БИ-АҒАНЫҢ ПЬЕСАЛАРЫ ӨЗ БИІГІНЕ ҚАШАН КӨТЕРІЛМЕК?..
Әлемдік әдебиеттің проза патшалығы мен әңгіме өрнегіне, ұлт құнары – ана тілінде ою салған, қарапайым қазақы қарасөздің шебері, қазақи кең пайымды далалық түсініктің білгірі, өз қоғамының өмірін әдеби тұрғыда өлшеуші Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толды.
XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті сол дәуірдің саясатын, алып империя ықпалының құлдырауын, феодалдық үрдістің құлауын, ішкі ықпалдың дүмпуінен күш алған жаңа үкіметтің төңкерісін, жылға жетпеген уақыт ішінде билік басына келген үш үкіметтің алма-кезек ауысуын өз қалпында жазумен ерекшеленеді. Бейімбет Майлин шығармаларына Қостанай атырабы, арнасы толған Торғай-Тобылдың тасасы мен ағысы баяу Аят өзені жағалауына қонған жұрттың тіршілігі арқау болды. Осы бір үш өзеннің сағасына жиналған ауыл адамдарының аңғалдығы, сенгіштігі, күнәмшілдігі бүтін қоғамның бейнесі іспетті.
Әр қоғамның тұрақты қалыптасқан саяси-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени-рухани өмірінің дағдыларына, табиғи құбылыстардан тұратын тағдырына түрлі өзгерістердің енуін, жаңа қоғамның ауытқуы мен толқуларына, заңды қағидаларына, кешегі өткен мен нақ бүгінгі талаптың айырмашылығына, артықшылығына назар салып, көркемдік тұрғыда баяндайтын суреткері болары заңдылық. Суреткер, яғни қаламгер сол дәуірдің қалыпты келбетіне, тұрақты не тұрақсыз тұрмысына баға беруші, әдеби өлшеуші, әдеби сарапшы, әдеби зерттеуші, әдеби безендіруші қызметін атқарады. Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Бейімбет Майлинді біз дәл осындай биіктен көреміз. Ол XX ғасырдың басындағы терең толқулар мен тартысқа толы төңкерістердің шындығын, тұрмыстың ауырлығын, тағдырдың тауқыметін кестелі тілмен, көркем оймен жаза білді. Қуанышынан қайғысы басым дәуірде жазушылықтың аса маңызды тарауы драматургия болды. Қазақ драматургиясының да бастауы осы ғасырдан тамырланған. Жазушының шынайы кейіпкерлері шын сөз, шын оқиға, тың идеялармен туды.
Проза – қазақ әдебиетіндегі көркем тілдің көкжиегі. Бейімбет Майлин прозалық туындыларындағы бейнелердің өміршеңдігі – қоғам мен адамның арасындағы байланыстың бір жүйеде қабысуы. Б.Майлиннің прозасына талан-таражға түскен қияңкес қоғам, гуманистік идеяға құрылған оқиғалар, ескіліктің сарқыншағы – құлдық, теңдік, бостандық көріністері арқау болды. Би-ағаның шығармаларындағы кеңестік натурализм – дәстүрлі және ұжымдық ауыл өмірі арқылы баяндалды.
Әдебиеттің қайнар бұлағы – сөз өнері. Сөз – әдебиеттің темірқазығы. Би-аға сөз шындығын қиялдан емес, өмір шынайылығынан тудырды. Сол шындық үлкен суреткерлікке жетеледі. Бейімбет Майлин осы суреткерлік тұжырымға сай қазақ әдебиеті айдынында аянбай еңбек етіп, бағасы құнды, жарасы әр қоғамда талқыға түсетін шығармалар қалдырды. Жазушы-драматург шығармаларындағы кейіпкерлер психологиясы жаңа үрдістің қалыптасуын мойындай алмайтын, іштей тұншыққан жарым жандар мен жаңа кезеңнің тәртібін орнатушылардың арпалысы.
Би-аға салмақты сатирасында да саяси-әлеуметтік кейіпкерлердің ұстанымын, ұтқыр ойларын, екеуара диалогтерін, оқиға құрылысын, қалпы бұзылған қоғамның тынысын келістіре жазды. Ол сонымен қатар музыкалық қабілет дарыған дара тұлға еді. Сөз саптауында, сөз құрау иірімдерінде әдебиетке тән сазды әуен бар. Оның табиғатпен үндесуі, табиғаттың тілін білуі, табиғаттағы құбылмалы кезеңдерді мүлтіксіз тануы әрбір туындысында анық білінеді. Сөз сұлулығын талап ететін, тартымды образдар мен шынайы оқиғаларды көркем тілмен жеткізу мақсатын ұстанған Бейімбет Майлин өз дәуірін сипаттауда ерекше еңбек етті. Жазушының өз заманының ақпаратын лезде жариялаушы, таратушы ретіндегі орны да айрықша. Қазақтың маңдайалды газеті «Ауылдың» таралымы мен тиражының басым болуына бір «Мырқымбайдың» образы теңдессіз үлес қосты. Ал жазушының «Ыбырайы» – басына қонған бағымен де, сорымен де осы күнмен үндес кейіпкер. Публицист-жазушы Бейімбеттің Мырқымбай, Ыбырай, Қырымбай образдары сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімін мүлтіксіз баяндады.
Бейімбет десек, әдебиеттен есімізге Қырымбай қырсықтығы, Мұқыш, Ыбырай, Мырқымбай маңғаздығы оралады. Бейімбет десек, киноэкраннан қолмерген батыр Амангелдінің мергендігі, театр сахнасынан хас батыр Жалбырдың ерлігі оралады. Бейімбет Майлин – қазақтың театр өнері мен кино саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан драматург. Би-аға театрға арналған көптеген пьеса-либретто жазды. Әдебиетке тән жанрлардың біразын қамтыған Бейімбеттің драмасы – табиғи, сатирасы – саяси, әжуасы – әсерлі пьесалары кейінгі жылдары театр сахналарынан бой көрсетпей келеді. Жалпы, бізге классиктің 23 пьесасы (оның ішінде, ізденіс пен зерттеулер арқылы табылғаны – 16 пьеса) белгілі. Бейімбет шығармашылығын қызыл қырғыннан соң қайта табыстырған, мақалаларына, әңгімелеріне талдау жасап, еңбектерін ғылыми зерттеп, жоғын түгендеген жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылымдардың академигі Тоқтар
Бейісқұлов екенін еске түсірген артық емес.
Сахнаның өлшеміне дөп түсер Досан, Есімбек, Сарымсақ, Жалбыр, Елемес, Жамақ, Таңсық, Жамантік, Талтаңбай, Сейпен, Тұтқыш, Жамал, Пүліш, Шермек образдары – бүгінгі біз іздеп жүрген тақырыптың шешуін түбінен қозғар кейіпкерлер. Тынысы кең, тіршілігі тар, тағдыры шерге толы кейіпкерлер болмысы осы күні де арамыздан табылады. Бұл жазушының көрегендігін дәлелдесе керек. Пьесалардағы көтерілген негізгі мәселелер – адамның өмірі, адамның күресі. Бейімбет Майлин драмаларындағы басты шиеленіс адамның тебіренісін оятқан теңдік пен құлдық, еркіндік пен бостандық, бақ пен тақ, бағыну мен бағыныштылық, сатқындық пен адалдық көріністері арқылы құралған. Би-аға өзінің драмаларында зарлы әйелдің запыран сөзін, долы келіннің ащы зарын, адуынды ененің кеселді мінезін, сұлу қыздың сымбатын сөз әрекетіне сай суреттеген. Ерлерді бірде барына қанағат, жоғына сабыр ететін жұмсақ мінез иесі етсе, кейде байдың батырмасына көндіккен кедейге араша болған, батырақтың балағына жармасқанды арқасынан сабаған өркөкірек образдар мен саналы ойда болатын, ескі мен жаңаны саралайтын парасатты мінез иесі арқылы жеткізді.
Осы күні қаламгердің озық ойлы, бай мазмұнды шығармаларының көпшілігі қазақ театрлары сағасында сығалаған күйі қалып барады. Десек те, қазақ драматургиясының алтын қорынан орын алған Бейімбет Майлиннің шығармаларын бұл күнде қазақ театрлары сахналамауының себеп, сыры неде екен? Тәуелсіздік жылдарынан бері Майлиннің санаулы ғана туындысы сахналанды. Осы, біздер, әсіресе сахнагерлер Би-ағаның пьесаларын сахнаға сыйдара алмай жүрміз бе, әлде сыйдыртпай жүрміз бе? Қазақ театр өнеріне кеңдік жасаған – алып бәйтерек Би-аға драматургиясына кемдік жасап жатқан жоқпыз ба?
«…Театр кітабына бірінші жазғаным «Неке қияр», «Жат сабақ» дегендер еді. «Жат сабақты» артынан өзгертіп, «Шаншар молда» деп атадым…» – деген Би-ағаның адам психологиясына тән қыңыр мінез, ашкөздікті бедерлеген сатирасы халықтық театрлар мен халықтың сағымына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауларында жылт еткені болмаса, кең көлемді театр сахналарынан жарқ етпеді.
Жазушы-драматург Бейімбет Майлин өзінің «Жалбыр» пьесасы туралы: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыстарға қарсы шын ашынып, майданға түскенiн суреттемек болдым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Амангелдi көтерiлiсiне атсалыспақшы болды…» – дейді. Мұнда автор батырдың өжеттігін, өзіне сенімділігін, өзгені өзегінен тептірмейтін тік мінезін, халықтық биіктікке жеткізе жазды. Бұл туындыны да осы күндері іздеп жатқан сахнагерді көре алмадық. Асылында, жай күндері жазушының шығармашылығын насихаттау баяу жүреді де, мерейлі тойы қарсаңында аста-төк тойдың жоспарлары құрылып, артынан жоспарлардың аяқсыз қалғанын түсінбей жатамыз. Мерейлі той аясында Би-аға туралы 45 сериалы деректі фильм түсіру, кітапханаға атын беру, музей құру, шығарамаларын сахналау мәселелері айтылады. Орындалғандары – әңгімелерінен екі кино түсірілді («Қыр әңгімелері», режиссері – Д.Манабаев, 1974 ж, Д.Саламаттың «Талақ» фильмі, 2024 ж.). Әңгімелер желісінен «Кім кінәлі» атауымен (әзірлеген С.Тұрсынбекұлы 2016 ж.) сахналық шығарма әзірленді. Би-ағаның өмірі мен қызметіне арналған «Қаламгер» (режиссері – Ә.Баймахан 2019 ж.) спектаклі сахналанды. Қостанай облысының бұрынғы Таран ауданы бүгінде Б.Майлин ауданы деп өзгертілді. Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының «Б.Майлин атындағы Тарихи-өлкетану музейі» осы аудан орталығында 1991 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Бұл атқарылған жұмыстар көп пе, әлде аз ба?
Ұлт үшін қайраңдаған қайықтай күн кешкен қазақтың үш бәйтерегі –
Бейімбет Майлиннің «Жалбыр», «Майдан», «Шұға», Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет», Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында» пьесалары 130 жылдық мерейтой қарсаңында да, алдағы уақытта да жұлдызды сәтін күтеді.
Самат АЛТАЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
Педагогика және психология магистрі