ЖҰРТЫН СҮЙГЕН ЖҮРЕК
07.04.2025
211
2

Жазушы Дулат Исабеков жайында толғаныс 

Сыйлас аға, сырлас жазушы бақилыққа қарағалы ол жайын­дағы ойдан бойымызды бір сәт те тарта алған жоқпыз. Өзгені қайдам, өз басым артта қалып бара жатқан қырық күнді солай өткіздім. Ұзақ жыл аралас-құралас жүрген күндерді еске алдым, шығармаларын қайыра парақтадым, Дулат аға жайында өз жазбаларымды да сарапқа салдым.
…Жазушылық тағдыр – аты-атағына қарап кісі қызықпай қала алмайтын, азабына қарап кісі қызығуға болмайтын, керек болса, адам баласы аяйтын тағдыр. Әрине, әңгіме шын болмысты шынайы жазушы хақында. Әйтпесе қасқыр терісін жамылған қой секілді жазушы атын малданып, жұрт оған алданып жүрген жайт жетерлік. Ал біздің әңгімеміз – шынайы суреткер жайында, сондай шын жазушының бірі – Дулат Исабекұлы хақында.
Д.Исабеков шығармаларын қадағалай оқып, білген-түйген пікірін айтқан әдебиет­шінің бірі – мен. Дулат қандай жазушы? Қайсымыз қай қырынан таныдық? Әдеби қадам қалай басталды? Қаламгер қай жерде келеді, не беріп кетті? Ендігі кезеңде күн сайын құбылып жатқан мына «ақырзаманда» Дулат шығармалары қалай қабылданады? Бұл сұрақтарға жазушының көзі тірісінде де тиянақты жауап іздеген екенбіз. Таптық деген жауабымызды, жазған мақаламызды Дулат аға оқып, айтқан ризашылығын өз құлағымызбен тыңдаған екенбіз. Шүкір. «Бірсыпыра сының бар екен. Қысылмай-ақ қой, бір-бірімізді сынап өспесек, қалай өсеміз?» – деген үні де күні бүгін құлағымда күмбірлеп тұр. Бұдан он-он бес жыл бұрын маман түсіруші (оператор) ала барып, Дүкеңді 5-6 сағат бойы камераға жазып алғаным да дәтке қуат (Архивімде сақтаулы). Енді Дулат Исабеков жоқ мынау жарық жалғанда. Жазушылық ғұмыр тоқтады. Бірақ, бірақ шын классик жазушы шығармашылығы жайындағы сауал тоқтамақ емес. Ендігі жазушы, сыншылар бұл сұрақтарға жауапты Дулат Исабековтің өзінсіз іздейді. Амал қанша?!
Дулат Исабеков әдебиетке сезімтал лирик жазушы райында келді. «Бекет», «Гауһартас» секілді повестері, бірсыпыра әңгімелері – осы ойдың садақасы. Іле философиялық арнада іздене бастады. Бағына ізденіс жолында оған ұлы Ф.М.Достоевский жолықты. «Орыстың ауру жаны» атанған Достоевский ағайынды Манндардан бастап, Еуропа әдебиетіне мейлінше ықпал жасаған сәт еді ол. Ықпалды күш иесі – жалғыз Достоевский емес, Ницше, Фрейд секілді философ, психологтер де болатын қабатында. Жас Дулат Достоевскийге қаламгерлік Һәм философиялық мектеп қалыптастырып, Еуропадан қайтып келе жатқан бетінде жолығып, сабақ алды. Ұлы жазушы сабағын алуы – оның «Ақ түндер» романын аударып, өзгелер аударған (М.Жанғалин т.б.) Достоевский шығармаларын ащы талдауы ғана емес. Бұл да – ізденіс кепілі. Алайда үйреніс үлгісі – «Мазасыз күндер», «Пері мен періште», «Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене» секілді лирикалық, философиялық сазды хикаяттар. Аталмыш шығармалар қазақ әдебиетіне тосын сарын әкелді. Орыс тіліне аударылып өзге аудиторияларға еркін жетіп жатты. Біреу түсініп қабылдады, біреу аңтарылып қарады. Расында да, «социализм зәулімін» тұрғызып, коммунизмге бет алып бара жатқан қоғам оқырмандары үшін тағдыр илеп тастаған тірі өлік жандар жайында жазу, біртүрлі тосын еді, оқырмандардың тосырқайтын реті бар еді. Енді біліп жүрміз, Дулаттың философиялық повестеріне, олардағы өлімсек кейіпкерлерге біз нақты қоғамда өмір сүретін нақты затты адамдар ретінде қарап келген екенбіз. Шынтуайтында, жазушының ол шығармаларда ауыр тағдыр иелерін қазақтың өткеніне сілтей отырып қара бояу жаққыштаса да бүгінінен ой сабақтағанын, нақты кейіпкерді бейнелей отырып адамдық болмысты әдеби-философиялық жинақтауға түсіре тіршілік дүниесін талдағанын аңғара бермегенбіз.
Бүгінгі күн тақырыбына оралу қиын-ақ. Өмірді зерттемей, қым-қуыт өзгерісті білмей қалай жазасыз? Ал тап қазір бүгінгі өтіп жатқан өмірді зерттеп, сәт сайынғы өзгерісті көңілге түю – қиынның қиыны. Қазақ жазушыларының сары өзек өтпелі кезеңде публицистикадан өзге жанрға қол ұра алмай қалған аңтарылысын (дағдарысын) өз басым осылай түсінемін. Міне, сондай қиын-қыстау сәтте Дулат Исабеков «Ай–Петри ақиқаты», «Социализм зәулімі», «Ескі үйдегі жаңа қоныс», «Ескерткіш», «Конфронтация», «Қараспан процесі», «Есепшот, түйетауық және домино», «Талахан-186» секілді көркем әңгімелерімен «қайта құру» аталатын жаңарған уақытқа ілесе алған санаулы жазушының бірі болды. Уақыттың жаңаруы, бір жағынан, Дулат Исабековтің рухани ізденіс өрісін Достоевскийден ойыс­тырып орыстың екінші бір ұлы жазушысы Н.В.Гоголь ауылына ауыстырған сәтімен сәйкес келе кетті. Қазақ халқының соңғы он бес-жиырма жылдағы тән тозуы мен жан тозуы Гогольдің ұлы Ресейді көзінен қанды жасын ағыза отырып, тілім-тілім жүрекпен өлтіре сынайтын туындыны қажет етті. Күле отырып – жылау, жылап отырып – күлу ғана лайықты еді біздің бұл өміріміздің шындығын ашуға. Өйткені тумысынан дана, табиғатында бала, алаңсыз ақкөңіл, сондықтан да аңғал қазақ халқы кеңдіктен – кемдік, жомарттықтан – таршылық, аңғалдықтан – апат, нарлығынан – нәубет, қасиеттілігінен – қасірет тапты ғасырлап. «Адамның қалуы үшін адам болып» (Ш.Айтматов) дегендей, дана халықтың дарақыланып тозып кетпей, халық болып сақталып қалуы үшін көзіндегі шелді алуы, көңілдегі шерді ашуы, сөйтіп, қаумалаған қасіретті көрсетуі керек еді. Дулат Исабековті бүгінгі күн тақырыбына жетелеп әкелген де, міне, осы азаматтық, қаламгерлік міндет, ұлтын сүйген үлкен жүрек.
Халық – қасиет. Халық бойындағы мінді домбыраны сабалап тартқандай, айқайлап айтсаң, ол өкпелейді, суреткерлік арзандайды. Суреткерлікті айқай-публицистикаға айналдырып арзандатпай, халықты назаландырмай, сарымайдан қыл суырғандай ептілікті жазушы аталмыш әңгімелерінде қолайымен, сәтімен тапты. Халық қасіретін олардың өз әрекеті арқылы бейнелеп көзіне көрсетті, онда да күлдіре отырып көрсетіп, еңіретіп жылатып кетіп барады, Дулат. Заманауи тақырып ауанындағы әңгіме, пьеса, киносценарийлердің трагедиялық ыңғайда шығу сыры да осыдан. Достоевскийлік ауыр тағдыр азабы, гогольдік күлкі қуаты Дулаттай жазушы бойында құлай табысып, құп жарасып жеміс берген сәт, міне, осындай.
Дулат Исабеков – мейлі өткен күн тағылымын айтсын, мейлі бүгінгі күн шындығын жазсын, қайда да, қашан да – шынайы суреткер. Айтарын характерлер арқылы бейнелей айтады, жазарын көркем детальдарды ойната құбылтып жазады, шығармаларының көркемдігі жұтынып, композициясы дөңгеленіп шып-шымыр шығады. Қазақтың кешегісінен бүгініне ойыса жазатыны секілді шағын жанрдан аралық жанрға (повеске), повестен әңгімеге еркін ауысып кете барады. Мейлі тақырып алмастырсын, мейлі жанр жаңаласын, жазушы бойынан, еркінсіп келе жатқан жазушы табиғатынан өскелең суреткерлік тауып қуанатын едік. Оның ілгеріде аталған «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» повестері мен жаңарған уақытпен жарыса туған бертінгі (аталған) әңгімелерін қазақ әдебиетінің классикасына жатқызуға әбден болады. Бұл туындылар Дулаттыкі ғана емес, халықтыкі бүгінде. Бүгінге ғана емес, ертеңге де қызмет етеді бұл туындылар.
Қаламгер қарасөзі хақындағы әңгіме тек сәтті сабақталуға тиісті емес. Өз басым әдебиетші ретінде жазушының алғашқы әңгімелерін, «Бекет», «Мазасыз күндер» повесін, «Қарғын» романын қапысыз қабылдай бермеймін. Таратып айтсақ, шеберлікке шәк келер бірсыпыра әңгіме. Аталған шығармалар шынайы суреткерді дайындаған фактор, есейтіп, өсіріп салған бала шақтың, балаң шақтың ескерткіші деп білемін.
Дүкең өмірінің ақырғы он жылдығында, ұлғайған жасқа қарамай, тың ізденіс сорабына түсіп, Еуропаға бастайтын тың арна тапты. Пьесалары бойынша Еуропа сахналарында спектакль қойылды. Адам тағдыры философиясына соғатын шымыр стильді, жұп-жұмыр повестері Еуропа тілдеріне аударылып, дүркін-дүркін кітап болып басылып жатты. Түркістан деп ауқымды алғанда Азиялық құрлықтан шоң Шыңғыс Айтматов жүрген ізбен, кемеңгер Әбіш Кекілбаев керме үзіп жеткен Еуропа кеңістігіне Дулат Исабеков те жетті ақыры. Нобель сыйлығының төбесі қылтиды. Ой, ол бір ұстатпайтын сыйлық… Лордтар палатасы мінберінен дәріс оқыды… Туған жерінде тыңнан бой көтерген Драма театр оның «Бөртесімен» өмірін сабақтады… Жазушының бақытты сәттері. Оның шығармалары жұртын сүйген жүрек үні! Ол өз шығармаларымен жаһан жұртына өз ұлтын, өз жұртын сүйгізе білді.
…Міне, осындай шығармалары әлемдік өреге тартылған классик жазушы өмірден өткелі қырық күн… Жазушы өтті өмірден, жазушылық сұрақ жалғаса береді. Шығармалары кейінгі ұрпаққа ұлттық рухты қазынаға айналып қызмет ете береді. Ендігі ұрпақ Дулат Исабеков руханиятына әдебиеттің сәт сайын жаңарып отырар мәңгілік сұрақтары өресінен жауап іздей береді алда, алда… Өйткені Дулат Исабеков – бүгінгі күннің ғана жазушысы емес, ертеңгі күннің, әмсе алда келер уақыттың жазушысы!
Ұлы жазушы рухына тағзым!

Құлбек ЕРГӨБЕК

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 07.04.2025 | 17:59

Достовский … Нөбель осының не керегі бар, Құлеке, қарапайым бір қазақты суреттеп жазуға болмай ма. Атақ ауруына шалдыққандардың осындай естелігін оқысам вампирлер туралы қорқынышты кино көргендей төбе шашымыз тік тұратын болды. бәрі бір о дүниеге екі метр бөз матаны жамылып жалаңбұт кетесің ғой дүниеден. Тіфә, тіфә!

Қонақ 09.04.2025 | 11:13

Арамтамақ асыранды «әдебиетшілерді» азайтып, үнемделген қаражатқа қонкурс ұйымдастырсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір