ОБЛЫС ӘКІМДЕРІН ҚАШАН САЙЛАЙМЫЗ?
26.07.2024
540
0

Соңғы жылдары елімізде ауыл және аудан әкімдерін сайлау үрдісі жақсы қарқынмен өткізіле бастады. Халық өз таңдауын жасап, ертеңіне алаңдайтын ел-жұрт бұрынғыдай қалтасы қалың, сөзі сылдыр байшыкештерді емес, қолынан іс келетін, бұқараның мүддесіне жұмыс істеуге жанын салатын жандарға тізгін ұстатқанды жөн көруде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», – деген болатын. Содан бергі 3 жыл ішінде халық мемлекет басқару ісіне белсене араласып, елімізде мыңдаған ауылдық округ әкімдерін сайлау ісі «Сайлау туралы» заң шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Одан кейін қанатқақты режимде кезек алған аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау науқаны да қарапайым халықтың ертеңге дегені сенімін оятып, демократиялық өзгерістердің бастамасын қуана құптап келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, алдағы 2025 жылы аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау үрдісі жаппай қарқын алмақ. Ресми деректерге сүйенсек, енді бұрынғыдай бір өңірді 20-30 жылдап билеп-төстеген әкімдердің дәурені келмеске кетпек. Аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері 4 жылдан екі мәрте ғана сайлауға түсуге құқылы. Жасы 25-тен асқан, ҚР азаматы болып саналатын кандидаттарды елімізде ресми тіркелген саяси партиялар немесе жоғары тұрған әкім ғана ұсына алады. Егер кандидаттарды тіркеу уақыты аяқталғанға дейін додаға қатысуға бір ғана үміткер болса, онда екінші үміткерді облыс басшысы ұсынады. Сондай-ақ, үміткерлер мүлде болмаған жағдайда екі кандидатты да аймақ басшысы ұсынуға құқылы.
Егер де сайланған әкім өз міндетін толық орындамай, жауапкершілікті сезінбесе, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға күш салмаса халық өздері сайлаған мәслихат депуттары арқылы жауапты тұлғаның жұмысына сенімсіздік білдіре алады. Сәйкесінше, аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарының депутаттары облыс басшысына өздері сайлаған әкімнің қызметін тоқтату туралы ұсыныс түсіруге қау­қарлы. Алайда бұл іске мәслихат депутат­тарының кемі бестен бір бөлігі ықыласты болуы тиіс.
Қоғамды демократияландырудың маңызды тетігі саналатын сайлау жүйесінің ашық өткізіле бастауы еліміздегі ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлаудың құқықтық-нормативтік негіздерін қалыптастыруға жол салды.
«Жалпы бұл тәжірибені біз қолдауымыз керек. Өйткені демократия мәдениетіне халық та дағдылануы тиіс. Сондай-ақ алдағы уақытта ауыл, аудан әкімдерін сайлау тәжірибесіне сүйене отырып терең талдау жасауға мүмкіндік туады. Бұл тәжірибе бізге қаншалықты тиімді? Расымен де билік тізгініне халыққа жанашыр, мықты мамандар келді ме? Әлде олар сол бұрынғы қалпынша дәрменсіз бе? Егер бұл үрдіс оң нәтиже көрсетсе бізге әкімдердің кадрлық резервін жасауға болады. Дегенмен, бұл жерде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының біліктілігіне де мән беруге тиіспіз. Өйткені сайлау кезінде утилитарлық топтар пайда болуы мүмкін. Былайша айтқанда, «сен мені жақта, мен қызметке барғанда саған лауазым, қызмет берем» деген сөз. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Сонда ғана біз әкімдер сайлауын таза, әділ әрі ашық өткізуге қол жеткізер едік», – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Дәулетбек Раев.
Ал белгілі саясаттанушы Айдар Әміребаевтың сөзінше еліміздегі сайлау кезінде поппулизмге негізделген батыстық саяси технологияларды пайдалану енді нәтиже бере қоймайды. «Бізге ең дұрысы қазақтың дәстүрлі би, хан сайлау жүйесіне жүгінуіміз керек. Сонда ел ішінде әділдік те орнайды, жемқорлық, парақорлық сияқты лас тірліктің жолы кесіледі әрі мойнына міндет алған әкім де ел-халықтың алдындағы жауапкершілікті түсінеді. Рулық, тайпалық шеңберде қалған топтар өз адамдарын қолдап кетеді деген – жаңсақ пікір. Ол біздің бұрынғы жүйеде де болмаған. Қазір бәрінің көзі ашық, саяси сауатты, сондықтан қолынан іс келетін адамдарды ғана таңдайды. Сосын дарынды басшыларды таңдау әлі бізде өз деңгейінде емес. Оларды іздеп, таба білу керек», – дейді саясаттанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір