Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы: ПРОЗАДАҒЫ РОМАНТИЗМ МЕН РЕАЛИЗМ БІЗГЕ ЕНДІ КЕРЕК
05.09.2024
169
0

Әдеби ортасы бар Алматы мен Астанадан алыста, елде тұрса да, Тәңір сыйы – талантын шыңдап, тынымсыз еңбек еткен, шығармашылықпен айналысқан қаламгерлер қазақта аса көп емес. Өзім танитын адамдардан, Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр селосында тұрған, Татарстан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, бірнеше романның авторы Ибраһим Салахов, Қазақ­станның халық ақыны, Қазақ­стан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеев, Ақмола облысындағы Абылай хан ауылының тұрғыны, агроном ақын Нұрмияш Көбеновті жақсы білдім, араластым. Көкшетауда облыстық телевизияда жұмыс істеген жылдары олармен жиі жолығып, сыр-сұхбат жасап, ол хабарлар бірнеше рет эфирден көрсетілді.
Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданында өмір бойы мектепте ұстаздық еткен жазушы Өмір Кәріпұлының «Бұрқақ» ат­ты романын 1991 жылы оқып, оқиғасы тартымды, тілі шұрайлы туындыны ұнатып едім. Өзімен 1996 жылдың қыркүйек айында пойызда кез­дестім. Көрші купеде белгілі ақын Ғалым Жайлыбай екеуі Алматыға бара жатыр екен. Өмір аға аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл, ашық-жарқын адам екен. Шай ішіп отырып, емін-еркін әңгімелестік. Одан ке­йін Қазақ­стан Жазушылар одағының кезекті құрылтайында бірнеше рет жолығып, аз-кем тілдесіп жүрдік.
2023 жылдың тамыз айында, Өмір ағаның кенже ұлы Дархан ұялы телефоныма хабарласып, әкесінің жаңадан жарық көрген кітабын әкеп бергісі келетінін айт­ты. Қалыңдығы кере қарыс, 552 бет­тен тұратын «Бастау» романын асықпай оқыдым. Сексен төрт жастағы қарт қаламгердің мынадай көлемді туынды жазғанына риза болдым. «Жапалақ жалпылдайды жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында, Дос болып қас болғаннан сақта, Құдай! Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», – деген қазақтың қара өлеңінен алынған эпиграф та елең еткізді.
Кітапты жеті күнде оқып шықтым. Ертеңінде «Бастау – кең тынысты роман» деген тақырып қойып мақала жаздым да, «Қазақ әдебиеті» апталығына жолдадым. Мақала көп ұзамай газетке басылды.
Арада біраз күн өткен соң уатцап арқылы хат келді. «Қартайғанда тапқан, бауырым Толымбек! «Бастау» туралы мақала жазыпсың. Өзім әлі оқи қойған жоқпын. Ақадырға пошта кешігіп келеді. Алла разы болсын! Рақмет, айналайын! Мүмкіндігің болса, ауылға келіп кет. Сәлеммен, ағаң Өмір», – деп жазыпты. Бұл қыркүйек айының соңы болатын. Алланың қалауымен жуырда Ақадырға жолым түсті.
Қарт қаламгер құшақ жая қарсы алды. Кемпірі үш жыл бұрын, пандемия кезінде қайтыс болыпты. Өзге перзент­тері үйлі-баранды. Астанада, Алматыда, Ақадырда тұрады. Ал қарашаңырақта әлі үйленбеген кенже ұлы Дархан екеуі ғана.
Біз сол күні түн ортасына де­йін әңгімелестік.
Ғұмыр бақи туған аулынан ұзамаған қарт қаламгердің сөз өнеріндегі басты тақырыбы – дала мен ауыл. Содан да қарт жазушыны ауыл тұрғындары «дала жыршысы» деп мақтанышпен айтады. Қарт қаламгер «Бастау» романы үшін Қазақ­стан Жазушылар одағының сәуір айында өткен жыл қорытындысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды.

