Ұлтын сүйген ұлы жүрек
17.09.2024
95
0

«Қазақ болғандарыңыз құтты болсын!»

– Көрнекті мемлекет қайраткері, үлкен ойшыл Нұртас Оңдасынов ағаны ерекше сыйлайтынмын. Мамытбек, не үшін сыйлайсың деп сұрақ қой!
– Не үшін ерекше сыйлайсыз? – дедім, Баукеңді қайталап.
– Сәске түс мезгілі. Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы рұқсат сұрап, бөлмеме енді.
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкумассалам, келіңіз!
Орнымнан тұрып, қарсы жүрдім.
– Жұмысыңызға береке берсін!
– Рақмет!
Қасымдағы орындыққа жайғасып, хал-жағдай сұрасқан соң:
– Сізді, Мұхаңды – Мұхтар Әуезовті жұбайларыңызбен алдағы сенбі күні, түскі сағат 1-де шаңырағымда қонақ болсаңыздар деп, шақыра келдім.
– Бұл ниетіңізді Мұқаң біле ме?
– Жоқ, алдымен, сіздің алдыңыздан өткенді жөн көрдім.
– Мұқаң келіссе, мен келістім. Бізден өзге тағы кімдерді шақырдыңыз?
– Басқа ешкімді шақырмадым…
Сенбі күні Нұртас Дәндібайұлының үйіне бардық. Орыс әйелі екеуі күлімдей қарсы алды, ұлдарымен таныстырды. Ұлдары жүгіріп жүріп, сырт киімімізді ілгішке ілді. Нұрекең:
– Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер. Келгендеріңізге өте қуаныштымыз,– деп, ерлі-зайыпты екеуі қонақ күтетін кең бөлмесіне бастап жүрді. Бөлме ортасында ақ дастарқанмен көмкерілген, үсті түрлі тағамдарға толы үстел тұр. Мен бірден көңілсізденіп қалдым. Қабақ түйіп Мұхаңа айтқан болып:
– Біз кімнің үйіне келдік?! – дедім, дауысымды көтеріңкіреп, Нұртас Дәндібайұлы мен оның жұбайы да естісін деген оймен. Мұхтар болса сызданып:
– Бауке, әдептен озбайық, – деді, маған ақырын ғана.
– Сіздіңше, әдептен озған кім? Мен бе, сіз бе?
– Кешіріңіздер, бізден бір қателік өтті. Жүріңіздер, – деп Нұртас Дәндібайұлы өзінің жұмыс бөлмесіне бастап барды. – Осында әңгімелесіп отыра тұрыңыздар қазір, – деп бөлмеден тез шығып кетті.
Баукең әңгімесін доғара тұрып, маған тесіле қарап:
– Мамытбек, Оңдасыновтың бізден кешірім сұрағанынан сен нені байқадың? – деді.
– Бір қателік жіберіп алғанын.
Баукең:
– Ол қандай қателік?
Мен:
– Оны білмедім, – дедім.
Баукең маған шүйлігіп:
– Нұртас Дәндібайұлы білгенді, сез­генді сен неге білмейсің?! Себебі, ол – жаны нәзік, сезімтал кісі! Содан, көп ұзамай-ақ Нұрекең қайтып келіп:
– Сіздерді дастарқан басына шақырамыз, – деді.
Қонақ күтетін бөлмеге өттік. Бағанағы ортада тұрған үлкен үстел жиналып, еденге текемет төселіп, көрпеше салынып, аласа дөңгелек үстел қойылып, оның үсті тағамдарға толып тұрды.
Мен:
– Нұреке, жеңгеміз екеуіңіздің қазақ болғандарыңызбен құттықтаймын. Осы беталыстарыңыздан таймаңыздар, – дедім. Мұхаң, сәл-пәл ыңғайсызданғандай болып, жымиып күлді де:
– «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, маған да құлаққағыс етіп, бір оқпен екі қоянды атып алдың-ау, Бауыржан! – деді.
Мен сөзді қыздыра түсіп:
– Жазығым не, ағалар! Жазығым, інілік шын көңіліммен сіздерді қазақи салтқа қарай бұрғаным ба?! – дедім.
Бұл сөзіме Мұхаң мен Нұрекең біраз күліп алды. Баукең маған қарап:
– Мамытбек, «інілік шын көңілмен» деген сөзімнен не ұқтың?
Мен бұған жауап айта алмадым.
– Түсінсең, екі ағама «ініге үлгі көрсететін сіздерсіздер ғой» дегенді, сыпайы түрде жеткіздім емес пе?!
Енді, Нұртас Дәндібайұлының ойшыл, намысшыл қасиетіне тоқталайын. Нұрекеңнің кереметтігі, Мәскеуден шаруаларымен Алматыға келген кездерінде «сәлем берейін деп едім» деп, маған да соғып кететін. Сондай бір басқосуымызда:
– Бауке, көп жылдар көздің майын тауысып, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» жазып едім, оқып шығып, пікіріңізді білдірсеңіз, – деді. Мен:
– Жоқ, оқымаймын. Көшке берген тайлағыңызды қайтып алсаңыз да, оқымаймын. Қайта сізге айтарым бар, Нұреке! – дедім, қабағымды шытып. Нұрекең:
– Ол не, Бауке? – деді, түсі өзгеріп.
– Біреулердің егініне неге түсіп жүрсіз?
– Кімдердің? – деп, Нұрекең маған шошына қарады.
– Тілші, ғалымдардың… Сөздікті жасау сіздің емес, солардың қызметі емес пе?! Сол үшін олар айлық алады. Сіз жалақысыз, көмекшісіз 20 жыл азаптанып, араб-парсы-қазақ сөздігін түзесіз. Оның орнына, Құдайға шүкір, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болдыңыз. Үкімет басшысы кезіңіздегі көргеніңізді, білгеніңізді, көңілге түйгеніңізді, тіптен сүрініп, опық жегеніңізді де жасырмай жазбадыңыз ба? Ол кейінгі ұрпағымызға сабақ болар еді…
– Бауыржан, ескертпең орынды. Саясатты өзің білесің ғой, шынымды айтсам, батылым жетпеді. Түсін, мен аз таяқ жеген жоқпын…
– Ол кезде кім таяқ жемеді дейсіз. Таяқ жемек түгілі, халқымыздың намысын қорғап, болашағы үшін күрескен қаншама ағаларымыз құрбан болды емес пе?! – дедім, дауысымды көтеріп, екпіндей сөйлеп.
– Бауыржан, маған ой салдың, енді қолға аламын. Тек жүрек құрғырдың сыр беріп жүргені, – деді Нұрекең мұңайың­қырап.
– Жүректі тыңдамаңыз. Ең маңызды шаруа мойныңызда. Бұны бүгінгі ұрпақтың аманаты деп ұққаныңыз дұрыс… Менің түсінбейтінім, Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің төрағалары болған Дәуленов, Бейсебаев тағы басқалары өз көрген-білгендерін айтып, естелік неге жазбады, қағазға неге түсірмеді?! Әй, өздері жаза алмаса, айналасы толған ақын-жазушы емес пе, жаздырмай ма соларға! Бір ғана мысал, 1954 жылы Кремльде, Орталық Комитетте Қазақ Республикасының мал шаруашылығының даму барысын талқылаған кезде даңғой, атаққұмар Хрущев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы біздің Жұмекең – Жұмабай Шаяхметовке: «Сені қатаң жазалау керек!» – деп қыр көрсеткеніне: «Қадірлі Никита Сергеевич, соғыс кезінде Украина­ны жауға қалдырдыңыз, есіңізде ме, Харьковті бір емес, бірнеше рет тастап кеттіңіз. Соның бәріне Коммунисттік партия кешіріммен қарап, сізді қатаң жазалаудың орнына құрметтеп, генерал атағын берді емес пе?!» – деп тайсалмай, орынды жауап қатуы – нағыз батылдық әрі батырлық! Бұны естігенде, мен: «Есерге есемізді жібермеген ер Жұмекеңнен айналдым!» – деп шаттандым! Қуандым! Жұмекеңнің осы алғырлығы туралы неге жазбайсыз? Оның шалыс басқан тұстары болса, оны да жазыңыз, жасырмаңыз! Себебі, ел басқарған басшының жетістігінен ғана емес, кемшілігінен де сабақ алуға болады. Тіпті Сталиннің де, Хрущевтің де жетістік-кемшілігін жазсаңыз келешек ұрпаққа тәлім болар еді. Сіз оларды жақсы білдіңіз, мемлекеттік мәселелерді шешу барысында талай сөйлестіңіз, кездестіңіз…
Ақырында Жұмекең жүрегінен ауырып, операцияға түсті. Оны мұндай халге түсірген Хрущевтің ылаңы екені анық. Осының сырын ашып, естелік жазсаңыз болар еді…
– Бұл ескертпең орынды, Бауыржан батыр! – деп, Нұрекең ойлы жүзімен маған қарап, бір күрсініп алды.
– Көңіліңізге тиіп қалдым-ау деймін. Шындықты айтайын, бәрібір қазақ тілі үшін, оның әрбір әрпі үшін шырылдап, қазақ тіліне жанашырлық жасап жүрген сіздей қайраткерді, ел басқарған басшыны көрген де, кезіктірген де жоқпын. Сіздің есіміңізді тіл тарихына өшпестей етіп енгізу керек!..
Бауыржан, Әлішер Науаи: «Диқанның бақшасын көр, жемісін тат, еңбек еткеннің көңілі шат» – деген екен, жасымның ұлғайғандығына қарамай еңбек етіп, өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің ана тілін қадірлеп, таза сөйлеп, тіліміздің дамуына үлес қоссам екен деген тілек пен ниет қана мендегі… – деп Нұрекең – Нұртас Дәндібайұлы ойын түйіндегендей болды…

«Халқымнан кешірім сұраймын…»

Нұртас, Бауыржан ағалар өмірден озған кез. Бірде екінші курста оқитын студентім:
– Ағай, кеше мен Нұртас Оңдасынов деген мемлекет қайраткері туралы жазылған кітапты оқып, мұңайып қалдым,– деді.
– Неге мұңайдың,– дедім таңғалып.
– Ол кісінің балалары орыс болып кетіпті ғой… «Балаларымның ана тілін білмегені үшін, қазақи дәстүр-салтты бойларына сіңіре алмағаным үшін басымды иіп, халқымнан кешірім сұраймын!» – депті ғой. Қандай өкінішті, аянышты, – деді студентім шын мұңа­йып.
– Сен қайраткер Нұртас Дәндібайұлының жан жарасын дөп түсініп, жаның дұрыс ауырып тұр. Бұл кешірімнің астарында үлкен сабақ, тәрбие жатыр, айналайын! Соны ұққаның үшін саған рақмет, Нұртас атаңның аруағы сенің бұл пейіліңді сезіп, риза болып жатқан шығар, – дедім жас жігітке.
Бірде Бауыржан аға:
– Өткен жолы саған Нұрекеңнің, Нұртас Дәндібайұлының біздің үйге келгенін, екеуміздің біраз әңгіме-дүкен құрғанымыз жайлы айтып па едім?
– Жоқ, айтқан жоқсыз.
– Онда тыңда. Нұрекеңнің қандай басшы болғанынан хабар беретін, адал азаматтығын көрсететін бір әңгімені айтайын саған, жақсылап тыңда, – деп Баукең темекісін тұтата отырып, сөзін жалғады.
– Сен Атамбаев деген адамды білесің бе, естуің бар ма? – деді, маған ежірейе қарап.
– Жоқ, – дедім, күмілжіп.
– Онда тыңда. Ол адам Атыраудың балықшысының баласы. Кезінде үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Соғыс жылдарында Мәскеудегі Қазақстанның өкілеттігінде өкіл болған адам. Ол кезде Нұртас Дәндібайұлының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы лауазымында отырған кезі. Мәскеуге барған сайын Атамбаевпен кездесіп, екеуі әңгімелесіп жүреді екен. Көңілдері жақын, сыйлас адам болыпты. Бір күні жас Нұртас, өкіл Атамбаевқа өтініш жасайды: «Елдің бәрі мені мақтайды, бір адам «мынауың дұрыс емес» деп сын айтпайды, сен мені сынашы, үлкен лауазымды орында отырған адамның қателеспеуі мүмкін емес. «Сырт көз сыншы» деген, ашық айтып, сынашы мені?» – деп өтінеді. Атамбаев болса: «Ой, Нұреке, буынсыз жерге пышақ ұрмаңызшы! Мен сізді қалай сынаймын, ренжисіз… ертең қызметімнен алып тастайсыз…» – депті. Сөйтсе де, Нұртас Дәндібайұлы жалынып:
– Жоқ, алғыс айтамын, сынашы, кемшілігімді ашық айтшы! – деп болмайды.
– Болмадыңыз ғой. Ал сынасам – сынайын. Тыңдаңыз! Соңғы кезде сізді облыс басшыларының біразы іздемейді, кабинетіңізге басын да сұқпайды. Өйткені бар билікті орынбасарларыңызға беріп қойғансыз, бәрін солар шешеді. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді өзіңіз шешіп, өзіңіз қадағалап отыруыңыз керек. Істің нәтижесін талап етуіңіз керек! – дейді. Бұл сыны үшін Нұртас Дәндібайұлы досы Атамбаевқа алғыс айтып, риза болады.
Содан Нұрекең Алматыға оралысымен Өтешқали Атамбаевтың сынынан қорытынды шығарып, барлық биліктің тізгінін өз қолына алады.
– Мамытбек, сен бұдан не ұқтың? – деді Баукең маған шүйлігіп.
Мен не дерімді білмей үнсіз қалдым.
– Нұрекеңе бұдан артық мінездеменің керегі жоқ. Біреулер сыннан өлердей қорқады. Олар – табанының бүрі жоқтар. Ал Нұрекең сын арқылы ісін жөнді жолға салып отыр, үйреніп отыр. Ол – 34 жасында елге басшы болған адам. Нұрекең – ел басқарудың эталоны! Нұрекең – халқына барынша адал, таза, бар ынта-жігерімен қызмет еткен адам. Енді түсіндің бе?!
– Түсіндім, – дедім.
– Қай жылы екені есіме түсер емес. Кәрілік… – деп, Баукең біраз үнсіз отырып қалды. Қайта сөз бастады:
– Сен түсініп тыңда, Оңдасыновтың тұлғасы – күрделі тұлға! Сол кездегі КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы, даңғой Хрущев жасының зейнеткерлікке жетпегеніне қарамастан, Оңдасыновты Гурьев облысының бірінші хатшылығынан төмендетіп жіберді. Үлкен қиянат жасады. Халыққа қиянат жасады. Бірақ бұған Нұрекеңнің ұнжырғасы түскен жоқ. Бейне бір Хрущевқа ерегескендей, Мәскеуге көшіп барды. Мұны мен, рухы биік адамның оң шешімі деп бағалаймын. «Неге?» деп сұрашы – деп, бұйыра сөйледі маған. Мен:
– Неге? – дедім.
– Ол кісі – қатардағы біреу емес, 13 жыл ел басқарған, орны айрықша екенін, қырандардың биікті ғана мекендейтінін білетін адам. Түсіндің бе?
Мен үндемедім. Баукең сөзін жалғап:
– Мен саған бірде Нұрекең біздің үйге келді деп айттым ғой, сонда баспадан жаңадан шыққан «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігіне» қолтаңбасын
қойып әкеліпті. Сол жолы әзілдеп: «Жеңгеміз Валентина Васильевнаға бөлер уақытыңыздың бәрін де сөздік жазыпсыз, ол кісіні ренжітіп алмадыңыз ба?» – дедім. Нұрекең менің әзіліме: «Шай қайнатып беруге әзер жарап жүрген жеңгеңіздің ренжуге қауқары жоқ-ау», – деді күліп. Одан кейін қалжыңымның астарын түсіне қалып: «Бауыржан, рас жеңгең – орыс адамы, бірақ еш кінәлай алмаймын, өмір бойы менің қас-қабағыма қарап, жағдайымды жасаумен өтті. Алайда өкінерім, балаларым қазақтың салт-дәстүрін, тілін білмей өсті. Ол үшін халқымнан кешірім сұраймын! – деді, жабырқау көңілде.
Ол кісінің «халқымнан кешірім сұраймын» дегеніне ішім жылып қалды. Халқынан кешірім сұраудан басқа қолдан келер шарасы да болмай тұрғанын мен де түсініп тұрмын.
Сол жолы екеуміз ағалы-інілідей ашық-жарқын сөйлестік. Нұрекең өзінің ата мен анадан жастай айырылғанын, аштық пен жоқшылықтың дәмін әбден татып өскенін, Тәшкендегі Ғани Мұратбаев ұйымдастырған жетім балалар үйінде оқығанын, ол кісіні өзіне ұстаз санайтынын, болашағына жол көрсеткен ұлы тұлға екенін айтқанда, мен де толқып, қиын уақыттарды басынан өткере отырып жетілген, өскен, қайсар қайраткерді көріп, іштей риза болып отырдым. Дәл сол кезде жеңгеңнің ауруханада жатқаны ыңғайсыз болды, әйтпесе дастарқан жайып, қонақ етіп жіберуге де болушы еді…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері,
бауыржантанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір