АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР БАЛАЛЫҚ АУРУДАН ҚАШАН АРЫЛАДЫ?
Күллі қазақты жөнге саламын деген ойым жоқ. Әсіресе өзіме дейінгі буын өкілдерін. Қатып кеткен сүйек иілмейді. Иемін деген адам сындырып алуы мүмкін. Ал аталары мен ағаларының қатесін көрген кейінгі ұрпақ олардан сабақ алады-ау деген үмітпен осы бір сөздерді жазып отырмын.
Қаланың балаларын қайдам, балалық шағымыз ауылда өткен біз ұмыта қойған жоқпыз, бірге ойнап жүрген балалар араздасып қалса бір-бірінің аты-жөнін бұрмалап мазақтаушы еді. Әсіресе қыздар. Тілдерін шығарып, «Бақыт-Сақыт», «Омар-Томар», «Күнсұлу-Түнсұлу», «Нағима-Сағима», т.б. деп екпінді алғашқы буынға түсіре мазақтағанда әлгілер әжептәуір қорланып, ренжіп, кейбіреуі жылап қалатын. Сондай «балалықтан» арылмаған адамдардың арамызда әлі де бар екенін көріп жүрмін. Олардың базбірі, тіпті жасы сексеннен асып кетсе де, өзіне ұнамаған адамдарды осылай мазақтап «рахаттанып» отырады. Соған қарап, сақал-шашымыз ағарғанмен, санамыз өспей қалған ба деп те қаламын кейде. Өйткені мұндай «балалықты» Еңбек Ері атанып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған әйгілі ақын-жазушылардың да бойынан көреміз.
Орыстың көптеген жазушылары өздерін Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз деп мақтан етті. Ол рас та. Николай Васильевич Гоголь орыс әдебиетінің бастауында тұрған ұлы тұлға екені даусыз. Бірақ орыстың тағы бір ұлы перзенті – сыншы Д.И.Писарев өз тұсындағы орыс ақын-жазушыларына көңілі толмай, Жуковский мен Пушкинді ақын емес, «ақындарға пародия» деп бағаласа, Лермонтов, Полежаев, Крылов, Грибоедовтермен қоса Гогольді де «түсік» деп таныды. Нәр алатын құнары болмағандықтан олар дамымай түсік күйінше қалды деп налыды. Гогольдің атына «Шындығында, «Өлі жандар» дегеніміз не?» деп алып ауыр сын айтты. (Түпнұсқаны оқығысы келгендер үшін: «В самом деле, что такое «Мертвые души»? Изображал человек «бедность, да бедность, да несовершенства нашей жизни», и все шло хорошо и умно; а потом вдруг, в самом конце, пустил бессмысленнейшее воззвание к России, которая будто бы куда-то мчиться, как бешенная тройка, да так шибко мчиться, что остальные народы только рот разевают и диву даются. И кто тянул из него эту дифирамбическую тираду? Решительно никто. Так, сама собою вылилась, от полноты невежества и от непривычки к широкому обобщению фактов. И вышла чепуха: с одной стороны – «бедность», а с другой – такая быстрота развития, что любо-дорого. Ничего цельного и не оказалось»).
Гогольдің «Өлі жандар» поэмасы Данте Алигьеридің «Құдіретті комедия» туындысының негізінде жазылған-ды. Идея А.С.Пушкиндікі. Әу баста өзі жазғысы келген бұл шығарманы Пушкин Гогольдің қолайына келеді деп шешкен. Мектеп бағдарламасындағы «Өлі жандарды» өздеріңіз оқыған шығарсыздар, сондықтан оны талдап жатпай-ақ, шығарма адам бойындағы жаман мінез-құлықтарды көрсетіп, келе-келе кейіпкерлері өз қателіктерін ұғынып, ақырында өздерін-өздері өзгертіп, дұрыс жолға түсетінін ғана айта кетелік.
Ал осы шығарма кейіпкерлерінің аты-жөндеріне келейік: Собакевич, Плюшкин, Чичиков, Коробочка, Петрушка, т.б. Оңған бір есім жоқ. Жазушы өз кейіпкерлеріне аяушылықпен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарай алмай отыр. Бәрін де жек көреді. Собакевич – дөрекі адам, Плюшкин – зұлым, Чичиков – екіжүзді… Солай кете береді.
Осы дәстүр ХХ ғасырда орыс әдебиетінен үлгі алып, өмірге келген қазақ әдебиетіне ауысты. Мағжан Жұмабаев кейіпкер прототипінің есімін сәл өзгертіп, «Жүсіп хан» ертегісін жазды. Санасында саңылауы бар оқырман «уәзірді жер аударып, қазының басын алдырып, машайығын, молдасын, қойқаңдаған қолбасын абақтыға салдырып» жатқан Жүсіп ханның Иосиф – Иосиф Виссарионович Сталин екенін жазбай танитын еді. Бұл уақытында өзін-өзі ақтаған айла-шарғы деп ойлайық. Ал пролетариат жазушысы Сәбит Мұқанов романдарының жағымды кейіпкерлеріне – Асқар, Ботагөз, Бәтес деп жақсы ат, жағымсыз кейіпкерлеріне Итбай, Мүсәпір деген сорақы есімдерді берді. Бұл да халық қақ жарылып, тап күресі жүріп жатқан өз дәуіріне лайық образ сомдауға көмектесетін тәсіл болған шығар… Шын мәнінде дарынды қаламгер кейіпкердің образын оның аты-жөні емес, іс-әрекеті арқылы ашар болар деп ойлаймын.
Одан бері де ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақ әдебиеті сол таптаурын жолмен әлі келе жатыр. Тіпті әдеби шығармалардың кейіпкерлері кейбір қаламгерлердің кек алу құралына айналған сияқты. Соның бір көрінісі Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романынан көрінеді. Оның Иван Мокеевич Есенғалиеві – Михаил Иванович Есенәлиев, Мүштар Мақановы – Мұхтар Шаханов, т.б. екенін білмейтін біреу бар ма? (Екеуі адас еді ғой: өзі неге Мүштар емес?). Мына үзіндіге назар салыңыз: «…азғындар мен сатқындар, надандар мен топастар «Темірқазық» сияқты ықпалды басылымда ақыл-есі түзу кісі отырғанын қаламады. Мәселе, тіпті, ақыл-есте де тұрған жоқ. Сенің кіші бастығың Алдабек Қаражұманов пен белгілі саясаткер Мүштар Мақанов туған бөле екен ғой. Әлгі журналда, әрине, Бас редактордың ризашылығымен жарияланған бір мақалада сол Мақановтың атына құрғақ демагог, сөзі бар да ісі жоқ, кенеусіз айқай, тежеусіз дабыра деген тәрізді сын айтылса керек. Әділ, ақиқат баға. Шырқырап кетеді ғой Мүштар Мақанов. Тұтас бір науқан бастаған». Әрине, «Темірқазық» журналы «Жұлдыз» екенін жазбай танып отырған шығарсыз. Сонда «ақыл-есі түзу кісі» жалғыз өзі де, қалған жұрттың бәрі «азғындар мен сатқындар, надандар мен топастар» болып шықпақ па? Автор ол «азғындар мен сатқындардың, надандар мен топастардың» аты-жөндерін келекелеп, бір-екі әрпін ауыстырып беру арқылы әшкерелегісі келеді… Осындай кісінің тегін бұрмалаулар Мұхаңның «Мен» атты мемуарлық шығармасында да кездеседі.
2008 жылы біздің сүйікті ұстазымыз, қазақтың көрнекті фантаст-жазушысы Абдул-Хамид Мархабаевтың «Қызық қиял» атты кітабына редактор болдым. «Қызық қиялда» автордың «Фиеста, әлде Әбе апексі» атты фантастикалық хикаяты бар. Оқып отырмын: «Тосын келімсекті неге әкелгенін Қырт роботына түсіндіре бастады. Қонақта иіс дыбыс бейне квазар таспасы барын айтты; Сонымен мұқияттап танысып шығу қажеттігін мәлімдеді; Өз тарапынан робот Батыс Галактика өркениеті деңгейінің талабы тұрғысынан оған баға беруі тиістігін қатаң ескертті; Мұны қазір табан астында атқару керектігін шегелеп айтты; Сосын Қырт роботтың жауырын тұсындағы сызатқа реждік жазушы Д.Ләпкештің «Құм басқан ғарыш» атты үш кітаптық туындысының мәтіні түсірілген казар таспаны сұқты; Енді жиналғандардың барлығы күтіп отыр… Отыр..; Не дегенмен, үш бірдей күбідей кітаптар емес пе; Оларды игеріп шыққанша бейшара роботтың өзі де қиналып бітті-ау, сыласы; Платина, алтын, темір, мыс, корунд, қалайы аралас қапталған тұла бойы «дір-дір» етіп, қалшылдаумен болды; Бет-жүзіндегі бармақтай жасыл және қызыл шамдары да тынымсыз жанады да сөнеді, жанады да сөнеді; Төбесіндегі мысық мұрт қос антеннасына да бір саябыр жоқ; Бірталай мезгіл өтті-ау деген кезде робот тек қана жасыл қос шамын жақты да: «Қырт!» – деді…».
Қиялы ғарышта жүрсе де, жердегі шаруаны ұмытпайтын фантаст жазушының не айтқысы келгенін оқырман ұғыну үшін әдейі ұзағырақ үзінді келтіріп отырмын. Айтпақшы, шығарманың тұла бойында кез келген оқырман ұға бермейтін қолдан жасалған жасанды сөздер көп. Ол, әрине, жанр табиғатына жат емес. Сондай «ребустарды» шешіп отырсаңыз реждік жазушы Д.Ләпкештің кім екенін өзіңіз де аңғарасыз. «Реж» – «Жер» сөзінің кері қарай жазылған тұлғасы. Ал «Ләпкеш» есімі «ләпке» (лавка) сөзінен жасалып отыр. Оның «дүкен» екені мәлім. Демек, Жер планетасының жазушысы Дүкенбай Досжан (замандастары Дүкеш деп атайтын) екенін тауып аласыз. Мұны мен тез-ақ аңғардым. Өйткені «Құм басқан ғарыш» атты үш кітаптық туындының атауы «Құм басқан қалаларды» еске салып тұр еді. Неге екенін білмеймін, мен ескерту жасағанмен, осы атауларды адам танымастай етіп өзгертіп жіберуге фантаст ағамыз құлықты болмады. Ал біз авторлық құқыққа қол сұға алмаймыз…
1978 жылы «Жалын» баспасының өнер редакциясына қызметке қабылдандым. Тапжылмай отырып жұмыс істейтінмін. Кімнің ұсынысы болғанын анық білмеймін, арада аз уақыт өткен соң мені жастармен жұмыс істеу редакциясына ауыстырды.
Бөлім меңгерушісі жазушы Дулат Исабеков екен. Маған бірнеше жыр жинақтарын, Мұқан Иманжановтың «Өркен» атты қолжазбасын редакциялауға берді. Алаңдамай жұмысқа кірісіп кеттім. Бұл кезде Дулат ағамыздың «Қарғын» атты романын жазып жүрген шағы болса керек. Менің ұяң, біртоға мінезімді зерттей жүріп, «Қарғындағы» совхоздың алмасын жинасуға барған студенттерді бастап келген оқытушы (оны мұғалім деп атайды) образына менің мінез-құлқымды бергісі келген сияқты. Ол Бағилаға бір көргеннен ғашық болып, «махаббаттың айықпас ауруына біржола шалдығады». Автордың жазуы бойынша әрі жас, әрі жігерлі, әрі алаңдайтын отбасы жоқ, студенттердің тілін таба біледі деп жіберген Сербота махаббаттың әлегінен жүні жығылып, Алматыға азып қайтады. Тіпті кейін «Курстағы жігіт біткеннің Бағилаға ғашық болмағаны жоқ еді. Қолдары қалт етсе, болмашы нәрсені сылтауратып ең аз дегенде төрт-бесеуі оның қасына жинала қалатын. Мұғалім ретінде олардың ортасына сұғына беруге ыңғайсызданатын Сербота алыста жүріп, мұңға батады». Сөйтсек, Сербота ақын екен…
Романда ары қарай бірнеше тармақты махаббат линиясы өріледі. Бағила аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған Серботадан гөрі үйленген, балалы-шағалы адам Жасынға көңілін бұрады… Дулат ағамыз ақын деген есі кіресілі-шығасылы, ғашығының терезесіне барып, айқайлап өлең оқып тұратын делқұлы деп ойлайтын болса керек. Дауыстап өлең оқымайтын да ақындар болатынын қайдан білсін!
Сол тұста біраз жас жігіттер романдағы Жасынның прототипі Асқар Сүлейменовтің қасынан жиі табылатынбыз. Қазір ол естеліктердің бәрін баяндап отыруға уақыт жоқ. Дегенмен айта кететін нәрсе – ол кезде менің толық аты-жөнім Серікбаев Байбота болатын. «Қарғынның» авторы Жасынның жанында жүрген Серікбаевтың «Сер» буынын, Байботаның «ботасын» алып, романындағы маған мүлде ұқсамайтын ақынын «Сербота» атай салған ғой. Ал шындығында, қазақта мұндай аббревиатура тәсілімен жасалған Сербота деген есім болмайды. Романды оқып алған соң бір күні Дулат ағамызға жолығып қалып: «Дүке, мұныңыз қалай?» – десем, «Ойбай, айналайын, сен тіпті есімде болған жоқсың!» – деп бас тартты. Сол Дүкең өзіне белгілі бір себеппен қарамағында қызмет еткен мені танымаймын деп те жазғаны бар…
Қазақстан Жазушылар одағының бір құрылтайында ақын Мұхтар Шаханов мінбеге көтеріліп:
«Ұлттық мүддеге келгенде Оразалин – Қоразалин болмады.
Тауықәлин, Шөжеәлиннің деңгейінде самғады», –
деп өлең оқыды. Оның үстіне: «Нұрлан биліктегі басшыларға жағынуды керемет шеберлікпен көрсетті.
Менің тағы мынадай жырым бар:
«Шындық кейде қалың арпа ішіндегі
бір бидай,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі тымпибай?
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбигүл мен Жырбибай».
Өкінішке қарай, қазір біздің жазушылардың көпшілігі Ырбигүл мен Жырбибайға айналып кетті, – деп аяқтады сөзін ақын.
Бұл сөз шамына тиген Нұрлан Оразалин: «Жаңағы менің ата-тегіме байланысты айтылған ұйқасты мен сізге де айтайын. Маған осыдан екі-үш жыл бұрын «Шаханов – Шакалов» деген хат келді… Сонда Оразалин – Қоразалин дейтіндей аталарымыздың не кінәсі бар?» – деп реплика тастады…
Айта берсе мұндай мысалдар өте көп. Біздің қазақ ақын-жазушылары мұндай балалық аурудан қашан құтылады екен? Қытайдың классик жазушысы Лу Синьнің «Жындының жазбалары» атты әңгімесі: «Мүмкін, әлі адам етін жеп көрмеген балалар бар шығар? Балаларды құтқарыңдар!» – деп аяқталатын еді. Жоғарыда «қатып кеткен сүйек иілмейді» дегенмін. Қолдарына қалам ұстап, ақ қағазды шимайлай бастаған балаларға айтып отырғаным ғой! Сендер әлі адам етін жеп көрмеген шығарсыңдар…
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