МЕНІ ДЕМЕГЕН ДАЛАНЫҢ АҢ-ҚҰСЫ

– Аға, «Жұлдыз» журналындағы мақаланы оқыдыңыз ба? Ғалым Раушан Әбдіқұлованы бұрыннан білуші ме едіңіз?
– Университет­те студент­терге әдебиет­тен дәріс беретін профессор Раушан Әбдіқұлованы ғұмырымда көрген емеспін. «Қазақ әдебиетінде» басылған бір мақаласында: «Өмір Кәріпұлының анималистік тақырыпта жазған әңгімелері ұнайды», – дегені есімде қалған еді. Сол себептен де әдебиетші ғалымға «Бастау» романымды ұсынған едім. Жедел оқып шығып, пікір білдірді. Әдебиет сыншысы жарық көрген роман, повестердің қосалқы авторы есепті болғаны жөн. Кей жағдайда әдебиет сыншылары сауат­ты оқырман деңге­йіне жете алмай, жарық көрген дүниені үстінен бір-ақ сызып тастауға бейім тұрады. Татымы аз шығарманы көрінеу көтермелейтін әдет және бар. Соның салдарынан тәп-тәуір роман, повесттер не оқырманға жетпей, не сыншы назарына ілікпей «өлі шығармаға» айналып жатады.

– «Бастау» романын жазуға не себеп болды? Роман қанша уақыт­та жазылды?
– Романда баяндалған оқиға, менің ойымда көп жүрді. Сеніскен достардың бір-біріне қол көтеріп, ажал құштырғанын көзбен көрген едім. Сол бір аянышты жағдай роман жазуыма түрткі болды. Роман оқиғасы табиғат пен адам қатынасына құрылған. Балалық шағым Бетпақдаламен шектес Арқа өңірінде өткен. Киік қырғынын көріп өстім. Болған оқиғаны қағазға түсіргенде аса қинала қойған жоқпын. Аңдар тіршілігі маған аян. Қияндағы қойлы ауылда өскен қойшының баласымын. Аң етін жесем, аузыма ұшық шығып, ауырып қалатын едім. Түсіме көбіне арқар, киік, қасқыр енетін-ді. Романды жазып жүргенімде киік пен арқар түсіме еніп, менімен адамша сөйлескені бар. Аңдарға тіл бітіруіме көрген түсім себеп болды. Мені ит қапқан емес, не бір қабаған ит­ жолымды кеспейтін еді. Бала күнімнен әдет алып кеткенмін, қалтамда итке деген «сыбаға» жүреді. Ит – айрықша сезімтал хайуан. Кімнің дос, кімнің қас екенін бір көргеннен байқап қалады. Бала күнімнен итке үйірлігім көркем шығарма жазғанда маған жеңілдік келтірді. Романдағы дүрегей тазы бейнесінің сәт­ті шығуы – өмірден алынған шындық. Ит кекшіл келеді, бір жолғы зекініңді ұмытпайды. Өзіне көрсеткен жақсылығыңды он еселеп қайтарады. Нағыз опалы хайуан ит екенін ата-бабаларымыз аңыз-әңгімелер мен ертегілерде жеріне жеткізе айтып кеткен.
Романдағы екінші желі «опалы дос» қатынасына құрылған. Бұл тақырып халық ауыз әдебиетінде молынан бар. Сеніскен достар жарасымын халқымыз жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынған. «Дос болып қас болғаннан сақта, Құдай! Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген тұжырым басқа ұлт­тардың әдебиетінде кез­десе қоймайды. Басы жұмыр пендеге таяныш-тірек сеніскен дос болатыны өмірде дәлелденген. Ұшы-қиырына көз жетпейтін байтақ сахарада етек-жеңін кең тастаған дала қазағы сеніскен досты туғанынан артық көрген. Романда құмалақшы шал былай дейді: «Есіңде болсын, балам, қатар жүрген досты сақтау, Отанды сақтаудан бір де кем емес. Бұл – ата-бабамыздан ауысқан қасиет. Қолымызда өскен баласың, жүрегіңнің сау-тамтығы қалмапты, не болған саған?! Қылмыстың ең ауыры – қатар жүрген досқа жасаған опасыздық!» – деп және төндіреді диуана шал.
Роман оқиғасы мені көп толғандырды. Жазбасқа еркіме қоймады, сексен жасымда бастадым. Бір жарым жылда жазып шықтым. Шығарма қиналмайтындай, оп-оңай жазыла салмайды. Мені демеген даланың аң-құсы, табиғат­тың сұлу көрінісі еді. Кейіпкердің жан сұлулығы және еліктіреді. Әдет­те, кейіпкер жанының нәзіктігі жазу мәнерімнің қозғаушы күші есепті маған күш бітіреді. Содан соң табиғат суреті, аң-құс тіршілігі өзіне тартады. Бұларсыз менде шабыт болмайды, аңдар тіршілігін сурет­тегенде қаламым басы қат­ты жүйріктей ауыздығымен алысып, «жаз да жаз» деп еліктіре түседі. Арқар мен ақбөкен, дала жортуылшысы көк шулан, тау еркесі құлжа – бәрі-бәрі бізді сипат­та деп алды-артымды орағыштағанда, басқа кейіпкерлерім ысырылып қала береді де, аңдар әлеміне бойлап кете барамын. Романды ықшамдауға болар еді, онда негізгі кейіпкер аң мен құстан көз жазып қаламыз.

– Әдеби ортаға үйірлігіңіз қай жылдардан басталды?
– Сонау жетпісінші жылдардан бастап, Жазушылар одағын жағалай бастадым. Қалам алды туындым «Ақжамал» хикаятын ұстай бардым. Жас жазушылар секциясын басқаратын Қалихан Ысқақов повесті оқып шығып: «Дайын жазушы екенсің», – деп ықылас білдірді. Содан былайғы жерде жазушы қауыммен араластығым басталды. Жас қаламгерлердің Жазушылар одағында өткен (1973) басқосуына қатысып, бағымды сынадым. «Сарыбел сазы» ат­ты хикаятым талқылауға түсті. Секция жетекшісі Тәкен Әлімқұлов пен Қалихан Ысқақов повесті ұнатып, баспаға тапсыру керек деп пікір білдірді. Қаламалды кітабым «Сарыбел сазы» деген атпен «Жалын» баспасынан 1977 жылы жарық көрді. Әдеби ортадан жырақта, ауылда түртінетін қаламгерлерді қанатының астына алып, қамқорлық көрсететін аға жазушылар – Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Тәкен Әлімқұлов, Әкім Тарази, Софы Сматаев, Рамазан Тоқтаров, Қажығали Мұхамбетқалиев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеевпен пікірлес болғанымды өзіме мәртебе көремін. СССР Жазушылар одағының мүшелігіне өтерде (1986), кепілдемені Тәкен Әлімқұлов, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақовтан алдым.

– Елде, ауылда қай жазушылармен араласып тұрасыз? Үлгі тұтқан ұстазыңыз бар ма?
– Кеңестік кезеңде талант­тардың ел аралап, жер көруіне мән берілетін еді. Ауылдан ұзамаған қаламгердің бір бәсі кем түсіп жататыны белгілі. Менің әдеби ұстазым Асан Жұмаділдин болатын. Ғұмыр бақи ауылда тұрды, өзінің Жаңарқасынан ұзамады. Прозаның хас шебері еді. Сол кісі мені әдебиетке баулыды. Одан соңғы ақылгерім – Ақселеу Сейдімбек. Біз – бір атаның баласымыз.

– Орыс және шетел әдебиетінен қай жазушының шығармасын ұнат­тыңыз? Олардан не үйрендіңіз?
– Орыс әдебиетін Лев Толстойсыз, А.П.Чехов пен Н.В.Гогольсыз тану мүмкін емес. Лев Толстой мәнерінен көп үйрендім. Әлем әдебиеті маған алдырмады, әйтсе де Джек Лондонды пір тұт­тым. Моппасан мен Андре Моруа туындыларына қызықтым.

БҮГІНГІ АУЫЛ ҚАЗАҒЫНЫҢ ТІЛІ ЖҰТАҢДАНЫП БАРАДЫ

– Қазақ әдебиетінің бүгінгі деңгейі қалай? Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?
– Қазақ әдебиеті – толысқан әдебиет. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынсыз» ұлт әдебиетін тану мүмкін емес. Маған Ғабиденнің суреткерлігі ұнайды. «Дауылдан ке­йін» романы – нағыз классика. Сәбит Мұқанов – телегей теңіз. Ғабит Мүсірепов прозадағы сыршылдықты дамыт­ты. Бейімбет Майлин табиғи дарынымен қазақ әдебиетін ілгерілет­ті. Әбдіжәмілдің «Қан мен тері» – озғын шығарма. Тахауи Ахтанов – ірі суреткер. Әкім Тарази прозасы маған ертеден ұнайды. Қалихан Ысқақов өзінің қайталанбас жазу мәнерімен қазақ прозасын биікке көтерді. Софы Сматаевтың «Елім-ай» романы бар қазақты оятқан рухты туынды еді. Кезінде бағаланбады. Әдебиет­тің марқасқалары – Тәкен Әлімқұлов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар
Мағауин, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев, Төлен Әбдік, Қуандық Түменбай қазақ әдебиетінің классиктері екенінде кімнің дауы бар. Ке­йінгі кез­дегі қазақ әдебиетінің барысына баға бере алмаймын. Асқар Алтай прозасында жаңашылдық бар. Өзге дарындардың аяқ алысынан хабарым аз. Кітап түкпірдегі ауылдарға жетпейді. Бүгінгі жас буын Батыс әдебиетіне, әлемдік прозаға қол арта бастады. Постмодернизм бағыты күш алды. Көркем прозадан қол үзген бүгінгі оқырман әдебиет­тегі жаңашылдықты қабылдай қоймайды. Саналы қауым келешекте реалистік прозамен қайта табысатын болады. Прозадағы романтизм мен реализм бізге енді керек. Бұл ағымдар – адам рухына дем беріп, биікке бастайтын рухани қуат көзі. Өлеңді таңдап оқитын әдетім бар. Қыз-келіншектер поэзиясына құсым түскіш, нәзіктігіне қызығамын. Талант­ты ақын Жәнібек Әлиманның поэзиясы – ішті. Өзіңнің «Алабұға аулаған күн» деген балаларға арналған кітабыңды бас алмай оқып шықтым. Жас кейіпкерлердің жан дүниесін шеберлікпен ашып көрсеткеніңе, терең меңгергеніңе тәнтімін.

– Ақадырда неше мектеп бар? Бүгінгі балалар, жастар кітап оқи ма?
– Ақадырда үш мектеп бар. Шақырып тұрады. Тілім жеткенше әдебиет­тің тәрбие құралы екенін, кітапсыз білім жоқтығын айтып бағамын. Ауылдық жерде әдебиет­тің бағасы түсіп кет­ті. Осы күні қай үйге барсаң да, озық үлгідегі жиһаздан көзің сүрінеді. Сондай сәулет­ті мекен жайдан ырымға бір кітап таппайсың. Бұл жағдай – рухани жұтаңдықтың көрінісі. Әдеби кітаптардың, оның ішінде, прозалық шығармалардың оқылмауы – ана тілінің құлдырауына себепкер. Бүгінгі ауыл қазағының тілі жұтаңданып барады… Сөз білетін шежіре қарт­тар ырымға жоқ… Рухани жұтаңдық кітап оқымаудың салдарынан болып жатқан жағдай.

– Адамның қандай қасиетін бағалайсыз? Қазақ атамыз ұрпағын «ұят болады, жаман болады, обал болады» деп тәрбиелеген.
– Адам адамша өмір сүру керек қой. Үлкендер жастарға кейігенде: «Хайуаннан боғы бөтен», – деп налитыны бар. Әкем діндар болатын. Маған айтатын насихатының сарыны: «Өтірік айтпа, ұрлық қылма, кісіге қиянат жасама» деп келетін еді. Кеңес­тік мектеп тәрбиесі де осыған жуық болатын. Үлкенді сыйлау, мұғалімге қарсы келмеу – шәкірт­тік міндетіміз-тін. Менің ұғымымда адамның асыл қасиеті – адалдық. Адал адам арлы келеді, намысқой келеді, шыншылдық оның бойтұмары есепті.

– Сіздің негізгі мамандығыңыз мұғалімдік екен. Сіз сабақ берген алпысыншы, жетпісінші жылдардағы оқушылардың тәртібі қалай еді? Бүгіндегі мектеп өмірінен хабарыңыз бар ма?
– Ата-анадан соң балаға ең жақыны – мұғалім. Ұстаз болып қалыптасу оңай емес. Алдыңнан сабақ алған шәкіртің сенің басқан-тұрғаныңа еліктейтін жағдайға жетуге тисті. Мұғалім баланы мінезбен тәрбиелесін. Балаға ұрысып зекіру – мұғалімнің осалдығы. Бүгінгі оқушы сенің ішіңдегіні біліп отырады. Өзін оқушыға қарсы қойып алған мұғалім тәрбие беріп жарытпайды. «Заман қатыгезденіп барады» дегенді жиі айтамыз. Қоғамды қатайтатын өзіміз. Қандай жағдайда да ата-ана мен мұғалімнің ынтымағы бір болып, саналы ұрпақты жетілдіруге жұмылсын. Оқушылар төбелесі деген – нағыз бассыздық. Оны айтасың, қыз бен қыздың жұлқысқанын да шыққыр көзіміз көріп жүр. Өткенде «Жас Алаш» газетінде, бұл келеңсіздікті ата жазушы Кәдірбек Сегізбаев дұрыс көтерді. Бар кінәні мектепке аудару – бір жақты түсінік.

– Сіз мейірімділікке қалай қарайсыз? Шыбын өлтіріп көрдіңіз бе?
– Шыбын өлтірмейтінім рас. Мал бауыздап көрген емеспін. Бала күнімнен аянпаз боп өстім. Әсіресе аң-құсқа аяушылығым басым болатын. Аң етіне құмар болмадым. Жазушылық машықта жануарлар әлемін емін-еркін төгілдіріп жазатыным, аңдарға деген «достығымның» нәтижесі деп білемін. Адамдарды қатыгездіктен, кекшілдіктен мейірім ғана құтқарады… Жүрегі жұмсақ адам мейірімге шөлдегіш келеді. Кейіпкер образын сомдағанда бірінші кезекте, мінез жұмсақтығына қат­ты мән беретінім бар.

– Қарт қаламгер ретінде, сізді еліміздің ертеңі толғандыратын шығар?
– Қалам ұстаған адамның басқалардан бір уайымы артық болады. Қиян шет­те, қойлы ауылда оң-солымды танығандықтан ата-бабаларымыз бастан кешкен феодалдық қоғамның жұқанасын көріп өстім. Жайлауға түйемен көшетін едік. Өгіз арбамен де көштік. Қозы бағып, қой қырыққан, қи ойған күндерімді сағынамын. Есім кіре бастағандағы жайлау думаны, алтыбақан қызығы есімнен еш кетпейді. Апта сайын көкпар тартылатын. Екі облыс жапсарындағы – Жамбыл облысының шопандары мен Қарағанды облысының қойшылары Арқа даласын жаз бойы думанға бөлейтін еді. Мал бағылып, шөп шабылып жатады, жайлау думаны да қосарлана жалғасын табады. Ол кездің адамдары шетінен ақ пейіл, мейірман еді. Мені қаламға жайлау думаны, табиғат көркі бейімдеді. Қыз біткен шетінен сұлу келетін, шаштары тірсегіне түседі. Апа, жеңгелеріміздің аузынан гүл төгіліп тұрады. Бұл бір жаймашуақ, елібайшылық кезең жетпісінші жылдарға де­йін жалғасты. Содан былайғы жерде адамдардың еңбекке деген ынтасы бірте-бірте төмендей берді. Азғырынды арақ басқа шығып, үлкен-кішіні есіртіп жіберді. Тіл мәнсізденіп, «салафизм» дей ме, одан өзге де миссионерлер ағылып, асыл дінімізге кедергі келтіреміз деп әрекет етуде. Қасиет­ті Құран Кәрімде: «Алла қасындағы хақ дін – ислам» деген аят бар. Орыс тілін білмесең, күн көре алмайтын дәрежеге жет­тік.

ЖҮЗГЕ БӨЛІНУ ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСАУҒА ЖАТПАЙДЫ

– Бүгінгі ахуалға қалай қарайсыз? Беталысымыз дұрыс па?
– Былайша бәрі жөн сияқты. Нансыз емеспіз. Еркіндік заман деуге болады. Нарыққа дер кезінде ендік. Сауданы еркін меңгеретін жағдайға жет­тік. Дінге жол ашылды, дәстүр-салт жанданып келеді. Ана тілі біршама алға басты. Бізге жетпей тұрғаны – ұлт­тық намыс. Бас араздық бола береді, жекебастың мүддесіне бола ұлт­тық намысымызды мансұқтау, менің ұғымымда барып тұрған немкет­тілік. Ұлт бірлігі намыстан бастау алады. Намысты азамат тәрбиелі отбасынан, беделді білім ұясынан, байсалды ортадан шығады. Біз болсақ, әлі де сол күні өткен ескі әдет-ғұрыптарды ұрпақ санасына тықпалаймыз. Жүзге бөлініп, рулық қатынасты жандандыру, ендігі жерде ұлтқа қызмет жасауға жатпайды. «Бар қазақ – бір қазақ!» деген ұстанымды жас ұрпақтың санасына сіңіру – басты мақсатымыз.
Адамзат­ты тура жолға бастап, рухани кемелдікке жеткізген тәрбие құралы – кітапқа жаппай бетбұрыс жасау, алғы күндердің міндеті болуға тиісті. Электронды құралдар сананы жалаңаштап барады. Жапон халқы соны ертеден сезіп, кітаппен достықтан қол үзбей келеді. Кітап шығарудан біздің қоғам кенде емес. Алайда сол рухани байлық халыққа жетпей, орта жолда қалып жатады. Бізде кітап саудасы дұрыс жолға қойылмаған. Кітап өткізуді авторлардың өзіне міндет­теп қою, немкет­тілікке жатады деп білемін.
Шағын бизнесті кітап сатуға икемдеудің не қиындығы бар?! Кітап – идео­логиялық құрал, оны насихат­тауға жүрдім-бардым қарауға бола ма? Осы күні кітапханаға бас сұқпайтындар пайда болды. Адам санасын материал­дық игіліктер еңсеріп барады. Біреу көлік алса, қымбат бағалы киім кисе, соны жабыла құт­тықтап, мәре-сәре боп жатамыз. Мен – ауылдан ұзамаған қаламгермін. Қартайғанда жазған романыма қарағандылық жерлестерім селт етсе, не дейсің!? Жан тартқан әдебиетші інілерім де теріс қарайды. Бірде-біреуінің құт­тықтап қолымды алғанын көрсем, көзім шықсын. Бұдан нені байқауға болады? Кітапта, рухани игіліктерде құн қалмай бара жатқаны – ойландыратын жағдай. Жоғарыда сүйеушің болса ғана жалпақтайтын жаман әдетіміз бар.

– «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына, оқырмандарына айтар тілегіңіз?
– Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – «Қазақ әдебиетіне» қатынасым ертеден бар. Әңгімелерім мен мақалаларым басылған құт­ты газет. Кең тынысты басылымның әр нөмірін қалың оқырман іздеп жүріп оқиды. Апталықтың көтеретін мәселесі жан-жақты. Әлеумет­тік жағдайға жан-жақты баға береді. Газет әдебиет пен мәдениет­тің әділ таразысы іспет­ті. Тарих қойнауына да барлау жасайды. Дәстүр-салтымызды насихат­тайды. Қарт қаламгер ретінде, газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!

– Әсерлі, мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір