САМАЛ СЕЗІМ
Туған тіліміздің тұңғиық байлығы қандай, шіркін! Жер-су атауларының өзін былай қойғанда, түр мен түске, ажар мен өңге, көрік пен көңілге, тіпті шөп пен матаға қойған аттары мен атауларының өзі – жоғалмас жәдігер, бағасын білсең, айырылмас, қолыңнан шықса, қайырылмас қазына. Ақұштап ақынның өлеңдерін оқысам, ойыма құс қанатында суылдаған қаршыға-жылдардың хикаясы орала кетеді. Ақ- шағала атанған ақынның Ақжайықтың албырт толқыны мен жасыл орманының жұпары өлең аспанында шалқып, сезімі селдеген, сағынышқа шөлдеген сыршыл өлеңдері жаныңның ақша бұлтына аяулы бояулар қосады. Ана туралы жылылыққа толы ой тербеп, сырлы күй шертіп келе жатқан ақынның осынау болмысы мені ана мен азамат арасындағы мәңгілік мейірге шақырып тұрады.
* * *
Шырыш шілде. Аспан айналып жерге түскендей, ызың ыстық. Лүп еткен жел жоқ, от-шардың оттық демі Қарақұм қойнауын қайнатып тұрған кез еді. Боз аспанын ешкімге қимайтын бозша торғайлардың өзі көлеңке сауғалап, бозаң бұтаның түбіне басын тыққан күндердің сәті түскен сапары барысында, елге демалысқа келе жатырмын. Алабұртып, асығып, ауылға да жеттім. Базарлығымды байлығым санап, алдымнан шығып, «құлыным» деп, бауырына тартып, басымнан иіскейтін анамның құшағын аңсап келемін.
Үйге келсем, апам көрінбейді. Бірден білдім, апам шөп шабуға кеткен болды. Қолымдағы базарлығымды тастамастан інімнің дарылдақ мотоцикліне мінгесіп, өріске тарттым. Мезгіл сәске түске ауған кез еді. Апамды алыстан таныдым, ақшыл орамалы сәскенің сағымына шомылып, қолындағы шотын құлаштай сермеп, жатаған төбенің жусанына дендеп түскен екен. Дарылдап келе жатқан бізге күн сала қарап, орамалының ұшымен бетіне құйылған терді қайыра сүртіп тастап, тоқтай қалды.
Жүгіре түсіп, шапшаңдатып жеттім. Ыстықтан тер тепкен омырауына басымды қойып, айқара құшақтадым.
– Қашан келдің, құлыным? Оң қабағым тартып жүр еді, қуанатын шығармын деп жорығам, – деп көңілдене сөйледі. Жан-жағыма қарасам, апам үш тал ағаштан далда жасап, дем басар дайындаған екен. Соған бастады. Далданың ішін қазып, жас топыраққа иектете қойған торсығындағы үйден алып келген салқын шалабын өзі ішпестен маған ұсынды. Апамның қолын қайтара алмадым, торсықтың аузын ашып, бірер жұтып, өзіне ұсындым. Апам сусынын баппен жұтып, бетіне құйылған терін оң қолының шынашағымен қағып тастап, жайлана отырды.
Дәл осы жерде алға қарай асығыс жүгіріп, Ақұштап ақынның ана жүрегінің тазалығы мен кіршіксіз пәктігі туралы белгілі балладасын тілге тиек етсем, оным орайы келген әңгімені үзгенім болмас. Қаскөй ой, қасқыр пиғылмен: «Мені сүйетінің рас болса, анаңның жүрегін әкеліп бер», – деген қиқар қыздың тілегіне құлдай құлаған жігіттің анасының жүрегін алып келе жатып, сүрініп құлаған кезінде, ана жүрегінің: «Құлыным, бір жерің ауырып қалған жоқ па?» – деп үн қатуын өлең тілінде оқыған адамның төбе құйқасы шымырлап кетеді. Ауыр да азалы баллада. Ана махаббатының асқақтығын жырлаған реквием.
Кейін бұл баллада термешілердің репертуарына енгенде, залда отырған көрерменнің көз жасы моншақтап отырғанын талай көрдім. Ақұштап ақынның осындай антикалық шешімге иық беретін туындылары әркез оқырманын, тыңдарманын тауып, оның ақындық қолтаңбасына өз бояуын түсіріп отырады. Әрине, бұл тектес балладалық сюжет түбі бір түркі жұртында бар. Бірақ шығарманың орындалуында көшірме жоқ, таза қазақы түпнұсқа. Ақынның махаббат тақырыбында жазған туындыларында да осындай қолтаңбалар жиі бой көрсетіп жатады.
…Апама қайта келейін. Базарлықтың бауын шешетін шақ келген. Мұқағали ағам айтпақшы, менің де «үш байлығым» бар еді. Біріншісі – ауылда ол кезде қат саналатын – үнді шайы. Әуелі екі келі үнді шайын апамның алдына қойдым. Қуанып кетті. Екіншісі – алғашқы жырларым шыққан «Жалын» журналы. Үшіншісі – апама деп арнайы іздеп жүріп тапқан ақұштап мата. Орауын жазып, алдына қойдым. Бір тойдан келгенде: «Сен ержеткесін ақұштаптан көйлек киермін», – деп айтқаны жадымда қалған еді. Ақұштапты қолына алып: «Көйлек тіктіремін, сен үйленгенде киіп шығатын», – деп маған мейірлене қарады. Кейін киді көйлекті. Нағима келіні түскенде. Осы көйлегін кигенде, анамның жүзі ерекше нұрланып сала беретін.
Ақұштап ақынды, қазақ жырының аққанат қарлығаштарының бірі – Ақұштап Бақтыгерееваны көрген сайын осы бір сәт есіме жаңғырып түседі де тұрады. Ақұштап ақын сол кезде маған туған апамдай болып кетеді. Мінезі шапшаң, ұшқыр да тарпаң ақын апам «мені есейтіп жіберді» деп өкпелемесін, «қыздың жасын сұраған әбестік» деген қисынды мәтелдің барын білем ғой, бірақ көңіл-домбыраның сағасына келген сырды тартып құтылатын кәнігі домбырашының бірі қасында отырғасын, бажайлап айтып, байыптап түсіндіріп берер деген үміттемін. Әйтпесе біз апамызды әлі оң жақта отырған, орамалы қызыл қыз көреміз. Тіпті жалғыз мен емес…
Қайбір жылы, дәлдеп айтсам, 2006 жылғы жаз айында, сол кездегі Мемлекеттік хатшы, Фариза ақынның берген жазба-паспорты бойынша «Даладай дархан» деген аты бар Оралбай аға Әбдікәрімов Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы үлкен кеңес өткізді. Зал лық толы. Мемлекеттік хатшының мемлекеттік тіл туралы толғанысынан кейін жарыссөз басталып, кеңесті Орекең жүргізіп отырған. Бір кезде сөз кезегі ақын Ақұштап Бақтыгерееваға жетті.
– Ореке, мен сізге өкпелімін! Өткенде мерейтойым болды, алпысқа келдім, бір ауыз хабарласып, мені құттықтамадыңыз, – деп ақын сөзін тұтқиылдан бастады. Зал тына қалды. Не уәж айтылар деп күткен сыңайлы.
– Ой, Ақұштап, алпысқа келдім деймісің, мен сені әлі қыз деп жүрмін ғой, – деді Орекең өзінің жекеменшік кәсіби күлкісіне салып. Зал жарыла қол соқты. Сөз тапқанға қолқа бар ма, тар кезеңде тауып айтатын ақмылтық айтқыш апам да не айтарын білмей тосылып қалып, сосын, жарқылдап күліп жіберді.
Туған халқына қыз болып, қылығын танытып жүретін, сөзін елге арнағанда, жанашыр тілегін дамытып жүретін, ағайын-туыстың мінін көрсе, шындығын айтып, «шаңытып» жүретін ақынның жасы қай кезде де – он сегіз. Халықтан әманда кіші ақынның өмір бойы қыз болып жүргені қандай жарасымды. Осы жерде Жұмекен ағам қосарланады маған, «бәрінен де аты әдемі-ау қыз деген, қыз болғасын сұлу болмау қылмыс қой», – дейді ол. Біледі ғой ағам, білгесін жазған. Осы өлеңнің кейіпкері де Ақұштап апам сияқты болады да тұрады.
Осы жерде бір қызық жайтты айта кетсек дейміз, Ақұштап апамыз он бес жасқа дейін «ұл» болған. Ұлша киініп, ер балалармен алысып-жұлысып, реті келсе төбелесіп, тіпті «енді келіншек аламын» деп сөз де шығарған. Өтірік сөз демеу үшін өзіне жүгінейін:
Болса да нәзік гүл өңім,
Өсірдің еркек баладай.
Қыз деуді, әке, білемін,
Көңілің жүрді қаламай…
Тұлпарды жексең шанаға,
Делбесін қақтым елеңдеп.
Сен жүрдің: «Ертең балама,
Келіншек алып берем», – деп. («Әкеме» өлеңінен).
Осы бір ерке жылдардың екпіні оның кейінгі шығармашылық тағдырының болмысын айқындап бергендей. Қайсарлық, жігер мен серпін, өзіне деген сенім мен өрлік оның алғашқы өлеңдерінің өн бойынан айқын көрініп, асқақ өріліп жатады. Қазақ тағдырында мұндай жайттардың көп кездесетіні белгілі. Бірақ «ұл» болған қыздардың көбі әйел болса да, ақын бола алған жоқ. Ақұштап ақын асқақ өнерге осылай айбыны басылмай, жігерін қашырмай, қарагер мініп, қамшы ұстап келді. Содан бері аттан түспестен үзеңгіні үзердей болып шіреніп, қаламы көкке тіреліп, көңілдегі көрігін сөндірмей келеді. Ел түсінер ер мінезіне шаң жұқтырмай, шашау шығармай шырқап келеді. Осының бәрі оның поэзиясының терең тамыры, алтын қайнары, айға ұмтылған айбары, күнге таласқан айғағы. Тал бойындағы таланты жырлы жылдардың қай кезеңінде де ішкі энергетикасы мен сыртқы динамикасын тең тербеп, қағазға түскенде самал боп сезіміңді баурап, жамал боп жаныңды жайлап, күретамырда жүгірген қаныңды бұйығы тірліктен жұлып алып, бүлк-бүлк соқтырып жіберетін қалам қуатын бұл қызға Құдай берген.
Ақын поэтикасы туралы сөз саптағанда, ең алдымен, ойға оралатыны– оның өлеңдерінің сазы мен назы. Нәзіктігімен қатар бой көрсететін қайсарлығы, көркі мен кестесі. Ішкі қуаты. Сыртқы сипаты. Қадыр Мырза Әлі тап басып, танып айтқандай: «Ақұштап ақын «поэтикалық этикалық позициясын кезінде дұрыс таңдаған!»
Реті келсе, нәзік поэзия туралы әңгімені де Қожанасыр әпендінің әзіліне орайластыра айтуға болатын шығар деймін. Бәріміз күле айтатындай, Қожекеңнің екі әйелі болыпты. Екеуі де әпендіге: «Қайсымызды жақсы көресің?» – деп айта беретін болса керек. Әбден басы қатқан Қожекең базардан түсі бірдей екі көк моншақ сатып алып, әрқайсысына оңашада беріп тұрып: «Сені жақсы көруімнің белгісі осы», – деп сендірсе керек. Содан екі жұбайы қатарласа сұрақ қойып қалғанда: «Көк моншағы барыңды жақсы көремін», – деп жауап береді екен. Көк моншақ тек менде бар деп ойлаған әрқайсысы: «Қожам мені жақсы көреді екен ғой» – деп тәубеге келіп, көңілдерін бірлейтін болыпты.
Осы тапқыр тәмсілді еске алудың орайы бүгін келді. Бұдан бірер жыл бұрын, мен қазақ жырының ханшайымы Фариза Оңғарсынқызы туралы «Серпер сезім» деген мақала жазып, ол «Егемен Қазақстанда» жарияланған еді (14.03.2013 ж.). Не болса да, ақиқаттың атынан жығылмайын, мен екі апамды бір-бірінен бөле жармай, біріне – «Серпер сезім» десем, екіншісіне – «Самал сезім» деген тақырып қойып, мақала мүсіндедім. Екі ақын апамды да «сезім» деген көл-көсір көңілі үшін жақсы көремін. Қожанасыр кейпіне ұқсаған жерім болса, кіші апам ұрыспас, ат таппай аңтарылған жерім жоқ, бұл – баяны келген сөздің белдеуіне ат байлағаным.
Жалпы, Ақұштап ақынның бүкіл шығармашылық галереясы самала сезімді нәзік бояулардан тұрады. Туған елдің таңғажайып табиғатының барлық рельеф-реңі оның туындыларының сыны мен сымбатын жан-жақты ашып көрсетеді. Дәулескер домбырашы, жарқын көңіл жездеміз – Ғабдрахым төге тартатын төкпе күйлердің сұңғыла сағасындағы сыңсыған сазға көңіл
суарсаңыз, Ақұштап ақынның ақ желең шалқымасы көңіл көкжиегінде құбыла ойнайды. Көңіл күйсандығын ашып қарағанда, пейіл пернесін басып қарағанда, Ақұштап поэзиясы музыка тіліндегі жеті нотаның ең нәзігін жаңылмай тауып, альт пен тенор арасындағы самал сезім боп санаға сәулесін құяды.
Ал кейінгі жылдарда, әсіресе тәуелсіздіктің таңғы шапағынан бастап ақын біткен жігер мен намысқа қамшы басқанда, Ақұштап ақын қоғамдық ойдың қоламтасын барынша көсеп, төңірегін ұйытқан трибун-ақынға айналды. «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деп құйылған қуатты тіркестің (Мұқағали) жалғасын жазып келе жатқан жақсы ақындардың көшінде Ақұштаптың да жыр-желмаясы желіп келеді. Желіп келеді, жеңіп келеді, сеніп келеді, түйетайлы еңістерде сүрінген кезге де көніп келеді. Аларын ала алмаған кезі болғанмен, берерін беріп келеді. Жұртына мырза, ұлтына ырза ақынның сыбағасы – елдің ықыласы.
«Ақын саясаткер болмау керек» деген пікір бар. Бір қарағанда, дұрыс секілді. Бірақ ойланып қарасақ, ақын – туған кезінен бастап саясаткер. Жақсыға жақтас, қиянатқа қарсылас болмауға мүмкіндігі жоқ. Мұзафар көкем дәл айтқан ғой: «Тумайды ақын жұртын жылатуға, Туады ақын жұртын қуантуға. Өлеңін орамал ғып өтеді олар, Көз жасын адамзаттың құрғатуға». Мен білсем, Ақұштап ақынның ақұштаптан тігілген орамалы өмір бойы құрғап көрмеген болар. Әйтеуір жеке басының жаңбыры емес. Жеке басының тағдыры емес. Халқының мұңы мен мұқтажы. Сыры мен жыры. Сыны мен сыпырасы.
Тынбаспын, сірә, жырлаудан,
Туған жер – анам айналған.
Депутатыңмын туғаннан,
Дауыссыз, даусыз сайланған, – деп жазды бір кезде Ақұштап ақын. Ешкім дау айта алмайды, ол – халықтың даусын даусыз алған қайраткер. Ендеше, ақынды сындарлы саясаткер деп тануға қазақ қоғамының толық құқы бар.
Осы мақаланы жазу үстінде мен ақын апамды қай кезден бастап біледі екенмін деген ойға баттым. Көптен біледі екенмін. 1969 жылы ҚазМУ-дың тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсіп, Жаркент өңіріндегі Дұнғана деген шағын ауылда жүгері жинап жатырмыз. Егіс даласынан шаршап оралсақ та, кешке қарай көңіл күй шартарапқа шалқиды. Иісі аңқыған көк шөпті төсеніш етіп, алқа-қотан отырып, тұтқиылдан туған поэзия кешін бастап кетеміз. Бастаушымыз – осы өңірдің тумасы Иманғали деген курстасымыз. Әдеби кешті сол жүргізеді.
Сондай бір күнде бастаушымыз: «Бүгін қыздар поэзиясын тыңдаймыз, арамызда ақын қыздар да баршылық екен», – деп бастама көтерді. Содан қыздар қысыла-қымтырыла өлең оқи бастады. Бір кезде курстасымыз қыз баланың ұзатылып, туған үйінен, туған анасынан ажырар сәтін әсерлі жеткізетін бір өлеңді оқи жөнелді:
Ерке өстім, көргенім жоқ азап кешіп,
Тіршілік, өмір заңы ғажап нешік.
Бір кезде маған жайлы орын болды-ау,
Бір қолмен тербететін қазақ бесік.
Бесіктен өзің едің шешіп алған,
Қызыңның болып еді өсуі арман.
Бір кезде құндағыңа сыйған сәби,
Үйіңе сыймай кетсем, кешір, анам!..
Керемет өлең. Бәрімізді баурап алды. Шартылдатып шапалақ ұрып, арамызда мынадай күшті ақын бар екен деп қуанып қалдық. Қорқып та қалдық, мынадай ақынмен қалай таласамыз деп. Осындай керемет көңіл күйді Кемелбек бұзды.
– Әрине, өлең тамаша, – деді ол әңгімені әріден бастап, бірақ бұл өлең сенікі емес, – деді ол, сосын, әлгінде ғана әсерлі жыр оқып, жүзі жарқырап жанған курстас қызға қарап. – Бұл өлеңнің авторы – ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Жарқын жырдың әсерінен жанымызда лапылдап жанған жастық отына мұздай су құйып жіберген Кемелбекке жақтырмай қарап қалдық. «Ақын» қызымыз жылап қалды. Поэзия кеші кілт тоқтап, өзара күбір-сыбыр күшейіп бара жатты. Кейін, жылдар өте келе, ақын поэзиясы туралы ойланғанда, біз сол жолы ол қызды бекер жазғырған екенбіз деген пікірге табан тіредім. Өлеңі елдің аузында жүрген ақынды көпке танытудағы сол балалық әрекетті енді ақтап алмақпын. Бұл жырдың авторы сол кезде жиырмадан жаңа ғана асқан, алғашқы туындыларының өзі оқырман қауымды елең еткізіп, жыр- құмар жас жүректің әсершіл әрекетке баруына итермелеген қаламгер Ақұштап Бақтыгерееваның бақытты сәттерінің бірі екенін енді айтып отырмын. Ештен кеш жақсы.
Ақын – Ақжайықтың алғаусыз жыршысы. Ол Ақжайығын сүйіп, адал жырлауы арқылы кең байтақ қазақ жұртын жақсы көреді, шынайы сүйіп, шаттана жырлайды. Жайық жағасында кіндігі кесіліп, бесікте жатып толқынның сазын құлағына құйғандікі болар, ақын жырларының толқындары жан діріліне ұласып, жүректі тербеп, аққудың сыңсыған сұлу даусындай болып, санаға сіңеді. Ақынның нәзік лиризм мен сыршыл сезімге толы өлеңдерін оқысаңыз, көз алдыңызға булыға бойжеткен ұяң да биязы қыз келеді. Өзімен бетпе-бет отырып сөйлесе қалсаңыз және ол әңгіме ел тағдыры, жер тағдыры туралы болса, алдыңызда алдаспанын асынған, ақ беренін ұмсынған, қабағы қату Қарлыға тұрғандай болады.
Өлең мен күй – егіз. Күй мен сезім – телқоңыр. Жеті өнердің пайғамбары – поэзияның мән-мазмұнын күй тіліне түсіре айтсақ, Ақұштап Бақтыгереева поэзиясы күйпаздардың ішіндегі лирикалық сазы басым Дәулеткерейге көбірек келеді деген ойдамын. Түркештің төгілтек екпіні, Сейтектің сырбаз сарыны, Құрманғазының топантөкпесі, Ұзақтың ойшылдығы, Байжұманың баяншыл ырғақтары, Мәменнің мұңшыл қайырымдары, Махамбеттің мұң мен қайратқа қатар мелдеген қағысы, Динаның бірде қуатты, бірде шуақты иірімдері, бұлардан арғы-бергілердің осы мектептен бастау алып жататын сұрапыл саздары поэзия тіліне түсіргенде Хамаң мен (Хамит Ерғалиев) Факеңнің (Фариза Оңғарсынова) стилін көбірек еске түсірсе, Ақаңның (Ақұштап Бақтыгереева) поэтикасы Дәулеткерейге дәл келеді де тұрады.
Қазақ күй өнерінің антологиясында Ақжелеңнің алпыстан астам түрі бар. Соның ішінде Дәулеткерейдің «Қыз ақжелеңі» – оқшау, дара, үздік. Мұндағы керемет саз, кемел ой, кенен сағыныш, жанды тербеген жылы шуақ, тереңнен тартқан тылсым сезім Ақұштап ақынның шығармашылығына өз үнін қосқан болар деп ойлаймын. Шалқасынан жатып, шаңырақтан көгілдір аспанда қалқыған қыранына көз салып, мұң мен сырға қатар батқан Дәулеткерейдің саусағынан төгілген «Жігерді» жиі тартқан Жұмекен күйшінің (Жұмекен Нәжімеденов) ойлы да, кейде ойнақы жырларының әсері де ақын өлеңдерінен бой көрсетіп қалып жатса, Жайықтас жазбагерлердің «айықпас» сезімге сыр алдырғаны болар. Сондықтан да ақын:
Думанға, тойға сән беріп,
«Ақкербез» әнін айтпаған,
Жігітте қанша бар көрік,
«Ақжелең» күйін тартпаған.
Қыздырып текке денені,
Күн-түні күтіп баптаған.
Жүйріктің қанша керегі,
Бәйгеде оза шаппаған…
Қырлардың қандай сәні бар,
Көктемде гүлдер өспеген.
Жастықтың қандай мәні бар,
Ақжелең дәурен кешпеген, – деп ақжелең күйдің албырт қағыстарына араласып кетеді. Екі ішектен төгілген ерекше саз екінші өмірге – жайсаң жырға айналып бара жатады.
Бір кездері, 70-жылдардың басында, ақындар Ақұштап пен Жұмаш Сомжүреков екеуі сөз қағыстырып, жазбаша айтысып қалды. Кәдімгі ақындар айтысы. Ол кезде айтыс өнері бүгінгідей атқа қона қоймаған, тайға мініп, тепеңдеген балаң жігіттің жайдақ ердің үстінде қопаңдағанындай ғана қимылы бар еді. Екеуі де барын салды. Сол айтыста Ақұштап ақынның шамына тиетіндей тіркестер болғаны да есте. Бірақ ақындық еркіндік пен ақындық ұшқырлық қатар көрініп, сыншыдан шыққан сыншыл сөздерге сағын сындырмай, еруліге қарулы, дәруліге дарулы сөз таба білген Ақұштаптың ақындық қуатының алысқа баратыны белгілі болған. Ақын алысқа шапты. «Өрімталдан» басталған өрісті жол жиырмаға жуық жыр жинақтарына ұласты. Қадірлі қаламгер, қадірменді қайраткер, асыл әже атанды. Балапанын шұбыртқан мама қаздай мамырлады. Бүгінде оның жүрек тұсында Мемлекеттік сыйлықтың алтын белгісі жарқырайды.
Әуел бастан дарыған сол айтқыштық, сол ұшқырлық ақынның кейінгі ұзақ жылдардағы шығармашылық өмірбаянының жаңа қырынан көрінуіне негіз қалады. Ақаң – ауызекі тілге келгенде, алдына кісі салуды намыс көретін, мінбеге шыққанда, мінер жағынан үзеңгі қағыстыратын қағылез қаламгер. Көбіне тауып түсетін, тек кей-кейде ауып түсетін мінез қай-қай ақында да бар ғой, апамыз бұл жағынан алдырмай келе жатыр.
Қазақ поэзиясында арнау өлеңдер аз емес. Бұл жанрдың жүрдектігі жөнінен ұлттық сөз өнеріміз аламанға түскен ай қасқа арғымақтай көрінеді. Одашыл ақынның модашыл қаламгер болғаны да аз емес. Арнау өлеңдер Ақұштап ақында да бар, аз емес. Арнау өлеңдердің өзі ақынның алымы мен шалымын көрсетіп тұратын рентген секілді. Көп арнаулар өмірбаяндық деңгейден аса алмаса, Ақұштап ақынның арнаулары өнегелік деңгейге көтеріліп, кейіпкерінің болмысы халықтың мінез-құлқы мен ұлы дәстүрлерінің шұғыласына малынып, жеке адамды қоғамнан бөліп қарамай, қайта қоғам мен адам арасындағы рухани-имани болмысты біріктіре, кіріктіре мүсіндейді. Ақынның алғырлығы мен тапқырлығына куә болатын жайт.
Ақында шағаланың шарқ ұрған мінезі бар. Ол даусыз. Бұл құс айдын көлдің бетінде уақыт желімен жапырлай ұшқан ақ парақтар сияқты. Судың сәні. Асыл өнердің аспанындағы шағала мінезді ақын онымен жақсы үндеседі деп қабылдайды көпшілік. Дұрыс-ақ. Шағаланы мен де жек көрмеймін. Ақын бұдан жиырма үш жыл бұрын «Ақ шағала» деген атпен бір томдық таңдамалы жыр жинағын шығарды. Сол – сол-ақ екен, Ақжайық жұртшылығы бірден іліп әкетіп, ақынды «Ақжайықтың ақ шағаласы» атады. Ал мен апамды Ақ- жайықтың аққуы дегім келеді. Қанатына күн сәулесін қондырып, сыңсытып сырлы әуезге салып, Ақжайығының аспанында аққудай айқара самғаған ақын қыз жеті белестен өтіп, ақ сағымның ар жағынан мұнартып көрінген мазмұнды жасына қарай самғап келеді. Шау тартпай шалқып, бау тартпай балқып, өзегін жарып шыққан самал сезімді жырларын ақ көңілінің ақұштап парағына жалықпай жазумен келеді. Парлап барады, жылдар мен жылдарды өнерімен жалғап барады. Таңдайындағы туған тілін талмап барады, маңдайындағы махаббатын мархабатты еліне арнап барады.
Сеңгір жасыңыз салтанатпен аталып өтсін, Ақжайығымның ақшағаласы, ардақты Ақұштап апа!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты