СІЗ БІЗГЕ КЕРЕК ЕДІҢІЗ…
24.11.2025
59
0

Дереу Алматыға жолға шығудың қамын жасайын деп оқталдым да, тоқтадым. Мәңгілік мекеніне аттанған нағашы ағам Еркін
Жаппасұлымен қоштасуым керек еді. Асығып-аптықпа­йыншы дедім. Ерағаңның өзі үнемі: «Ақырын жүріп, анық басыңдар. Абдырап, сасқалақтамаңдар. Ақылмен қимылда. Сақтық керек» дегенді жиі ескертуші еді. Сол ойдан ба, әлде кенеттен келген қазаға сенгім келмеді ме, әйтеуір, түсініксіз бір тосқауылдың бөгегені анық.

Жаппас ақсақал мен Ажар әженің сегіз перзенті бар екен. Алты ұл, екі қыз. Сол кісілердің көзіндей, өзіндей болған соңғы тұяғы дүниеден көшіпті дегенді естігенде, тұтас бір дәуір өтіп кеткендей қоңыраюымыз қисынды шығар. Сол сегізден тараған ұрпаққа бас-көз болып жүрген төрінде отырар тұлғасы, тіршілікте арқа сүйер ағасы, той-томалағында бата берер атасы еді. Енді олардың да жетімсіреп, жүдеп қалатыны жиен де болсам жүрегімді шым еткізеді.
Ерекең көбінде көңілді жүретін. Отырған ортасын күлкіге қарық қылар әзіл-қалжың, шымшыма сөзі әрдайым әзір-ді. Төңірегіне шуақ шашып, жасты да, кәріні де шаттыққа бөлегісі келіп тұратын. Желкесіне төгілген шашын сілкіп жіберіп, қашанда күлімсірей қарсы алатын. Студент кезімізде Жазушылар одағын жиі маңайлаймыз. Ағамызға соғып, амандасып кету әдетке айналған. Әмбе бара тұра жолықпай кеткеніңді аңдап қалса, ыңғайсыз ғой. Жеткен бойда үшінші қабаттағы «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына бұрылып, қағазына шұқшиған ағайға қол созамын.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкум! Е-е, батыр, қайдан жүрсің? Кел, төрлет!
– Сабақтан шыққан едік. Өзіңізге амандаса кетейін деп.
– Иә, мамаң қалай, Эльдар оқуында ма?
– Иә, бәрі орынша. Шүкір, аға. Ал жақсы. Сау боп тұрыңыз.
– Өй-и, тоқтай тұр. Есікті жапшы, кәні.
Сөйтеді де, сейфін ашып, ақ параққа бүктеліп, қатталған жап-жаңа ақша шығарып, арасынан суырып, екі мың теңге ұстатады. Құдай-ау, айналымға түсе қоймаған су жаңа купюра. Шытыр-шытыр етеді…
Қазір ойласам, мұндай әрекеті екі-үш мәрте қайталанды-ау. 2000 жылдардың басында әлгі – әжептәуір көп қаржы. Қасыңа ерте барған екі-үш досыңмен тоя тамақ ішуге молынан жетеді. Тіпті артылып та қалатын. Содан желкілдеп жөнелемін. Шығармашылық одақта әкеміздің үйінде жүргендей алшаң басамыз. Сол қастерлі мекеннің шырақшысындай Еркін нағашың отырса, әкеңнің де жақсы араласатын жолдастарын ұшыратсаң, еркінсімегенде қайтесің!
Төменгі қабаттағы бильярд үстелін айналып Қажытай Ілияс, Исраил Сапарбай көкелеріміз шар соғып жүреді. Одан төменіректе Жанарбек Әшімжан, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Талғат Ешен мен Дәурен Қуат, Алмат Исаділ ағаларымызды аңдаймыз. Анадайдағы тепкішектен: «Еу, баһадүрлер, жақсы жазып жүрсің­дер ме?» – деп Әмірхан Балқыбек ағамыз көтеріліп келе жатады. Жандарында жүріп түрлі әңгіме тыңдауға әуеспіз. Лузаға түскен шарды жүгіріп барып алып, ағалардың есебін түгендеп жүрудің өзі зор мәртебе. Қажыағаңдар көненің аңыздарын, Талғат ағалары­мыз газеттегі тақырыптарын тал­қы­лайды. Одақ шаңырағының асты керемет пікір алаңы, әдеби әңгі­мелер­дің ордасы іспетті қыз-қыз қай­нап жататын. Еркін аға ойын маңына онша жуықтай бермейді. Бәлкім, бильярд ойнамайтындықтан шығар. Кейде түске таман Жұмабай Шаштайұлымен қатар түсіп, түскі асқа қарай аяңдап бара жатқанын көреміз. Еркін ағамыздың бір қасиеті тап-тұйнақтай жүргенді ұнатады. Аяқ киімін тазалап, шалбарының қырын сындырып үтіктеп, жейдесінің жағасына беторамалын салып, сабынын саусағының ұшымен ұстап, қол жуатын да жүретін.
Бұл кісі әскер қатарынан оралған соң музыка мектебінде ән-күй пәнінен сабақ беріпті. Тіпті Ақсуаттағы үлкен үйдегі фотоальбомда армияда қолына баян аспабын ұстап түскен суреттеріне қарап, әскердегі мәдени шаралардың көрігін қыздырғанын байқаймыз. Музыкаға әуес адамның мұнтаздай болып жүруі бекер емес сияқтанады. Осының өзі адамның ішкі тазалығын да айғақтайтын дүние секілді.
Тазалықты жаны сүйетін жанның тағы бірде шашымды алып бергені еске түседі. Тоқсаныншы жылдары шашымды ара-тұра әкем мен Болат есімді нағашы ағам алып беретін. Әкем шашты асықпай алады. Өзі журналист қана емес, кәсіби суретші адам. Бөлменің дәл ортасына отырғызып қояды. Жерге газет төсеп барып, іске кіріседі. Қайшымен біраз қысқартады да, арасында сурет салып жүрген кісідей, сонадайға барып ба­қы­лап тұратыны бар. Сосын, тағы кіш­кене қиып, темекісін тұтатады. Әбден алып біткенше сабыр сақтауыңа тура келеді. Тыныш отырмасаң, сөгіс естуің мүмкін.
Бірде әкем алыс қалалардың біріне іссапарға кетіп, шешем екеуміз «Таугүл» шағынауданындағы Еркін ағаның үйінде жүргенбіз. Көбіне жеңгеміз Қалдықыз асқа шақырады. Ол кісі – Жетісайдың қызы. Палауы тіл үйіреді.
Ерекең жұмыстан келе салып маған назар аударды:
– Өй, батыр, шашың өсіп кетіпті ғой.
– Е, түк етпейді, әкем келген соң алып береді ғой.
– Әкеңді күтіп жүресің бе енді? Кәне, кір ваннаға. Өзім алып бере қояйын.
– Жоқ, аға, қажеті емес! – деп тартыншақтадым.
Анам қуанып кетті. Ағасы ұлының шашын алып берем деп тұрғанда қуанбай қайтсін. Қарсыласпа дегендей ымдады. Басым салбырап, амалсыз жуыну бөлмесіне кірдім. Әкемдікі бер жағы екен. Еркін ағам асықпай шешіндірді. Іш киіммен ғана состиып тұрмын. Сосын, үстіме түгелдей газет орады. Еденге де қабаттап газет төседі. Содан отырғызып алып, ал кеп әурелесін. Әбден титықтап, шаршап кеттім. Тар ваннаға қамап алып, ұзақ қинады-ау. Ақыры қойшы, сол жерде шашымды жұқартып, үсті-басымды жуып бір-ақ шығарды.
Өзі керемет балажан кісі еді. Бара қалсаң, немерелерін айналып-толға­нып, қолынан түсірмей аялайты­нын көресің. Сатирик қаламгердің, жал­пы, қолына қалам ұстаған жанның мейі­рім­ді болмауы мүмкін еместей көріне­ді. Немерелерін ғана емес, бәрімізді еркелетуге бейіл. Төрге шығарып, жылы мен жұмсақты алдымызға тартып, асты-үстімізге түседі. Бір күні кешкісін әдеттегідей қонаққа бара қалдық. Күн салқын еді. Алматының ылғалы кез келген сапалы аяқ киімнен өтіп кетеді. Кірген бойда Еркін аға: «Кәні, шеш етігіңді!» – десін. Ойда дәнеме жоқ, шешіп қолына ұстата салдым. Оны ваннаның ішіндегі ыстық батарейге жайып, ұлтарағын бөлек жайып бәйек болып жатыр. Екі аяғымды кезек-кезек уқалап, үстіме көрпе жауып отырғызып қойғаны жадымда сайрап тұрады. Ағасы Ахметқазының жиеніне деген ықыласы сондай болғанда өз немерелеріне деген пейілін елестетіп көріңіз енді…
Ағайын-туысқа қамқорлығы бөлек жайт. Бауырларының бәрін оқуға жетелеп, жоғары білім алып, азамат болып қалыптасуына көп септігі тигенін үйдегі әңгімелерден байқайтынбыз. «Қымсынбашы, қылықтым» деп аталатын кітабы қолыма тие салысымен оқып шығып, әбден күлгенмін. Жездесі Ра­мазан­­ның, жеңгелері Ләтипа мен Нұрзағидың образдарын танып, қалай шебер суреттеген деп таңғалғанмын. Кейіпкерлерінің дені айналасындағы адамдар. Сексенінші жылдардың аяғында Ақсуаттағы қара шаңыраққа көрнекті жазушы Оралхан Бөкейді ертіп апарғанын ауылдағылар әлі күнге жыр қылып айтады. Оралхан аға тек коньяк ішеді екен. Төбеңнен төне қарап сөз бастағанда керемет әсерленесің деп бейнелегенде, әттең, кішірек болып, сол жағдайды көре алмай қалғанымыз-ай деп өкінеміз…
Қанша көңілді жан еді дегенімізбен, Ерекеңнің де кейде жабырқап жүретін сәтін байқадық. Мазасы қашып, біреулерге кіжініп, ашуланғанын да көрдік. Ет пен сүйектен жаралған адам әлденге ренжімей тұра ала ма. Кейбір әділетсіздік те жанын жаралағандай. Өзіне етене жақын аға-бауырларынан, апайларынан айырылған сәттерінде де күйреп, тауы шағылып, жалғызсырағанына куә болдық. Сонда да ағамыз бойын тіктеп, дүр сілкініп, алға қадам басатын.
– Қанша қайсар болсаң да,
Жаппастың жеті ұрпағынан жалғыз тұяқ болып қалу оңай ма, бала?! – деп сұқ саусағын шошайтып тұрғандай елестеуші еді.
Жазда Семейде Ақанғали бауыры­ның келіні кенеттен дүниеден өткенде де қатты күйзеліп келіп еді. Оның ал­дын­да ағасы Ахметханның ұлы Мұрат кете барды. Соның бәрі жүрегіне салмақ салмады дей алмас едім. Семейде бірталай сыр шертіп едіңіз. Екеуміз оңаша отырғанда: «Ел мен жерге ғана емес, туысқа, тіпті достық пен махаббатқа байланысты сезімге адам адал болуы тиіс», – дегеніңіз есімде. «Кез келген жақын адамның қадірін тірісінде біле жүрген абзал», – дегенді жиі қайталағансыз…
Осыдан екі ай бұрын да Одаққа іздеп бардым. Маңдайдан иіскейтін ескі әдетіңізбен мойын создыңыз. Иіліп, маңдайымды ұсына бердім. Бірақ көңілсіздеу көріндіңіз. Көп сөйлесе алмадық. Сосын, немере ініңіз Қайраттың ұлы Қуаттың үйлену тойында төрде отырдыңыз. Бата беріп, тілек айттыңыз. Жүгіріп барып иығыңызға шапан жаптым. Өңіңіз сәл шаршаңқылау аңғарылғанымен, жуыр маңда арадан кете қалады-ау деген ой қаперіме келмепті. Алайда, амал не, қайран аға өзі отыз жылдай отымен кіріп, күлімен шыққан Одақтағы кабинетінде отырып, бақиға кете барыпты. Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Ырысбек Дәбей мен Тоқтарәлі Таңжарық, Дархан Бейсенбек достарым қатты қайғырды. Бір ғима­рат­та қызметтес, әріптес, аға-іні болып, тонның ішкі бауындай сол жігіттер өзіңізге жақын жүрді. Менің ғана емес, көптеген қаламгерлердің Ерағасына айналдыңыз.
Ақын ініңіз, жерлес бауырыңыз Серік Қалиев ағамыз көңіл айтып хабарласқан.
– Дәл сол қайтар күні күндіз сағат он бір шамасында телефонмен тілдестік. Әрнені айтып әзілдестік, – деген еді Серік аға.
«Аға, сіз екеуміз Құдайдан басқа кімге керекпіз?!» – деген екен Секең. «Иә, иә, Құдайға ғана керекпіз ғой!» – депті Ерекең. Құдайға ғана емес, бізге де керек едіңіз ғой, аға! Бақұл болыңыз!

Мирас Мұқаш

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір