Ояндың, енді ойлан, қазағым!
22.01.2024
262
0

Президентіміздің «Егемен Қазақ­стан» газетіне ағынан жарылып сұхбат беріп, көкейдегі көп түйткілді сейілткені бізді шын қуант­ты. Еліміздегі барлық саланың жай-күйі қамтылып және оған ашық та әділ баға берілген екен. Отыз жыл бойы бойымызға үрей мен ертеңімізге сенімсіздік бойлатқан батпандап кірген дерт­тің де атын атап, оны емдеудің жолдары да айқындалған. Үмітсіздік пен белгісіздік жайлаған кезеңде өмір сүрген біздер бұл «аурудан» жазылу – орындалуы қиын арман күйінде қалар ма екен деп, шерленбеген, ойламаған, уайымдамаған күніміз кем еді… Сол жылдар салған жараға толы жанымыз талай әділетсіздік көріп, нақақ кінәланып, қаралы, қапалы күй кешкеніміз әмбеге аян. «Неғылайынымыз» бен «бір мәнісі болар» деген дәмемен жүріп, талапты ерге сай келетін тас жарар өмір-жасымыз, қанша қажыр-қайратымыз сарп болды.
Өткенге – салауат, пешенемізге жазылғаны сол-дағы, амал нешік… Енді ертеңіміз еңсемізді түсірмесе игі! Осы орайдан келсек, айымыз оңынан туды-ау деп жанымыздың жайланғаны ақиқат-ты! Ертеңіне елеңдеген ұлтпыз ғой… Отыз жылғы тоқырауымызды осы күнгі ұрпағымыз көрмесе деген тілегіміз қабыл екен. Мемлекет басшысы еліміздің ішкі де, сыртқы да ахуалын біліктілікпен, ұлтжандылықпен, мемлекетшілдікпен әлемдік ой-жүйе деңгейінде сараптағаны айқын аңғарылады. Оған қоса, өткенге өкпе артпайтын, келешекке көбірек алаңдайтын нағыз азамат, оның үстіне бауырмалдығы басым тұлға екені де әрбір ой оралымдарынан айна-қатесіз көрініп тұр. «Жауды аяған – жаралы» дейтін бабалар өсиеті де есінен шықпайтыны анық. Бұл тұста мен оның қатыгездік пен қат­тылықтың ара-жігін ажырата алатын дипломат­тық сарабдалдығын да тілге тиек етпекпін… Елдің ендігі уайымы – осы басталған бақуат­ты бастама кідіріс тап­паса екен… Жақсылықтар жалғасса екен… «Халық айтса қалт айтпайды» ғой… Әйтсе де «батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегенді де айт­қан сол халқымыз. Президент­тің алдағы уақыт­та жөнге келтірер, қайта қарар шаралары, күрмеуін шешер кілтипандары баршылық. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұларды да жақсы білетіні хақ. Ескі Қазақ­стандағы есер әдет қандарына сіңіп қалған қайсыбір шенеуніктердің өңін өзгерте қойғанмен, өзегіне сіңген ескі сүрлеуден алыстай қоюы қиын. Олар әл-әзірге арамызда, олар әлі де билікті төңіректеп жүр. Білікті жастарымыздың шетелде білім алып, жат жұрт­та қалуға деген амалсыз ниет­тері де сол ескіден көңіл қалғандықтан, ертеңдеріне күдік ұя салғандықтан-дүр…
Елде сатылмағаны қалмаған, «тартып алынып» , хан-талапайланып, талан-таражға түскен бүкіл елге тиесілі есіл ризық-ай… Жымысқылығын асырған жүзден астам суық қолдылар ғана «жарып» , бар байлыққа ие бола қалған қорқау биліктің жақындары мен жарамсақтары халық игілігі үшін тышқақ лағын да соймайтынын бәріміз де білеміз… Ел байлығын еліне қайтарар атымтай жомарт­тықтан мүлдем адаларға нендей сөз өтеді, қандай заң күші тәубаға келтіреді?.. Ойлай берсең ой да көп, уайым да жетерлік… Сот жүйесінде, прокуратурада, биліктің бишігін ұстаған ұятсыздарда жең ұшынан жалғасу, сыбайласу, құқықтық кодекстердегі бір бап пен екінші баптың бір-біріне кереғарлығы сияқты бұрынғы былықтың ықпалы әлі де бар. Ата Заңымызды қойын дәптерге айналдырып алған қорқау пиғылдылар Құдайдың үйінде де ұйлығып, қырық кессе де кесірткелік қауқары барлығын, «тұяқ серперін» құлаққағыс еткендей… Отыз емес-ау, жетпіс жыл меңдеген дерт­тің жеті жылда құлан-таза жазылмасы белгілі. Ордалы ойлар мен ұлағат­ты мақсат­тар ортаға тасталған орнықты сұхбат­тан көңілім толып, масат­тана қанағат­танған маған осындай да ойлардың қылаң бергенін жасырмаймын.
Ояндың, енді ойлан, қазағым!

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір