Биліктегілерде жүрек жоқ па деп қалдым…
21.02.2023
174
0

Біз Түркиядағы қаламгерлермен қарым-қатынасымызды араға салып, түрік жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шегіп жатқан жерлестері туралы пікірін білдік. Памук қазір Еуропада жүр екен, қайырымдылық қорына біраз қаржы аударыпты.

– Бұл менің бала күнім­нен бастан кешкен ірі жер сілкіністерінің төртіншісі, – дейді ол. – 1999 жылы Мармара жер сілкінісі кезінде қираған қалалардың бірі Яловаға барып, үйінділердің арасында сағаттап жүрдім де, қайта оралдым. Өйткені жантүршігерлік көріністерді көзден өткеруге дәтім шыдамады. Мұндай алапат оқиғаның кезінде адамның бәрі жәрдемші бола алмайды екен. Менің қазір де жаным түршігіп отыр. Жер сілкінісі болған қалаларда ауруханаларды сүріп тастап жатыр. Демек, ол ауруханалардың түкке жарамай қалғаны ғой… Ал Түркиядағы құзырлы орындарда қызмет жасай­тын адамдар алыстан келген дәрі­герлердің қайда барып, кімдерге жедел жәрдем жасау керектігін айта алмай естері шығып жүр.
Алапат апаттан бейнекөрініс түсіріп, ешбір сөз жазбай желілерге жүктеп кеткендер бар. Олар сол кезде не ойлады екен? Сірә, «бауырлар, абайлаңдар, байқаңдар!» дегенді айтқылары келген шығар? Әлде Жаратушыны көмекке шақырып жанталасты ма? Ең қорқыныштысы – біздің дәрменсіздігіміз. Енді не десек те, болар іс – болды. Енді іске жұмыла кірісуіміз керек. Бірақ апат жайлаған аймақтарға әлі нақты көмек жетпей жатыр. Осыны көріп, біліп отырып ақталуға тырысып жатқан, сапасыз салынған құрылыстардың қирап қалғанын өткенге сілтеп, көп қайғысынан бастарын ала қашып отырған биліктегілерде жүрек жоқ па деп қалдым. Менің сіздерге әзірге айтарым – осы ғана.

 

 

Орхан ПАМУК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір