Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, жазушы: ОСЫ БЕТІМЕН КЕТЕ БЕРСЕ, ЕЛІМІЗДЕ ЖАЗУШЫ ҚАЛМАЙДЫ
18.04.2023
749
0

Әдеби жыл қорытынды­сында «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы ерекше аталып өткен жазушы Әділбек Ыбырайымұлы «Қазақ әдебиетінің» тілшісіне берген сұхбатында қаламгер қауымының қазіргі хал-ахуалына тоқталып, шығармашылық ұйымдарды қалай қаржыландыруға болатындығы жайында ойларын айт­ты.
«Бізде Мәдениет және спорт министрлігінде тұрған екі сала бар. Құзырлы органның атында бірінші «мәдениет», содан кейін «спорт» деген сөз. Соған қарамай, мәдениет, соның ішінде әдебиет бүгінде қат­ты күйзелуде. Өкінішке қарай, ұлт­тық құнды­лықтарға қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқан, екі түрлі стандарт бекіген.
Спорт пен әдебиет­ті алып қарасақ, екеуіне жасалған қамқорлықтың айырмашылығы жер мен көктей», – дейді ол.

Бүгінгі билік «жазушыларды Құдайдай көреді»

– Жазушылар құрылтайы мәдени өміріміздегі қаламгерліктің белгілі бір кезеңдерін байқатса керек. Осы рет­те білгіміз келгені, қандай жақсы үрдістер жадыңызда?
– Менің жадымда қалып қойған дүние – сүйекті қаламгерлер толқынының дәстүрлі сабақтастығы. Баяғыда жазу­шылыққа лек-легімен келетін үрдіс бар еді. Арыға бармай, бүгінде көзі тірі – абыздың жасына жеткен Әкім Тарази ағамыздың тұстастарына тоқталайық. Сайын Мұратбеков, Ақан Нұрманов, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Герольд Бельгер, Қабдеш Жұмаділов сияқты саңлақтар. Қалам қуаты мен жазушылықтағы орнына сай бұлардың қатары әдеби ортада «Бес тапал» деген атпен мәлім.
Ал қазіргі 80-нің ар-жақ бер жағындағыларға көз жүгіртсек – Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Қойшықара Салғара, Төлен Әбдікұлы, Ақселеу Сейдімбеков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Кәдірбек Сегізбаев, Әнес Сарай, Софы Сматаев, Бейбіт Қойшыбаев, Кәрібай Ахметбеков, Ахат Жақсыбаев, Қуанышбай Құрманғалиұлы сияқты шоғырды байқайсыз. Бұлардың қатары алдыңғы толқынға қарағанда көбірек. Оның себебі, осы толқын қалам ұстап, қалыптаса бастағанында әдебиетке қатысты мемлекет­тік саясат әбден орныққан еді. Соның нәтижесінде қоғамда жазушының мәртебесі биік болатын. Бұл – кез келген жігерлі жасты болашаққа үлкен сеніммен жетелейтін фактор.
Осы қаламгерлердің ішінен әдеби орта «Жеті жетім» атаған бір топ жазушылар шоғыры болды – бәрі талант­ты. Шынында да олар аялы алақанға зәру әкесіз жетім жастар еді. Оларға үкімет те, Жазушылар одағы да қамқорлықпен қарады.
Ал 70-тің айналасында кімдер бар? Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқар, Нұрдәулет Ақыш, Тұрысбек Сәукетаев, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Асылбеков, Қуаныш Жиенбаев, Арасанбай Естен, Қайрат Бақбергенов, Қуандық Түменбай, Рақымжан Отарбаев сияқты марқасқалар. Еліміз Тәуелсіздік алғанда бұ қаламгерлер 40-тағы жігіт­тер еді. Әлгіндей әдеби орта берген атаулары жоқ.
Енді 60-тағыларға тоқталсақ: Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Ермек Аманшаев, Нұрғали Ораз, Талғат Кеңесбаев, Талаптан Ахметжанов, Заря Жұманова, Роза Мұханова, Жаңабек Шағатев, Толымбек Әлімбекұлы тәрізді талант­тар. Байқасаңыздар, қатарлары сиреп бара жатыр. Одан кейінгі толқынды айтуға қиналасың. Өйткені қожырау жалғасуда. Осы бетімен кете берсе, болашақта Қазақ­стан жазушысы жоқ елге айналады.
Жазушының болуы – мемлекет­тіліктің, елдіктің, ұлт­тық сананың, ұлт­тық құндылықтардың басты белгісі. Әйтпесе, тұтас бір елді, кешегі Солтүстік Қазақ­станның сепаратистері сияқты «корпорация» деп атауы мүмкін.
Белгілі қаламгер Уәлихан Қалижанұлының «Домбырасы жоқ ауыл» деген керемет әңгімесі бар. Сол сияқты, жазушысыз, рухы жалаңаш ел болуымыз ықтимал.

– Жазушылардың бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай?
– Еврейдің екі шалы әңгімелесіп отырып, бірі: «Осы сені балаларың қалай көреді?» – деп сұрайды. Анау оған: «Құдайдай көреді», – деп жауап беріпті… «Тамаша ғой, – дейді алғашқысы желпілдей, – иә, басымызға іс түспесе, Құдайды ұмытып кетеміз ғой…».
Сол айтқандай бүгінгі билік «жазу­шы­ларды Құдайдай көреді» … Бір үлкен шара болғанда ғана, есіне түсіп, бір-екі жазушыны қатыстырады, біреуіне сөз береді. Егер қаламгерлерге лайықты көңіл бөлінбей, осы бетімен кете беретін болса, «Америкада алты-ақ жазушы бар» дегенге келеміз.
Керісінше, жазушыларды бір мәртелік шараға ғана тартпай, ұлт­тық саясат­тың нәтижелі жүруіне жұмылдыру қажет. Бұл – үлкен күш, рухани армия. Ол үшін таза әдебиетке қатысты Тұжырымдама әзірленсе, онда негізгі қоғамға қажет­ті тақырыптардың бағыты белгіленсе, қаламгерлерді соған сай шығармалар жазуға бейімдесе – сонда әдебиет­тің жемісті жылдары басталады. Мұның басты әкімшісі – Жазушылар одағы болуы керек.

– «Америкада алты-ақ жазушы бар» дегенді айтып қалдыңыз, соның жайын ұғындыра кетсеңіз.
– Тәуелсіздігіміз жарияланған алғашқы жылдарда мемлекет­тің мойнына артық жүк болып отырған мекемелерді шектеу, қаржыландыруды тоқтату сияқты шаралар жүрді. Сонда бір пысықай президентке «Америкада алты-ақ жазушы бар екен, бізде жеті жүз жазушы бар. Өте көп, бұларды саудыратып қайтеміз. Қоғамдық ұйым ретінде өз күндерін өздері көрсін» депті. Осы мәлімет құлағында қалып қойған Н.Назарбаев жұрт­тың алдында «Америкада алты-ақ жазушы бар, бізде жазушыдан көп ешкім жоқ. Жазушылар кітабын сатып, күнін көрсін» деген «жаңалықты» жария ет­ті. Өнерге мұндай пайыммен қарасақ, опера әншісі опера театрын, әртістер драма театрын өз қаражат­тарына салып алуға тиіс.
Ал шынтуайтында өркениет­ті елдерде жазушылардың бір ғана шығармашылық ұйымы емес, бірнеше ұйымдары болады. ПЕН-клубтың өзі – сондай бір ұйым. Және бәрі мемлекет­тің, мецанат­тардың қаржысымен күн көреді, бір-екі кітабымен талантын танытқан көптеген қаламгерлерге өмірлік стипендия тағайындалады. Мысалы, былтырғы жылы RISE халықаралық стипендиялық бағдарламасы өмір бойы стипендиясын тағайындады. Бұл әлеумет­тік маңызды жобаға арналған. 500 финалист іріктеліп, солардың ішінен 100 адам өмір бойы ақшалай қолдауға ие болды.
Міне, осындай механизммен стипендия жазушыларға да, ғалымдарға да беріледі. Сосын, жазушылар кітап жазумен ғана айналысады. Баспалардың жанындағы әдебиет агент­тіктері шығармаларға тапсырыс беріп, келісімшарт жасайды. Жазылып жатқан туындының жарнамасымен шұғылданады. Кітап жарық көргенде қаламақысын төлейді. Кез келген қоғамда жазушы – жұрт­ты кісілікке жұмылдыратын үлкен күш. Жалпы қаламгерлер жап­пай шығармашылықпен айналысса, күнкөрісі үшін алаңдамаса, бәрі оңынан шешілер еді.

– Қоғамда кітап оқитындар жоқ деген пікір қалыптасқан. Жазушылар бір-бірін оқи ма?
– Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің беделі сұмдық болды, іссапарға барған қатардағы тілшінің өзі облыстың бірінші хатшысына жолығады екен. Шер-аға тілшілерін ел ішіне жіберерде шақырып алып, біраз жайды құлаққағыс ететін болса керек. Бірде жас жігіт Әмірхан Меңдекені Жамбыл облысына жіберіп тұрып, «Сен ана облыс басшысына кіргенде әдебиетшімін деп көп сөйлей берме, Бақбергенов әдебиет­ті жақсы біледі…» депті.
Қазір ондай облыс басшылары жоқ. Жалпы қоғамда мешеулік байқалады. Бұл күнкөрістің қиындығынан шығар деп ойлаймын.
Жазушылардың үлкен проблемасы – бір-бірін сирек оқиды. Бәрі шетелдік әдебиет­ті қуып кеткен. Оқыса да пікірге сараң. Әріптестерін көбіне елдің айтқан ауызекі әңгімесімен біледі. Үнемі қолы қаламнан қалт етпесе, бір жағынан, оны түсінуге де болады. Оқуға уақыты жоқ – жазу үстінде. Кезінде кілең сайдың тасындай қаламгерлердің шығуы, олар бір-бірін оқыды, бір-біріне қарап бой түзеді. Осы жақсы қасиет­тен айрылып бара жатырмыз.
Алайда жалпы жұрт­тың кітап оқуға бет бұрғаны байқалады. Оны «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияны қайдан алсақ болады?» деп сұрайтынынан, қымбатсынбай сатып алып жатқанынан аңғарамын. Кітапханаларда сұрайтындар баршылық екен. Осы қылтиып өсіп келе жатқан нәзік гүлдей жақсылықтың нышанын суыққа ұрғызып алмасақ жақсы болар еді…

– Қаламгерлік жүрген тұста сын­шылық қатар ілесуі керек сияқты.
– Менің пайымымша сыншылық – жазушылықтан қиын. Сыншы – әдебиет­ті шексіз сүйетін адам болуға тиіс. Кітапты оқып, жілігін шағып, талдауға тиіс. Майданда «ешкім солдат болып тумайды, солдат­ты соғыс тудырады» деген сөз бар. Ал сыншылық, ерекше қабілет, адам сыншы болып тууы керек. Өкінішке қарай, ондай талант­тар өте сирек, бірақ бар. Барларына қамқорлық қажет.
Өркениет­ті елдерде таланты таныл­ған тұлғаларға мәңгі-бақилық стипендия тағайындалатынына тоқталдым. Қазақ­станда сыншыларға сондай мемлекет­тік стипендия тағайындалуы тиіс. Сол кезде бұл сала өркендейді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Бақыт Сарбалаевтан асқан сыншы жоқ еді. Жазушылардың бірінен кейін бірін шығармасын талқылап, баға беріп жататын. Бүгін ондай үрдіс байқалмайды.
Соған қарамай, сыншылар қосынын әзірлеу керек. Бірінші кезекте, «М.О. Әуезов атындағы әдебиет институты» республикалық мекемесіндегі әдебиет­шілерді жұмылдырып, қазіргі заманғы әдебиет­ті жүйелі түрде талдау қажет. Сараптамалар нәтижесі міндет­ті түрде салалық басылымдарда жариялану керек. Екінші, Жазушылар одағындағы әр жанрдың кеңесі жылына екі мәрте ресми әдеби шолу қорытындысын жариялап отырса; Үшінші, сын жанрына ықыласы бар қаламгерлерді «Қазақ әдебиеті» жанына топтастырып, солардың әлеуетін кәдеге жаратса, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай жүйелі қадамдарға барғанда, сыншылар қосыны қалыптасып қалады.

Жас әдебиетшілерді «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқыту керек

– Әдебиет саласын қаржыланды­ру­дың жолы бар ма?
– Бізде Мәдениет және спорт министрлігінде тұрған екі сала бар. Құзырлы органның атында бірінші «мәдениет», содан кейін «спорт» деген сөз. Соған қарамай, мәдениет, соның ішінде әдебиет бүгінде қат­ты күйзелуде. Өкінішке қарай, ұлт­тық құндылықтарға қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқан, екі түрлі стандарт бекіген.
Спорт пен әдебиет­ті алып қарасақ, екеуіне жасалған қамқорлықтың айырмашылығы жер мен көктей. «Спорт­ты дамыту дирекциясы» мемлекет­тік мекемесі құрылып, тікелей қаржы бөлініп, күллі олимпиада ойын түрлеріне енген спорт қаржыландыруда. Олар спорт­тың, шамамен, 50-ден астам түрі. Яғни, Ұлт­тық құрамаға кіретін елуден астам команда бар. Ол мыңның үстіндегі штат­тық кестені құрайды.
Спорт туралы заң, Мәдениет туралы заң қолданыста. Спорт туралы заңда «Қазақ­стан Республикасының Ұлт­тық олимпиада комитеті Қазақ­стан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекет­тік тапсырмалар алуға құқылы» деген (13-баптың 8-тармағы) норма енгізілген. Осыған сай Ұлт­тық олимпиада комитеті мәртебесі «республикалық қоғамдық бірлестік» болса да, тікелей министрліктен қаржыландырылып келді. «Мемлекет­тік тапсырмалар» – бір көзден қаржыландыру амалы да, «мемлекет­тік сатып алу» – жалпы конкурс арқылы жүргізілетін шаралар.
Соңғы Жапония Олимпиадасындағы төмен нәтижеден кейін бұған тоқтау қойылып, «Спорт­ты дамыту дирекциясы» мемлекет­тік мекемесі ашылды, қаржы енді соған түседі. Бұған «Қазақ­стан Республикасында спорт­ты дамыту мақсатында мемлекет­тік қаржыландыру үшін бірінші кезектегілер ретінде айқындалған спорт түрлері» деген тармақ (44-1) басты негіз.
Спортшылардың жыл бойғы ел ішіндегі, шетелдердегі оқу-жат­тығу жиыны, экипировкасы (киімі, жүк чемоданы), спорт­тық құралдары толық қаралған. Екі апталық шетелдегі жиын 25-30 миллион теңге көлемінде болуы ықтимал. Ал мұндай жиын жылына 3-4 мәрте өтеді, елдегі оқу-жат­тығу үздіксіз жүреді. Бұған қосымша спорт­тық дәрігерлерге, массажистерге, диетологтарға, команда басшысына, жат­тықтырушыларға жалақы, жүріп-тұруы төленеді. Кетіп жатқан қаржы қыруар, мұны көпшілік жұрт біле бермейді.
Оның сыртында спортшыларды федерация қаржыландырады, оған қосымша спорт десе ішкен асын жерге қоятын демеушілер бар. Әрі федерацияларды мемлекет қайраткерлері басқарады. Кезінде Премьер-Министр А. Мамин шайбалы хоккей федерациясының президенті еді. Н.Ә.Әбіқаев – волейбол, Б.М.Имашев – бессайыстың, ат спортының, Т.А.Құлыбаев – бокс, Ә.Р. Жақсыбеков – футбол, Д.А.Қалетаев – велоспорт федерациясының президенті. Осы күні де министрлер федерация тізгінін ұстап отыруы мүмкін.
Ал әдебиетке мүлде басқа көзқарас – ештеңе татырмайды. Мемлекет қайраткерінің бірде-бірі әдебиет ісіне жанашырлық танытпайды. Осы таптау­рынды көзқарас пен айырмашылықты жою керек. Мәдениет заңына «Қазақ­стан Жазушылар одағы Қазақ­стан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекет­тік тапсырмалар алуға құқылы» деген талап енгізген жөн, сонда Жазушылар одағын тікелей қаржыландыруға жол ашылады. Жүйе қалыптасады, жазушылардың сапасы артады. Тіпті «әдебиет­тегі ең бірінші кезекте мемлекет тарапынан қаржыландырылуы тиіс жанр түрлері» нақтыланса да артық емес. Қазір алдаусыратып, «балалар әдебиетін дамытуға» деген сияқты тендер өткізеді. Оны бір ТОО алады, сонымен біт­ті.
Немесе, мемлекет­тің қаржы бөлуіне заң көтеретін, мүмкіндік беретін «Әдебиет­ті дамыту дирекциясы» мемлекет­тік мекемесін құру ләзім. Сонда айналдырған 800 жазушының бәрін, спортқа қолданып отырған модельмен штатқа алып, жалақы беруге, бір мәртелік шығармашылық демалыстарын төлеуге болады.
Міне, осындай дайын механизмі бар, тек құлық, ниет, саяси шешім керек. Ол үшін Жазушылар одағының алдағы съезінде бұл мәселені Күн тәртібіне енгізіп, талқылап, хат­тамасын Мәдениет және спорт министрлігіне, Президент Әкімшілігіне жолдау орынды.
Оның сыртында әдебиетке демеу­шілік жасайтын кәсіпорындарды, меценат­тарды салықтан босату жағын Үкімет­тің қарастырғаны керек-ақ.

– Болашақта жазушылықты қалай көресіз?
– Жазушылық мамандық емес, егер осы бетімен кете берсе, болашақта елімізде жазушы қалмайды. Өйткені көркем тіл әбден жұтады, тілді құртуға теле-радио журналистері көп үлес қосып жүр. Тіл де ағза сияқты, дамып отырады, кері кетуі мүмкін. Алайда қазақтың көркем тілі деградацияға түсуде. Бұл – бір фактор.
Әйткенмен, мұнымыз – «жазушы мүлде болмайды» деген сөз емес. Олар да бүгінгі композиторлар сияқты ұлт­тық нақышты жоғалтып, модерн-жаңғырту деп әлемдік жаңалықты қуалап, не балық емес, не ет емес, дәлдүрішке айналады.
Сол сияқты, поэзия дамып кет­ті дегенге де келіспеймін. Жекелеген бірлі-жарым ақындар бар шығар, халықтың көңілін жаулаған, ал жалпы поэзия, белсіздікке ұшырады.
Қазақ поэзиясы 11 буынды қара өлеңнен өзге бірнеше нұсқаларда жазылып жүр. Ол әлдеқашан жасампаздық реңкке ұласып үлгерген. Бір жағы бәйіт­тік, бір жағы жыраулық қалып (форма) та ежелден бар амал. Кезінде Темірхан, Иранбек ағаларымыз да жаңаша жырлап көрген.
Марқұм Аманхан Әлім ағамыз: «Қазақ – өлеңші халық» деген ұғыммен өлең жазып жүргендер көп. Бірақ олар – қазақ өлеңін жерге қаратушылар. Мысалы, ақ өлең, ұйқассыз өлең, ырғаққа құрылған өлең дегеннің бәрі – жалған сөздер», – дейді. Көкейге қонатын ой.
Бізде талант бар, ізденуге мүмкіндік жоқ. Ішкі қуат көзімен шығарма жазуға болады, бірақ оған нәр бермесең тез солады. Сондықтан қаламгерліктің қадірін қашырмас үшін, біріншіден, жас әдебиетшілерді «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқыту керек. Жазушылар одағының жанынан «Жазушылар академиясын» ашқан жөн, онда жылына кемінде екі мәрте жастарға әдебиетші-ғалымдар, қаламгерлер дәріс оқыса. Екіншіден, өкілет­ті министрлікке ұсыныс енгізіп, баспалардың жанынан «Әдебиет агент­тіктерін» ашуды қолға алған жөн. Сонда, кенже қалып отырған кейбір жанрларға да жан бітер еді. Өркениет­ті елдерде табысты көбірек әкелетін сала – детектив, фэнтези, триллерлер. Интеллектуальды детективтер – ел қызығып оқитын дүние. Сөйтіп, жазушылықтың сапасы артып, кітап саудасы жолға қойылады.
Осының бәрі өз нәтижесін бергенде зиыны терең, кәсіпқойлығы биік жаңа ұлт қаламгерлері қалыптасады.

Жазушыға ең қиыны – қоғамда ұлт­тық иммунитет­тің әлсізденуін көру

– Жазушыға ең қиыны не?
– Кезінде Ғабиден Мустафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер» деп айтқан екен. Осы ұлтсыздық барлық құндылықтардың тамырына балта шабуда. Өзінің кім екенін білмейтін қаншама қазақ жүр. Қоғам үшін ең қатерлі – осы қабат. Бұлардың ішінен мемлекет­тік іске араласып, бір-бір саланы басқарып отырғаны да жетерлік.
Қазақ ұлтының жаһандық өркениет­те шыдас бермей кейбір ерекшеліктерінің жойылып, жалпы адамзат­тық мәдениет­ті ұстанып, көпшілік бірыңғай этностарға қарай бейімделіп бара жатқаны алаңдатады.
Осындай сындарлы жағдайда біздің зиялылар бейқам, енжар. Көп уақыт­тарын, байқаймын, бильярд ойнауға жұмсайды. Оны бір – «төреліктің, бекзат­тықтың белгісі» деп қояды. Бильярд ойналған жерде арақ ішіледі, темекі тартылады. Тіпті ана залдардың бәріне темекінің исі сіңіп қалған. Ойлана жүрсін деп, «қазақ зиялыларының ойнағаны – бильярд, қазақ байларының ойлағаны – миллиард» дегенді айтып едім.
Егер бекзат­тық болмысты іздесе, неге хакім Абайдың «Тоғыз құмалағын» ойнамасқа. Ол жерде келелі әңгіме өрбіп, қаншама ой ортаға түсер еді. Тіпті сол жазушылар жиналып барып, неге атқа мінбейді? Көкпар тарпай-ақ қойсын, шап­пай-ақ қойсын. Он бес жазушы атпен қатар кетіп бара жатсыншы – қалай болар еді? Қоғамға, ұлт­тық рухқа қалай әсер етер еді?
Неге атпен ақын-жазушылар Астанадағы Қосшыдан шығып, Қабанбайдың басына барып құран оқымайды? Қоғамды елең еткізетін оқиға ма? Оқиға. Ұлт­тығымызды бүтіндейтін шара ма? Шара. Ол жерде Әбіш ағамыз, Фариза апамыз, өзге де қазақтың белгілі адамдары жатыр.
Гер-ағамыз кезінде «Осыдан 50 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазақтың өзі де, иті де өзгерді» деген екен. Иә, қазақ өзгерді… Жалқылықтан жалпылыққа кетіп барады.
Жазушыға ең қиыны – қоғамда ұлт­тық иммунитет­тің әлсізденуін көру.
Мен жылдың бір күнін «Атқа міну» күні дегенді белгілер едім. Ол, 5 қыркүйек тілдер күнінде болғаны жөн шығар.

– Ұлт­тық нақыштардың әлсіреуі өнер саласынан біліне ме?
– Әсіресе бүгінгі қазақ фильмдерінің өнімі ұлт­тық өлшемдер тұрғысынан қарағанда еш сын көтермейді. Біріншіден, түпнұсқасы қазақ тілінде шығарылған кино жоқ, кино шығаруға бір, аударуға екі ақша жұмсалады. Екіншіден, тілдері шұбар, боқтық сөздерден де тайынбайды. Өйткені режиссерлер ұлт­тық құндылықтардан мақұрым қалған. Бәрі Голливудқа қарайды, бәрі Квентин Тарантино болғысы келеді. Ұлт­тық нақышты жоғалтқан сазгерлеріміз сияқты.
Кезінде жазушылар мен кинематографистердің одақтары бір болған. Қазір режиссерлер жазушылардан ақыл сұрамайды.
Бізге қарағанда қырғыздар, өзбектер, тәжіктер киноны жақсы түсіреді. Өйткені режиссерлері әдемі детальдардың бәрін ұлт­тық болмыстың бойынан іздейді. Бір көкеміз «өзбек – ұлт, ауған – ұлт, тәжік – ұлт, қазақ ұлт­тық деңгейге көтерілген жоқ» деген еді. «Неге?» деп сұрақ қойдық. «Өйткені олар ұлт­тық киімін киеді, ана тілінде сөйлейді, дәстүрін сақтайды» деді. Қисынды жауап. Сол айтқандай біздің режиссерлер ұлт­тық кино түсіре алмай келеді.
Қазақ фильмдер – тек фестивальдарға арналған фильмдер және елдің ең жаман, жұтаған жағын көрсететін сұрықсыз картиналар. Антисанитариялық жағдайда өмір сүретін Индия­ның киносына назар салсақ, ластық, настық, былығын объективке жуытпайды. Тек әдемілікті, кіршіксіздікті, сұлулықты көрсетуге құштар.
Режиссерлер әлем өркениетіне кино арқылы қазақтың кім екенін танытатындарын ұқпайды. Қазақ десе шетелдіктердің көзіне Ақсуат елестейді, ол аздай қазақтарды есуас көрсететін шетелдік «Борат» фильмі бар.
Елдің ішінен шыққан ұлт­тық режиссерлер жоқ. Дәл осы сияқты ұлт­тық жазушылардан айырылып қалмайық. Төл әдебиетімізге қатысты ұтымды мемлекет­тік саясат қажет және қоғамдық-әлеумет­тік орыны зор, беделі биік, айтулы тарихы бар Жазушылар одағын заман ағымына бейімдеген жөн. Зиялы қауымға айтар съезд алдындағы сөзіміз – осы.

Сұхбат­тасқан
Асылан Қуанышұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір