ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ ҚИЯЛЫНА ҚАШАН ҚАНАТ БІТІРЕМІЗ?
Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай «Аласапыран» романының тілі туралы: «Мағауиннің «Аласапыран» романы тілдік тұрғыдан дербес зерттеуді талап ететін туынды. Кезінде 2-рет қайталап оқығанымда, 800 ден аса өзім бұрын естімеген жаңа сөздер тапқан едім және соны тұңғыш рет оқып отырсам да, ол сөздердің мағынасын соншама жақсы түсіндім. Бүгінгі тәуелсіздік деңгейіндегі ұлттық тіліміздің, терминдердің қалыптасу кезінде осы романдардағы қолданылатын сөздерді біз өмірге кіргізуіміз керек, егер ол өмірге кірмесе, өлі тілге айналады…» – деген екен. Осы лепестің соңындағы «өлі тілге айналады» деген бір ауыз сөз адамды ауыр ойға қалдырады.
Бұл пікірге «Қазір тіл ғана емес, қазақтың ықылымнан келе жатқан көркем қиялы да, ойлары да, сезімдері де өлі дүниеге айналып бара жатыр» деп қосуға әбден болады.
Оның бір ғана бейнесі – балалар әдебиеті.
Батыс жұрты сонау 18 ғасырдың өзінде діни мәтіндегі «адамзаттың ұжымақтан қуылған күнәсін» балалар әдебиетіне кіргізу керек пе, жоқ па деген мәселені зерттей бастаған. Бұндай діни ойлаудан арылу – балаларды еркін, шығармашыл, кінәсіз сезімде тәрбиелеу үшін өте маңызды болатын. Балалық шақ адам өмірінің ерекше кезеңі екендігін олар әбден түсінді. Тарихшылар мен философтар балалар туралы зерттеу еңбектер жазды (Джон Локк, Филипп Ариес, Жан-Жак Руссо), жазушылар сол кездегі қоғамның жағдайын терең зерттеп, қоғам қалтарысындағы балалар өмірін дер кезінде көркем шығармаға айналдырып отырған.
Оливер Твист, Чарлз Диккенстер балаларды қараусыз қалдыру, зорлық-зомбылық көрсету, балалар еңбегі және жетімдік тақырыптарын шығарма өзегіне арқау етеді. Балалар шығармасындағы жетімдік архетипінің өзі балалар әдебиетінің бұтақты бір жанрын құрайды.
Люис Керролл – баланың тұлғалық дамуы мен әлеуметтік жағдайлар арасындағы қарым-қатынасты шығармасында тақырып етіп алған. Люистің фантастикалық кітаптары Ұлыбритания мен Еуропадағы балалар әдебиетінің «Алтын ғасырын» ашқан кітаптар («Алиса ғажайыптар елінде»).
Швеция сынды солтүстік Еуропа жұрттары бір жағынан халық арасындағы ертегілерді жинай жүріп, бір жағынан балаларға арнап сонау 1766 жылдары журналдар ашады. Балаларға арнап қалта кітабын көптеп шығарып, суретті әңгімелердің түр-түрін баспадан шығарады.
Ағылшын жұртында қаулап өскен балалар әдебиеті – неміс еліндегі балаларға арналған білім мен әдебиетті реформалаумен айналысатын, жаңғыртып, түлету жұмыстарымен жүгіріп жүрген ойшылдарға терең әсер жасайды.
Андерсен бір жағынан ертегі жинап, бір жағынан жаңа ертегілерін жазып жүрген. Ең басты мәселенің бірі – осы. Бізде «Ертегі атам заманнан келе жатқан қасиетті дүние, оған тиісуге, жаңғыртуға, түлетуге, қайта жазуға болмайды» деген стереотип бар.
Біздің қиялымыз – фольклорлық жинақтардың ішіндегі «советтік еңбек ерлерінің алып мүсіні» сияқты тастай қатып әлі тұр, сең жүрер емес…
Енид Блайтон, Ж.Толкин,
С.С.Льюистің туындыларының барлығы көне ғасырдағы Еуропа, т.б. фольклорынан, ойлау жүйесінен қуат алды, сондағы мотивтерді дамытты, кейіпкерлері сол ғасырларға барды немесе сол ғасырдан осы әлемге келді.
Оны аз десеңіз, бүгінгі Хәрри Поттер (сиқыршылар әлемі), Перси Жәксон (қазіргі өмірге теліп өсірген грек мифологиясы) барлығы да неше жүздеген миллион тиражбен оқырмандарына жол тартып жатыр.
Біз өзімізде бар ұлы мұраларды ұлықтай алмаған сияқтымыз. Әлем елдеріндегі балалар әдебиетін қазақ тіліне аударып-ақ қойдық делік. Сонда қазақ балаларының архетиптік санасын қалай дайындап жатырмыз? Енді 2-3 ұрпақтан кейін қазақ балалары Артур жәйлы, Один немесе Посейдон туралы түс көріп, ұйқысырайтын болады.
Әрине, аударма – алтын көпір. Шетел балалар әдебиеті туындылары көптеп аударылғаны өте дұрыс. Қазақ балалары
кельт мифологиясын, герман, роман ойлау жүйесін, түстіктегі үнді мен шығыстағы жапонның мифтерін, мангаларын білмесін емес, білсін. Оқысын, көрсін. Бірақ теңгерімділік мәселесін де ойластырмай болмас. Осыншама бабалар қорымен отырып, қылышымызды тасқа шауып, руханият майданында тағы жеңілетін болсақ жарамас.
Осы тақырыпқа байланысты бірнеше ұсынысым бар:
– Қазақтың бай фольклорлық мұралары мен балалар әдебиеті қатар өмір сүріп, бірін-бірі толықтыра алады. Мемлекет авторлар мен баспагерлерді қазақ фольклорының элементтерін, мифтерін, аңыздарын және мәдени дәстүрлерін қамтитын жоғары сапалы балалар кітаптарын жазу және басып шығару үшін ынталандыру, қаржыландыру қажет.
– Мектеп бағдарламасына көне түркі һәм қазақтың фольклорлық және дәстүрлі дүниетаным беретін оқулықтарын енгізу, балаларға ертегілер, әндер, салт-дәстүрлер арқылы бабалар мұрасын терең сіңіру. Балалар әдебиетін кеңірек аудиторияға, шалғай аудандарға қолжетімді ету үшін электронды кітаптар мен интерактивті веб-сайттар сияқты цифрлық ресурстарды дамытуымыз керек.
– Қазақ фольклоры мен әңгімелерін дәріптейтін мәдени мерекелер мен іс-шараларды жиі ұйымдастыру, ата-аналарды, ертегіші, қисагер, т.б. ата-әжелерді және қоғам мүшелерін балаларға дәстүрлі әңгімелер айту, баяндау үшін ұсыныс етуге тиіспіз.
Бұл жерде жазба бағыты қазақ қаламгерлеріне де қаратылады. Қазақ балалары да қазақтың «Кендебай Поттерін», «Құла мерген шежіресін», «Көлтаусар хикаяттарын», «Шаһмаран хроникаларын» оқығысы келеді. «Меңірейіп қалған жанрға» сығалап қарағысы келеді… Қазірше тым-тырыс, түнек ғасырына батып кеткен сынды?!
Ерзат ЕРКІН
ПІКІРЛЕР1