«ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН…»
Шығармашылық болмыс-бітімі айқын, проза, драма саласында, жалпы әдебиетте өзіндік өрнегімен, көркем қолтаңбасымен танылған қаламгер Серік Асылбекұлының балаларға арналған «Концерт» повесі өткен жылы «Айбоз» әдеби сыйлығын иеленді. Балалар әдебиетіне көптеген жаңа есімдер мен үздік туындылар әкелген «Дарабоз» бәйгесінің соңын ала келген «Айбоз» сыйлығының жазушы қоржынына түсуі кездейсоқтық емес. Елеусіздеу қалған «елеулі» салаға қосылған сүбелі үлес деп бағалаумен қатар, бала талғамынан шығатын, қазақы тәрбие мен қазақы болмыстың иісі, «өмір витамині» бар, оқиғасы динамикалы дамитын, бала психологиясын бейнелеудің нәзік үлгісін көрсете білген туынды деп танимыз. «Балаларға арналған дүниені ересектердікінен де артық етіп жазу керек» деген (М.Горький) талап-қағидаға толық жауап бере алатын туынды.
Повестің жазушының шығармашылық көгінде шыңдалған көркем туынды екені өзі қайта оралып соққан «Макондосы» – Ақсуатты («Ақ қарға» повесінде), оның қарапайым адамдарын, ертеңгі күннен үміті мол балаларын суреттеуінен білінеді. Автор Ақсуат аулының әлеуметтік-психологиялық шындығын бір күннің оқиғасына сығымдап бере білген. Уақыт пен кеңістік категориясы шебер қиюласқан туындыда бала мен үлкендер арасындағы адамгершілік қарым-қатынас қысқа ғана штрихтармен ашылып отырады. Осы тұста бүтін бір ауыл өмірін, шындығын типтендіріп, концерт болатын бір күннің ішіне сыйғызу арқылы автордың шеберлігі жарқырап көрінетінін айтуға тиіспіз.
Ақсуат – Жаратушы Тәңірден өзгенің бәрі әлдеқашан ұмытқан, облыс, аудан орталықтарынан ит өлген жерде жатқан, Сырдарияның қияндағы бір түкпірі болса да, жазушы үшін ең қымбат, ең аяулы мекен. Повестің: «Дүниені шуағына молынан шомылдырып, ұлан-байтақ қазақ даласының қиянда жатқан көп аулының бірі Ақсуатқа да ерте көктем, ерте көктем жетіп еді қыстан қысылып шыққан елді әбден сағындырып. Міне, анық екі аптаның жүзі болды, құртқашаш әр жерде нілге боялған аспан түстес көкшілтім гүлдерін қылтитып, қырда қызғалдақ өрттей қаулап, кәрі-құртаң есік алдындағы сәкілердің үстінде шуақтап, бала-шаға әртүрлі ойын қызығына беріліп, жалпақ жұрт масайрасып жатқалы. Көп айта беретін несі бар, әйтеуір аспан асты, жер үстіндегі жан иелерінің күллісі мәз-мәйрам. Тіпті ауа екеш ауаға дейін тіршілік атаулыны алдағы таусылмас думанды жаз қызығына ынтықтырып, жұпар атады», – деп жаймашуақ табиғат көрінісін суреттеумен басталуы да содан. Автор ауыл халқының кең пейіл көңілін: «Ауылдарының дәл жанынан осындай үлкен берекелі дария ағызып қойған Жаратқандарына дән риза еді», – деген бір ауыз сөзге сыйғызған. Ауылдың қара сирақ балалары үш ай жаз жағасында, дүйім елдің тірлігіне, ауыз суына, шабындықтары мен егістіктеріне жарап келе жатқан дария анаға разы.
Көкмайса болып жайнап тұрған табиғат та құшағындағы адамдарының жан дүниесін сергітіп, тазартуға септігін тигізетіні анық. Күңгірт реңкті сөздер жоқ, повестен әлеуметтің жүдеу емес, тоқмейіл қалпы аңғарылады. «Көркем шығармада табиғат барша объективті болмысымен суреттелген күйде де, адам өмірінен алатын рухани эстетикалық мәнімен бірлікте бейнеленбек, кейіпкер психологиясында белең беретін сан қилы эмоционалдық құбылыстар оны қоршаған әлемге көзқарасы, нақты бір кезең сәттегі экспрессивті жан толқыныстары арқылы неғұрлым толымды өрнектелетіні дау тудырмайды». Повестің бас кейіпкері, жаны көркемдікке құмар әнші бала – Назымбек. Автор жан дүниесі пәк жеткіншектің үш жыл жетімдікте өткізген қиын тағдырын, көрген қорлығын, ауылға келген танымал әншінің бала өміріне әкелген үлкен өзгерісін, қала берді оның бүкіл болашағын біркүндік уақыт шеңберіне сыйғыза білген. Белгілі бір логикалық құрылымға негізделіп жазылғандықтан, шығармада басы артық бірде-бір сөйлем жоқ. «Әлемнің ең ұлы ғажайыбы – адамның жаны» деген Данте сөзін эпиграф етіп алуынан автордың концепциясы айқын байқалады. Оқырманды бірден мәтінге бағыттап, ауыл баласының жан дүниесі жайында әңгіме болатыны жөнінде ассоциация қалыптасады.
Шығармада сомдалған бала бейнесі уақыт тынысы мен шындығын көрсетуде тарихи-әлеуметтік рөлге ие. Әлем әдебиетінде шындықты бала бейнесі арқылы жеткізетін туындылар бар (Ч.Диккенс «Оливер Твистің басынан кешкендері», М.Твен «Том Сойердің басынан кешкендері», А.Баймұхаметов «Тастамашы, ана»). Өйткені баланың жүрегі мен көңілі таза, ол тек шындықты айтады. Белгілі бір қағидаға бағынып, ұстаным шеңберіне байланбаған. Тіпті ел басқарған патшаның көшеге лыпасыз, тыржалаңаш шыққанын айтқан да оны қоршаған дана қария, білгір көсем, ақылгөйлер емес, бала болуы да соның айғағы (Андерсен). Повесте қаңырап қалған гараж, үкімет мүлкінің талан-таражға түсуі, биліктен үміткер депутаттардың сайлау алдында ғана халыққа төбе көрсетіп, концерт қойып елді алдайтын әлеумет шындығы бейнеленген.
Автор жетістігі – бала болашағына қатысты мәселеге саясатты араластырмай, объективті тұрғыда келуінде, яғни депутаттың сайлауалды науқанындағы әрекетіне негативті сипат жамамайды. Керісінше, жас баланың өміріне, санасына өзгеріс енгізеді. Автор бала болашағына жол көрсететін әлеуметтік-эстетикалық фактор ретінде әншіні ауылға әкеледі. Ән баланың ішкі сұранысын қанағаттандырады, өмірге үлкен жолдама береді. Бұдан бала – болашақ, ел ертеңі екенін қапысыз ұғынған автордың тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі күніне деген сенімі, позициясы айқын аңғарылады. Егер ауылға концерт келмегенде, Назымбектің болашағы қандай болатыны күңгірт еді (Б.Қанатбаевтың «Летаргиялық ұйқысындағы» жетімдіктің зарын тартқан Мақсат секілді жаман ортаға түсіп, түрмеге түсуі де әбден мүмкін жағдай). Өзімен рухани туыс әншімен кездестіру арқылы автор оның өмірін мүлде басқа, жақсы арнаға бұрып, бағыттайды. Бала психологиясына, өмірлік бағытына позитивті тұрғыда ықпал етеді. Бұл шығарма атауының негізгі идеямен тығыз байланысын көрсетеді.
Повестегі жетім көрсе, жебеп жүретін қазақ аналары – көршісі Самал апа мен анасының кластасы Сақыпжамал. Олардың шынайы ыстық ықыласы мен аналық пейілі Назымбектің жан дүниесіне ерекше әсер етеді. Автор баланы жақын тартатын аяулы аналар образын сомдау арқылы оқырманына Назымбек өмірінің қиындығын, көрген қорлығын білдіруді көздейді, яғни Назымбек Зүбәйда сынды адуын, өгей анадан көрген теперішін біреуге айтып шағымданатын, жылауық бала емесін көрсету мақсатында енгізген.
Автор көп теперіш көрсе де, іштей тынған баланың жарымжан көңілін дөп басып бейнелеумен қатар, оның жанының тұнықтығын көрсетеді. Әкесінің арақты әлі қоя алмай жүргеніне құлағының ұшына дейін қызарып, ұялып кетуі – оның тазалығы. Жұрт «жаман әкең» десе де, өзі үшін ең қымбат жан үшін жаны ауырады. «Балалар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді» (С.Маршак) дегендей, Назымбектің бала да болса үлкен ақыл мен мейірімнің иесі екені оның әкесін шайпау шешесіне жалғыз қалдырғысы келмеген ниетінен байқалады. Бала көңілі сүйікті әкесін жалғыздыққа қимайды, өзінің әке үшін жақын жан екенін жан дүниесімен сезе білді. Ол әкесінің ішкіш болса да еңбекқор, «нәті жуас» екенін, оның да жаны жаралы, жылылықты, мейірімділікті аңсайтынын түсінді. Сондықтан да өзіне жайлы, ыңғайлы жерге әпкесі Дариғамен бірге кетуден саналы түрде бас тартты. Зүбәйдадан таяқ жеп, далаға қуылған күні Самал апайы үйіне әкеліп, жылы сөздерін айтқанда, өңеші құрғап, өкпесіне бір сәтке ауа жетпегендей тұншығып, жылағысы келгенмен, тағы да өзін ұстап қалды. Жылаған жоқ, ешкімді жазғырып, сөккен жоқ, қатал тағдырын батылдықпен қабылдады. Ешкім де, тіпті мейірімді аналар да оның үйінен қуылған түндері жиі паналайтыны – гараж күзетшісі Ермек ағаның күркесі екенін білген жоқ. Таяқ жесе де айтпады, өйткені ол – биік мораль иесі. Оның осы қасиеті де – бүгінгі жеткіншектер үшін үлгі.
Әдебиет алыптары Л.Толстой, Л.Кэрролл, М.Твен, А.Чехов, А.Линдгрен, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков шығармаларының қай-қайсысы да оқырмандарын табиғилығымен баурап алады. «Қарапайымдылық, табиғилық, шынайылық – міне, кез келген ұлы өнер туындыларына осындай үш қасиет тән» (Глюк). С.Асылбекұлының бүкіл шығармашылық кредосы да осы үш принципке негізделген деуге болады. Аталған повестің шынайылығын арттырып тұрған ондағы өмірлік оқиғалар ғана емес, әрқайсысының өзіне тән мінезі бар, бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі толықтырып тұрған, идеалдандырылмаған кейіпкерлері. Мұндағы образдар галереясы ансамблінің ерекше мүшелері – «тергеуші» кемпір мен атаман Оңталап. Сексеннің сеңгіріне шыққан Күміс кемпір – Жетестің тілімен айтқанда, мылжың, мыстан кемпір. Мұндай типтік образды кез келген қазақ аулынан кездестіруге болады. Бақсақ, оның да шығармада өзіндік орны бар. Тас кенеше жабысып алған қазымыр кемпірдің өздеріне: «Қойшы осы өлмелі кемпірді деп мені менсінбей бара жатсыңдар», – деп кәналағаны аздай, артынша әкелерінің дымын қалдырмаса да қарсы келмеген, үлкен деп сыйлап, көңіліне қараған балалардың ибалылығын, тәрбиелігін көреміз. Назымбек пен Жетес – бүгінгі эгосы шектен тыс өсіп, өзінен басқаға деген жылылығы мен мейірімі жоқ, басқа шауып, төске өрлеп тұрған балалардың толық антиподы. Олар үлкен кісінің намысқа тиетін сөздерін тыңдап қана қойған жоқ, көтере білді, көмейлеріне келген қарсылығын ірке білді.
Қазақи ортада өсіп келе жатқан ауыл балаларының бейнесін сомдауда шындықтан ауытқу жоқ, өзін қоршаған ортамен, ауыл адамдарымен тығыз байланыста суреттеп, автор реализммен ұштастырады. Бір ғана штрихпен әрбір бала психологиясының ерекшелігін бере біледі. Баланың ойлау, түсіну қабілеті олардың күнделікті өмірінен алынады.
Назымбектің әкесін ілмиген иінағашқа, Жетестің әкесін ақсақ қойға теңеген кемпірге деген ашуын іркіп, сабырға жеңдіріп, жаңалықты жеткізу де – адамдық. Автор үшін сомдаған көркем бейнесінің адамгершілік-көркемдік өресі, оның азаматтық тұлғасы қымбат. Осылайша, басқа балалар үшін үлгі болатын кейіпкеріне биік адамгершілік мұрат, әлеуметтік жүк артады.
Повесть тілі жеңіл, ұғынықты. Көркем шығармадағы кейіпкер тілінің жасалуы жөнінде академик Р.Сыздық: «Көркем шығарма тілін талдағанда, жазушының суреткерлік шеберлігі мен эстетикалық мүмкіндігін тануға болады. Жазушы өз шығармасының поэтикалық деңгейіне сай етіп тілдік құралдарға жүк арта алды ма, әр сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танып, олардың барша потенциалды қабілетін жарата білді ме деген жайттар осы әңгімеден туындайды», – деп нақтылайды.
Кейіпкер тілінде мазмұн мен ойды беруде қолданылған мақал-мәтел («Жыланды қанша кессең де, кесірткелік күші бар»), диалогтің қызметі ерекше. Нақты айтқанда, диалогтің құрылымдық қызметін тиімді пайдаланған. Повестегі диалог ауызекі сөйлеу тіліне жататын қарапайым сөздердің қатысуымен жасалған. Қаламгер кейіпкер аузына түрлі сөз орамдарын салу арқылы мінезін, атқаратын қызметін, өскен ортасын және қарым-қатынас жасайтын адамдарды әр қырынан көрсете білген. Повестің өн бойында кездесіп отыратын «кәнсерт», «дабай», «патсандар» сынды кірме сөздердің ауызекі сөйлеу тілінде жиі қолданылатыны белгілі. Бұл сөздерді қазақ тілінде беруге жазушының тіл байлығы жетпей қалған жоқ. Тиісінше, мақсатты түрде айтар ойдың мазмұнын ашатын лексикалық қор ретінде пайдаланып, бала тілімен сөйлеуде ұтқырлық танытқан. Бұл автордың сөз қолдану шеберлігі мен айтылар ойдың бала танымына қатыстылығын талғампаздықпен бере білгенін байқатады.
Повестегі лейтмотив – көркемдік. Туындының бүкіл көркемдік тінін қалың етіп өріп, ұстап тұрған сөз – көркемдік. Жетім баланың жаралы жаны көркемдікті аңсайды. Оның жаны шалқуды, самғауды қалайды. Түсінде ғарыштық жылдамдықпен ұшып келе жатса да: «Тезірек жетсем екен, жылдамырақ қауышсам екен кілең құлақтың құрышып қандырып, көздің жауын алатын көркемдіктерден жаралған сол бір әлеммен!» – деп тілейді.
Шығарманың көркемдік сапасын арттырып тұрған компоненттер – баланың таным-түсінігі, елестету ерекшелігі, әлемді қабылдау сезімінің ескерілуі. «Әр бала идеалист, «шіркін сондай болса ғой» дейтін ішкі идеясы бар. Сондай реализм мен идеализмнің симбиозын тауып жазған қаламгер ұтады», – деген балалар әдебиетінің жанашыры Раиса Қадыр сөзі С.Асылбекұлының осы туындысына қатысты айтылғандай.
Шығармада үлкендер мен балалар проблемасы тиісті көркемдік деңгейге көтерілген деуге негіз бар. Повесть соңында Өтепбергеннің пәлсафалық ойлардың жетегіне беріліп, диванда жатып күрсінуі де – жақсылықтың нышаны дер едік.
Автор оқырмандары ойланатын кеңістікке қол сұқпай, шығарма финалын ашық қалдырады. Сыншы А.Кеңшілікұлының: «Шын талант әдебиетке адамдық бастаудың қайнарын лайлайтын қоғамның зұлымдығынан өмірді тазарту үшін келеді», – деген ойымен келісе отырып, жас жүректің өзі көрген әділетсіздік, қиындықтардан жасымай, алыстағы Айға – асқақ арманға батылдықпен талпынғанына қуанамыз. Жазушының өмірдің өзі үлкен сынақ екенін ұғындыра отырып, бас кейіпкерін қиын тағдыры арқылы шынықтырып, рухын шыңдап, үлкен өмірге дайындайтыны білінеді. Баланың Алматы төрінде ән салып тұрғанын көрген ғажайып түсі – оның бақытты өмірінің алғашқы баспалдағы. Назымбек бойындағы: адалдық, бауырмалдық, тазалық, жанының мөлдірлігі, көркемдікке іңкәрлігі, еңбекқорлығы сынды ең таза қасиеттерін мөлдіретіп көрсету арқылы авторлық ұстаным да, негізгі кредосы да адамгершілік мәселесімен түйінделеді.
Гүлназ ТОҚШЫЛЫҚОВА,
әдебиеттанушы ғалым,
Абай атындағы ҚазҰПУ