МҰРАҒАТ ҚОРЫ БАР. ЕНДІ МҰРАҒАТ ҒИМАРАТТАРЫ КЕРЕК
02.02.2023
249
0

Тамырын тереңнен тартқан қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар шетелдердің мұрағаттарында жатыр. Сол құнды құжаттарды елге әкелу –қазір қарқынды жүріп жатқан елдік іс-шаралардың бірі де бірегейі болып табылады. Қарап отырсақ, былтырдың өзінде шет мемлекеттерден елімізге 7 мыңнан астам құжат келіпті.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты. Ғылыми реставрациялық жұмыстар мен археологиялық зерттеулердің арқасында музей қорлары тұрақты түрде жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Мәселен, өткен жылы 18 археологиялық зерттеу жасалып, 30-ға жуық ескерткіш жөнделіпті. Мұрағат саласындағы тағы бір өзекті мәселе бар. Бүкіл ел бойынша мұрағат қоймалары толы. Осыған байланысты құнды деректерді сақтауға арналған қосымша ғимараттар салу қажет.
– Мәселен, қазіргі уақытта 500 мың бірлікті сақтауға арналған 20-ға жуық мемлекеттік мұрағат ғимаратын салу қажеттілігі бар, – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, – әрине, бұл бастама ведомствоаралық жұмыс пен үйлестіруді талап ететіні сөзсіз. Биылғы жылғы негізгі міндет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауымыз керек.
Қысқасы, бізде мұрағат қоры бар және ол еселеніп келеді. Ендігі мәселе сол мұрағаттар қорын сақтайтын мұрағат ғимараттарының қатарын көбейтуде болса керек. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір