Кирилл кісенінен қашан құтыламыз?
Латын әліпбиіне көшу мәселесінің көтеріліп келе жатқанына біраз уақыт болды. Бірақ әлі күнге қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтып жүр. Біреулер – латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары: «Бұл істе асығыстық жасамайық», – деп сақтандырады. Әртүрлі пікірлердің орын алуы да заңды. Себебі біз бұған дейін мұндай мәселені бастан өткергенбіз.
Бір ғасырда үш әліпби…
Тарихқа көз жүгіртсек, біз өткен ғасырда үш рет әліпби ауыстырдық, яғни үш рет сауатсыздықты бастан кешірдік. Ең алғаш 1926 жылы «замана талабына сай емес» деп араб әліпбиіне тиісті. 1927 жылы әуелі – Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда А.Байтұрсынұлы, І.Ахметов, Е.Омаров, Ә.Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков, тағы басқа оқығандар араб графикасын жақтап, мынадай дәлелдер келтірді:
1). Араб әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады;
2). Араб әліпбиі оқуға, жазуға, сауат ашуға қолайлы;
3). Өнер құралдарына орнатуға қолайлы;
4). Көзге көркем көрінеді.
Ал Нәзір Төреқұлов бастаған топ бұған қарсы шығып, «яналиф», яғни «латын қарпіне көшу қажет» деген тоқтамын айтты. Алайда олар келіссе де, келіспесе де Қазақстан мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Сол тұста Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты. Осыдан кейін жаппай латынға көшіру тіпті күштеп жүргізілді. Арабша жазуды «ескілік», «кертартпалық» деп, сол әліпбимен хат жазғандарды жазғырды, жазалады. Әріп ауыстыру қудалаумен, қатал саясатпен жүзеге асты. Бұл асығыстықтың астарын сол кездегі республика басшысы Голощекин былай деп түсіндіреді: «На первом этапе – разбить интеллигенцию на две враждебные группы, и с помощью одной группы уничтожить наиболее известных, пользующихся большим авторитетом у народа представителей интеллигенции, обвинив их в «национализме». Чтобы искоренить вредные идеи «националистов» сменить алфавит казахского языка… На пятом этапе – ликвидировать всю оставшуюся часть казахской интеллигенции, еще раз сменить алфавит казахского языка, тем самым лишить возможности подрастающего поколения узнать историю своего народа из первоисточников» («Пять вопросов т.Сталину» атты Голощекиннің хатынан үзінді. 1925).
Ең бастысы, арабша жазуды жою науқаны атеизмді насихаттаумен бірге жүрді. Коммунистер араб әліпбиін жоя отырып, қазақтарды мұсылманша хат танудан мақұрым етуді мақсат тұтты және олар бұл мақсаттарына жетті де. 1939 жылы Мәскеу «латын алфавитін тастап, кириллицаға көшіңдер» деген әмір берді. Бұл кезде қазақтың бас көтерер азаматтарының көбі атылып кеткен болатын. Сондықтан қарсы келер ешкім жоқ, бұйрық берілісімен екі-ақ айдың ішінде жаңа алфавит түзілді. Негізінен, қазақтың бар дыбысын бейнелеуге 28 әріп жеткілікті еді. Алайда кириллицаны қабыл алғанда үстем ел бірнеше қаріп қосып, 42 таңбаға бір-ақ жеткізді. Әрі онысын «қазақ тілі байи түсті» деп бүркемеледі. Ұлттық табиғатымызға, төл дыбыстауымызға сәйкес келмейтін Ю, Я, Ф, Ь, Щ, Ч, Ц секілді әріптер енгізілді. Мұның қазаққа қандай қажеттігі бар еді? Қажеттілігі сонда – кирилл әліпбиіне өткізу қазақты тездетіп орысқа сіңірудің жолы еді. Бұл мақсат жүзеге асып, сонау 1940 жылдан бері біз әлі күнге кирилл қарпін қолданып жүрміз. Саяси салдарын айтпағанда, бұл біздің төл дыбыстарымызды бұрмалап, тілімізді интернетке икемсіз етті. Қазақ тілін жаңа заманға бейімделе алмайтын деңгейге түсірді. Қысқасы, кирилл қарпін қимасқа ешбір негіз жоқ.
Ал бүкіл түрік ұлысы ұмтылып отырған латын жазуы ше?! Ол әліппенің иесі, яғни «латын» деген ұлт жоқ. Мұнымен айтқым келгені – қай халықтың әліпбиін қолдансаң, сол жазудың иесіне бағынышты болып қаласың. Олай болса, Ресей сияқты қожайыны бар кириллге кісенделгенше, әлемдік әліпби – латынға көшкеніміз әлдеқайда артық.
Латын әліпбиіне көшсек, көштен қалмаймыз
Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз;
Екіншіден, басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап, барлық оқу орнындағы оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді;
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуіне жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жағдай туады;
Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейту тиімді.
Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Бұл жердегі басты мәселе – жобаны өте сауатты түрде іске асыру.
Көрші елдердің тәжірибесі
Әзербайжан: 1991 жылы 25 желтоқсанда Әзербайжан Республикасының президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзербайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қойды және Әзербайжанда 1940 жылға дейін қолданылған, 32 әріптен тұратын латын графикасындағы әліпбиді азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілу ұйғарылды. Сөйтіп, бұл елде 1991-2001 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:
– Ең бірінші орта білім беретін мектептің 1-сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;
– 5-6 жылдың ішінде барлық ісқағазы кезеңімен жаңа қаріпке көшірілді;
– Осы аралықта мемлекеттік мекемелер және барлық БАҚ латын жазуына өтті.
Алайда осы ретте мынадай қиындықтардың да орын алғанын айта кетуіміз керек:
1). Мектептер латын қарпіне көшірілген алғашқы жылдары оларды оқытатын мұғалім тапшы болды. Ал кирилл графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын әліпбиін оқып-үйрену қиынға соқты;
2). Балаларға арналған, латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болды;
3). Ересектерге арналған латын жазуын оқытатын курстардың аздығынан ұрпақ арасындағы түсіністік қиындап қалды;
4). Кирилл графикасына негізделген бір ғасырлық мұралардың барлығын толықтай халық пайдалана алмады.
Өзбекстан: 1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл заңға сәйкес, 26 әріп, үш әріптік тіркестен тұратын графемалар жүйесі қабылданды. 1994 жылдың 16 маусымында осы заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы бағдарлама бойынша орта және жоғары білім беретін мекемелерде өзбек тілі мен әдебиетінің оқулықтарын, өзбек тілінің сөздіктерін жасау жоспарланды. Латынға көшу барысында мұнда да тура Әзербайжандағыдай шаралар жүзеге асырылды. Алайда жекеменшік мекемелердегі ісқағаздары латын қарпіне толық көшкен жоқ, орыс және қазақ мектептерінде кирилл жазуымен білім берілді.
Дайындық қалай жүргізілуі керек?
Ал енді өз елімізге келсек, қазір техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды, яғни келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиынға соқпайтыны анық. Бұл – қоғамдағы үлкен факторлардың бірі.
Келесі фактордың бірі – ғаламтор арқылы әлемдік ақпараттануда еш кедергісіз, еркін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал ол – латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан бұл жерде тілші-фонолог мамандар жаңа әліпбиді жасауда информатик-программистердің пікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана толыққанды және кемшіліксіз әліпби болатыны сөзсіз. Ең маңыздысы, жаңа әліпби барлық қазақстандыққа арналып жасалуы тиіс.
Сонымен, жаңа латын жазуына көшу барысында атқарылатын шаралар жөнінде айтар болсақ:
Біріншіден, тәжірибелі мамандар (тілші-фонолог, информатик-программист) бірлесе отырып, ұсынылған латын әліпбиінің барлық жобасын зерделеп, жаңа әліпби нұсқасын жасап шығаруы керек. Тәжірибе ретінде телеарналардан және баспа беттері арқылы қабылданғалы тұрған жаңа әліпбиді қарапайым халыққа міндетті түрде таныстыру, түсіндіру шараларын жүргізу қажет;
Екіншіден, Президент бекіткеннен кейін жаңа әліпбиге сәйкес емле ережелері жасалып, оқулықтар шығуы тиіс;
Үшіншіден, жаңа әліпбиді оқытатын оқытушылар дайындалып, олар жергілікті жерлерде мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары, кәсіпорындар, әкімшілік, т.б жаппай мекемелерде «Жаңа әліпбиді оқыту» курсын жүргізулері қажет. Мұның қаржыландыру, ұйымдастыру сияқты басқа да мәселелері құзырлы орындарға жүктелуі шарт;
Төртіншіден, жаңа әліпби негізіндегі оқулықтар дайын болған соң, қай тілде болсын балабақша мен 1-сыныптан бастап оқытыла бастауы керек, олар бітіріп шыққанша 12 жыл өтеді;
Бесіншіден, көшедегі, жол бойындағы жазулар, әртүрлі мекемелер мен сауда орталықтары, т.б маңдайшадағы жазулардың бәрі жаңа әліпби қабылданған сәттен бастап ауыстырылуы керек және бұл қадағалайтын тіл орталығы мен әкімшілік тарапынан жүзеге асырылғаны жөн;
Алтыншыдан, республика бойынша жергілікті жерлердің барлығында ісқағаздары мен заңды құжаттар бекітілген жаңа қазақ әліпбиімен жүргізілуі тиіс.
P.S. Бір есте болатын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарыла салатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді. Мәселен, бұл процесс Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Осы елдердің тәжірибесін саралай отырып, үздік нәтижеге қол жеткіземіз деген сеніміміз мол.
Мәриям ӘБСАТТАР,
Түркістан облысы