ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚ ҰЛТЫН САҚТАУШЫ НЕГІЗГІ ТЕТІК
14.08.2023
649
0

Біз бұған дейін филология ғылымдарының докторлары Гүлдархан Смағұлова мен Орынай Жұбайға қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер турасындағы көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойған едік. Оқырмандарымыз осы тақырыпқа қызығушылық танытқандықтан төмендегі сауалдарды
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әмірбековаға да жолдадық.

1) Уақыт өткен сайын кей сөздер мен тұрақты тіркестер көнерген сөздердің санын көбейте береді ғой. Заман ағымына, өмірге қажетті құралдардың жаңарып-жаңғыруына сәйкес жаңа тұрақты сөз тіркестерінің қатары толыға бере ме?
2) Академик сол мақаласында «Сөздің саны тіл байлығының кепілі бола ала ма?» деген сауалды ортаға тастайды. Сіз бұған қалай жауап берер едіңіз?
3) Болашақта қазақтың фразеологизмінің қолдану аясы тым тарылып кетуі мүмкін бе? Яғни, тұрақты сөз тіркестері қағаз бетінде ғана қалып қою ықтималдығы бар ма?
4) Қазіргі қазақ тілінің даму өрісін, ғылыми жүйеленуін қай деңгейде деп бағалайсыз?

1) Қазақ халқы – табиғатынан бейнелі сөйлеуге, әсірелеуге, ұқсатылмайтын дүниелердің үйлесімін тауып теңеуге әбден бейімделген халық. Бұл – қанмен берілген табиғи қабілет, рухани шеберлік десек те болады. Сондықтан, қазақ тіліндегі бейнелілік, бейнелі сөз қолданыстары ешқашан жойылмайды, керісінше толыға береді. Себебі қазақ халқының эстетикалық танымы, ақиқат дүниені көркем таныммен түсіну қабілеті әлдеқайда жоғары.
Күнделікті қолданыста тұрақты тіркестер тіл тұтынушылардың аялық біліміне қарай қолданылады. Журналистер тіпті бейнелі тіркесті өздері жасап алып, кең қолданысқа енгізе отырып, тұрақтандыра алатын деңгейге жетті. Мәселен, «темір тұлпар», «қалтаға салатындар», «қалта қағатындар», «өгей тілде шүлдірлегендер», «нәзік жандылар», «ақ халатты абзал жандар», «қазанның құлағын ұстағандар», «халық қалау­лылары», «мандат иелері», т.б. Осындай перифразалар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке таныс әрі жаттанды бола бастады. Сондай-ақ әрбір ақын-жазушының тіліндегі тұрақты бейнелі тіркестер де қазіргі жастардың сөз қолданысында кездесіп жатады. Мәселен, М.Мақатаевтың «сократ маңдай», «жомарт күз», «келместің кемесі», «бақа ғұмыр», «өсектің шеңгелі» сияқты бейнелі тіркестері тілдік қатысымда едәуір белсенді. Демек, қазақ тілінде бейнелі тіркестер үздіксіз дамып жатыр. Олардың қолданыс жиілігі артқан сайын тұрақтылығы да күшейеді.
Дегенмен тілдік қолданыстан шығып қалатын бейнелі тұрақты тіркестер болады. Себебі тіл – дамушы тетік. Тіл де ескіреді, жаңарады. Сондықтан қоғамның даму ағымына қарай мазмұнды ашатын, нәрлендіретін жаңа бейнелі қолданыстар қалыптасады. Тіпті көне фразеологизмдер өзгеріске түсіп, қайта қолданылатын жағдайлары да болады. Мәселен, о баста «он екі гүлінің бірі де ашылмаған» (қыздың он екі мүшесіне ешбірінің қолы тимеген мағынасындағы) тұрақты тіркес қазіргі таңда «он екіде бір гүлі ашылмаған» (он екі жас мағынасында) деп тұрақталып кетті. Сондай-ақ «тепсе темір үзетін» тек ер жігіттерге айтылатын тұрақты тіркес болған еді, қазір боксшы, күрескер қыздарға осы фразеологизмді жиі қолданатын болды. Жігітті «қыз мінез» деген фразеологизммен сипаттауды үлгі етіп алған көпшілік қыздың еркек шоралығын түсіндіру үшін «жігіт мінез» дейтін болыпты. Оған «ер мінезді» деген баламасы болса да, жаңадан сөз жасау жағдайлары кездесіп отырады.

2) Әрине, сөздің саны тіл байлығының кепілі бола алады.
Тіл білімі институты қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігін құрастырып жатыр. Онда 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігіне енбей қалған бейнелі тіркестер де енгізілді. Мысалы, «ағаш аттың басына іліп əкетті» деген тұрақты тіркес «қайтыс болды, бақиға аттанды» деген мағынада қолданылатынын (Бұл Құданың құдіреті ағаш атқа мінгізді, Кемеде жүрген жалғызға жеңсіз көйлек кигізді), яғни дүниеден озғаннан соң марқұм о дүниеге ат мініп барса жұмаққа тез жетеді деген түсінікпен байланысты (қазақта марқұмның аруағына арнап о дүниеде жаяу жүрмесін деген сеніммен ертеде міндетті түрде жылқы соятын ғұрыпты еске алуға болады). «Азу шалды» деген тұрақты тіркес егде тартты, жасы ұлғайды деген мағынаны білдіретінін, «жаны сірі» деген тұрақты тіркес адамның өте шыдамды, төзімді мінезіне қатысты айтылатынын, «бақан ала қуу» деген тұрақты тіркес зәрін төккен, ашуға берілген адамның іс-әрекетін бейнелейтінін көрсетеді.
2020 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Қазақ тілінің тіркесімдер сөздігі» құрастырылды. Оған кемі 242 000 сөз тіркелді. Сөздік екі, үш сыңарлы бейнелі, тұрақты тіркестерден құралды және негіз сөздің анықтауыштық қатынастағы тіркестері ұсынылды. Сөздікке, біріншіден, атау тіркестер [бас сүйек (череп), тоқпанжілік (жілік атауы), ақсақ темір (етікші құралы), құралайдың салқыны (амал атауы), қырқынан шығару (салт)], екіншіден, анықтауыштық қатынастағы тіркестер [қабырға сағат, ағаш есік, түйе жүн, сиыр еті, түлкі тымақ, бас маман, кіріспе сөз, құмырсқа бел], үшіншіден, перифразалық тіркестер [ақ алтын (мақта), көгілдір отын (газ)], төртіншіден, идиомалық тіркестер [қырық пышақ болу, өгіз аяң], бесіншіден, тұрақты теңеулер [арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты], алтыншыдан, поэтикалық тіркестер [нұрлы ақыл (Абай), жомарт күз, сәлделі тау (Мұқағали)], жетіншіден, бейнелі тіркестер [асау жүрек, аппақ түн] енгізілді. Сөздіктің пайдасы әрі артықшылығы белгілі бір ұғымның тіркесімділік әлеуетін анықтауға мүмкіндік туды. Қазақ тілінде бір ғана сөзбен тіркесетін және 100-ден аса сөзбен тіркесе алатын ұғымдар болатыны айқындалды. Мәселен, «қабаған ит» тіркесіндегі қабаған тек ит сөзімен ғана тіркеседі. «Қабаған қасқыр» деген болмайды, себебі қасқыр қаппайды. Дегенмен «ұлыған ит», «ұлыған қасқыр» деп тіркестіре беруге болады. Себебі ит те, қасқыр да расымен ұлиды. Сол сияқты «сүзу» етістігінен жасалатын анықтауыштың сыңардың қосымшалары тіркесетін сөздің мағынасына сай таңдалып жалғанады. Мысалы: сүзеген бұқа (сүзгіш бұқа емес), сүзгіш құрал (сүзеген құрал емес). 100-ден аса тіркес құрай алатын «мінез» сөзінің тіркестерін жинай отырып, қазақ танымында мінез ұғымдық мәнге ие болғанына көз жеткіземіз: ағаш мінез, адыр мінез, аладойыр мінез, адуын мінез, айнымалы ала мінез, ақжарқын мінез, алақұйын мінез, албырт мінез, алыпұшпа мінез, аумалы-төкпелі мінез, ауыр мінез, аусар мінез, ашық мінез, әңгір мінез, байсалды мінез, бал мінезді, бала мінез, балтамен шабарлықтай мінез, басалқы мінез, биязы мінез, бибатпа мінез, болаттай берік мінез, бояма мінез, бозай мінез, бірбеткей мінез, біртоға мінез, дала мінез, дарақылау мінез, дөрекі мінез, ер мінез, жайдары мінез, жексұрын мінез, жел мінезді, жеңіл мінез, жомарт мінез, жұмсақ мінезді, жылқы мінезді, жібек мінез, кең мінезді, кідің мінез, қазақы мінез, қайсар мінез, қасарыспа мінез, қиқар мінез, қисық мінез, қиын мінез, құбылма мінез, құс мінезді, қызба мінез, лақпа мінез, мақтаншақ мінез, мәрт мінез, момақан мінез, нашар мінез, оқыс мінез, өрт мінез (поэт.), оғаш мінез, өр мінезді, сайтан мінез, сор мінез, сұмқыл мінез, сүйекке сіңген мінез, сыпайы мінез, томырық [тоң] мінез, тұйық мінез, тұрпайы мінез, ұлттық мінез, ұшқалақ мінез, ұрма мінез, ұяң мінез, шайпау мінез, шалдуар мінез, шалт мінез, шолтық мінез, шорт мінез, шырт етпе мінез, үйлесімді мінез, шетін мінез, шатақ мінез, т.б. Басқасын айтпағанда, осы мысалдардың өзі-ақ тіліміздің байлығын көрсетпей ме?!

3) Ондай қауіп жоқ деп айта алмаймыз. Оған әсер етуші факторлар да жеткілікті. Бірақ солай екен деп ауызды қу шөппен сүртіп қарап отыруға да болмайды.
Қазақ тілінің паремиологиялық қоры – қазақ ұлтын сақтаушы негізгі тетік. Сол үшін де қазақтың фразеологизмдері, тұрақты теңеулері мен мақал-мәтелдері, бейнелі сөз қолданыстары үздіксіз кітап түрінде жарыққа шығып, жаңарып отырады. 100 томдық «Бабалар сөзі» – қазақтың рухани байлығы Қазақстанның барлық кітапханасында қолжетімді. Сондай-ақ қазақтың мақал-мәтелдері де, тұрақты тіркестері де бар. Онымен қоса, qazkorpus, sozdikqor сайттарында 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігі ашық платформада қолжетімді. Ал енді тұрақты тіркестердің өміршеңдігін сақтау үшін не істей аламыз деген сұраққа келсек, қазіргі таңда қазақ тілінің ұлттық корпусында арнайы фразеологиялық ішкорпус, поэтикалық ішкорпус, жазушылар тілінің мәтіндік базасын әзірлеу үстіндеміз. Онда қазақтың тұрақты әрі бейнелі сөз қолданыстары толықтай электронды нұсқада көпшілік тұтына алатындай деңгейде жарық көреді.
Тұрақты тіркестердің өміршеңдігін сақтау үшін не істеу қажет? Меніңше, ең алдымен, мектеп оқушыларына фразеоминимум жасауымыз керек. Қазақ тілі сабағында бірінші сыныптан бастап оқушының жас ерекшелігіне, қабылдау деңгейіне қарай, қарапайым тұрақты тіркестерден бастап бірте-бірте күрделендіре отырып, фразеологиялық бірліктердің минимумын әзірлеп алуға тиіспіз. Көркем шығармаларды оқыта отырып, ондағы бейнелі қолданыстарды тануға, эстетикалық танымды көз алдына елестету арқылы тұшына білуге дағдыландыру қажет. Мәселен, «қол жалғап жіберші» тіркесі 1-сынып оқушысының фразеологиялық сөздік қорында болуы тиіс. Оқушының отбасында тұрақты тіркесті сөйленіс болмауы мүмкін. Сөздік қоры құнарланған оқушы керісінше отбасының тілдік қатынасына едәуір ықпал ете алады деп ойлаймын.

4) Бұған біржақты баға беруге болмайды. Егер қазақ тілінің даму өрісі, ғылыми жүйелену барысы тым төмен деңгейде десек, осы салаға саналы ғұмырын арнаған және көзі тірі тіл ғалымдарының еңбегін жоққа шығарған боласыз. Ал қоғамға қарап отырып тіл мәселесіндегі деңгейіміз биіктеп кетті деп тағы айта алмаймыз. Бастысы, мемлекеттік мекемелер де, жекелеген ұйымдар мен адамдар да қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін маңдай терін төгіп жатыр.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Бетті дайындаған
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір