ты, құшағы кең – гүл Алматы,
Ұрпағым жатыр бүгін өзіңде өсіп.

Сөзімнің аңғара алсаң дұрыстығын,
Сезіндім сенде жүріп күн ыстығын.
Ертеңгі тірлікті ойлап, ерте оянып,
Ұйқымның көп кетірдім тыныштығын.

Демеймін, тағдыр саған қосты күшпен,
Жақсы ғой, жан сырыңды көп біліскен.
Алматы саған келіп таулы аймақтан,
Арылдым ойсыз-қамсыз бос жүрістен.

Жүзінен арылмаған жасаң шағы,
Алматы – мақтанымсың қашандағы,
Өзіңді өмірімдей сүйген ұлмын,
Жыр етіп тарихыңды жазам тағы.

Тұрғанда құйып жаңбыр

Өз еркің, ауыр сөз айт, күйіп-жандыр,
Сен жайлы қашпақ емес, миымнан жыр.
Көшеге шығып қалай кез­десемін,
Тұрғанда Алматыға құйып жаңбыр.

Болған соң бағаң артық, биік жан бір,
Көңілімде айтар сөзім бұрыннан жүр.
Сеземін сен көшеге шықпасыңды,
Тұрғанда Алматыға құйып жаңбыр.

Деді ме бұлтқа жердің иін қандыр,
Тұр міне, Алматыға құйып жаңбыр.
Төгілді ақ қағазға осы бір сәт,
Сен үшін көкірегіме жиылған жыр.

Жауып тұр жаңбыр әлі, тегі екпіндеп,
Ағаштар алады ертең ерек гүлдеп.
Табиғат тарпаң мінез танытқанда,
Жыр жаздым саған жаным
«Керекпін», – деп.
Ақеркем ақтарғанда ағымнан жыр,
Сен оны қабыл көріп, бағын жандыр.
Жүгіріп сыртқа шығам кез­десуге,
Сәл ғана тоқтай қалса қалың жаңбыр.

Төпелеп төккеннен соң тым көп үдеп,
(Жаңбырдан көз ашпады бұл төңірек)
Табамын жолығудың жолын қалай?
Тұрғанда көк аспанның бұлты «еңіреп».

Кеудеме арман тізді

Жан едің жарқылдаған, талғамды ізгі,
Кеудеме көркем бейнең арман тізді.
Ағаңның оғаш ойын аңғармаған,
Көрмедім дәл өзіңдей аңқау қызды.

Жанымды баурап тәт­ті қылығыңмен,
Ән айт­тың анда-мұнда тұнық үнмен.
Өн бойым өртке оранып кетуші еді,
Жалт қарасаң көзіңнің қиығымен.

Алмаған аламанда осал баға,
Демедің жырға мені қосар ма аға!
Қаритын жүрегімді жанған шоқтай,
Көз түссе кеудеңдегі қос алмаға.

Жасы үлкен, жақын жүрген болсам да ағаң,
Кезің жоқ көңіліме ой салмаған.
Адамдай аласұрдым өртке оранған,
Қымсынбай құшағыңды жайсаң маған.

Ұстамай басқалардан биікте өзін,
Айтатын ару едің біліп сөзін.
Тұрсада алдыңда «аю» аңғармастан,
«Аға», – деп еркеледің күліп көзің.

Бұл ағаң көркем қызды көрді небір,
(Әйткенмен дегеніне көнді ме өмір?)
Жасырман, жабырқадым, кез­деспеді,
Сендей қыз – жаны таза, көңілі мөлдір.
Көрсемде бал-шырынды бұрын татып,
«Сүйем» – деп айта алмадым тілім батып.
«Қалайша еркелет­тің?» – дерсің бүгін,
Бөтен ой көкірегіңде бұғып жатып.

Еске алып, өткен күннің
сырын шертсем,
Бағамды деген ой жоқ биіктетсем,
Аңқауым жыр арқауы болмас едің,
Өзіңді қиянатқа қиып кетсем.

Есіңде әлі күнге бармын демен,
Көзде тұр толған гүлдей балғын денең.
Сан жылдар сабақтамай ішке бүккем,
Шығарды сыртқа бүгін қайғымды өлең!

Атжарыс

Бәйге атқа әкем мені мінгізді де,
Қос бірдей қолға ұстат­ты тізгінді де.
«Аламан жарыста осы топты жарсаң,
Даңқымыз шыққалы тұр біздің, міне».
Осылай деді әкем, қарт­тау кісі,
Басқаға келмеді әсте мақтанғысы.
Сәлден соң басқарушы белгі беріп,
Басталып кет­ті демде ат жарысы.

Шығарып қорқынышты, күдікті естен,
Шауып келем атбасын ірікпестен.
Артымда қара тастар қалып жатыр,
Қайрат пен алмас тұяқ тіліп, кескен.

Атымды атқан оқтай самғат­тырып,
Келемін ке­йінгіге шаң қаптырып,
Мен іштей қобалжимын ат жығылса,
Әкемді жүрермін деп зар қақтырып.

Толқыса толқи берсін көңіл мейлі,
Озған ат алдымда әзір көрінбейді.
Сөреге бұрын жетіп бәйгені алсам,
Көзімнің мөлдір жасы төгілмейді.

Ойлаппын жүлде алуды текке мен көп,
Атымды басып озды Көктөбел кеп,
Ілезде кеудемдегі жарқын үміт,
Қатардан қала берді көп төмендеп.

Екені есімде жоқ ол қай күні,
Тұлпарлар озып келген болды әйгілі.
Бірақ та кеш ұғындым қас жүйріктің,
Қашан да алатынын сол бәйгені.
* * *
Көп көрсем де қатал тағдыр тепкісін,
Демеді ешкім сен ысылған ептісің.
Оқырманның жүрегіне жол тартса.
Өкінбеймін өлең өрген текті ісім.

Өлең – өнер қойған ауыр ойды артып,
Тұрады іште арғымақтай ол тарпып.
«Біреулере түспесін», –
деп көлеңкем,
Жүрем ылғи жамандықтан
бой тартып.
* * *
Демеймін қайда барып тұрақ тапты,
Есімде қалған жансың ұнап қат­ты.
Жоқтығың осы күні қасымда өзің,
Жаныма жарақат­тай шын-ақ бат­ты.

Жыр ғана сағыныштың деме шегі,
Арманның болады ұзақ келешегі.
Есімің жүрегімде жазулы тұр,
Мен тірі жүрген кез­де неге өшеді?!
* * *
Есейдім мен уақыт өтіп сырғанап,
Тарлан тарт­тым, мазасыз ой жұлмалап.
Көп адамға аға екенмін аңғардым,
Жігіт болған жан ұлыма бір қарап.

Болмаса көп кеудеме арман тұнғаны,
Аздау әлі жазған жырым тұлғалы.
Талай жылды өткеріппін, алда енді,
Белгісіз ғой қандай сындар тұрғаны.
* * *
Бір сәтке атыңды атап хабарласпай,
Кет­тің ғой біздің жаққа қадам баспай.
Шықпайсың түнде түстен, күндіз естен,
Жабыстың сағыныш боп маған жастай.

Ұшқан жоқ сезім гүлің желге сенің,
Кетпейді көңілімдегі селге сенім.
Кез­дейсоқ ұшырассаң бақыт­ты боп,
Салмағын сағыныштың сезбес едім.

Қысқы бақ

Теректі түгел қар бүркеп,
Майысып тұр бұтағы.
Былтырғы аяз қайтып кеп,
Күшіне кірді бұл тағы.

Ышқынып боран соғады,
Кезі сирек тыншитын,
Аяз бет­ті сорады,
Қылығы қызық шымшитын.

Аппақ қарға оранып,
Сұрланды бақтың түр-түсі.
Шашбауы түгел тоналып,
Салбырап тұр сүңгісі.

Аяз үдеп, қар қаптап,
Қырдың қысып тұр қысы.
Табаны кейде тайғақтап,
Қар күреп жүр бір кісі.

Ақ қар жаусын бір апта,
Қаймықпайды бұл кісі.
Қиналғанын бірақта,
Келмейді ешкім білгісі.

Айнала түгел ақ түсті,
Кетіпті қарға жұтылып.
Мүлгіп тұр міне, бақ қысқы,
У-шудан бір сәт құтылып.

Түн

Жалқын боп барып бат­ты күн,
Тыныстай қалды жер үсті.
Талайға баспай аптығын,
Тоқтады зорға жел күшті.

Бауырына бұлт­тың жығылып,
Жарқырап шыққан ай қандай?
Қараңғы шыңға тығылып,
Ұйып бір қалған айрандай.

Түн қойнын сөгіп барады-ай,
Алысқа көктен жол алып.
Бесікте жатқан баладай,
Жер Ана жатыр демалып.
* * *
Басына таудың қар қонып,
Сімірді желін қыр күздің.
Ажары жердің жазғы оңып,
Қуарды-ау ерте гүл біздің.

Жоғалтып көркін бар ағаш,
Тоңып тұр әне, бұл шақта.
Соқса да боран жарамас,
Келер деп шыққын қыр жаққа.

Түнеріп келіп күзгі аспан,
Төксе де қарлы жаңбырын.
Сағынышпенен ұштасқан,
Азаймаса екен жан нұрың.

Айырылып боран сабырдан,
Соғады кеште көп тегі.
Сен бе деп қалам сағынған,
Тырнаның даусын көктегі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір