Шеңгелдісін шексіз сүйген қаламгер
21.06.2024
387
0

Ойпырым-ай, денеңді электр тоғындай дір еткізетін осы бір таптаурынды көрінетін «дүние жалған» деген тіркесті еріксіз айтқызатын төтенше сәт­тер жиі ұшырасады екен. Аяқ астынан жаңалық ашқандай бұл уәжіме осыдан бір ай бұрын (10 мамыр, 2024 ж.) сал болып төсек тартып жатпай, кенет­тен аурухана төсегінде көз жұмған, бақилық болған шежіреші, қаламгер інім, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмахан Қожамқұлдың (1962-1924) қазасы нақтылы дәлел болады.

Қолындағы қара қаламы жорға ат­тай тайпала шапқан сәтінде: «Беу, Жетісу, жерім-ай!», – деп жырлап өткен, ежелгі тарих пен шежірелі шежіренің білгірі атанған Жұмахан інім ауызекі сөз емес, екінің бірінің оң жамбасына келе бермейтін архивтік дерек көздеріне сүйене отырып, Жетісудың ел ардақтылары – Қадырғали Жалайыри, Ескелді, Балпық, Бөлек, Райымбек, Наурызбай, Жәлменде мен Пышан сынды тарихи тұлғалардың ерлік пен ұлағат­ты істерін бүгінгі және ке­йінгі ұрпаққа ұшқыр оймен, айшықты тілмен жеткізе білді. Оның артында қазыналы мұрасы болып қалған «Ұлыстың ұлы Бөлегі», «Бабалар ізі жаңғырды, «Беу, Жетісу, жерім-ай!» және басқа да тарихи-танымдық кітаптары нақтылы мысал. Жазып, хат­таған жаңа дүниелері де баршылық болатын.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, Қапшағайдан шығып, Талдықорғанға бет алғандағы күре жолдың бойында орналасқан шағын Шеңгелді ауылын әркез мақтаныш тұтатын. Оның түп тарихы тереңде жатқаны, ХХ ғасырдың ортасында атақты Шоқанның Ыстықкөлге сапары кезінде Шеңгелдіге арнайы­лап тоқтағанын, жол жазбасына арқау еткенін сүйіспеншілікпен айтып отыратын. Ендігі бір азамат­тық қарекеті өзі ұстаз болып еңбек еткен білім мекемесіне жылнамашы Қ.Жалайыри есімін алып беруге ұйытқы болғаны, «Шақан шері» романы ізімен көрнекті жазушы Мұхтар Мағауинді Алматыдан арнайы шақырып, оқушылармен кездесу өткізгені – кім-кімге де үлгі өнеге.
Жұмаханның жазғанынан жазары әлі де көп еді. Амал нешік… Ажал өз дегенін жасады. Алла алдынан жарылқасын! Иманы жолдас болсын, бауырымыздың!

Қараша ҚАРАМАН,
Алматы облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір