Жүз жасаған жүрек
11.12.2024
186
0

Қасиет­ті Қарауылда Нұрбике Айтхожина, Нағима Құмарова, Күләш Жақыпқызының есімдері құрметпен аталады. Нұрбике апа Аягөз, Ақсуат, Шұбартау аудандық партия комитет­інің хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағаларының орынбасары болып қызмет атқарған. Зейнеткерлікке Абай аудандық партия комитетінің хатшысы қызметінен шыққан.

Көп сөйлемейтін, байсалды, ақылды адаммен он жылдай бір үйде көрші тұрдым. Нағима Құмарова Абай орта мектебінің директоры, Абай аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып, ұзақ жылдар қызмет атқарды. Нағима Құмарқызы бір шаңырақтың, бір ауданның аясындағы кісі емес, ол – ел анасы! Ізгілік жолды мұра тұтып, өшпес із қалдырған текті ана! Абай ауданының Құрмет­ті азаматы Нағыштың Қарауыл жұртшылығы үшін орны да, жолы да бөлек. Үшеуі де әдемі көркімен, тыңғылықты ісімен, кішілік ізет­імен Абай елін ажарландырып, ғибрат­ты ғұмыр кешті. Бірінің бал дәуренін ұрлаған, бірінің қыр гүліндей құлпырған жастық шағын ерте солдырған өмірден олардың көргені де, түйгені де мол. Үшеуінің де көп ешкімге ұқсамайтын тағдыры бар. Олар туралы «Тебіренткен тектілер» ат­ты кітабымда азды-көпті айт­тым. Осынау ел таныған қайраткер аналардың ішінен Күләш Жақыпқызын ерекше бөле-жара айтудың орайы келіп отыр. Өйткені ол кісі жүз жасқа келді. Тұтас бір ғасыр! Бір дәуір!
Күләш апа да аталған тұрғылас құрбыларындай өмірдің тұщысынан гөрі ащысын, қызығынан гөрі қиындығын көп көріп өсті. Тал бойына ұлтының рухын, намысын, қайсарлығын сіңіріп бой жет­ті. Ашсаң аузыңнан, тілдессең тіліңнен табатын зұлмат заманды көрді. Жақсысына еміреніп, жаманына тебіренді. Қайнар орта мектебін үздік аяқтаған жас қыз 1942 жылдың көктемінде Абыралы аудандық мемлекет­тік банк бөлімшесіне қатардағы есеп қызметкерлігіне орналасады. Екі жылдан ке­йін бас есепшінің орынбасары болып тағайындалады. Үш жылдай әкесінің қызмет бабына байланысты Қарауылға ауысып, Абай аудандық мемлекет­тік банкінің бас есепшісі болып қызмет атқарады. Ал 1950 жылдан 1981 жылға де­йін, үзіліссіз отыз бір жыл осы банктің басқарушысы болады. Аудандағы жалғыз банктің жұмысын дұрыс жолға қойып, облыс, республика көлемінде осы саланың көш басында тұруына қосқан үлесі мен тынымсыз күресі бар Күләш апаның. Осы саланың басы-қасында жүріп, оның ыстық-суығына көндіккен адам болмаса, көбіміз оның беймаза тірлігінен хабарсызбыз, сондықтан түсініп, қадіріне жете бермейміз. Оның өз қиындығы мен өз қызығы бар. Отыз жылда ауданда қаншама бірінші басшы ауысты. Солардың бәрімен тіл табысып, өз жұмысын қалыптасқан тәртіп негізінде жүргізді. Өз орнын білетін, өз жолымен жүретін басшының принципті позициясы болды. Ол кісінің өзін біреулердің түсінуі емес, өзгелерді өзі түсінуге ұмтылатын жақсы мінезі болды. Қарамағындағыларға қамқор бола жүру, аналық мейірімін шуақ қылып шаша жүру ол кісінің табиғатына тән. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Туған еліне жанашыр тілегін дамытып келе жатқан, ағайын-туыстың мінін көрсе шындығын айтып, «шаңытып» жүретін адам – Күлекең. Айта берсек, ол кісінің өнегелі істері, ойлы ұсыныстары, сындарлы пікірлері көп-ақ.
Әр адамның ғұмыры жатқан тарих десек, өнегелі, бақыт­ты ғұмыр кешіп келе жатқан қарапайым қазақ әйелінің бейнесі, басқаларға үлгі боларлық екенінде дау жоқ. Жүз жасаған Жамбыл атамыздан «Бір ғасыр өмір сүруіңіздің құпиясы неде? – деп сұрағанда: «Дүние деп күймедім, Жамандықты сүймедім. Жолда жатқан біреудің, Алтынына тимедім…» – деген екен. Сол айт­қандай, Күлекең де дәл осылай өмір сүрді. Отыз жыл аудандағы жалғыз банкіні басқарып тұрғанда басқалар сияқты көктөбел үй салмады. Дүниеге қызықпады. Қарапа­йым өмір сүрді. Таза жүрді. Адал жүрді. Халқына қалтқысыз қызмет жасады. Тек зейнеткерлікке шыққаннан соң ғана жайлы үйге көшті.
Күләш апаның өмірі тәрбие, тағылымға толы және кімге болсын ой салады. Осыдан он жыл бұрын Күләш апа тоқсанға толды. Ел-жұрты, туған-туыстары айтарлықтай той жасады. Сол тойға жан-жақтан келген жандардың құт­тықтаулары, ыстық лебіздері қайраткер анаға деген құрмет­тің ерекше белгісі деуге болады. Жас ұрпақ осындай адамдардан үлгі алса керек. Адамды танудың, білудің жолы сан тарау. Соның ең негізгісі, адами қасиет – кішпейілділік пен кісілік. Осындай сыйды Алла Күләш апаға аямай берген. Тіл-көзден сақтасын дейік. Бүгінгі өмірде бізде бәрі бар. Тек адамдардың бір-біріне деген ізгілігі, жүрегіндегі жылылығы азайып, тіпті жоғалып барады. Барымыздан ажырамайықшы деген ниетпен, қарапайым ғана ғұмыр кешкен абыз ананың өмірінен сырға, жырға толы аз-кем ойымды оқырманға ұсынуды парыз санадым.
Ол кісі өмірін жақсылыққа, ізгілікке, мейірім мен қайырымға құрған, ниеті түзу, пиғылы пәк, ақ адал жан. Көңілі даладай кең, баладай риясыз, аңқылдаған ақкөңіл кісі. Оны өзгелерден айрықша даралап тұратын тамаша қасиеті – пендені бөлектеу дегенді білмейтіні. Қарауылдағы ол кісіні білетіндерден сұрасаңыз, Күләш апаның артық ауыз әңгіме айт­қанын, әлдекімдермен айтысып-тартысқанын, біреуді сыртынан жамандағанын көрген де, естіген де емеспіз дегеніне куә боларыңыз хақ. Өзінің сол Құдай жаратқан табиғи таза қалпын, кісілік келбетін, сабырлы мінезін жүзге келсе де саф алтындай сақтап келеді. Өзін үнемі бірқалыпты ұстайды. Құдайға шүкір, ешкімге масыл болмай, өз жағдайын өзі жасап келеді.
Күләш апа өзіндегі жақсы қасиет­терін жалғыз қызы Клара мен туған бауырлары Шыңғыс пен Серікханның бойына сіңіруге тырысты. Ылғи да біреу­дің ала жібін ат­тамауға, адал болуға, қайырымды болуға үндеді. Үшеуін де жастайынан бір өзі тәрбиеледі. Оқыт­ты. Жоғары білім әперді. Күлекеңнің еті тірілігінің арқасында, бәлендей бір қиындық көрген жоқ олар. Әйтсе де жетпіске жетпей полигон дертінен бақилық болған Серікханының жөні бөлек еді апамыз үшін, дүйім Абай, Абыралы ел үшін. Бұл азамат Семей полигонының жабылуына, сол аумақтарда тұратын халықтың жағдайын көтеру жөнінде көп жұмыс істеді. Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Алатау ауданының прокуроры болып жүрген кезінде, әйгілі Желтоқсан оқиғасы басталып, қоғамда біреуді біреу түсініп болмайтын бей-берекетсіздік орын алған уақыт еді. Алаңға шыққан жастардың кінәсі барлары да, жоқтары да ұсталып, түрмеге тоғытылып жатқан кез­де, жазықсыз жапа шеккен жастардың көбісінің жазасын жеңілдетуге кейбіреулерін тұтқындалған жерінен босат­тырып жіберуге қол ұшын берді. Серікханның мұндай ерлікке пара-пар іс-әрекетін көп адам біле бермейді. Ке­йіннен ол Мәскеуде ТМД елдері бойынша ұйымдасқан жемқорлық қылмыстарға қарсы күресті үйлестіру агент­тігінде Қазақ­стан Репсубликасы Ішкі істер министрлігінің өкілет­ті өкілі, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды облыстарының прокуроры, ҚР Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты болды. Ол мемлекетшіл, қоғамшыл, дос-жаранға, ағайын-туысқа, еліне адал азамат еді. Осындай асыл бауырын әлі сағынышпен есіне алып қояды Күләш апа. Өмірдегі естен кетпейтін өкініші де сол.
Алыста жүрсек те әрдайым көңілге медеу тұтып, арқа сүйеп, анда-санда хабарласып, аман-саулығын сұрап тұратын жақсы апаммен биылғы жылдың қыркүйек айында Қарауылға барған сапарымда үйіне арнайы барып сәлемдестім. Музыканы қат­тырақ қойып, радио қабдылдағыштан жаңалықтарды тыңдап отыр екен. Мені көре салып: «Ау, Бекен баламбысың?» – деп орнынан ширақ тұрып бетімнен сүйді. Құлағының аздап естіңкіремейтіні болмаса көзі де жақсы көреді, жадынан да жаңылмаған. Белі де бүгілмей, тік қалпында келе жатыр. Ғасыр жасаған жанның өз өмір тарихын өзі жырдай айтып бергеніне таңғалдым. Қанағат пен төзімді, қайрат пен шыдамды өзіне серік еткен рухани қуат­ты, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, дүйім Абай еліне ана да, дана да болып келе жатқан жанға қызығып, бір-екі сағат әңгімелесіп, отырып қалыппын. «Мен сөйтіп едім, мен былай істеп едім» деген бір ауыз сөз шықпады сол екі сағат­та ол кісінің аузынан. Күләш апамның осындай ерекше қарапайым қасиетіне қалайша таңғалмайсыз, қайтіп қана бас имессіз!
Әр жерде, әр өңірде үнемі жақсы сөзімен, ыстық лебізімен, айналасын жадыратып, туған-туыстың, ауылдастарының мере­йін өсіріп, мәртебесін биікке көтеріп, береке-бірліктің тұтқасы болып жүретін адамдардың болатыны – өмірдің заңдылығы. Жақып әулетінің ұйытқысы да, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі де – Күләш апа. Ол кісі үнемі: «Алыс та жақын болар жолын тапсаң, жақының алыс болар қолын қақсаң», – деп отырады. Жүріс-тұрысынан салмақтылықтың, биязылықтың лебі есіп тұрады.
Абай облысының қадірлісі, Абыралы мен Абай елінің айбарлы апасы Күләш Жақыпқызы жүз жасқа толды. Парасат парқы да, аналық нарқы да, елдің ардақ тұтар данасы да болып, аман-есен жүре беріңізші, жақсы апа! Біз соны қалаймыз, соны тілейміз!

Бекен Әбдікәрімов,
Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі,
Астана қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір